МЕН ҚАЛАЙ ҮЙЛЕНДІМ
(Тұйық әңгіме)
…Сүйтіп жүргенде «Кейкіде бір жақсы бала тұр» дегенді құлағым шалды. Егжей-тегжейін сұрастырсам: ұзатылғалы отырған қыз екен. Ескі болыстық партияның кесірінен жастайынан атастырған, бұ күнде күйеуі 12 де, өзі  18 де екен.  Күйеуі  ақсақ болған соң, қызменсінбей жүреді екен. Қыздың қайын атасы да өліп қалып, енді Кейкі ақсақал, жесір қатын малын жегізбеді деп, қызын бермеймін дейді екен. Оқыған азаматтардың әрқайсысы-ақ барып көріп, хат жазса да, қыздан жауап ала алмапты. Тегі қыз әкесінің ажарына қарайтын болса керек.
Сонда да маңдайымды бір сынайын деп, екі жолдас ертіп, елеусіз барып қайтқалы, атқа қондым.
Мінгенім: қаз мойын құлаторы, аяңдағанда, тізгінді іркіп тастап отырады. Кигенім: бұйра жағалы қара пәлте, пайымен тыстаған қара елтірі тымақ, күрең барқытпен көмкерген, сұлу қима тақия, ішкі киімім: көк сұр тройка. Мұрнымның құлай берісіне таяу болар-болмас кезеті бар. Бар қаупым сол. Одан өзге жерімнен, құдай біледі-ау, тинамдай мін таба алмайды. Қандай аузы бұлбұл, аяғы дүлдүл қыз болса да, татимын деген сенімім  күшті. Ағаң әлі сондай жігіт!
Әнтек тісім қопалдау. Әйтпесе ана… Әшір жолдасым өзіме серік, епті.
Әшір ол елмен ашына: құдандалы ғой «қыздан тілді кім арқылы аламыз?»–дегенде Әшір:                            
«Бер жағында қыздың нағашыларында Шәріпбек деген  пысық жігіт бар.  Соны  ерте барамыз» – деген.
Арада атты. бір шалдырып алып, желе жортумен намаздігер шенінде нағашыларына жеттік. Шәріпбек үйден табылды. Оны да ырым көрдік. Шәріпбекті ертіп алып, адырдың ішімен төтелей, салдық.
Қарсы алдымыздан қоңыр салқын жел есіп, аспанға ала шабыр сұрғыл бұлт көшіп, ойпаңның солған соны көдесін сүрлеудей жапырып тымақтың кұлақтарын желпілдетіп, айдап келеміз.
–Мына төбенің астында дегенде, атты тежеп, солығын бастырып, апақ-сапақта қыздікіне аударыла түсе қалдық.
Қора маңы қара малмен, кереге уық пен пішеншінің түйелі арбасымен қоқып жатыр. Кейкі ақсақал үйде жоқ екен. Бәйбішесі «түссін» депті.
Асты-үсті тақтайлы екі белмелі үйдің жоғарғысына кіріп, саптамаларымызды тастап, байпаңдап барып, төрдегі көрпеге отырдық. Бұрыштағы қарқара пештің кәрнесінде жетілік лампы жанып тұр.
Екі қызды жоғары жағына ала отырған, бетінен майы шыққан күпідей күрең бәйбішемен сыпайы амандастық. Ажарлы кісі екен. Одан туған қыз не ғып жаман болсын.
 
– Есенсіздер ме? – деп, екі қызға да көз қырымен  ерін қозғадық.
Бергі қаздиған қағаздай қыздың келбеті «жаман көзіме» жағып кетті.
Ондап қарауға, бәйбішеден именіп, қарамауға көңіл шіркін шыдамай, сыртыма сыр бермейін десем де, ішім қобалжып барады.
Қыстауға қашан қонғанын, ақсақалдың қайда кеткенін, шаруаның жайын сұрап, Әшір жолдасым бәйбішемен тасымал сөзге кірісе бастады.
