КІМДІ КІМ?
«Социализм жеңер ме екен, бит жеңер ме екен?» — деген еді ол.
Бұл күліп айтылса да күшті айтылған сөз. Мұның шешуіне кейінірек келетін болып, осы жердің өзінде сол бит жайында аз сөйлесе кетуді керек пе дейміз.
Өйткені «бит» дегенмен, «биттей» дегенмен ол-дағы осал жау емес, жаудың бір атасының ұлы. Оның да тарих жүзінде алып келе жатқан орны бар. Қайда кір, қайда лас, мәдениетсіздік болса, биттің түпкі ұясы осында. Ендеше, ұлттың, елдің, адамның қайсысы кір, құлаң, ылат, ыласқа бай, былапыт сүрей болса, бит соған мейман. Соған көрші; түп атасы, тіпті, содан шығады.
Жоқ, бит-еке, енді біздің елді бұрынғыдай жайлай алмайсың! Енді битке жем болатын кісіні біздің даладан іздеме! Біздің елде сізге қарсы, сіздің ұяңызға қарсы үлкен күрес, ұлы аттаныс бар. Саған қарсы оқу оқып жатырмыз, саған қарсы қала салып жатырмыз, саған қарсы колхозға кіріп жатырмыз, саған қарсы монша салып жатырмыз. Әйтеуір сенен құтылмақпыз; сені құртпақпыз. Сенің болашағың жоқ, бошалаң жұрттың бірісің. Сен суға кететін дененің кірісің. Сенен құтылу қиын емес!
Құтыламыз! Тазарамыз!
Бірақ, біздің фельетонымыздың биті бұл емес, мұнан көрі әлдірек, мұнан көрі күресуге қиынырақ, жабайы биттен жаманырақ биттер. Битке Марс қарауынан қарасаңыз – қанішер, паразит. Адамның қойнынан туады, мойнынан буады. Еңкейіп еңбек етпейді. Етке жабысады, қанға қадалады, сөлді сорады. Әсіресе, жалаңашты қанайды. Жарлыны талайды. Міне, біздің айтқалы отырған битіміз – осылар.
Ал, осы биттер кімдер десеңіз, оны еңбекшілер біледі: ауылдағы байлар, ел үстінен күн көріп келген кебеже қарын, кең құрсақ, көк бөртпе жуандар. Жабысқақ қара, қайызғақ қоңырқай қулар. Деревняның сөлін сорған кулактар, мекеменің о жер-бұ жерінде жүрген биттер – бюрократтар, жаман мінезді, жат пейілділер; шаруа кооператив, союз орындарына кіріп кетіп жүрген саудагер, қызыл құлақ қулар. Міне, еңбекшілер білетін биттер – осылар. Еңбекшілердің алысып жатқан биттері – осылар.
Қане, социализм жеңер ме екен, «бит» жеңер ме екен?
Бірақ жалғыз жау «бит» қана емес. Адамның қанына, еңбекшілердің жанына биттен бөтен неше атаңның ұлы жауы бар. Оның бірі – мінезі ойнақы, етек-жеңі жинақы, ырғымалы, шоршымалы, қоңыр күрең, қу тақым біреулері бар. Бұлардың қазақша аты – бүрге болады.
Бұлар меньшевиктерге, эсерлерге, ұлт республикаларындағы бай, молданың таяғы байшыл-ұлтшыл, төңкеріс дұшпандарына да бек ұқсайды. Бұлар зиянкестерге сатылғандар, Кеңес Одағының күре тамырына ауыз салады, сонда паналайды. Күре тамыр дегеніміз: Госплан, Центросоюз, Наркомзем, Наркомторг, транспорт болады. Бұлар қандауырды күреден салмақ болады. Кеңес денесіне қан жібермей буындырғысы келеді. Бұлар Кеңес елін шабатын жауды жан-жақты іздейді. Жұмысшы мен қара шаруаның социализм орнатуға әзірлеген дүниесін қайта талатуға шеттен ит шақырады. Іштен битке демеу береді. Сырттан жиһангер іздейді, жендет шақырады. Іштен наразылықты іздейді. Кеңес елінің бақташысы компартияға:
Ресейдің көне күпісін қағып сілікпе – биті түседі; күнге жайма – өледі. Біздер биттер – социалист; битті социализм жасаймыз, — дейтін оңшылдарды құптайды. Болмаса:
Арқаны қаси-қаси қанын ағыза, тырнай-тырнай қыртысын айналдырып жібер; жұмысшы, қара шаруа арқасы битке де, итке де талауға оңай болсын, — дей-тұғын солшылдардан да есек дәмелі болады.