ТАШКЕНДІККЕ ТАРТ!
– Өй, әттеген-ай! Ұсталып қаппын-ау!  Шұжықтай   тығыз,   қазыдай   қызыл-күрең, қарынсау Шойынқұлақ, барқыт тысты диваннан атып тұрып қалбалақтады. Шашылған қағазды қара қапшығына қапыл-құпыл тығып шыға бергенде:
  • Әй, әй! Тоқта! – деп, төр үйден әйелі Құлжан ханым тарып-тұрып жүгіріп, –ІІІойынқұлаққа шап ете түсті.
– Қайда безіп барасың?
– Собраниеге, правлениенің отчеті…
– Отчетің де құрысын… Сен де құры! Кет! жоғал!.. – деп, Құлжан, Шойынқұлаққа шоқшиып қабағын түйіп тұрды да, арғысын айта алмай тығылып, сырт айналып кетті. Көзінен жас жылп ете түсті.
–Не қыл дейсің? Жаным!.. – деп, Шойынқұлақ қабырғасы қайысып, қасына келді.
–Құры! Құры! Құры деймін!..
– Құры,  құры, құры деме,  жаным!  Қой,  айт!..
Күлжан әбден жалынтып, талайдан соң:
– Базарға бармаймыз ба? Алатын нәрселерім бар… Күнде, күнде деп-ақ…
– Барамыз, жаным, барамыз! Мен қазір келе қояйын. Мені титтей босатшы, жаным!
– Жоқ, босамайсың, әзір барамыз!
– Әзір менің докладым бар… Әзір істеп келе-қояйын.
– Қашан келесің?
– Бір сағат мәулет берші!
– Бір сағатта келмесең қайтесің?
– О, һо, бір сағатта келмей, шошқа тағалаймын ба? Апыл-құпыл істермін.
– Ендеше, рұқсат! Дәл бір сағат срок. Әзір сағат екі екен, ұмытпа!
Үйренген көкімеңді мүжіп тұрып алма! Мен киініп, дайын тұрам. Үште осында боласың… Әй, көшірге айта кет, ат жексін!
Есік сыртынан жабылды.                                
***
Күлжан көйлегін ауыстырды. Қойқақтап айнаның алдына келді, шабуын түзеді. Жалаңаш жаурынын қырындап көрді. Мойнындағы көгеннің бұршағындай моншақты алып, қайта салды. Шашты тарап, жалғамасын түйіп, түйреді. Шөншегінен бояудың қарасын алып, қасын күйеледі, қызылымен ернін жосалады; ақ талқанымен  бетін,  кеңірдегін  қылаңдады.
 
***
Көзін қылмыңдатып, танауың лыпыңдатып, ауызын арандай ашып, тісін ыржитты. Білегін былғаңдатты. Сыптығыр сирағының басысына, балтыр былқылын алыстан жүріп айнадан қарады. Өткен күнгі вечердегі Әңменбаевпен бірге билегені есіне түсіп кілтің-кілтің етті. Өз тұлғасына толық қанағаттанды. Ыңырсыды:
Харрарау-райрау, райрау, харарау…
 
***
Клуб. Үстелде Шойынқұлақ тықыршып отыра алмай, дамыл-дамыл ышқырынан сағатын шығарып қарайды. Олай жүрді, былай жүрді. Жер тарпыды:
–Черт его знает! Безобразие!..
Жиналыс – кооператив мүшелерінің жалпы жиналысы. Шойынқұлақ жаққа «аппараттың» бірен-сарандаған адамы кіріп-шығып, құшақ-құшақ қағазды тасып жүрді. Аяғында… Есігінен төрі тайшаптырым кең зал үйдің қалың қатар мертік скамейкалеріне бес-алты кісі шашырап қонақтады.
– Шөкең шыдамады. Жиналысты ашып жіберіп, баяндаманы да жасап жіберді.
Әлдеқашаннан намаздың алқамындай  жатталып  кеткен сөзді  жат оқыды:
– Жолдастар, кооперативтің ойнайтын ролі үлкен… Кооператив социализмге баратын көпір деген, Ленин жолдас. Октябрь төңкерісінің осы жылында ұлы басшымыздың ұлы өсиеті жарыққа шығу керек, яғни шығып та жатыр… Кооператив мүшелерінің міндеті онан да үлкен. Жалпы шаруаға кооперативтің не екенін ұғындыруларыңыз… міндеттеріңіз. Үйткені бізде мүше аздау. Кооперативке мүше болмаған бір шаруа қалмасын!.. Біз өзгеге өзіміз үлгі болуымыз керек. Так, что, шаруа не сатса, кооперативке сатсын. Не алса, кооперативтен алсын. Сонымен, как сказать, саудагерлердің маңдайына соғылсын!  –  деді де, құмыра құмғаннан суды сортаңға оттаған түйеше жұтты.
Жолдастар, мен асығып тұрмын. Сауал бола қоймас, болғанмен бәрібір… Маған некогда!..
– А, резолюция?                                                                
– Деп, жиналысқа бастық болып отырған аппарат адамы күңк ете түсіп еді:
  • Мен асығам, асығам, асығам… Өзің резолюцияның основной моменттерін айтып, ауызша өткізіп аларсың… Белгілі ғой… Кейін жөндеп жазып алармыз. Мен асығам. Өте асығам…
Қапыл-құпыл қара қапшықты көкбөрі лақша іліп алып, тапыл-тұпыл шығып кетті.
 
