Октябрь күні

Аспандағы алтын күн
Жылмияды неліктен?
Әлде оятқан мынау үн?
Әлде жүректі еріткен?
Мәңгі меңіреу Алатау,
Жабыққан қабақты ашқандай,
Күміс сумен жуынып,
Жұпар иісін шашқандай.
Айқайшы қораз шақырып,
Таң тамаша атқандай.
Төсін төсеп жер ана,
«Ойнақта»! – деп жатқандай.
Дуылдаған қалың ел
Тығыз күреп үйгендей.
Зуылдаған  торғын жел,
Жалауды жалап сүйгендей.
Ауыр тұман, ауыр бұлт,
Ашылғандай аспаннан.
Әуені сасық жел аршып,
Асырғандай асқардан.
Сондықтан еркін дем алып,
Елге еркіндік туып тұр.
Масайрап бар халық,
Бет алып белін буып тұр.
Сар далада сайраңдап
Сағымнан қорыққан қоян ек.
Тас бүркеніп ұйықтап,
Жатпаушы ма ек, ояу ма ек?
Қоян қуған жыртқыштан
Айырған сенсің, төңкеріс.
Қарақшыға бет алып,
Елдің беті жөңкеріс.
Қайырлы болсын осы бет,
Қаламды болсын осы ниет.
Ел таласты көмбеге,
Ұранда дала, жосып, өт.
Ел тойлаған Октябрь,
Қадірлісің, жылдан-жыл.
Мақталарсың, боларсың,
Жылдан-жылға жырдан жыр.
                                       1924 жыл.