КҮҢ ӨЛІМІ
I
Алқа егде тартқан кісі. Өңі сіріңке қара. Мінез ағынында ерекше қуаныш минуты болмаса, қабағын ашып, ыржиып күлген емес. Бөтен қатындардай не болса соны сөйлеп, өсек-аяңға үйір болмай, тиісті кезекте ғана сөйлейтін. Егер бір сөйлесе, тізбегін әдемілеп, ұзақ-ұзақ сөйлеп кетуші еді. Сөзінің көбі өз басының мұңы болатын. Мұның атының Алқа екенін біздей үйі аралас кісі білмесе, сырт ел «Сандыбайдың күңі» дейтін.
Алқа өзінің байы Қырықбайдан 35 жасында жесір қалып, бір жасында Қасені, үш жасында Маржаны жетім қалған.
Алқаның байы Қырықбай, Сандыбаймен шығысып келе жатқан қара табан құлы еді. Алқа күңі еді. Сандыбайдың қорасын сағалап жұмыс қылып, малын бағып, отын жағып, күнелтіп келе жатқан. Бұлардың еңбек-бейнеті жалғыз-ақ ішкен тамақ, ескі-құсқы киім ғана болып, бөлек үйлері де жоқ. Жаз болса, қораның төрі, көгеннің басы, қыс болса шошала, қора сияқты орындармен тіршілік қылып келіп еді. Сүйтіп бұлар екі баланың ата-анасы болғанда, 50 де Қырықбай дүние салған еді.
II
Алқаның мойнына артылған жауапты жұмыс: от жағу, тамақ пісіру, отын тасу, мал суару сияқтылар болса да, күзем, тары қаралау, көш басын жетелеу сияқты төтенше жұмыстары да болатын. Алқа Сандыбайдың ауылы күзгі күзекке қонса, қора күзететін. Балаларын от басына орап салып, күзгі ұзақ сары таңда, қара қиды қалап қойып, түйенің жабуын, қошқардың күйегін, қойшылардың шарығын сырып отырушы еді. Міне бұл уақытта Алқа апайдың қасында отырып, әңгіме айт деп жалынғанда, ұзақ-ұзақ аузымыздың суын құртып, әдемілеп тәтті-тәтті әңгімелерін сөйлеп беретін еді.
Сандыбайдың ауылы күзектен көшіп, қыстауға қонса, қора күзету парызы Алқаның мойнынан ажырайтын еді. Сандыбайдың екі-үш қатыны бөлек-бөлек таза, жылы тамдарға кіргенде, Алқа да соғым етін жаятын шошалаға өзінің қамыс төсегін, қара қи жастықтарын әкеліп салып қоятын еді.
Алқа Сандыбайдың аспазшысы болғандықтан күнұзын көрмеген балаларын жатарда бір-ақ көретін. Оларды шошалаға от жағып, ыстық ішкізіп жатқызатын… Өзі азырақ жүн түтіп, жіп иіріп жайырақ жатушы еді. Сандыбайдың дабырынан құтылып, Алқа апай меншікті шошаласына келгенде, Қасені мен Маржаны көрген қорлық-зорлықтарын Алқаға арыз қылушы еді. Алқа да балалардың көңілін жұбатып, ақырын дауыспен сыбырлаңқырап: – тыныш жүріңдер, баласына тимеңдер, жылатпай жүріңдер,– деп, үгіттеуші еді. Қай бір түндерде сөзден сөз шығып, Қасен Сандыбайдың Нұрышы жылатқанын, асығын бермегендігін шаққанда, Маржан да Сандыбайдың тоқалының: «Баланың жаялығын жөндеп шаймадың» – деп, шапалақтағанын, «көзіңді жоғалтамын» – дегенін баяндаушы еді…
III
Айлар өтті. Жылдар өтті. Дүние дөңгелегі тоқтаусыз өзінің зырлауында. Жас өсіп, жарлы байып, кедей бай болып, бай кедей болып, тұрмыс жаңадан жаңаға айналып кетті. Николайдың неше сайлауында би болып келген Сандыбай да енді «шен құмарлықты» тастап, үлкен, жұрт аузына қарайтын ақсақал болды, балалары ер жетті…
Ауыл арасының сөзінен қалмайтын Сандыбайдың Жоңқабайы да әкесінің жолына түсіп келе жатыр. Солай-солай заман жаңаланды. Күні біткен кісілерді жерге тығып та жатыр. Бұл уақытта Алқаның Қасені де қозы бағып, одан әрі ер жетіп қойшы болып, осы жылдан бері жылқышы болып, бие сауып, ат ерттеп«дөкей табан» жалшы болып еді. Алқаны айтсақ, өзінің тиісті жұмыстарында. Алқаның Маржаны «қалың мал қалады» деген лақапқа күйіп, астыртын жеті түйе, бір аттың малына 13 жасында, Сандыбайдың кіші тоқалының төркінінің жақыны, Жапар тазға Жоңқабайдың ұйғарғанымен ұзатылып кеткен еді. Алқа алған қалың малдан маңдайы терлеп, ішіп-жемесе де, Сандыбайдың жалпы малының есебіне қоса салынып, қонақ-қопсы, құда, құдағиларға ұсталып, азайып, кұрып кете барған еді.
