ҚЫМБАТТЫ ИВАН ИВАНОВИЧ…
Жарықтық Қожанасыр қосағасы базардағы жамағатқа бір бұқасын жатып мақтапты ғой:
  • Жамағат, мынау сиыр құтты сиыр, сүтті сиыр, жуан сиыр, буаз сиыр… алыңдар! Алыңдар.. — деп.
Халық Қожанасыр айтқан екен деп болмайтын бұқаны бұзаулатам деп әуре болсын ба, бұқа сауып не береке табушы еді? Күліпті де қойыпты.
Ал, сол Қожанасыр Семейдің «Хлеб продуктысының» бөлімінде отырып Иван Иваныч Зайцев те… енді және мақтайды. Мақтағанда жер-көкке сыйғызбай мақтайды.
  • Осы қағазды көрсетуші, Иван Иваныч Зайцев, шешесінің шешесінен, әкесінің әкесінен – қысқасы тұқым жұрағат, ата тегі, заузатынан бері ет жұмысына іштен туған спец (маман). Мұның танымайтын малы, иіскеп білмейтін еті жоқ.
… Иван Иваныч Зайцев, Орта Азия, қазақ даласы, шет жұрттардың базарының барлығында да атақты адам. Ескі Ресейдің Кронштат, Мәскеу, Петроград сияқты ірі базарының бәрінде де жалғыз шолпан жұлдыз. Қысқасы жер шарының Азия озипасындағы ет жеген адамның есіне Иван Иваныч Зайцев түспей қоймайды. Барлық күнбатыс Сібірдегі ет танитын жалғыз адам осы. Осындай аса қымбатты адамды көре-біле отырып сіздердің жұмыстарыңызға бұ кісіні ұсынбаққа дәтіміз шыдамды. Адамшылығымыз көтермеді. Арымызға сыйдырмадық.
… Сондықтан бұ кісіні сіздерге ұсынамыз. Дәм бұйырып бұ кісі қолыңызға түсе қалса онда сіздердің жұмыстарыңыздың аспанға шарықтап өрлегені. Алатаудың суындай тасығаны. Басыңызға дәулет құсы қонғаны. Қағанағыңыз қарқ, сағанағыңыз сарқ.
… Иван Иваныч сіздің іске кіріскенде – әсіресе пайдалы болатын жері – мамандығына қарай мал даярлау болмақ қой. Онда Қазақстанның Ақмола, Семей, Жетісу сияқты елдерінен мал даярлатсаңыз – аса пайдалы болар еді деп өз пікірімізді ұсынамыз.
… Иван Иванычтың ата-анасы да осындай болған. Ескі Ресейдің, Европаның базарларына қазақ даласынан көп малды алып жеткізіп тұрған. Бүтін базарлар  осы кісілердің ғана қолына қараған. Европа, Азияның халқына жалғыз қазан астырған Иван Иваныч атасы ғана. Иван Иванычтарсыз бұрын да, соң да, ешкім ет жеп, сорпа ішпеген. Баяғының барлық байлары бұған несиені көп беріп көтермелеп тұрған. Сондықтан Иван Иванычты сізге ұсынамыз. Пожалуйста, қабыл етіңіз, білімнен пайдаланыңыз, бағалаңыз. Мұндай қымбатты адам қолыңыздан шығып кетіп жүрмесін.
… Қымбатты Иван Иваныч, құрттай қала – Семейде пайдалануға мүмкіндігіміз болмады, менің жоғары айтқанымды толық бағалайды деп үміт етем.
Аса кешірімді құрметпен:
Управляющий: Пиконенко.
 
Иван Иваныч бұл қағазды 1922-ншы жылдың 1 июлінде «Хлеб продуктның» Семейдегі бөлімінен алады. Семейдің мұны мақтап-мақтап жөнелткені Мәскеу жақ болады. Сонан бері, «Атақты Иван» білінбей кетіп еді.
