ҚОЙШЫ МЕН АЭРОПЛАН
Біздің Тоғызбай отағасы малды адам. Тоғызбай ауылы ел ішіндегі жуан ауылымыз. Тоғызбайлар егін салып болғаннан кейін Қордай тауының алқымына тарта қонатын. Биыл да сол қара пұшық кемпірге ас берген жер ошақта отыр.
Тоғызбайдың ырысы – Батырбек. Батырбек өмірі Тоғызбаймен шығысып келеді. Мұны ауыл балалары Қара күшік дейтін. Батырбек – тықырлау, үңірек қара шал; биыл қырықтың алтауында. Бұл осы ауылғабаяғыдан қойшы. Айына серкештен есеп қылғанда, Батырбек өмір бойына талай серкеш алған шығар. Сол серкештерден құрастырып, бұрын біреудің бесіктегі қызының аяғын шырмаған. Бұл қыз он үш, он төрт жасында өліп қалып, оның сіңлісі тағы бесіктегі қызға қараған. Міне, соны биыл жазғасалым, малынан түгел құтылып, Күлипанды он үшке шығарда алып еді. Күлипан ешкінің шыбышындай қара бұйра қыз. Бәкең Күлипанды бала қылып еркелетеді. Келіншек қылып жұмсайды. Қойшы қойдан келген соң ұзақ таңға Күлипанын еркелетіп шығады. Күлипан түске шейін тұрмайды. Еркелік те, еріншектік те бар  Күліште.
Бүгін аспан бұлтсыз. Ерте тұрған егіншілер болмаса, ауыл адамдары манаураған ұйқыда. Бәкең Күлипанның қойнынан тұрды да, дәрет алып, қойға келді. Бәйбіше тапсырған, арқан-жіпке қырықтыратын бойдақты көгендеді. Жазғы әуедегі қойлар, бойдақты көгендегенше,  қораға  тұрмай  Батырбекті  мазалады.
Батырбек өгіз ерттеп, насыбай уқалағанша, қой алдақашан өріске кетті.
Бәкең, топатай шелекке ұйытқан айранын шала-шарпы ішті де, уқалаған насыбайын шонтайға салып, бырылдап ұйықтап жатқан  Күлипанын жауырынға қағып, тұр-тұрлап, ыржия күліп, қойнына қолын бір жүгіртті де, қазықтан шешіп, жуан таяқты тақымға қыстырып, өгізге мінді.
Ауылдың бет алды Қордайдың керілген қоңыр төсі. Бәкең ауылдан шығып, қойға көз салғанда, әдемі таудың жазық төсіндегі қой, текеметке шашқан тарыдай мажырап бара жатыр екен.
Мың салса бір баспайтын, ажабай, қайсар, шабан қызыл өгізді кендір қамшымен бауырлай оса тартып, арпалыса-арпалыса шай-шайлай қойдың артындағы қоңырға Бәкең де шықты; күн де маңдайға келді.
Қойшы Қордайдың кезеңіне шықты. Таң атқалы тау баурында шабан өгізбен арпалысып, тұншығып өле жаздаған Бәкеңнің жотаға шыққан соң ойы өрістеп, көзі бұлдырап, Қордай тауының екі жағына дара патша болғандай болды. Жақын, алыс аяғының астында, төңіректі шолып қарап тұр. Өрге пысынап шыққан қызыл өгіз де басын күн шығысқа беріп, манаурап танауынан дем алады.
Бәкең қойды ұмытып, көзді бір сүртіп, қамшылар жағына қарады: Шудың   көккала   бұлдыр   өлкесі.   Сағым   көтерілгенөлкенің буалдыр саздары, алыста бауырымдап сағымданған поселка талдары, тілген таспадай иірілген ақ сызат қара жол таңбасы. Басына түткен шүйкедей тұмақ оранған қырғыздың ала асқары.
Мінер жағы, ол да сағымға қопақтаған, толқыған теңіздей үйсін қонысы. Көгілдір бұйрат шыттың өрнегіндей көгалмен безелген мал өрісі. Алысты қызыл жайнақ, құлпы масаты кілеммен нарды жапқандай қызғалдақ кестелеген.
Қызыл өгіздің маңдай алды: қойдың жалбыршақ қарнындай қатпарланып жатқан таудың сілемі, ел жайлауымын  деп,   шалқасынан  маужырап   жатыр.
Артына қарап, аяғының астындағы ауылы мен қаптай жайылып келе жатқан қойын көріп, Бәкең отқа үйтілген ескі суыр бөрікті қолға алып, көзді аспанға салды да, аэропланға көзі түсті:
–Астапыралда! — деді Бәкең. – Астапыралда! Бұлқай құс? Астапыралда! Айырбұлаң! Айырбұлаң! Ой, жасаған-ай! Айыр бұлаң деген осы екен-ау. Ойына келгенін қылатын орыс-ай, сен таппаған жер астында қулық қалған жоқ-ау!..
