ГАЗЕТ ЕМЕС, КОНЦЕРТ
Жаз болса-ақ кімнің… кұрт кірмейді: отпускі, жайлау, курорт, Қырым, Кавказ… Уәйдәй, мекеме ұйқы-тұйқы болады. Алғашқы «зав» кетеді. Зав кетсе «ұзап» кетеді. «Зам» қалады. Аздан соң «зам» кетеді. Зам кетсе сонан арман кетеді. Хатшы қалады. Іле-шала хатшы кетеді. Делопроизводитель қалады. Делопроизводитель кетсе машинистканы ала кетеді. Сторожны қалады. Сүйтіп жазғы мекеменің жәйі осылай болады.
Газеттер де осылай: шүу дегенде редактор «сам» кетеді, «зам» қалады. «Зам» кетеді, врид қалады. Жұмасында неше жаңа врид-тер келеді. Врид-тердің ішінде не көңілді, не ақын, не сауыққойлар келеді. Осылармен бірге газетке жаңа түрлер келеді. Врид өлеңші болса, газет те өлеңші болады.
Ал жазда желқолтық жұрттың бір сүбелісі артис халқы. Бұлар да тауға жиылған ешкідей өрген жұрт. Онан кіреді, мұнан шығады. Бірақ, бұлар көп шаршамайды, көп ауырмайды. Курорт іздемейді, қостап алысты (провинцияны) аралайды. Сауық қояды. Артиске біткен бұл мінез біздің де артистерден табылмайды емес. Әнші Әміренің Алматыдан жоғалғанынан бері біз алты айға бата қылдық.
Сондай қостап шыққан ойыншылардың бір дырау труппасы жақында Қостанайдың, кәдімгі өзіміздің мына Қостанайдың үстінен түсті. Труппа составындағылар анау-мынау көне етікті емес, көк етіктілер. Ығай мен сығай. Батыс, Шығыстың, Лондон, Париж, Нью-Йорк, Петербор, Мәскеу, Аспаһан, Қазан сияқты маңдай қалаларында қашаннан сауық қойғандар, даңқ алғандар. Бірінің олқысы жоқ. Сан мүйіздер. Бұл Қостанай шешейге үлкен олжа ғой. Қостанай қуанып қалды. Труппаның келгендігін күнбе-күн жариялап отыруды Округтік партия комитеті «Ауыл» газетіне жүктеді. Даже «Ауыл» газетіне труппа Пролетариат жолдастың қолына берді.
«…Августың 15-і бейсенбі күні Грандиозный-Интернационалды концерт беріледі» — деп «Ауыл» газеті жар таратты.
Қостанай мырқымбайлары қандай сауыққой, әшейінде:
– Нәсіру, нәсіру жан-ай,
Жаны да құрбан-ай… — деп ыңылдап жүретін мырқымбайлар қалаға ағылады. Тайлы-таяғымен, қатын-қалашымен театрға келісті. Орын алысты. Алматының халқынша шуламады, дабырламады. Біреуін біреуі итермеді, шылым тартпады, насыбай атпады, шемішке шақпады. Мырқымбайлардың ойынды күтіп екі көзі сахнаға қадалды да қалды.
Сағат 8-ге деп шақырған халықтың сарсуын шығарып сағат онды соқтырды. Халық тегіс қойдай жусап ұйықтады-ау дегенде шам көзін үш жырқ еткізді. Қалбыр қоңырау салдыратты. Қалғыған халықты сүйтіп сергітті. (Кәдімгі біздің мемлекеттік театр).
Алдымен труппаның бастығы аты жақсы Пролетариат деген (шешесі байғұс атын мұндай тауып қояр ма?) «Ақын-артист» шықты. Шықты да сөйледі:
– Ардақты мырқымбайлар, Қостанай шаруалары! Сонымен нетіп алдыңызға келіп отырмыз. Сендердің тілектеріңді айтпай білеміз. Шаруалар, сендердің бүгінгі тілектеріңнің үлкені – көңіл көтеру, күй тыңдау, өлең үйрену. Өткен данышпандардан сөз есту. Біз сіздердің бұл тілектеріңізді орындау үшін бүгін үлкен Интернационал сауығын жасамақпыз. Жайымыз солай болған соң, тез мақсатты іске кірісуіміз керек…
Халық қалың шапалақтың астында қалды. Қопаңдаған мырқымбайлар екі қолын ербендетіп, біріне-бірі ұрып алды.