Иван биыл Алматыдан шыға келді. Келуі былай:
Осындағы Малсоюздың бастығы –  Жаңғазы ұлы Мәскеуге барып жүріп өзінің жоғары союзынан:
–  Бізге бір мал дайындаудың жайын білетін адам жібересіздер ме, қайтесіздер… —  дегендей қылады.
Жаңғазы мұнда келеді. Жаңғазының артынан іле-шала  Иван Иваныч та салаң ете түседі. Жоғары айтылған мақтау қағаздай мақтаумен келіп Малсоюзға ілінеді. Малсоюз Мәскеудегі Қожанасырдың мақтауымен келген бұқаның бұзаулар-бұзауламасына күдіктеніп аса қойнын аша қоймайды. Иваныч өзін кеңсеге кірдім –  деп санайды.
Жаңғазы бір кез бермей жалтаңдайды. Күндер бір күн Иван Иваныч:
– Мәскеуден келген жол шығынымды беріңдер, келген күннен қызметте санаңдар, — деп талап қылады.
Малсоюз:
– Біз сені шақырдық па? —  дейді.
Іс дауға түседі. Иван Иваныч Малсоюзды сотқа береді. Алматыдағы еңбек сотының іші жылып кетеді де билік айтады:
  • Малсоюз, Иван Иванычқа 337 сом 50 тиын ақша төлесін, — дейді.
Бұған Малсоюз көнбейді. Іс Алматының окрсотына түседі. Окрсот мынаны айтады:
  • Малсоюз Зайцевты шақырып келтірмеген, Мәскеу союзы өз бетімен жіберген. Сондықтан Зайцевтың Малсоюздан ақы даулағаны лайықсыз. Ол ақыны, жол шығынын жіберген Мәскеу союзынан сұрасын. Бұл жұмысты тексерген еңбек соты ұшқары, дәлелсіз кеткен. Сондықтан еңбек сотының анау кесімі іске аспайды. Бұл іс қысқартылсын, — дейді.
Қалайда жағаласып өлетін Иван Иваныч бұған қалай көнсін. Әлі де бірталай мекеме бар. Әлі де бірталай аурудың басын көтеруге болады. Болады да тұтары бақылау комиссариясының бюро жалыбына арыз жазады.
  • Еңбекшіл едім. Маман едім. Советшіл едім. Малсоюз шақырып еді. Мәскеуде Жаңғазы ұлы жабысып отырып мені сұрап алып еді. Осылай да осылай, тексерсеңіз екен, көз жасымды көрсеңіз екен…
Әрине Бақылау комиссарияты тексереді. Тексере келгенде Иван Иванычтың анық бет-аузы көріне бастайды.
  1. Иван Иваныч ата-бабасынан қазақ даласында ірі саудагер екен. Семейдің анау Қожанасырының мақтап берген қағазының бәрі де рас екен. Шығыс Европа, Азия базарларының бәріне қазақ малын өткізіп тұратын, мал өткізуге барлық ол заманда ірі байлардың көңілінде болған, ұдайы мол-мол несие алып тұратын капиталист екен.
  2. Бұрын да, соң да сол Зайцев атақтының тұқымы қайда мал болса, қайда май болса – соған бытырап кіріп кеткен екен. Тегі, Қазақстанның өзге жерінде де осы «қоянның» кеуегі бар ма деген күдік туады.
  3. Олай болса Иван Иваныч еңбекшілердің неше жылдай алысып жүрген тап дұспаны екен. Төңкерістен бері де жоғарғыдай біреуді біреу сүйеумен, жоғарғыдай арамзаны аспандатып асыра мақтаумен көп жерді лайлап келе жатқан көкжалдың көзі екен. Солай да солай екен…
Бақылау комиссариаты Иван Иванычтың кім екенін анықтап қадағалап қарайды. Анықтап тексереді. Тиісті білетін мекемелер, адамдар бұ кісінің жөнін айтады. Сүйтіп жүргенде – Иван Иваныч ет союзға кіріп қалады. Әрине ет союздан как маман ретінде – Мәскеуден келген жол шығынын да сұғынып отырып алады. Ақысын да молдан барып кестіреді: қолына көп ақша, үлкен мандат алып Қарақалпаққа командировкаға жүріп кетеді.