Қарапайым, жасық жігіттерше құтымды өшірмейін деп, пәлтемнің түймелерін ағытып, тымағымның қыз жақ құлағын жымырып, бір аяғымды көсіліп, жайланып отырған болдым. Кесілсем де, мәсісін көрсеткені ме? деп ойлап қала ма деп, тағы қыпылдадым. Әйтседе аяқты жимадым. Шылымымды тартып жіберейін деп, бір оқтанып, қолымды қалтама таман апарсам да мұным тым жеңілдік, ерсілік боп, бәйбіше сөгіп тастар деп, қайта қойдым.
Тілеуің бергір, бәйбіше, бітеге не десін үйде еркек жоғын айтып, қынжылған болып, шаруасының жайына рұқсат сұрап, шығып кетті. Ұстаудан босағандай бойым бір жадырап қалды.
Жолдасымның бетіне күлімдей бір қарап, шылымды суырдым. О да бірді алды. «Шылым тартуға болатын шығар» деп сұрағалы, қыздарға мойынымды бұруым-ақ мұң екен, аузымдағы сөзімді Әшір айтып салды.
– Неге болмасын? – деп, бергі қыз салқын айта салса да, біз тұтатып жатқанда, ана қызға еңкейіп, бірдеңе   сыбыр   еткендей   болды.
Оны байқамағансып, қою түтінді бір лықытып қалып, ендігі сорымын өкпені аралатып, ернімнің ортасынан ине көзіндей тесік жасап алып, сол тесіктен создықтатып шығара бастадым.
Бәйбішемен сөйлескені секілді, жолдасым қыздармен де елеусіз сұраудан бастап, қысқа-қысқа жауап алып, бірте-бірте сөйлесуге айналып барады. Салғаннан күйеу жігітімсіп топастық керсетпейін деп, анда-санда шағымды жерінде мен де ептеп кірісіп қоямын. Бойы үйрене келе, бергі қыз да бізге сұрау бере бастады. Әуелі: «Сен қайдан жүрсің?» – деп нағашысына (Шәріпбекке) тіл қатып, екі сөз аралатып: «Бұ кісі елге қашан келіп еді?..» – деген сияқты маған да жағалады. Менің жайымды сұрағаны жаныма жағып барады.
…Көп сөйлеп не керек… Бір айдан кейін әлгі қағаздай қызды алып қаштым: қарау әкесі қалың малсыз бермейтін: болды.
…Сонша жерден қыз алып қашып, таң ата келген кісі шаңқай түсте шай ішіп отырғанда, 40 шақты кісі – куғыншы сау ете түсті.
Беті қатты… қолдарында сойыл. Қырып-жойып, қызын тартып әкетуінде сөз жоқ. Төңіректе еліміз аз. Тергеуші,   милиция  50–60  шақырымда.
Ауылдағы жалғыз сөз білетін, жен білетін Жаңқай отағасы, қызды үйге алып келген себебім: ел үзімнен айыптайтын: үлкен қаладағы кеңес қызметкерімін. Қуғыншы бүгін келіп қалады деген ойымда да жоқ; қалаға ертең тартпақпын…
Қысылсам да, не керек, жұмыс оңға басты: қуғыншыларды жанымен әлек қып, қызды қалыңсыз алдым…
Қалай қып десеңіз былай:
Бұл әңгімені әдейі тұйық қалдырып отырмыз. Талапкерлер осы әңгіменің тұйық қалған жерін ойлап, тауып, аяқтау керек. Әркім әр түрлі жорып, шешер. Солардың бәрі де салыстырылып, қай тұрмысқа жарасымды, шынға келетіні көрсетілмек, басылмақ. Ең ақырында әңгіме иесінің шешуі басылады.
Жалғыз-ақ шарт: бұл әңгіменің аяғы осы басылғанынан көп болжау жағы есте болсын.
1929