Екпінді жеңгейлер
Бригадпен сөйлестім,
Бригадир Хадиша:
–Қайдан колхоз боламыз.
Қатын біткен шәниса.
Бітпегенде несі бар,
Осынша қол жабылса?
Бұл тазалап жатқаны
Мақта дәні шиті ғой.
Қоқыр-соқыр, шөп-шары
Сол шитінің биті ғой.
Мақта дәні осы ғой,
Дән – диқанның құты ғой.
Осыны ерте тапсырмай,
Берді жаңа басқарма,
Жер жыртумен қарбалас
Істі бұлай бастар ма?
Біздер түстік жарысқа
Істеп-істеп тастарға.
Бол, жолдастар, жылдамдат,
Қыздыралық жұмысты!
Тракторлар аңызға
Кеше келді кірісті.
Кіріскен соң қоя ма,
Дайындадық күрішті.
Жұмыстағы қатындар
Жетпістен көп, сексен-ді.
Кел, ей, Күлтай екпінді!
Жарыссаң, ал өкшеңді
Көтер кәне! Сен дағы
Жинаңқыра бөксеңді!
Бөлек-бөлек бригад,
Өзі-өзінің қосы бар.
Сіңбіруге мұрша жоқ.
Деуге жай жоқ «тосып ал!»
«Қатын жарыс» колхозда
Екпінділер осылар.