СОЦИАЛИЗМ БОЛҒАНДА АУЫЛ ҚАНДАЙ БОЛАДЫ
– Мал шаруасын өркендету керек, — деді партия.
– Осы шараны большевикше іске асыру керек, — деді Крайком.
Өкіл дегендер өлкеден ауданға, ауданнан ауылға шапты.
Поезд Алматыдан жөнелмек. Қоңырау екіні ұрған соң поезд ақырып жіберіп, қозғалып кеп кетті. Жұмсақ вагонның бір купесіне екі өкіл құлай – құлай кетісті.
Поезд екпіні жел соққандай, тау жыққандай. Аспанды айыра, жерді жара ызғытып келеді. Портфель жастанған екі өкіл арба шайқауына тербеліп, қорқырап ұйқыға кетті.
Поезд нелер жерлерден өтті. Бір мезетте есік салдыр ете түсті. Ұйықтап жатқан екі өкіл басты жұлып алысты. Есіктен чемоданымен және біреу кірді. Ұйқысы бұзылған екеуі мұны бұқа қарасқа алып отырысты. Ол келіп қатарларынан орын алды. Поезд және жылжып берді.
ОҢШЫЛБАЕВТЫҢ АУЫЛЫ
Қатты ұйықтап кетіппін, — деді қауға бас қазақ өкіл.
Мен де, — деді қасындағысы.
Түс көрдім, — деді қазақ өкіл.
Қандай? — деді жолдасы.
Түсімде социализм болған екен деймін. Біздің дала, бұлың белдер көрінеді. Сол белдерден бұрқырап заулап келе жатқан түтіндер. Ол поезд екен деймін. Онымен жанасалай лықсып көш келеді. Поезд бен көш қатарласып аңдызап келеді. Түйе де паровоздан қалыспаған сияқты. Өңшең қоңыраулы түйелер. Көш алдында духовой оркестр. Күжілдеп «Интернационал» жырын тартып келеді. Әр түйенің үстінде радиомачта. Өгіздерге теңделген почта. Өңшең күміс ер-тоқымды әйелдер ақ үзеңгіні шіреніп сытыр қағады. Күндіктері көк тірейді. Көш алдындағы бәйбішеге:
О, көшіңіз көлікті болсын, — деймін.
Айтсын, — дейді ол кісі.
О, бәйбіше, бұл көш кімдікі? — деймін.
«Қызыл көш» колхозы, балам, — дейді.
Қарақұмнан Сарысуға қарай көшіп келеді екен.
Енді бір жерден тоғанақ-тоғанақ жүкті керуен тағы шыға келді. Бұл түйелердің қомы қорғасын, шомы темір, бұйдасы резинка. Өңшең қазақ барышнялары жетектеп келеді. Әр түйесінің басына ақ қаңылтырдан шляпа кигізген. Ол шляпалардың маңдайына: «Кооперация – социализм көпірі», — деп жазылған. Мына жазулар ескірді-ау деймін… Бұл колхоздың көшпелі кооперативы екен. Керуен кооператив қалың құмның ортасына қона қалды. Ақ шатыр, күмбез ақ үйлерді дүбірлетіп тігіп жатыр. Ақ киізге буған шай, қант, өрік, одеколон, иісті суларды төбе-төбе қылып төгіп жатыр…
«Қызыл көш» колхозы да келіп қонды. Дүңгірдей-дүңгірдей шаңқан аппақ киіз үйлерді тігіп тастады. Ауыл артындағы қапсанға желіні тартып жіберді. Оған құлынды байлап жіберді. Желінің басына қызыл жалау көтерді. Қызыл жалауда: «Кенже қалған елдер пролетариат басшылығымен капитализмге соқпай өтеді» деген Ленин сөзі жазылған.
А, бұл арасы рас болды-ау, -деймін.
Жалауды айнала жусаған жылқы. Бәрі де осы колхоздікі; колхоздың Есекқұрты мұрнынан түсіп тұрған кезі екен, де ймін.
Әр үйден шығып жатқан жеке-жеке түтін. Ауыл-ауылға табақты атпен тартады. Шүберектерін қайқайтып туырлықтай көйлекпен қазақ келіншектер шынтағын шошайтып шай құйып беріп отыр. Білезік, жүзіктері саудыр-саудыр етеді.
Ауыл мәдениетке кірген екен деймін. Үй ішінде шкаф, жүкше жиналған кітап – Маркс, Ленин томдары. Алтынмен әшекейлеп бастырған партия, Қазақстан тарихтары… Колхоз жігіттер сабаны күрп-күрп піседі. Тегештерге термелеп жазған үгіттер, ұрандар.
Жайып тастаған ақ дастарқан. Мұзға салып тастаған тәтті арақ. Тегеш, табақты айнала отырған жан. Бес бармақтатып бес ашаларын салып жатқан ақсақал, қарасақал… Бәрі колхоз мүшесі.
Кел, алыңыз!
Бұйырыңыз.. Табақ-табақ туралған ет, туралған қазы.. Бал татыған сүр, жал-жая…
Сапытаяққа быжылдатып құйылып жатқан боржом, коньяк..
