ТӨРЕШІЛДІКТІҢ ТҮРЛЕРІ
Бала күнім. Қарысбайдың Баяуы деген әйел күбідей жуан, сары кісі еді. Төсегінде жатқанда сол кісіге бүйі тиіпті. Өнебойы көгілдір тартып, талауратып, көзі-басы көнектей кеуіп ісіп кетті.
Бұған Құлжаман деген дарымшы дем салып отыр. Күлжекеңнің қайдан ұстағанын кім білсін, қамысты екі бүктеп басына бір бөрте шаптар бүйіні қысып алыпты. Оны, істікке шаншып отқа ет пісіріп отырған адам дерсің. Қолындағы бүйісімен оқталып, өлімші бол жатқан Баяуды шошытып қояды. Өзі міңгірлеп бірдеме оқиды. Сонда айтатыны:
Бүй-бүйі – бүйтан,
Қайдан келдің сайтан!
Аңдаусызда келіпсің,
Абайсызда тиіпсің.
Кеше келген жөніңмен шық!
Тақ Сүлеймен пайғамбардың
Демімен шық!
Суфу!.. Суфу!.. деп емдеп, демдеп жатқаны әлі есімде.
Есіңе бұл қайдан түсті дейді екенсіз, мынадан:
Бүйі деген улы құрт. Мал жайған қазаққа таныс. Улы қарақұрттың (скорпион) бір руы. Аяқтары арбиған, мүйіздері шалжиған болады. Түкті қарасы болады. Бөрте, шабдар, сары аласы болады. Өрмекшідей тор жаяды. Жусан-жусанның түбінде, ши-шидің басына ұялап, балалап отырады. Жалпы айтқанда, өмірдегі қулығымен де, түсінің суықтығымен де кеңсеге бітетін бюрократтан айырма танығысыз болады.
Менше бюрократшылдық – бүйішілдіктің ағайын-тағайыны. Оның да ұясы болады. Ол да улы жәндік. Бұл да шағады. Шаққан жеріне зәрін жаяды. Олай болса, бүйі мен бюрократтың арасындағы айырма қайсы?
Бюрократ бүйі болмасын, ендеше ауру. Ауру болғанда жұқпалы. Жұқпалы болғанда – мандам. Мандам болғанда – ашса арылмайтын, қазса аршылмайтын түкпір-түкпірдің бәріне ұялап, жұмыртқалап жатқан бір дерт. Мұның түп атасы – кешегі құлаған қу өкімет. Соның қалдырған мұрасы. Соның еккен шешегі. Ұясы біздің тұрмысымыз. Бұдан құлан таза болып арылғанымызша әлі алыс. Арылғанша күресіміз күрес! Бірақ, күресі үшін алдымен оның не екенін білу керек қой.
Ия.
Олай болса, төрешілдік деген не? Қалай балалайды? Қалай өседі? Белгісі не, бет-ауызы қандай? Қайдан табуға болады?..
Міні, гәп сонысында. Осыған келгенде қандай қырағы, қандай білгіш болса да бір мүдіреді. Желкесін бір қасиды. Өйткені, «төренің түрі мынау, мынау төрешілдік белгісі» деп үстінен түсерлік таңбалаулы төре жоқ; мұрнына жіп тағып бұлаңдатып жетелеп жүрген төрешілдік жоқ. Бәрі бір қалыпты адам. Бәрі бір өзінің мойнындағы жұмысын атқарып жатқан, басқарып жатқан қызметкер. Бәрі – түйтіктеп жазып жатқан, сызып жатқан мекеме. «Төресің» деп түп етегінен жабысуға не хақың бар.
Но, бұлай дағдаруға болмайды. Рас, төрешілдікпен күрес дедік; деген соң табу керек, тану керек. Төрешілдігің табылмаса, төрең танылмаса айдаладағы талмен күресермісің, қамыспен алысармысың? Қой, жолдас, мұныңыз қайрат ықтияты болмайды. Табу керек. Табылады да. Табу үшін танауға саусақ тығып отырмай, іздеу керек. Төрелерді таңбалау керек.
Олай боса, отырмалық. Қазақстанның қала-даласын аралалық. Ойын-қырын кезелік. Үлкен-кіші мекемені бір-бір сүзелік. «Мынау төреу-ау» деген күдікті адамдарымызды алдыңызға танауынан жетелеп тізелік. Жарайтынын алыңыз, жарамайтынын қалдырыңыз. Күресетінімен күресіңіз, тазалайтынын тазалаңыз.
Ал, айт!