Міне, баяғыдан қазақ даласына «шолпан боп» туып, қасқыр боп шауып, борсық боп сорып келе жатқан қанқұйлы Иван Иванычымыздың қысқаша тәржіма қалы осы. Бабасы анау. Атағы анау, өзі мынау…
 
* * *
Иван Иваныч туралы соңғы уақытта бақылау комиссариаты былай деп отырған көрінеді:
  1. Зайцев – тап дұспанымыз. Кеңес мекемесінен бірінші категориямен тазалануын тазалау комиссиясына тапсырылған.
  2. Осындай жат адамдар жаңа мақтау алып Қазақстанға көп келеді, сондықтан Мәскеудегі ұйымдар, мекемелер Қазақстанмен келіспей беталды мына сияқты «мамандарды» мақтап жібере беретіндігін қойдыруға, Мәскеудегі бақылау комиссариатынан сұралсын.
Иван Иванычтың әзіргі әлегі осымен тұр. Мәселе жақында шешіліп, Иван Иваныч өзінің кім екендігіне тиісті мінездемені қолына алады ғой деп ойлаймыз. Бірақ Иван Иваныч тарихы – жәй бір кездескен ғана әңгіме емес. Осы күнгі ең ауру, ең ауыр әңгіме. Айталық:
Еңбекші табы, кеңес үкіметі – 12 жылдан бері Иван Иваныч сықылды ішкі жаумен күресіп әуре. Олар өзін майлатып, мақтатып ішімізге кіріп әуре. Кеңес мекемелері еңбекшілердің тап дұспанын арылта алмай әуре боп отырса, сол мекемелердің өздері бір жағынан тап дұспанын қайта кіргізіп әуре.
Қазақстандағы еңбекшілер мекемесіне кіріп кеткен жат адамдарды тазалап әуре, жат адамдардың Мәскеудегі көздері мақтап-мақтап оларды Қазақстанға жіберіп әуре.
Жаңылмасам  «Ревизор» деген күлкі журналда шығар деймін. Бір сықақ сурет (карикатура) басылған.
Поезд. Станса. Тоқтағанда халық түсіп қайнаған суға очередьке тұра қалып жатыр, шамадан көтерген, жуан әйелді жетектеген жирен иті бар бір жеркініш адам – очередьтегі біреуге жолыға кетеді, шұрқырасып қалады:
  • Ә, Иван Иваныш, мое почтения. Сапарың қайда?
  • Қазақстанға барам, как жат элемент Ленинградтан қуылып едім… Өзіңіз қайдан?
  • Мен Ленинградқа барам. Как жат элемент қазақстаннан қуылып едім… — деп қарқылдасып жатыр еді. Тегінде осы сүгіреттің айтқаны рас. Осы күнгі өміріміз.
Бірақ мұндай қуылғандар, көбінесе өз бетімен жүрмейді. Құшақ-құшақ мақтау қағазбен, ақтау куәлікпен жүреді. Міне, сол жаттарды мақтаушылардан арылатын болсақ қана еңбекшілердің мекеме тазалаудағы дегені болады.
Біздің ойымызға мынау келеді:
Анау Иван Иванычтың Мәскеуден бергі шығынын төлеп қазынасын ұстатсып Қарақалпаққа жіберіп отырған ет союзда да Иван Иванычтың бір көзі отырудан аман ба екен? Шақырылмаған Иван Иванычтың Мәскеу шығынын мал союздың мойнына бас салып кесе салатын осындағы еңбек сотында да әлдекімдер бар ма екен? Міне тазалау шарпуы осыларды да бір-бір сүзіп өтсе орынды болар еді шіркін дейміз.
1929 жыл