Жалаңаш жиылыс
 
Шіретте тұрған кісі қандай кең пейілді келеді: арық қойдай тырысып, баз біреумен ұрысып, баз біреумен жұлысып, теріміз тарылып, өзіміз жарылып кеткендей тұрмыз. Сіркеміз су көтермейді. Тек жуықтап кеткен адамға, бақырауық түйедей баж ете қаламыз. Тіршілік түбі тартыс қой, адам өз тесігіне таласады да…
Біздің таласып тұрған тесігіміз тарс бекулі. Билет беретін жирен қыз кіріп-шығады, кіріп-шығады, тесігін ашпайды. Әй, жынымызға тиді-ау!
Расында қыздікі жөн, жүз елу мың жанға арналған сауысқан ұясындай моншаға барлық Алматыны қалай сыйғызсын. Тек қолымызға билет тисе, бірімізді біріміз басып, қырылып қалғалы тұрмыз. Көп тұрдық…
Бір мезетте құдай жарылқады, ақ моншаның қарны жарылды. Жалғыз тесік жылт етіп ашыла кетті. Апыр-топыр көкбөрідей, тесікке таластық. Тәртіп, сыйласым, мәдениеттілік, зиялылық, әдеп дегендеріңіз адыра қалды. Алматыда жұлқыласпасаң ақың кетеді. Боқтаса, итерісе, жұлқыласа тесікке… Тесікке таман… Бұрын еш шәй деспек түгіл, түсін танымаған жай кісілермен өң бұзысып, сөзге келісіп, сіресіп тұрмыз…
Мұндай күрестің көтерілген жерінде, адам баласы, Алматы қаласы тап-тапқа бөлінбей тұра ма? Біреулер – әскер, біреулер – қызыл партизан, біреулер – командировочный көрсетіп, тұс-тұсынан тесікке таласып, күреске көтерілді…
Осылай қырқысып, қызыл кеңірдек болып жатқанымызда, ат жақты, ашаң сары кимелей кетті:
  • Тәртіп сақтаңыз! — деп, оған бажырайыстық.
  • Тәртібіңіз қайда? Мені жіберіңіз?
  • Жоқ, жібермейміз! Кезегіңізбен аласыз.
  • Мен кезе-мезекті білмеймін ғой!
  • Оғұрлы сіз кім едіңіз?
  • Горсоветтің мүшесімін.
  • Горсовет болсаң қайтелік? Қайта сен тәртіп сақта. Сен тұрғай Сарумов жолдастың өзі келсе де біз осыны айтар едік. Әуелі ел жуынсын, сендер кейін шомыл! — дер едік. Бір ай бұрын алып қойған броның қайда? — дер едік…
Ондай сөзді қыстырған ол жоқ. Омыраулап тесікке ұмтылды.
  • Жіберме, жіберме! — деп айқайластық.
Кассаның жирен қызы дабыс берді:
  • Шуламаңдар! Бес-ақ кісі жіберем!..
  • Маған бестен артық керек емес! — деді әлгі кимелеп кірген.
  • Документіңіз?
  • Пожалуйста! — деп, Горсоветтің мүшелік билетін бере қойып еді, қыз сөзсіз билет кесуге кірісті.
Құдіреттен күшті документ шыққан соң, бағанағы жібермейміз деп тұрғандардың салы суға кетіп, салбырап тұрысып қалысты. Бес билетті алып, мүше қайқайды. Тесік тағы бітеліп қалды.
Тұра-тұра  жарты еңбек күнді жіберіп билет алдық-ау!
Моншаға кірген соң, шешінуге шіретке тұрдым. Шешінген соң, киімді беруге шіретке тұрдым. Бұл шірет жалаңаштардың шіреті. Аяқ асты шылқылдаған  су, бөлме азынаған суық. Ал, киім алатын кісі кердең-кердең басады, анекдот айтады, бірақ құшақтап тұрған киіміңді алмайды. Онікі жөн, алғанда қай тесігіне тықсын?
Киімді беріп келіп, жуынуға кірген соң тағы шірет. Күзелген түйедей өңшең жалаңаш кісінің керуені тізіліп тұрмыз. Алматының шіретіне әбден төселіп қалғамын. Қай жерде болсам да, адамнан іркес-тіркес екі-үш кісі көрінсе, артына тұра қалам да:
  • Соңғы адам сіз бе? Мен сіздің артыңыздамын! — дей кетем.