Отауларда өзгеше мәжіліс. Бұлар жастар. Қыз-бозбала осында.
Бұлардікі бесбармақ емес, «үшбармақ»; үш бармақпен табақ-табақ палауды үш-үштен ортаға алып, шүпілдетіп жатыр. Бәрі комсомол..
Кел, социалдық жарыспен деселік!
Біз үшеуміз мына табақтың екпінді бригадасымыз…деседі.
Әзіл-қалжың, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ.
Әне, бесбармақты бітірген колхоз ақсақалдары кекірісті, қарындарды сипасты. Сақалдарды сипап қарқ-қарқ күлісті.
Шақшаны шығарыңдар, жолдастар! — деді жуантық колхоз бастығы. Біреу шақша шығарды; шақшаның алдын маған ұсынды:
Асыл тұқымды колхоз серкесінің мүйізі еді, алыңыз! — дейді. Шақшаны алып үңіле қарадым. Меруерттей жылт-жылт еткен қара мүйіз, алтынмен жиектеп, күміспен қақпақтап тастапты. Колхоз ауылының суретін салып: «Жер жүзі еңбекшілері, бірігіңдер!» — деп жазып қойыпты. Шақшаны айналдырып көріп:
Ұста неткен шебер! — дедім мен.
Өзіміздің колхозымыздың зергерінің қолы, — десті мүшелер. Тақ сол жерге келгенде оянып кеттім… амалым бар ма, барып, қайтып келдім — деп тоқтады.
Мен де…деді жолдасы.
СОЛШЫЛБАЕВТЫҢ АУЫЛЫ
Сіздің барыс қай жер?
Сарысу ауданы.
Жұмысыңыз?
Мал шаруашылығын өркендету туралы, өкіл болып барам…
Фамилияңыз?
Мен – ұлтшыл Оңшылбаев дейді.
Сіз қайда барасыз?
Ырғыз ауданы, мен де сол жұмыспен…
Фамилияңыз?
Шовинист, оппортунист, Солшылбаев…
Ендігі сөзді оппортунист алды:
Мен де ұйықтап кеткен екем. Көрмеген жерді мен де көріп қайттым…
Сіз не көрдіңіз? – деді Оңшылбаев.
Менің де түсімде социализм болып қалған екен деймін. Осы Қазақстан. Даланы темір жолдар шырмап алыпты. Әр жерден қалың қара түсіпті. Әрине, қалада қазақ көрінбейді. Қаланың бәрі европалықтар; қаладан шыққан соң-ақ қазақты даладан көрем. Әр жерде шашылып отырған шаруа аауылдар. Мектеп, кооператив, моншасы – бәрі де көшпелі. Парталарды түйеге шығарып қойып, балалар соның үстінде оқып отыр. Көшпелі ел жағдайында бұл әдіс дұрыс көрінді маған.
Колхоз деген көп. Құмның, тастың – бәрі де 100 процент колхоздасқан екен. Бірақ жай-жағдайы өзгеше екен. Біздің, мәдениеттің халықтың колхозына тіпті ұқсасатын емес. Қыста жалпақ даланы астан-кестенін шығарып теуіп жатқан колхоздың қойы, жылқысы. Жылқышы, қойшылар сеңдей соғылысады екен. Дала халқы қыста малға үйренген жұрт қой. Оларды қала салып отырықшы қылу – әзірге қиындау сияқты көрінеді маған.
Мекеменің бәре де көшпелі, жималы. Керек десе, түйеге арта салады; керек десе, түсіре қояды. Жиылыстар көш жөнекей өте береді. Докладшылар түйенің үстінен сөйлей береді. Стенографистикалар, машинистикалар түйенің үстінде отырып жаза береді. Түйе жүре береді. Баяндама екі тілде болады. Перевод істеліп тұрады.
Мекемелердің әр жерінде-ақ қазақтар көрінеді. Сірә, төменнен жоғарылағандар білем. Бастығының алдында қазақша жазба бір қағазды әкеп тұр екен, түсіндіре алмай көзі жаутаң етеді. Жүгіріп переводчик келеді. Қазақ адам боп қалыпты, ана жылғыдан көп көтеріліп қалыпты байғұстар.
Қазақстан ықыласы тәуір: қатынас қағазды ауылға орысша жазып жібереді; қазақ газетінен көрі орыс газетін оқиды; қазақша жазуды, оқуды тіпті намыс көретін де жоқ емес екен деймін.
Біз бір колхоз ауылдың қасынан өттік. Қазылып жатқан жерошақ, асылып жатқан қазан, қайнап жатқан бесбармақ.
Здрасти, — дедік колхоз ауылға.
Здрасти, здрасти, — деді тымақтар. Көзі жаудырап, қабағы тұнжырап
колхоз мүшелері:
Арыз тақсыр, арыз — десті.
Арыз алмаймын, аулақ! — деп айқайлап жіберіппін. Өз дауысымнан
өзім оянып кеттім.
КОЛХОЗ АУЫЛ
Мырс етіп күліп жіберді соңғы кірген.
