Пұшық мұрынға кетік ыдыс 
 Мақта жұмысындағы зиянкестікке қарсы Мақтаарал совхозындағы жұмысшылардың жиылысында отырмыз. Жұмысшылар, халық жиналған. Әдемі кеш, айдала. Электрдің нұрынан жердегі инені алуға болады. Сахнада – сартылдап сөйлеп жатқан жұмысшылар. Бәріде зиянкестікке кектенген. Бәрі де жұмысқа жігерленген:
  • Құрысын зиянкестік!
  • Ату керек. Адамсыз қалсақ та, соларды атсыншы, қырсығын қоймады ғой.
  • Оларға жауапқа – жоспарымызды үстеп орындаймыз..
  • Оларға жауап ретінде жұмысқа тегіс аттанамыз.
  • Оларға жауап ретінде бес жылдықты төрт жылда орындаймыз…
Осы ретте қаулы алынып болған соң, ойын алдында перде ашылып қалғанда – сахнаға шығып толған балалар көрінеді. Пионер, жай бала – бәрі де совхоздағы мектептікі. Қолдарында бір-бір жалау, бір-бір қаңылтыр қуық, рупор. Біреу шылапшын, біреу потнос, біреу қаңылтыр ұрып музыкалатып аспанның басын қаңғыртып жіберді. Дүрілдетіп барып басылды. Басылған кезде жалпақ мұрын сары бала сөз сөйледі:
  • Жолдастар! Біздер осындағы мектептің балаларымыз. Біз мәдениет әскеріміз. Осындағы мәдениет аттанысының қаулысы бойынша, мынау туымызды жұмысшылар жиыны алдында совхоздағы почта бөліміне таратамыз… – дегенде, балалардың ар жағынан екі ағашпен керген өрелі киіздің үлкендігіндей ту көрінді. Ту электр нұрында жарқырап сала берді. Жазған жазулары айшықталып көз алдымызға келді.
Жан қыпылдап отыра алмадық, соншалық нұрлы, соншалық түрлі тамаша.
Тамашаға қалай батпассың. Өңкей қызғалдақтай қызыл жағалы пионер балалары жұмысшылар жиылысы алдында көсемсіп сөз сөйлеп тұрса, көтерген туының нұры электрмен шағылысып аспанды шарпыса, тудағы салынған сурет, ілінген әлем дәл бүгінгі күннің ұранына құйылысып тұрса…
Ту өзгеден өзгеше – бөлек ту болса; түстелген зат барқыттан әрі жібектен бері күрең қызыл құлпырмалы, нұры ойнамалы болса; туға тағылған асылдар – тақиядай алтындар, асылтастар болса; міне, осындай қымбатты туды жаңағы жас балалар музыкалатып, әндетіп, ардақты почтамызға сыйлаймыз деп тұрса; осыған қалай тыныш отыра аласың.
      Сөзді ана балалар айтып тұр:
  • Жұрт алдында қымбатты туымызды сыйлаймыз почтамыз саған…
  • Социалдық құрылыс дәуіріндегі сенің қаһармандық тасбақа қарқыныңа.
  • Пролетариат төңкерісі кезіндегі сенің қоңыз қимылыңа.
  • Еңбекшілердің ұлы тартысындағы сенің биттеп, құрттап отырған іскерлігіңе.
  • «Кеңес Одағының барлық еңбекшілері бес жылдықты төрт жылда орындаймыз», деп арпалысып жатқандағы сенің қоңыр-қоймалжың тәтті ұйқыңа.
  • Мақтаарал совхозының барлық жаны, жұмысшылары қайтсек жоспарды орындаймыз, қайтсек мақтаны молайтамыз деп жанталасып жатқанда…
  • Сенің ардақты апартундық сылбырлық қылығыңа, былығыңа… Салақтығыңа, олақтығыңа…
  • Қымбатты почта бөлімі, сен бізге қадірлісің. Сенің жұмысың мына дәуірде бізге қымбат. Айында жалғыз хат бермейсің. Айында жалғыз газет бермейсің, жалғыз газет, журналға бізді жазбайсың. Жазылған газетіміздің ақшасын алсаң да, өзін көрсетпейсің, ерте жатып, кеш тұрасың. Той тарағанша біздің таздар таранып болмайды. Есігіңнің ашығынан жабығы көп болады. Қызметшілеріңнің айығынан шалығы көп болады. Берілген жай телеграмдар, найзадай телегерамдар, тығыздар, асығыстар, росталар, газет телеграмдарының сіздің есікке кірген, жатқан ізі болады, шыққан ізі болмайды. Жетілеп, жарты айлап жата береді. Сіз бір жатқан телеграмм хаттардың керуен сарайысыз, қыс қыстау, жаз жайлауысыз. Сіздің осы жұмыстарыңызды біз, мәдениет әскері, аса бағалаймыз. Аса бағалағандықтан, жұрт алдында шығып жариялаймыз. Біздің мәлениет штабының сіздерге ту сыйлауы туралы қаулысымен мына туды мына жиында сізге береміз… — деп, туды почтаға ұсынды.
Тудағы жарық өте түсті. Халық ду күлді: күлмеуге болмайды. Үйткені почтаның ұйқылы-ояу тұрған бастығы таяу тұр екен, қалбалақтап қапелімде туды құшақтай алды…
–Тудың қандай екенін бағана айтқан едік: барқыттан әрі, жібектен бері деп едік, онда ол не болады деп оқушы күпті шығар, ол – «киіз» болады. Не кенеп болады. Не қазанқап, не тұтқыш болады. Бірақ, мына ту олардан емес еді. Бұл ту жыртық жөмеден еді. Даладан кіргендер аяғын сүртіп кіруге мектептің  сыртқы есігі алдында төселген еді. Осы қар бұзылғалы сонда жататын еді…
Туға салынған суреттер почтаның үйі, үйінің «Мақтаарал почтасы» деген вывескасы, хаттары, хат жәшіктері еді. Қуыршақтар еді.
Туға жағылған сырмайлар, батпақтар, лайлар, күйелер еді. Осындай тұлымшақтар еді.
Туға тағылған моншақтар – үлкенді-кішілі алты тасбақа, төрт шарық, он шақты сынық бөтелке… сылдырмақтар еді. Осындай асылдар еді.
  • Осы туды сізге сыйлаймыз, — дегенде, ұйқылы-ояу почта бастығы жалма-жан жармаса кетіп еді. Жұрт осыған күліп еді. Үйткені, ол бастық осы замандағы «өзімнің қарамандық қарқыныма, іскерлігіме шынайы қызыл ту сыйлағалы тұр екен» деп қалып еді. Үйткені, жөкеден істелген тасбақа туы, большевиктік қызыл туының қалқасында қалып тұр еді…
  Қалқада тұрған «қара ту» шығарылып, иесіне беріледі…
  Жұмысшылар тұрып тағы сөйлеп:
  …Ісіңді енді түземесең, саған қарғыс айтамыз, — деді.
  • Әзірге мына балаларға алғыс айтамыз, — десті.