Көзін сүрте түсіп, тесіле қарап тұр Бәкең. Бәкеңнің көзіндегі аэроплан Шудың аспанын көктей өтіп, селдіреген ақсары бұлттың астымен сызып, түйілген лашындай ұшып келеді. Бәкеңнің нашар көретін жанары қайтқан көзіне аспан – көгілдір көл сияқты, ақ шарбы бұлт көбігіндей. Ана аэроплан – көбік астындағы тұнық суға сүңгіп жүрген балық…
Сол көрініспен Қордайдың аспанын баса-көктеп сырылдап, сырғанап келеді. Бәкен қойды да, қасқырды да, өгізді де ұмытты. Күлипаннан басқаға жібімеген көн жүрегі ойнақшып, көне көзі қадалып тұр.
Аспандағы бұлттың астында дырылдай қалықтап, әуенің еркін, шетсіз кеңдігін жүзіп келе жатқан аэроплан, Қордай дөңінде әуеге мөлиіп тұрған Батырбек қойшының көз жанарымен бірге ой-қиялын тереңнен суырып әкетті:
–Анау, әдемі аспан, ондағы ұшып келе жатқан ұшқыр айырбұлаң құс сияқты; әне, құйрығы, анау – қанаты, басы. Қара мойын шағалаға ұқсай ма? Бірақ, шағала аспандамайды ғой, көлде ұшады. Жоғарылап ұшқанын аққу десе болады. Осы жерден неше арқан  бойы болар екен?.. Дүние-ай, ішінде кісі бар-ау! Орыс қой, қазақ болса, комиссарлар ғой! Осыған мініп ұшқан кісінің не арманы бар? Астапыралда-ай! Басы айналмай   ма  екен-ай,   бұл,   бұлардың  шығармаған  сұмдығы  жоқ-ау.  Сұмдық-сұмдық…  Айырбұлаң деген  көлік осы екен ғой.
Хе-хе-хе…  Баялбай  таз,  бұзаулы  сиырға  сатып алған  бестісін  жүйрік деп,   жүрісті  деп  күпінеді.   Тәңір, мынаның қасында бурыл ат та көлік болып па? Кісінің орамына   келіп,   аспанда   алып  қашпайтын  болса,  әуедегі   қазды,   қарға-құзғынды   бүріктіре   қуар   ма   еді. Қордайдың  екі  жақ  саласындағы,  жықпылдағы  тасқа шыққан   ешкіні   дырылдатып  үркітіп,   қойға  қосар   ма еді;  қызыл  өгізге  жеткізбей  ерте  өріп  кеткен  қойдың артынан  айраныңды  ішіп,  насыбайыңды  уқалап,  Күлпанды   ойнатып  оятып-ақ,   асықпай  ұшып  қойдың  алдына   айырбұлаңмен   шығуға   болар   еді.   Шөп  жемесе, шөлдемесе,  арқасы  кетпейтін болса, қой  баққанға  бұдан  ылайықты  көлік табыла  қоймас.  Қасқырға,  тіпті, шалымды   шығар.  Міне,  төбемнің  тұсына  жақындады. Ой, алдай! Темір ме екен, ағаш па екен! Ішінде адам бар   сияқты   ма?   Орыс   қой,   қазақ   айырбұлаңда   ұшпаққа қайда? Әлде, комиссар ма екен? Әлде, союзқосшыға   жазылсам,   байдан   шығып   қалаға   барсам,   оқу оқысам, үстелге шығып сейлесем, мен де комиссар болар едім-ау! Мені де осындай айырбұлаңмен Ташкент пен екі ортаға тасымалдар еді-ау. Мен де осындай болып,   Қордайдағы  қойшының  төбесінен  ұшып  өтер  ме едім, дүние-ай!
Тіпті, осы айырбұлаң көп болып, үй басына біреу тиетін заман болса, мына Тоғызбай ауылының өзіне-ақ отыз екі айырбұлаң керек. Ту… Уайдай, менің айырбұлаңым қабырғасы жабық, көк мойын болса, қысы-жазы арпалысқан мына жауыр қызыл өгізді байға, асыңа сой деп, қайтарып тастасам; қой әлдеқашан өріп өріске кеткен болса, топатайға ұйытқан айранды ашып, жуан аяқ айранды тастап алып, насыбайды танауға атқан соң, бырылдап ұйықтап жатқан Күліштің қойнына көсеудей қолды бір жүгіртіп, оятып, – тұр, — деп, қазықтағы байлаулы жатқан айырбұлаңыма тоқым салып мініп, кеткен қойдың соңынан ызғытсам… Аңқылдатып қойдың алдынан шықсам, жер бауырлай ұшсам, қой дыр-дыр үріксе, шарықтап аспанға шықсам. «Қойшысыз ғой» деп, алаңғасар қасқыр Тоғызбайдың қойына шапса, аспанда жүріп, түлкіге түсетін бүркіттей көктен судай сорғалап құйылып, бүркіттей түйіліп қойға қожайын болған қасқырды қанға тұмсығы тиген кезде, тақ төбесінен түсіп, қара тұмсықтан салып жіберсем!..
Деп, қиялға қызып кеткен Батырбек қойшы, қолындағы жуан таяқпен өгізді басқа салып қалғанда, жайбарақат тұрған қызыл өгіз шошып, атып кеп кетіп еді, Бәкең жерге топ ете түсті.
Даладағы осы қылығын өзі ерсі көріп күлді де, өгіздің басын ұстап, көзін тағы аэропланға жіберіп еді,  аспанды қарастырып, жазып қалып, таба алмады.
Аэроплан Алматыға, қойшы қойына кетті.
 
1923 жыл