    Алдымдағы кісіні анықтап алғаннан кейін барып, шіреттің неге екендігін білу үшін:
  • Не беріп жатыр екен? — деймін. Сол әдетім бойынша, бір жалаңаштың артына бара қалдым да:
  • Не береді екен? — дедім.
  • Шылапшынға тұрмыз!..
  • Ұқтым, рақмет! — дедім.
Моншадағы шіреттің түрі жалаңаштық, мазмұны бұқарашылдық
болатын көрінеді. Жұрттың бәрі тыр жалаңаш. Тықыр қара, ашаң, ақ құба, көк бурыл шаш; бота тірсек, бос мойын, тақыр төбе, шоқша сақал, шойтық ақсақ, салпы қарын, ақшаптар қисық сары, жүнді қаралардың бәрі де жабырласып шылапшын алғалы тұр. Моншаға кіргеннен соңғы бір жетіскендігіміз – шіреттегі тап-тапқа бөлінуді жойдық. Тысқы жақтағы тап-тапқа бөліп тұрған киіміміз, документіміздің бәрін «сдавать» еткен соң әскер, қызыл партизан, командировочный, жай граждан арасында айырма қалмай, тапсыз қоғам құрып шіретте тұрмыз. Тек мұндағы айырма – шылапшындар барлар мен жоқтардың арасында ғана. Шылапшын алғандар шалпылдатып жуынып жатыр; олардың қолынан қашан аларсың!
Шіретім келген соң шылапшын алып, шүмекке келгенімде, тынысы құрып кеткен кісідей Горсовет моншасының сар шүмегі ақпай қалды.
  • Су жоқ!
  • Жылы су жоқ! — деген қайғылы хабарды жуынғандар,
    жуынбақшылар бір-біріне құлақтандырды. Бұл уақиға барлық жалаңаш бұқараның басына түгел түскен селебе сияқтанды. Бұрқыраған бу да жоқ, шалпылдаған су да жоқ, адамдар салбырап, монша салқындап сала берді.
Не қылмақ керек? Шүмектен жылы су күту, көктен жаңбыр күткенмен бірдей. Тамады, тамбайды тағдырдың еркінде. Бірақ, «тамар-ау» деген үміт көп…
Халық көп тосты. Шұрылға құлақ тігіп, шүмекке табынып көңілсіз бола бастады. Адам пайғамбардың Алматыдағы балалары, атасының әуелгі қалыбына түсіп, Кербаланың шөлінде  шөлдеп отыр. Баяғы пайғамбар заманындағы Құлдыстың  сахарасында қырық күн қамалып, көктен тамшы тосқан жебірей қауымындай, жалаңаштар шулап монша Мұсасын күткен сияқты.
Бұл қауымда кімдер жоқ? Ақша бөлімінің инспекторы, горкомның инструкторы, колхоздың месткомы, ҚазМУ-дың профессоры, Наркомземнің кадр секторы, автодордың бухгалтері, баспахананың жұмысшылары, ҚазПИ-дің оқушылары, толчоктің алыпсатары, «Жаңа сәуле» колхозының мүшелері, қысқасы – қырық мекеме, қырық ру халықтың тоқайласқан жері – осы монша.
Осы халықтың монша шөлінде істеген қылықтарын айтуға өзім ұяламын. Егер менен басқа аузы жеңіл біреу болса, іші пысқан жалаңаштардың шылапшыннан «шумбани» деген оркестр ұйымдастырып, даңғырлатқанын, оған бірнеше жалаңаштың билеп те жібергенін айтып қойған болар еді. Мен нағылайын ондай ұсақ-түйекті айтып, тек әлеуметке пайдалы жұмыс жағы болмаса…
Мұндай жиын жерді пайдаланып қалатын әлеуметшіл, үгітшіл Кузьма белсенділер де ішімізде екен:
  • Тастаңдар «шумбанины!» Кәдімгідей тәртіпке келелік. Жиылыс жасалық. Бірер іскер баяндама істесін, — деген ұсыныс көтерді.
  • Мақұл, мақұл! Кәні, баяндамашы кім?
  • Қайда бағанағы горсоветтің мүшесі!
  • Қайда бағанағы бес билет алған мүше!
  • Шығыңыз ортаға, баяндамаға…
Жұрт жым. Біріне бірі қарайды. Мен мұндалап шықан мүше жоқ. Өңшең жалаңаштың ішінен горсоветтің мүшесін танып алу оңай болып па? Жұрт мүшені сұрастырып, тасқаяқтай қағысты.
