Топ алдында
Топ алдына шығайын
Жазыла жаз, қаламым!
Топқа ма әлде тойға ма
Топырласып жатқанда.
Жинал өлке жан-жақтан,
Серпіліп көкке қызыл ту!
Сергіте дос көңілін,
Сескендіре жау жағын.
Соқ музыка, бас күйге,
Топтың көңілін серпе тарт,
Қуандыра қабағын.
* * *
Тобыңа дос сүйінсін,
Тобыңа жау күйінсін;
Күйдіре тарт жау жағын.
Ұйысын сенен тыңдаған
Ұлы Отанның кеңесін –
Қуаныштың хабарын.
Біздің қалам қимылда,
Ұлы Отанның жырын айт,
Желпінте жаз адамын.
Мұнда жазбай қайтесің,
Жазатұғын заманың;
Қазақстан дегенде
Жақсылары осында
Қала мен даланың…
* * *
Қуаныштың үстінде
Ұлы өлкенің кеңесі.
Тойдан тойға ұласқан,
Жылдан жылға масайрап,
Топтан топқа жол асқан;
Бес-бес белес, бел аттап,
Жол асқанда мол асқан.
Ұлы майдан күресте
Ту астында топтасып.
Ұлы ұранды қолдасқан
Кең даланың кеңесі
Кеңінен бір толғауға
Бүгінгі күн топ ашқан.
* * *
Топ иесі қандай ел?
Ұлы майдан жолында
Талайды артқа тастап ел,
Талай өмірді өзгертіп,
Талай асқарды алған ел;
Талай тауды талқандап,
Талай жауды басқан ел.
Талай-талай той тойлап,
Талай кеңес ашқан ел.
Тағы ілгері өрлеуге,
Талай істі сөйлеуге
Тағы топты бастады ел.
Топ ажарын байқалық
Кімдер бар да, кімдер жоқ?
Қуаныш топ, еркін топ,
Би, болысты сайлауға
Сүмең қағып жүрген жоқ.
Сақалдары сапсиып,
Қарындары шартиып
Мөр ұстаған билер жоқ.
Жез қарғылы құба арлан
Знак салған болыс жоқ.
Ел арқасын жауыр қып
Жұрт мойнына мінген жоқ.
Қасқырдайын ырсиып,
Қарақұрттай тырсиып
Топқа ақсақал кірген жоқ.
Қатын басын аша алмай,
Жесір зарлап, еңіреп,
Жетім жылап жүрген жоқ.
Жалшыны айдап ауылнай.
Аққа жарлы күйген жоқ.
Маңдайына жез қадап,
Шабармандар елді айдап,
Қоқандаған құрғыр жоқ.
Шар салысқан, ел тартыс,
Қарта, құман, жан алыс,
Би кесіктен тұлдыр жоқ.
Жемтігіне жарлының
Жалмаңдаған қорқау жоқ.
Талқан болды ол заман,
Тосқан туы жығылып
Тозғындады жүн-жүн боп.
Чиновник жоқ, тілмаш жоқ,
Бұл сұмдардан бірі жоқ.
Топ – жігердің қайнауы,
Еркін елдің сайлауы,
Топ ішінде күң, құл жоқ!
* * *
Топ ішінде кімдер бар?
Ол күндегі жылаған
Бұл күндегі күлген бар.
Қару алып, хат танып,
Машинаға аттанып
Өскен елдің ұлы көп
Оңын-солын білген бар.
Жаңа өмірдің зергері,
Ұлы еңбектің ерлері
Ұлы Отанын сүйген бар.
Ескі өмірді майдандап,
Қалың қамалды ойрандап
Жауға қатты тиген бар.
Көгертуге даласын,
Гүлдентуге қаласын
Жігер салып жүрген бар.
Көңілдерін өрге сап,
Топ үстіне топ жасап
Кеңесіңе кірген бар.
* * *
Топқа қайдан келген бар?
Атырау, Алтай Алатау,
Ертіс, Жайық, Еділ бар;
Нарын, Көкше, Сыр, Баян,
Арал, Балқаш көлі бар.
Топта судың басы бар,
Топта Қытай шегі бар.
Осы ортаның өлкесі
Кең дала, кең кеңесі,
Топта байтақ елі бар.
Шөлді көлге суарған,
Жер қазынасын шығарған
Топтың талай кеңі бар.
Колхоздарын құлпыртқан
Еңбек күннің ері бар.
Совхоздарын мыңғыртқан
Сарыарқаның белі бар;
Топ тұрпаты бұл сынды.
Абайлатар айдыны,
Дос пен дұшпан ұғынар.
Топта тағы кімдер бар?
Қасқия келіп отырған
Қарағанды батыр бар.
Алыбынан Алтайдың
Ақиықтар келіпті,
Топ алдында шарықтар;
Топ ішінде толыпты
Талай жігер, қайраттар.
Топ алдына тартылды
Талай жатқан байлықтар.
Риддер, Балқаш, Жезқазған
Топ дәулеті біз дейді
Талай-талай алыптар.
Топқа үйін тігіп тұр.
Толып жатқан комбинат,
Талай жаңа заводтар.
Топ алдында жасау боп
Жер жексені ашылды,
Топқа шашу шашылды:
Солтүстіктен астықтар,
Оңтүстіктен мамықтар.
Топқа табақ тартып тұр,
Арал, Балқаш – балықтар.
Мұның бәрін жеткізіп
Қуаныштың үстінде
Қуанған бір ақынға
Айта алмауға қауіп бар.