* * *
– Сен нағып құрып кеттің? Әлі, үште келемің қайда? Міне, төрттен асып барады…
  • Уһ, жаным, жиналыста ұсталып қалдым. Халық басып кетті. Қырдан да көп қазақтар келіпті. Отчетный докладым болып, правлениенің алты айлық есебін бердім. Мүшелер де активно араласты. Сауалдан сауал, сұраудан сұрау, қане, жіберсінші! Қайтесің, қараңғы жұрт… Ұғындырғаныңды тәуір көреді. Масса шығып сөйледі. Правление жақсы істеген,  алған саясаты дұрыс деп, баяндамамды удовлетворительно таныды… деп, ана баяндамасынан әлдеқайда ұзын баяндама жасады.
–Бұдан былай, мұндай жинақсыздықты маған екінші рет істеуші болма! — деп, тарақпен тұмсыққа түртіп қойды. Шойынқұлақ кегжең етіп:
– Абайла,   жаным,   көзімді   шығардың…- деді.
 
* * *
Тымырсық суық. Дөңгелек қатқан қажыған арба. Ыңыршақ арық ала ат. Құтымы қашқан көшір – көшеде келеді. Арбада шоқша сақал, қара бұйра кәпеш құлағына жетпей Шөкең, муфтаға қолды қусырған, қалбағай қалпақты Күлжаны қасында.                      
– Қане, қайда барамыз?
– Алдымен біздің коперативке кірелік.
  • Кооперативке? Сен жыннан саумысың? Ақшаны көшеге шашқың келе ме?
–Жаным, сен білесің бе? Зато, кооператив! Онда нәрсе әрі арзан, әрі түрлі, әрі жақсы.
–Жақсы? Кооперативте? Сен жыннан сау емессің! Тегі кооперативте жақсы нәрсе болғанын естідің бе? Әуелі, сенің кооперативіңде нәрсе бар ма? Бастығым, байғұсым?
–Есігіне келіп қалдық қой, Күліш, кіре кетелік. Соңғы уақта келген таза нәрселер бар. Бір тамса да…
–Кооперативке бір құдай айдап, бір құдай жетектесе де кірмеймін! Әні, анау қара құрым жан… Топырлаған очередь…
–Ей, әттеген-ай! Түсінсеңші, Күлішжан! Кооператив, оны күшейту керек. Қуаттау керек. Кооперацияны социализмге өтетін көпір деген, Ленин жолдас… Өзгеге өзіміз үлгі болуымыз керек. Сонымен, так сказать, саудагердің маңдайына соғуымыз керек. Күлішжан!..
–Болды! Болды! Жап аузыңды! Бұл көше, сенің собраниең емес!
Соңғы «собраниең емес!» деген сөз Шойынқұлаққа шоқпарша тиді. Көшеде келе жатқаны ойына түсе қалды. Расында, арба үстінде ана үйреншікті «алқамды» айта бастағанда, Шөкең өзі қайда екендігін ұмытып кеткен еді.
–Ту! Собрание емес. Черт знает, үстіп жүріп нервный боп кететін шығармыз. Мен жаңа ғана собраниеде табанымнан тік тұрып тұтас екі сағат доклад қып шықтым. Массаға кооперативтің значениесін ұғындырдым, задачасын суреттедім, перспективасын…
–Жә, көкіме… Жетті! – деп, Күлжан иығымен қағып қалды.
Шойынқұлақ селк ете түсті:
–А? Қайда жүр дейсің?
–Тарт былай! Не Қашқарлыққа. Не Ташкендікке.
 
1928жыл