ҚҰЙРЫҚТЫ БАЗАР
Қарлы  Алатаудың  қойнындағы  Қарқаралы  жәрмеңкесіне кім бармайды. Мен  де  барғамын. Ол  қалың  қазақтың  қақ ортасы. Көк жайлау. Базар басы асқа тіккендей үй үстіне үй, қарақұрық жан. Тырна қатар тізілген дүкен. Биыл жерде шөп жоқ қой, бәрі тұяқпен тозған. Топырақ шаңынан адасқан адам біріне-бірі дауыстап жүргені. Той-топыр. Бейне баяғы Зарқұм соғысы.
Жәрмеңке-базары жылдағыдан биыл қаншалы қызбалықты болды; ел шаруасына қаншалық әсері болды;  қара бұқараның қажетіне алатын тауары табыла ма; бағаны арзандату ұраны орындалды ма;  мәдени-саяси ағарту жұмыстары, саулық, тазалық істерінен, әлеумет жұмыстарынан не істелді?
Соның бәрімен көңілдес болмай-ақ қояйын. Олар менсіз-ақ кеңсе кемерінде, доклад бабында айтыла жататын басқы істер, яғни, мәселен базардың басы. Менің базардың басында, құлағында жұмысым жоқ. Тек құйрығында. Құйрығын қойып, қойыртпағын керек қылсаңыздар, мә!
Жайлау елі жалпағынан базаршыл. Бала-шағасымен күнде базарға бармайтын Албан аз. Базарға барғанда, соңыра сусындауға үйінен айран, қымыз байлана баратын көрінеді. Ондай месті, қарынды көрген базарнай оларды ұстайды. Қазақтар-сатуға емес, ішуге әкелдім, дейді. Базарнай оған өлсе нанбайды. Мес, қарынның тұяғынан, базарға кіргізілген товар есебінде базарлық мойын түп талап етеді. Дау осыдан туады; кейбір қазақтар шаужайынан ұстаған базарнайлармен бажылдасып тұрып «міне ендеше» деп, айран, қымызын ішіп қояды. Милиция шақырылады. Протокол жасалады. Бұл бір әңкей жүріс.
Жайлаудан шөп орып, базарға сатып жан бағуға, өгіздеріне теңдеп кедейлер келеді. Оны базардан полесовщик ұстайды. Протокол жасайды. Шөпті қорасына үйіп, өз атына салып отырады. Бұл бір оңай олжа.
Бұдан басқа да жәрмеңке жарықтықтың талай қызық қылықтары, қою қойырпақтары көп; қырда «Қырықбайың» қымызы көп, қырықбайшылардың қызығы да көп, оны өз кезінде көрерміз. Әңгімені құйрықтан қозғалық:
Жалба жеңді, көнетоз Қашқардың қызыл шекпенін киген жапырықтау жалау сары қазақ, шошқаның шұжығы беттес семізше сәудегердің дүкенінің алдына келеді:
–  Уа, бай! Жүз бесінші шай… — деді.
–  Шай сатылып бітті, —  деп, сәудегер біреуге тотияйын өлшей берді.
– Ай, бәрекелді-ай, енді қайттім. Бір науқасқа керек еді. Зәрушілік. «Қазақстанда» бар екен. Тек үкіметшілерге ғана береді дейді. Бір марқамет қылыңыз, бай-еке! — деп қазақ жампаң қақты.
– Қап, сырқатқа болса, ылаж жоқ. Бір данасы қалып еді, — деп сәудегер қуысқа еңкейіп бір қағаз шайды алып алдына қойды.
–  Мұныңыздың құны?
–  Дәл бағасы  4 сом; құйрығымен 8 сом.
–  Ойбай, құйрығы не?
  • Құйрығы бұлар, – деп бөлектеп қойған бірталай нәрсені әкеліп шайдың үстіне үйе салды. Олары: бір сауыт одеколон, бір дюжина темір шай қасық, бір шалбардың өмілдірігі (подтяжки).
Сары жалақтың көзі ошақ болған сиырдай бағжиды:
– Бай, бұларыңа ақшам жоқ. Ауруға деп тұрмын, берсең шайыңды құйрықсыз алайын, — деп, қызыл шекпенінің етегімен маңдайының терін сыпырды.
– Қарқаралыдан құйрықсыз шай табатын  жерің болса, маған да айт, бірадар! — деп дүкенші шайды алып қайта тығып қойды.
– Ой, сұмдық-ай, сұмдық… — деп, тамсанып тұрып-тұрып Сары сақал қыдырып кетті.
Әрі беріден соң қайтып келіп:
– Жарайды, шайыңызды алайын, анау жез шәугімді құйрық қыла қойыңыз, бай!
–  Оның өзіне әм құйрық керек боп тұрыпты.
–  Болмаса, болатнайдан сегіз метр құйрық сал, тәуекел…
– Болмайды, болатнайға әм құйрық керек боп жатыпты. Мұсылман!.. — деп, сәудегер қабағын шытты. Сары сақал тамсанып, тағы байқап кетті.
Әрі-беріден соң қайтып келіп:
– Жарайды, мына құйрықтан екі қасықты алайын; жұпармайыңды өзің ал; оның орнынан темекі, не тотияйын беріңіз; бір орақ қосыңыз, — деп бай-екелеп жалақ сары жік-жаппар болды.
– Алмасаң кетеуар! — деп, сәдугер шайға ұмтылып еді:
– Ойбай, әке, алдым алдым… деп, жалма-жан шайды да, құйрықты да ұстай алды.
– Алайын, әке, алайын, алмауға амалым жоқ. Ауруға зәру еді. Әйтпесе… — деп, қыржық қоныштағы кірлі шүберекке ораулы теңгесінің теңін терлеп шеше бастады.
Балалар от басында ертегі айтысатын, ертегіде ешкі қойға айтыпты:
Менің жегенім жантақ,
Сенің жегенің жантақ…
Сенің құйрығың неден жалпақ?-деп, оған қой қару айтыпты-мыс:
Менің жегенім ошаған,
Сенің жегенің ошаған …
Сенің құйрығың неден шошайған?-
деген екен. Сошылап Қарқаралы базарының мына құйрығы ескідегі ешкі ертегісін еске түсіреді. «Жатып қалғанша, атып қал» — жарықтық атам мақалы ғой. Кеңес Өкіметінің Жетісудағы сауда саясатын меңгеріп отырған (ішкі сауда мекемесінің құлағына алтын сырға) мекеме мен оның өкілі жәрмаркомге, ертегінің ешкісінше, құйрық жөнінде бір ауыз айтып қалайын:
Менің көргенім жәрмеңке,
Сенің көргенің жәрмеңке.
Жәрмарком-еке,
Жәрмеңкеңізде
Шайдың бағасы неше теңге?
Шошып кеттім шайдан,
Шайды сатқан байдан,
Шайдың басы домалақ
Мүйіз, мұрын, жоқ құлақ.
Шайға құйрық қайдан ?
1927 жыл