СҰРПАҚПАЙ СҰҒАНАҚ
 Сұрпақпай деген үңілше көзді, үңірек қара кісі болды. Көңілі түскенде, әсіресе, қара шайға қанып алса, қара шақшадан атып алса, есе сөйлеп, желдей жүйткітер еді, құйындай ұйтқытар еді. Өтірікті шыңдай, ақсақты тыңдай қылып соғар еді. Әңгімесінің бәрі тамақтан басталар еді, тамақпен тамамдалар еді. Олай болатыны асқан ашкөз, тамақсау еді, ылғи той-томалақты, қонған қонақты, өлгенге берілген асты, бата оқырды сөз қылар еді. Сөз қылғанда қанша ат шабылды, қалай ойын болды о жағына жоламай, салғаннан қазан-аяқтан, тамақтан бастар еді: қанша ет асылды, қанша қымыз болды. Неше табақ тартылды, неше тегене ішілді, кім қалай жеді, қалай бәсеке болды – әңгімесі һаман осы болар еді.
Сұрпақпай айтар еді:
– Мәукебай өлген жылы. Ауыл осы Сырдың бойында. Мәукең үйінің өркеші киіз үйдей түйесі өле қалды. Құдайдың өзі сойып бергенде Мәукең жерошағын енді де қонырсытпайсың ба деп Мәукең кемпіріне қиқылықты салдық. Ағайын кеу-кеулесе, жан қоюшы ма еді, түйесіне биесін қостырып, он шақты ұсақ малымен Мәукеңе ас беретін болдық.
Мал сойылды. Ошақ қазылды. Ет асылды. Етке оңаша үй тігілді. Еттің басына өңмеңдеп жүріп өзім міндім. Несін айтасың, ет тегін, ырғын май. Ай дер әжем, қой дер қожам жоқ. Еттің жылы-жұмсағын қуыртып ащы тұздықтап ауық-ауық сұрпақтатып соға беріппін, соға беріппін. Үйде жатқан Өржан отағасыға шеке бастатқан дөй табақ жібердім. Өржекен атасында көрмегенді ботасында бір көрді. Дәметкен орамал жіберген екен, түйенің тоқпақ жілігі, биенің қосқазысымен қайқайма табақ оған кетті. Баянбай баласын жүгірткен екен, түйенің төсі, биенің жаясымен үйме табақ оған кетті. Бір мезетте қарасам, бұрын қалжыңдасам қарамайтын Қаракөз келін босағадан жаудырып қалған екен, биенің қартасы, қойдың ұлтабары, төсі мен бауыр құйрықтан шағырмақтаған тыңқима табақты «мә!» дедім. Ен тегін етке қолым тиіп тұрғанда білем-білем құйрықты, майлы-майлы жамбасты, қос-қос қазыны оған да бердім, бұған да бердім…
–  Сонан соң қайтты?
– Сонан соң қайтсын. Ет десе, елде бет бар ма? Ертеңіне тайлы таяғымен қырдағы, сырдағысы қаптағаны ғой. Ет жетпей қалды. Етке өкпелегендер атымды аударып, сабалас шығарды. Үйімді тінтті. Сұрпақтап алған қосқазыны соқтасымен суырып алды.
Сүмеңдетіп айдап келіп, соқталы қазыны көрсетіп: 
– Мынау қайдағы қазы? — десті.
Сасқалақтап тұрып:
– Сұрпақтап алғаным еді деппін. Көпшілік бетіме түкірді. Сонан бері «Сұрпақпай сұғанақ» атандым да кеттім. Әйтпесе, атым «Сыдық» еді, руым – төре еді… деп өзінің қалайша «Сұрпақпай сұғанақ» атанғандығын айтқаны есіме түсіп отыр.
Сонан бері қилы-қилы заман өтті. Сұрпақпай отағасы о дүниеге кетті. Енді Сұрпақпайлар ұмыт та болатын болды.
Шиырбай деген кісі тамыздағы қонаққа мал соймай, сүр асып берген бір үйдің табағына былай бата қылыпты:
 «Сені мен жас ет десем сүр екенсің,
Шық бермес Шығайбайдың бірі екенсің.