Неге күлдіңіз? — десті екеуі.
Сізге күлдім! -деді ол.
Күлген мәнісіңізді сұраймыз! — десті екеуі.
Күлген мәнісім, сіздердің көрген түстеріңіз күлкі екен. «Тауық түсіне тары кіреді» — деп, сіздердің көрген социализміңіз қызық социализм екен.
Социализм сенің ойыңша қалай болмақ?
Мен білсем, анық социализм, сіздердікінен бөлегірек болмақ. Айталық:
Қазақ даласы. Даланың бет-аузын темір жолдың торы шырмаған.
Күні-түні ақырып келіп, кетіп жатқан поездар. Қазақстан көлдерін керіп кеткен кемелер. Өзендерден цементтеп бұрып кеткен тоғандар, арықтар. Балқаш – егін жайы. Қала, колхоз, совхоз… Көкті қапқан завод, фабрика мұржалары. Бұларда қайнаған қазақ жұмысшылары, инженерлері, техниктері; олармен бірге орыс жұмысшылары, мамандары. Ойды-қырды көмген электр – далада күн батпайды, қыр жап-жарық. Әр бұлақта, өзенде, тау-таудың суында дүрілдеп жүріп жатқан машиналар, моторлар.
Колхоз мал бағуда сіздер ойлағанша болмаса керек; мал тұқымы асылданған, сапасы дұрысталған. Сүтті де, жүні де, еті де өнімді. Малдың жемі дәмді сықпа жем, қоспа, сүр шөп. Сиырлар ағып тұрған сүт бұлағы. Колхоз, совхоздар сиырды электрмен сауады.
100 мыңдаған жібек жүндес қойларды дәріге шомылдырып, жүнін тарап баққан совхоз, колхоз…
Әлі айталық, және мүмкін: қымыз да өз алдына бір завод. Биелерді электрдің тогі күрілдетіп бітеу көрнектерге сауып тұр. Бірнеше минутта мың бие сауады, сауылған сүт кранмен бұлақша атқып, қымызын сауытқа құйып жатыр. Заводтың іші қайнап жатқан машина. Біреуі айналып, біреуі көшіп электр піспекте қымызы күмпілдетіп «сабаша» пісіп тұр. Пісілген қымыз бітеу бактарға құйылып курорттарға, больницаларға, асханаларға, киоскілерге, колхозышаларға, аптекаларға таралып жатыр.
Міне, егер қымыз өндірісін молайтатын болса, осылай болмақ керек.
Әне кең майдан. Спорт майданы: жүздеген колхоз жастары сонда. Алаңда керулі экранда жүріп жатқан сурет. Италия операларын Балқаштың жағасынан тыңдайсыз.
Ақырған поезд, жосыған автомобиль, мотоциклистер, машиналар. Аспанда аэроплан, дирижабль.
Міне социализм болғанда ауыл осындай болмақ керек. Біз болашақтағы «колхоз ауыл» деп, осы сияқтыны айтамыз. Күндердің күнінде ауыл осылай болады.
Біз осы ауылдың болашағы үшін бүгін күресіп отырмыз. Бүгін ірі социалды шараларды істеп отырмыз. Біздің ауыл болашақта сондай болу үшін бізге бүгін:
Колхоз малдарының сапасын көтеру керек. Малдың сапасы дұрысталып, өнімі берекелену үшін тұқымы асылдансын, жөмшөбі жақсылансын. Қыста қорасы жылылансын, жазда жайылымы жақсы болсын. Совхоз болсын. Колхоздар малын ортаға алып, ортадан фермалар ұйыстырылсын. Тағы, тағылар… Міне, біздің бүгінгі жұмыстар осылар. Осыларды іске асыру үшін баймен де кулакпен де, оңмен де, солмен де қатты күресеміз.
Бізше колхоз отырықты – қала колхоз болады. Шаруасы машиналанған, малдың жөмбөші баптанған, мәдени ауыл болады…
Осыны айтқанда екеуі де мойнына суық су құйылғандай төмен салбырады.
Поезд ызғып келеді. Бір мезетте:
Әлі біз қай жерде келеміз? — деді Оңшылбаев.
Асуға таман құлаш ұрдық, — деді соңғы келген.
Тым қатты кетті! Жолдың өзі тау-тас асу ғой. Қырылмасақ жарар еді, — деді Солшылбаев.
Мұндай жерде жүрісті бәсеңдету керек емес пе? — деді Оңшылбаев.
Керек емес, қарқынды күшейтпесек, әлсіретуге болмайды. Мөлшерлі станцияға жету үшін қаттырақ бастыру керек, — деді соңғы өкіл.
Анау екеуі бұған бұқаша тағы қарасты.
Сіздің барыс қайда?– десті екеуі.
Мен де сіздер бара жатқан елге барамын.
Жұмысыңыз?
Мал шаруасын өркендету туралы өкілімін.
Сол аудандағы оңшыл, солшылдарға қарсы жұртшылықты көтеріп күрес ашқалы барамын…
Фамилияңыз?
Большевиктеров!