«СОНЫМЕН, КЕТІП БАРАМ…»
«Правданың» жазушысы Михаил Кольцов бір фельетонды былай жазған:
Қарны кебежедей, бұты шидей бір нэпман Мәскеудің моншасына келеді. Моншадағы моншашының нәзіктеу бір жас жігіті келіп, бұ нэпманды шешіндіреді. Ыштаның алады. Шұлғауын жинайды. Алып моншаға кіреді. Үстіне су құяды. Жуынатын төсекке жатқызады. Жылы сумен мәуірттеп, сабынды көпіртіп сылайды. Етпетімен салып, етінің кірін езеді. Шалқасынан салып қарнын жуады. Қарнын жуғанда жоғары төмен сылайды, қолын үйіріп, кірін сылайды. Нэпман:
Неге бұлай жуасыз? — дейді. Моншашы:
Адамның ішек-қарны іште иіріліп жатады. Соның өзінің ыңғайына қарай сыламаса – қанның нормальный жүруіне зақым келуі мүмкін…
Сен мұны қайдан білесің?
Как же, мен білмеске, мен Мәскеудің университетін бітіріп шыққаныма алты-ақ ай болды. Менің мамандығым агроном болғанмен биологияны да оқыдық, — дейді. Нэпман:
Е, жөн-жөн, жуа бер… — дейді.
Дәл осының кебі бізде де болып жүр. Оны бізге жазған төмендегі хаттан түгел оқисыз:
…Биыл Қызылордадағы қазақ институтынан мұғалім болып 17 адам шықтық. Бұған оқу комиссариаты недәуір масаттанып, мақтанып қалды: қараңғы ауыл, мұғалімсіз мектеп, мәдениет майданы, мына жаңа мұғалімдер…әрине оқу комиссариаты қуанбас па? 17 мұғалімді Қазақстанның керек жерлеріне бөліп жібереді. Екі мұғалім Сырдарияға тиді. Шымкент келдік:
Ассалаумаликүм окроно!
һа, қош келдіңіздер, балам. Мектепке белгілейміз. Ақыңызды аласыз, жол қаржыларыңызды да береміз. Шайхан-пайханада жата беріңіздер… – дейді.
Жата береміз, ертең келеміз, бүрсікүн келеміз, бейсенбі келеміз, сейсенбі келеміз. Окрономыздың бастығы – Жанабай ұлы жауап қайыра береді:
Мәдениет аттанысының кісілері басып жатыр… саспаңдар, сабыр ойлаңдар…
Уа, біз мәдениет аттанысының адамы емеспіз бе? Бізді де жұмысқа қоссандаршы!
Жоқ, сендер мұғалімсіңдер ғой. Сендерді мектепке белгілейміз. Саспа… Жата бер…
Жата береміз. Ертең келеміз. Арғы күн келеміз. Күндерде бір күн Жанбай ұлы:
Біріңді 7 жылдық «ким» мектебіне, біріңді педтехникумға мұғалім қылмақпыз.
Пожалуйста, тезірек қылсаңыз екен.
Жанабай ұлы педтехникумнің бастығы – Жұмағұл ұлы дегенді шақырып алды да:
Мына біреу екі азамат дәм айдап бізге келіп қалған екен, бұларды орындастыралық. Қонақ қой. Біреуін сен техникуміңе сыйғызсаңшы!
Жо, болмайды. Біз мұғалімді Саратов университетінен, Ленинград университетін сұратып отырмыз. Бізге химия, биология, агрономия, педалогия, социологияларды түгел білетін универсалистер керек. Бұлар бізге жанаспайды — деп, ол жөнеледі.
Жанабай ұлы енді «кимнің» бастығы Ерман ұлын шақырып алып:
Мына бір екі азамат дәм айдап бізге келіп қалған екен. Қонақ қой, біреуін сен мектебіне сыйғызсаң қайтеді?
Көмейі бостау болып, «көрермізбен» ол кетті. Сүйтіп жүргенде бар көз таныс Жанабай командировкеге кете барды. Окрононың қара шаңырағы Розинде қалды. Розин мені, «есіркеп» Пахтааралдағы 7 жылдық мектепте мұғалім бол — деп, бұйрық берді. Заң бойынша отпускі берді. Отпускі алып ауылға қайттым. Бірақ, бір тиын ақша бермеді.
Жаз өтті. «Мәдениет майданы» да бірсыпыра өтті. Күз болды. Аяндап Пахтаарал барам. Аудандық партия комитетіне келем:
Бұйымтайыңыз?
Осындағы 7 жылдық қазақ мектебінің мұғалімі едім.
Жеті жылдық дейсіз бе? Ондай қазақ мектебі бізде жоқ. Бір орыс мектебі бар. Оның оқытушылары түгел…
Жоқ болған соң, жоқ жерге мұғалім болам ба? Салым суға кетіп қайта қайттым.
Шымкент келем. Шымкент баяғыдай мекемелер жұмысын істеп жатыр, тағы:
Ассалаумаликум Окроно!
Жанабай ұлы сәлем де алмайды. Алуға мұршасы да келмейді. Окрононың шаңырағынан шыққан оқу іздеген балалар у-шу. Жанбай ұлы астық дайындау үшін атқа қонып жатып:
Мына жолдасты орналастыр деп орынбасарына запискі жазды. Ол орынбасар орнын баспай жоғалды. Үшінші орынбасар шықты. Ол орынбасар тағы жоғалды. Төртінші орынбасар болды, ол «ертең» деді. Ертеңіне тағы «ертең» деді. Оның ертеңіне:
Орын жоқ, кете бер! — деді.
Көзім қарайып, округтік партия комитетіне келем. Онда Шираев деген жолдас екен.
Бүгін Окронода кісі жоқ, ертең — деді. Ертеңіне келсем тағы «ертең» деді. Ертеңіне келсем: Шираев, Шостыров дегенге жолдады. Шостыров состиып отырып запискені оқып:
Бізге пропагандист керек. Жуалы мен Арсытың біріне барасың, — деді.
Кішкене, аялдаңыз, жолдас Шостыров, біздің бітіргеніміз Қазақтың университеті. Алты жылдан бері оқу комиссариаты оқытты. Осы күнгі қазақтың 7 жылдық мектептеріне оқытушы табылмай отыр. Ауылдағы саяси сауатты оқытуға өз курстеріңізден шығарып отырған адамдарыңыз бар ғой, мені бала оқытуға жіберіңіз. Бітіріп отырғанымыз биыл, алты жылғы алған білімнің ретімен тым болмаса бір жыл оқытып көрейін. Сол барған мектебімнің төңірегінде де саяси сабақ беруге болады ғой. Мені қаңғыртпаңыз… — деп, зар иледім.
Шостыров қабағын түйіп, состиып кетті де суық сөздерді жостырып жіберді:
Барсаң да барасың. Бармасаң да барасың. Я тебе предлогаю, — деді.