Бала майдан
Бала жоқ па дер біреу,
Бала деген өріп жүр.
Балалардың шешесі
Тегіс тұқым теріп жүр,
Балалар да «бригад»
Бақташыға еріп жүр.
Жұмыстағы анаға
Өңгерілген бала жоқ.
Бала бағып үйінде
Отырған жан және жоқ.
Балаларды қозыша
Бақпауына шара жоқ.
Балаларды тапқан бар,
Бірақ баққан ана жоқ.
Бір ауылдағы ұл-қызға
Бір-бір-ақ жан ана боп,
Бала «колхоздасыпты»
Өңшең «жаңа Тама» боп.
Жазғы ауылдың жері кең,
Жазғы туған төл қызық.
Жаңа отыққан қозыдай
Жайып, айдап өргізіп.
Алыс емес лөктір де,
Тұрады екен көргізіп.
Өгей емес, өз ана.
Біріне емшек емізіп,
Біріне нан жегізіп,
Біріне «мәм-мәм» дегізіп.
«Жаңа тұрмыс» бесігі
Бала майдан бір қызық.