  • Қайда кетті дейсің? Осы жалаңаштың біреуі шығар?
  • Қандай еді өзі?
  • Мысық жағалы қара пальтосы, портфелі бар еді.
  • Немене, адамды ақымақ қыласың! Пальтосын киіп, портфелін алып моншада жынды адам жүре ме?
  • Пальтосы мен портфелін сдаваттап тұрған шығар…
  • Осынау тұрған сол емес пе?
  • Осы болуға кәдік. Жолдас, сіз горсоветке мүшесіз ғой?
  • Жоқ.
  • Сіз сықылды еді. Болсаңыз жасырмай айтыңыз! Тұрқыңыз келеді, мұрныңыз ұқсайды…
  • Құдай ақы, мен емеспін.
  • Қайда істейсің?
  • Толчоктегі парикмахермын.
  • Документіңіз?
  • Документім киімімде қалды.
  • Ой, Кузьма, сен не деген чудаксың, киімін сдаваттап алған қаңылтыр нөмерін қайда қоярға білмей, біресе құлағына, біресе кіндігіне қыстырып тұрған жалаңаш адам саған документ көрсете ала ма? Қой әрі! — дестік.
Сүйтіп тұрғанда, біреуге біреу сыбырлап:
  • Горсовет мүшесі мына жақта тұр! — десті.
Өне бойын сабындап тастаған біреуге келіп Кузьмалар шұқшиды:
  • Бағанадан неге үндемейсіз? Әйде, баяндамаға шық!
  • Не туралы істейін?
  • Сайлауға дайындық туралы. Ұйымдаспаған халықтың бірден-бір жиылатын жері – монша. Осында жиылыс өткізу сіздердің жоспарыңызда жоқ па?
  • Жоқ, сайлауды қойсын. Қала жайынан сөйлесін!
«Соны айт!», «Соны сөйле!» деп, шулап кетті қауым.
Сабынға сірескен мүше жұмған аузын аша алмады. Қала жайынан сөйлейтін болды.
Жиылыс, кәдімгі жарық дүниедегі жиылыстан кем болған жоқ. Алқа-қотан отырып, басалқа, бастық, хатшы сайланып, киімді кісілердей-ақ кеңеске кірістік.
Горсоветтің мүшесі ортада тұрып ұзақ баяндама жасады. Көзі сабыннан көрінбейді. Оның айтуынша: қала күзелмекші. Талай үйлер салыныпты. Қазір ағаш тігіліп жатыр екен. Трамвай жүргіземіз бе деген жоспар да бар. Автобус саны арттырылмақшы. Қалаға монша салу мәселесі де жоспарланбақшы дегенде, жалаңаш жиылыс қошемет қылғандықтан бірін-бірі шапалақтап, «залды» жаңғырықтырды.
Сөз таусылып, сұрауға рұқсат болған соң, салғаннан:
  • Салынатын моншада су болар ма екен? — дегенді сұрады.
  • Сусыз монша болушы ма еді? — деп, баяндамашы оны кекеп тастады.
  • Сұраулардан кейін көз ашылған соң, жалаңаш қауымның белсенділері желпінішке шықты…
Не чин, не орын, не үстел, не мекеме жоқ, жанның бәрі бірдей, жұрттың бәрі жалаңаш, терезесі тең – шынайы бұқарашылдық сонда болады екен… Армансыз айтысып, өзара сынды ең жоғары скамейкаға шейін көтердік.
Бірінші баяндама бітіп, енді екінші мәселеге көше бергенде, шүмектен сыр етіп су ағып қоя берді. Жалаңаш қауым жыбырлай шүмектің шіретіне тұрғанда жиылыс жабылмай қала берді.
Су бірде бар, бірде жоқ болып, моншаның қуығы тұтылып болмады. Анда-санда бір тамады. Кейде сар еткізіп тоқтатады. Жұрт жөнді жуына «алмады». Осында түнеп, ертеңгі суды күтсек қайтеді? — дегендедер де болды. Өзім апыл-құпыл қамданып, шала-шарпы жуынып, ауыз үйге шықсам, жалаңаштың қақ жартысы киім алуға шіретке қалған екен. Келіп шешініп тұрған шірет өз алдына. Мен киімге жеткеше, жансыз жарық жалп етіп сөне кетті.
Су қараңғы, суық үй. Қызыл асықтан су кешіп жалаңаш адам қараңғыда қалды. Тек, жолдастар, ондай хал бастарыңа келмей-ақ қойсын! Дауыстар ғана естіледі:
  • Біржола сөнді ме екен?