Айтсам, бюрократтың жастау болса, бұйра шашы болады; кәрілеу болса, қасқа басы болады, алтын тісі болады. Желіндеген жирен биедей буаз портфелі болады. Тықылдаған таяғы, сықырлаған аяғы болады. Ернін жиектеген ерке қатыны болады. Ол ерке әйелді базармен екі ортаға дамылсыз таситын мекеменің аты болады. Күндіз-түні квартирасына корзинкамен бетін жауып бутылка таситын кучері болады. Бұған не айтарсыз?
Бұл емес. Әңгіме таяқта да емес, аяқта да емес; түсінде де емес, тісінде де емес.
Енді несінде?
Ісінде.
Ендеше:
Үлкен кабинеті болады. Ішінің бәрі іліп тасталған көсемдердің суреті болады. Бір жерінде өз суреті де ілулі тұрады. Қызылды-жасылды шұғамен шырмап тастаған қаракүрең үстелі болады. Есігінің сыртына «докладсыз кірме» деп жаздырып қояды. Өзінен-өзі бөртіп, кеудесін көтеріп отырады. Анда-санда әрең илігіп қоластындағы жампаң-жорға қызметкерлердің қағазына қабағын түйіп қояды.
Болмаса, өзінен-өзі шала бүлініп, үстелге артылып телефонға шатылып шаңылдасып жатады. Осындай қылығымен жұмысы боп кіргендердің жүрегін шаяды. Кісіге сөйлеспеске бұл да бір әдіс болады.
Болмаса, келушілерге керенеу қарайды. Қабағын түйеді. Арыз алмайды. Сөйлеспейді. Айбармен, ызғармен адамды үркітеді. Бұған не дейсіз?
Бұлар да емес.
Ендеше:
Мекемесінен бір табылмайды. Өмірге орнын сипалайсың да отырасың. Басы жоқ мекеменің өлі сүйегі, құр кеудесі ғана тұрады. Не жақсы, не жаман жауабын ести алмай, неткен адам екендігіне көзің жетпей, күтумен, іздеумен өмірің өтеді.
Болмаса, алты ай қыс, алты ай жазға мекемесінде бес күн отырмайды. Мәскеу, Семей, Алматы, Адай, Ақмола, Қызылорда, осы орталарды кезіп жүр дегенді ұзынқұлақтан естисің… Әлде сондай мәңгілік командировканы маңдайына жазған адам ба екен дейсің. Әлде мекемесіне келетін кісіден ығыр болып қашқалақтап жүрген сырдаң саяқ па екен дейсің.
Болмаса, жазатайым жолықтыра қалсаң, басына ақырзаман орнап тұрады. Екі иінінен демін алып, аяғын азар басып тұрады. Өзінен өзі сасып тұрады. Алақтайды. Далақтайды. Қынжылады, ренжиді. Өз қабырғаң қайысады. Аяйсың. «Солай шығар» дейсің. Түңілесің: Түк өнбеді. Жұмысың бітпейді. Күнде ертең… Бұған не дейсің?
Бұл да емес.
Ендеше:
Мекемеден бір де шықпайды. Әр уақытта өз үстелінен, құтты орнынан табылады. Өз жұмысын адамшылық, жұртшылық міндетім деп ұғынбайды. Мекемені сауын сиыр, өзін жетім бұзау деп біледі. Отырған орнын – тиын өнетін, күн көретін ауқат, жан асырайтын жер деп түсінеді. Жүріс-тұрысы, ісі-жұмысы осы қалыпта болады. Тек, түйдектеп қағаз жазып, ерте келіп, кеш қайтып жүре береді. Кете береді. Мекеменің жағдайына әбден қалыптасып алады. Көзге көрінетін бір жұмыс болмайды. Мұны не дейсің?
Бұл да емес.
Ендеше:
«Төрешілдік –төрешілдікпен күреспеу болады» – деп біреу сапырады. Төрешілдікпен күресу жайында дырдау-дырдау баяндама жасайды. Газеттерге етектей-етектей мақала жазады. «Төрешілдікпен күресу керек!», «Жою керек!», «Күрес!», «Күрес!» дегенде қызылөңеші айналып, кеңірдегі қылқылдайды. Күре тамыры адырайып, екі көзі бажырайып, екі езуінен көбігі ағып, бураша шабынады. Мұның бар долылығы осы болады. Төрешілдікпен күреске сөзден басқа іс жүзінде соқыр тиын жылу қоспайды. Өз айтқанын өзі қылмайды. Мұны не дейсіз?
Бұл да емес.
Ендеше:
Өзін әрі білгіш, әрі дұрыс санайды. Өзгеге өзін «жетекші» санайды. Қатқан ағаштай қақырайып қалады. Сүйтіп көпшіліктен айырылып, алыстап қалғанын білмей де қалады. Оны мойнына алмайды, омырау қылады. Мұрнын көтереді. Бұған не дейсіз?
Бұл да емес, жолдас, бұл да емес.