Өлді деп Қарынбайды естуші едім,
Қарынбай әлі тірі жүр екенсің», —
деген екен. Сол Шиырбай айтқандай әлдеқашан өлді деп жүрген Сұрпақпай сұғанақ жақында сопаң етіп осы Қызылордадан шыға келді. Сұрпекең осында екен. Аты да, заты да өзгеріпті. Ақмет баласы Сыздық болып коммуниске жазылып жүріпті. Қызылорданың Округтік судына мүше де болыпты. «Естімеген елде көп, есек мінген молда көп». Жамағатым жағаңды ұстарсың!..
 
*  *  *
Осы Ақметұлы Сыздық жиырманшы ауылдың шонжарларын кәдімгі конфискелейтін өкіл болып шығыпты. Өкілге қосшы боп (Аудандық Қосшы бастығы – бұ да коммунист, Округтік атком мүшесі) Бейсембақұлы деген қосылыпты. Бұлар елге барып кедей жиналыстарын өткізіпті. Нұсқау бойынша, жиналыс сайын Ақметұлы қызыл өңеш боп баяндама жасай беріпті. «Бай құрысын, атқа мінер қуылсын!» дей беріпті. Ақметұлының баяндамасы бойынша сентябрьдің жиырма төртінде болған кедейлер жиналысында: «Нұрмағамбетұлы Мосқалбай, Жарымбетұлы Ақмет Аманұлы Мыңтұр деген құлақ құйыршықтары кедейлер жиылысына араласпасын» деп қаулы қылыпты. Бұл қаулыны алған аудандық комиссия ертеңіне жоғарғы аты аталған құйыршықтарды конфиске біткенше Шиелі ауданына ауа тұрсын деп қаулы қылыпты. Бір күні Ақметұлдарынан аудандық комиссияға, ауылдан жасап жіберген жарлы, жалшылардың бай малын алатындарының спискасы келіпті. Аудандық комиссия спискені аудара қарап, ақтара тексермей «аңқаулық» қылып «бекітілсін» деп қаулыны қайқайта салыпты. Сонымен Сыздықтар конфискелеп жата беріпті.
Күндердің күнінде ауданға жиырманшы ауылдың кедейлері арыз жаздырыпты:
– Ойбай, аудан еке, өкілің сорлатты ғой.
– Маған бес қара жазып, үш қара берді.
– Маған списокке екі қара алды деп қондырып еді, біреуін-ақ алдым.
– Құлынды, тайыншаны толық қараның тұяғына берді.Заңда солай ма?
– Жолдас-ау, конфиске малынан жалдап та ала ма?
– Өкілдің өзі жеке сыбаға болып, үйімдегі жігітіме берем деп сарала атты, сары дөнежін нарды Қызылордаға жіберді. Мұны білгендерін бар ма?
Аудан арыздардың астында қалыпты. Қойшысы қасқыр болып шығыпты. Апалақтасыпты. Қалбалақтасыпты. Шара қолданыпты: зерттеу бөлімінің агентін алып, Аудандық Атком орынбасары Ырысмамбет шауыпты. Бара мал алған кедейлердің тізімін қолға алыпты. Қараса, «не көзіммен көрсін», Ақметұлдары аудандық комиссия бекітіп берген тізімді бұзып-жарып жаралай беріпті, жаралай беріпті. Қызыл сиямен қызылала қан қыла беріпті. Сорлы цифрға жауша шауыпты, көзіне көрінгенін қирата беріпті.
Жетеуін – бесеу, бесеуін – екеу, үшеуін – біреу қып «сұрпақтата» беріпті. Мал үлестіру жөніндегі үкімет заңын, нұсқауын құлағына да қыстырмай, ат тұяғын тайға бастырып, тай тұяғын танаға бастырып «торпақтата» беріпті.
Бұл-бұл ма:
Кедейлер жиналысында Ақметұлының «Мосқалбай кулак құйыршықтары, конфискеге кесірі тиеді, соңдықтан басқа ауданға ауыссын» дегізіп, тақпақтай баяндама жасап, ауданнан бекіттіріп отырып, Мосқалбайға жуан қара сыйлапты.
Ол-ол ма?
Ақметұлы үйіндегі баласын көтеріп жүретін ғайыптың құсындай, қайдан келгені белгісі. Шыманұлы Сатай деген «жарты жалшысына» бір түйе, бір ат, беріпті.