– Тс-с-с. Тәртіп…
Алдыңғы кезек өзімдікі, – деді Труппа бастығы Пролетариат. Мырқымбайлар жым болды. Пролетариат:
Күресем оңыңмен де,
Солыңмен де,
Жұмақты жаратамын
Қолымменен.
Күштімін алыбынды,
Алып ұрам,
Кемелге келіп осы –
Толу деген.
деп сахнаны теуіп қалғанда тыңдап отырғандар селк ете түсті. Мойындарын ішіне алысты. Ақырын ғана:
Не деп тұр? — десті.
Бәсе, не деп тұр? — десті.
Бізді сабамаса жарар еді? — десті.
Бұдан кейін сақалы желкілдеп, жаурыны күржиіп, орыстың атақты артисы Толстой шықты. Шықты да:
Керек нәрсе өлмеу
Үшін ішіп жеу.
Керек емес ішіп
Жеу үшін өлмеу –
деді. Отырған мырқымбайлар:
Осы шал не деп тұр? — десті.
Бәсе, не деп тұр? — десті.
Онан кейін басы тақияшаң атақты Қазан артисі Тоқай шықты. Шықты да:
Сөз айтудан қашамыз,
Ақылы көп жарлыға
Күлдей сөздер шашамыз,
Ақшалы ақымақ малдыға, –
деді де жоғалды.
Мырқымбайлар:
Әлгі татар не айтып кетті? — десті.
Бәсе, не айтып кетті? — десті.
Одан кейін басында жалбыр жағалы плащын иығына жебегей жамылған шелек қалпақты орыстың тағы бір ақын артисі Пушкин шықты. Шықты да:
Бұл дүниеде табиғи,
Дұшпансыз кісі болмайт жай…
Ол солай ғой, бірақ, ей,
Достардан сақта ай құдай… –
Қостанай шаруалары да:
Бұған да түсінбедік қой, ай… — деді.
Пушкин әрі кіріп кетті. Европаның атақты ақ жаға артисі Шиллер шықты. Шықты да:
Біліміңді сал ортаға,
Шынымен сүйсең мені сен.
Білімің қанша болса да
Болайын ортақ сенімен
«Жанымды да мен саған
«Берейін» дейсің «бер»
Десең.
Не керек жаның құр маған,
Жаныңды сенің мен нетем?
Қостанай мырқымбайлары тағы аң-таң.
Сынарын да, тыңдарын да білмейді. Тек көздері жапаң-жапаң етті.
Сен түсіндің бе?
Жоқ, — деді.
Бір мезгілде басында шалма, үстінде ала шапан, қолында тәспі, шар кітап, бір қолында бір құмған арақ, қызылбастың сопысы Сағди шайқы шықты. Шықты да:
Қай уақытта ащы суға жануарлар
Келгенін су ішкелі көрген кім бар?
Сусынды қандыратын тәтті суға,
Көресің жиналғанын барлық жандар, –
деді.
Қостанай мырқымбайлары құнжың қағып:
Әй, сопы, иманың күйсін! — деді.
Арағыңды басына құй! — деді.
Халық ду түрегелді. Сағди салбырап сахнада қалды.
Енді ойын басқарушы Пролетариат қайта шықты да:
Оңай ма ол есікті қайта жабу,
Балғамды сындыратын құрал табу.
Қап-қара жүректерді қақ-пақ жарып,
Ешкімге жеңіл емес одан тану –
деді. Артист мұны айтқанда залда жалғыз жан қалмаған еді.
Пролетариат жайдақ залға сөйлей берді.
Ардақты Қостанай шаруалары, соныменен біздің сіздерге берген интернационал концертіміз бітті: есітпеген ел болса, ертең газетке басылып шығады.