  • Жоқ, қалжың ғой. Анда-санда үстіп Алматы стансасы көзін қысып ойнайды.
  • Ойыны құрысын, жағдайсыз жерде тұрғанда жайсыз тиді ғой.
  • Тұра бер, асығып не бар. Жанар.
  • Тұра бер деп, нағып шыдамды болып тұрсың? Сен әлгі баяндама жасаған горсоветтің мүшесі емессің бе?
  • Болғанда қайтесің? Тағы жиылыс шақырмақпысың?
  • Жай сұрағанға шабыңа шоқ түскені қалай?
  • Кейіп тұрған жанымды кейіте берме! Күңгірлеп барасың, кеңірдектен қойып жіберермін!
  • Ой, граждандар, сендерге не болған? Ендігі алданыш төбелесте қалғандай, бұл неғылғандарың?
Сонымен ереуілді басқандай болдық. Тас қараңғы. Су кешіп, сүмірейіп тұрған жалаңаштардың тісі сақылдап, тоңа бастады. Не киім жоқ, не жарық жоқ. Судың құруынан жарықтың жоғы қиын болды. Көңіл көтерерлік жағдай жасалмай, жалпақ қараңғылық басып тұр. Тек кейбір барлық жағдайда жанаса білетін Кузьма сияқты жігерлі, епті адамдардың тырысып ән салғанына сан шапалақтап суық қып тұрдық…
Талдырып барып жарық жанды. Қуаныш сияр қойын бізде жоқ; ураладық.
Моншадан шыққанда тосқан халық қойдай шулап, қозыдай маңырасты. Біреудің қатыны, біреудің шешесі, біреудің жолдасы, біреудің баласы, біреудің көршісі іздеп келіпті.
  • Бармысың?
  • Біреу өлтіріп кетті ме деп…
  • Горвет жақта екі кісіні өлтіріп кетіпті…
  • Иіс тиіп жығылып қалды ма екен деп…
  • Су ақпай, от жанбай көрдік-ау көргілікті! — деген сияқты дауыстармен дабырласып түн ортасында кең дүниеге шықтық.
Көше тағы қараңғы. Жер тайғанақ. Қай жерімнен ұрар екен деп, терек көрген сайын қорқа-қорқа арықтан аулақтап, үйлерден ұстанып келе жатсам, біреудің есігіне келіп қалған екемін… Бір әйел ашып жіберіп, бір горшокті басымнан асыра сілтеп қалды… Жаным шығып кетті. Жасқана бердім. Құдай қазадан қақты. Еңкейе бергенімде, анау түнгі шөлмектің сұйық заты моншаға түскендей қылар еді…
Көшеден қорқа, арыққа жығыла екі квартал адасып, моншада тазаланған басым, көшеде былғанып таңға жақын үйіме келдім.
  • Үсті-басың бәрі былғаныш екен, тағы моншаға баруың керек, — деді әйелім.
Жаным күйіп кетті. Бүгінде әйелге қарсы айтуға шама жоқ, тек:
  • Моншаға барып жүруге уақытым жоқ! — дей салдым. Ескі заманда болса керек, «Есек» атты бір адам қатын алыпты. Қатынымен жақсы тұрмыс құрып, бірнеше уақыт өмір өткізіпті. Бір күні қатыны:
  • Осы сенің атың маған ұнамайды. Жаман атыңды тастап, өзіңе жаңадан жақсы ат қойып алшы, менің тілегім сол! — депті.
  • Жарар! – деп, байы сөз беріпті. Күндерде бір күн байы:
  • Қатын, мен атымды өзгерттім! — деді.
  • Жақсы болды, жаңа атыңды кім қойдың?
  • «Қашыр» қойдық.
Қатыны біраз ойланып отырып:
  • Жарайды: бұрынғы атың сыпайы еді, мына атың әлдеқайда сыпайы екен. Бірақ, қайткенде де айуандар қорасынан шыға алмаған екенсің! — деген екен.
Алматының не оты жанбайды, қала мәңгі қараңғы. Не су ақпайды. Моншасына былғану үшін кіресің. Көшесінде балшыққа жүзесің. Бұл не деген мәдениетті қала? Алматы астана болғалы алты жыл өтті. Әлі бір совхоз құрлы құнары жоқ. «Есектің» қатыны айтқандай, қанша ойбайласақ та, Алматының айуандар қорасынан шыға алмай-ақ қойдық.
 
1935 жыл.