Бұл-бұл ма: 
Ағайдарұлы Бердібек деген байдың салығын сатып төлеуге конфискеленген малынан елу алты қараны іріктеп Қызылорда базарына айдатыпты. Бұл малдар союзға да сатылмапты, кооперативті де көрмепті, торгте де болмапты. Қызылорданың атақты жалдабы Бұқарбайұлы Төлебайдың қолына тиіпті. Төлебай сол малды «реализовать» ететін комиссияға қолақпандай член болыпты. Жеті күн елден, жеті күн жерден деп, көкжал жалдаптың көктен тілегені жерден табылыпты.
«Ең тегін етке» дегендей, «ең тегін малға» бұл да Сұрпақпайша кірісіпті. Малды алыпсатарларға сатыпты. 100, 90 сомға сатылған биелерге 60 сом дегізіп өтірік счет ала беріпті. Сүйтіп сылқылдата беріпті. Сұрпақтата беріпті.
«Ташкенттегі қызым мұнан да сорақы» дегендей, бәрінен мынасы сорақы: осы Төлебай жалдап кедейлер тізіміне кіріп, шаруасын көркейту үшін «ресми» 5 қара алыпты.
Мұны аз десеңіздер:
Сыздықтың Тереңөзекте, оң бірінші ауылда Аяпұлы Еснияз деген қайнағасы болады екен, соған соғымға үш бие жіберді дегенге шөп басы және жыбырлап тұр.
Ол жетпесе: 
Міне, жұрт, әзірше, Сыздықтың «конфискесіне» қолдағы қортындымыз осы ғана. Қылмысты қылға тізіп прокурор жатса керек. Мұнан арғы соқтасын солар суырар. Тек, біз әзірше, ет басына ана Сұрпақпаймен, мал басына мінген мына Сұрпақпайдың қылығына қыл симай, бір жерден шыққанына ғана тамсанамыз.
Ана Сұрпақпай Мәукебай асында асылған «ең тегін еттің, ырғын майдың» басына мінсе, мына Сұрпақпай байлардан конфискеленіп, кедейлерге үлестерін «ең тегін малдың» басына мінеді.
Қызылотауға лайықталған байдың ақ үйін қара лашыққа айырбастап та үлгерген екен дегенге, шөптің басы түгіл, Сырдың қамысы сылдыр-сылдыр етеді. Ана Сұрпақпай «ең тегін еттен» түйенің тоқпақ жілігі, биенің қос қазысы бастатып көрінгенге қос табақ тартса, мына Сұрпақпай «ең тегін малдан» Мосқалбай атқамінерге жуан-жуан қара силайды.
Ана Сұрпақпай биенің қартасын, қойдың төсін салып Қаракөз келінге «мә!» десе, мына Сұрпақбай үйіндегі баласын көтеріп жүрген жігітіне сарала атты мінгізіп, сары дөнежін нарды жетектетіп бір түйе, бір атты «мә!» дейді.
Ана Сұрпақпай білем-білем құйрықты, қос-қос қазыны оған да-бұған да берсе, мына Сұрпақпай да кез-кез өркеш түйелерді, сүйем емшек биелерді жалдаптардың Төлебай сияқтыларының онысына да, мұнысына да жетектеді.
Ана Сұрпақпай көпке тиісті етті ащы тұздықтап өзі жеп, өзгеге үлестірсе, ақырында елге ет жетпей қалса, сабалас шықса, мына Сұрпақпай да кедейлерге тиісті малды өзі соғады, атқамінерге, жалдаптарға үлестіреді. Кедейлерге мал жетпей қалады. Шатақ шығады. Арты ашылады.
Ел ана Сұрпақпайдың сұрпақтап алған қосқазысын соқтасымен суырып алса, енді мына Сұрпақпайдың да сұрпақтай алып, Тереңөзектегі қайнына жіберді деген биелерін суырып алу ғана қалып отыр.
Ал, жұрт, осы екі Сұрпақпайдың айырмасы менше: ана Сұрпақпайдың әлдеқашан өлгендігі де, мына Сұрпақпайдың әлі ұсталмай сұрпақтатып бос жүргендігі. 
Суд не айтар, соны тостық.
 
1928 жыл