Шәркей

Әңгіме Шәутен деген баланың бір әдемі ақ қозысы болғанын, қозысын жақсы көретінін, өзі көгендеп, өзі ағытатынын айтудан  басталады.

Шәутеннің аяғында шәутиген ғана шәркейі бар еді. Ағытып жатқан қозысы Шәутеннің аяғын  басып, шәркейінің ұлтанын түсіріп, жыртып-жыртып кетті. Шәутен шәркейіне жылап жіберді.

Апасы:

  • Қой, балам, жылама. Осы қозының жүнін шәркей ғып беремін. Онда

қайтер екен,-деді.

Ақ қозы үлкен марқа болған. Кішкене күніндегі әдемі ақ бұйра жүндері ұзыннан- ұзын болып кетті. Шәутен де өскен. Жамаулы жаман шәркейі енді аяғына сыймай қалады.

  • Апа, шәркейім аяғыма сыймай қалды,-деді.

  • Ендеше ақ марқаңды қырықтырып, әкеле ғой.балам, -деді апасы.

Шәутен Сансызбайға марқасын қырықтырды.

Шәутен апасына:

-Апа, марқаны қырықтырып,  жүнін әкелдім, енді шәркейім болды ма? – деді.

Апасы:

-Жоқ, балам, жүнді сабаймын, — деді.

Апасы тулақ жасайды. Ауылдың қатын-қалашын  жинап, жүнді сабады.

Шәутен апасына:

-Апа, шәркейім енді болды ма? – деді.

Апасы:

-Жоқ балам, шиге тартамыз, — деді.

Қатындар жүнді шиге сабақтады, аппақ майдасын бетіне тартты.

Шәутен апасына:

-Апа, шәркейім енді болды ма? – деді.

Апасы:

-Жоқ, балам, су сеуіп сүйретеміз, — деді.

Су сеуіп, шиге орады. Екі кісі тартып, өзгесі тепті.

Шәутен апасына:

-Апа, енді шәркейім болды ма? –деді.

-Апасы:

-Жоқ балам, білектейміз, -деді.

Апалары білектеді. Бір жазып, бір бүктеп, көп-көп  білектеді.

Шәутен апасына:

-Апа, шәркейім енді болды ма? – деді.

Апасы:

-Жоқ балам, қарпимыз, — деді.

Апалары киізді тікті. Қайта-қайта қарпи берді.

Шәутен апасына:

-Апа, енді шәркейім болды ма? – деді.

-Апасы:

-Жоқ, балам, кепсін, — деді.

Апасы киізді таза жерге жайып тастады.

Шәутен апасына:

-Апа, шәркейім енді болды ма,-деді.

Апасы:

-Жоқ, балам енді пісіреміз, — деді.Қайта-қайта білектеді.

Шәутен апасына:

-Апа, шәркейім енді болды ма,-деді.

Апасы:

-Жоқ, балам, тағы да кепсін, — деді. Апасы киізді тағы далаға жайып қойды.

Шәутен апасына:

-Апа, шәркейім енді болды ма,-деді.

Апасы:

-Жоқ, балам, пішемін, – деді.

Апасы қайшымен екі шәркей пішіп алды. Шәркейлердің желкесі қыжырайып, басы ақ марқаның кішкене күніндегі тұмсығы сықылдана қалды.Шәутен жымың етті.

Шәутен апасына:

-Апа, шәркейім енді болды ма,-деді.

Апасы:

-Жоқ, балам, жүн шүйкелеймін, – деді. Апасы шуда шүйкеледі.

Шәутен апасына:

-Апа, шәркейім енді болды ма,-деді.

Апасы:

-Жоқ, балам, жіп иіремін, – деді. Апасы жіп иірді.

-Апа, шәркейім енді болды ма? – деді.

Апасы:

-Жоқ, балам, сыримын, — деді. Апасы жіпті инеге сабақтап алып, көп,көп сырыды.

Шәутен апасына:

-Апа, шәркейім енді болды ма,-деді.

Апасы:

-Жоқ, балам,ұлтарам , – деді. Апасы ұлтарды.

-Апа, шәркейім енді болды ма? – деді.

Апасы:

-Ия, балам, болды. Кел, аяғыңа ки, — деді.

Шәутен киіп алды. Аяғына шап-шақ қана, әдемі, ақ шұбар шәркей болыпты. Шәутен қуанды.  Апасын құшақтап, бетінен сүйді.

Шәутен марқасына келіп:

-Міне, бәлем, менің шәркейім! – деді.

Марқасы:

-Ім-м-м-м… – деді.