Алқа өзінің Маржанын сағынып, барғысы келсе де, Маржанның кеткен жағын, барған елін айрықша білмейтін де. Анда-санда көзінің жасын сорғалатып, от басында ғана сағынып жылайтын. Содан бері Маржанын көрген жоқ…
IV
Енді бұл жыл, жаз, қой қоздап болып, ел іркітін пісіп жатқан уақ…
«Әскерге жігіт алады» дегенде, Сандыбайдың ауылына түскен кісіге Жоңқабай, жылқышы Қасенді кіргізіп қойған. Қасеннің жасы азырақ кемірек болса да, Жоңқабайдың нұсқауымен жазушының қаламы бір түртіп, жасын жеткізіп кеткен… Сандыбай да, Жоңқабай да Алқа мен Қасенді алдап-сулап, бар жақсылықты орнатып «бір айда қайтып келесің» – деп, жыпылдап, «көнбесең де жазылдың, оны өшірмейді» – деп, қорқытып, ертерек жөнелтіп, қалаға жеткізіп салған.
Бірақ ауылдан Қасен кеткенде, Алқа Қасенмен көрісіп күңіреніп айтқан зарын естіген ел ұмытпайтын болғанды. Алқа апай Қасендердің қарасы үзілгенше арттарынан қарап тұрып, қара жерді құшақтап «мен енді айрылдым» – деп жылаған.
Міне, содан бері Қасенді тағы көрген жоқ.
V
Қырықбайдың өлімі, Маржанының «ат сауыры» болып ұзатылып, көрмей кетуі, күн көремін деп отырған жалғыз азамат баласының кетуі Алқаға ауыр қайғы болды. Оның үстіне жасы да жете бастап, қайраты қайтып, сүйегі де жасып, бұрынғыдай қызметке жарай алмайтын болып сүйретіліп жүрді. Біраздан кейін жасынан жылы төсек, үй көрмеген Алқаның қайратты денесі ауруға шалдығып, ден саулықтан айрылған…
Нашарланған… Ыңқыл-сыңқылмен жүріп, осы жылдың қысына қарсы дағдылы жер төсегіне ауру халында өзінің мұз денесін төсеген…
Алқа, қора күзету, отын алу, ас пісіру сияқты жұмыстарға жарай алмаған соң-ақ, Сандыбайдың өзі де, қатын-баласы да Алқадан жеркеніп, жақтырмайтын болған…
Алқаның ауруы нашарланып, суық шошаладағы қамыс төсек, қи жастықтың жылуы қашып, оның үстіне сүйек-сүйегі сырқырап, кетеуі кете бастады. Күн суық, аяз, аңырайған қу шошала. Енді бұл шошалаға от та жағылмайды. Алқаның қол-аяғын жылытып, қара қи қалап беретін Қасені мен Маржаны да қасында емес. Енді ешкім келмейді… Жеркенеді… Ішейін десе сусын жоқ… Жылынайын десе от жоқ… Ішкімнен рахым-шапқат жоқ.
VI
Бүгін күн ұзын сілбірең жауын жауған. Кешке таман суытып, бұрқыратып қар бораны болды… Алқа жатқан ескі шарбақ шошаланың шаңырағы ашық… Әр-әр жері мысық кіргендей тесік-тесік… Шаңырақтан, тесіктен шошаланың іші тиірмен тартқандай борасын борап, үрлеп тұр… Алқаның жамылғаны – Сандыбайдың үйінің тозған туырлығы… Бас жағында құйылған көженің кетік саптыаяқтағы суы қатып, борасынға көміліп бара жатыр… Жамылған туырлығының үсті қар борасын, астында денесі күйіп-жанып, ыңырсып, ыңқылдап жатқан Алқаның аяныш дауысы…
Бірақ бұл дауыс, боранның гу-гуімен басқаларға естілмейді. Бұл боранда Алқаға ең жақын жатқан жанды нәрсе, шошаланың төбесінде, салам тесегінде сары төбет. Мұның да қабағы салыңқы… Бұрынғыдай аттыны шаужайлап, жаяуды тақымдап, көзі қанталап жүгіретін жеңілдік онда да жоқ… Бір нәрсеге қайғырған сияқты. Оның ең сүйген кісісі Алқа, бүгінгі ақшамда боран астында… Өлім төсегінде… Ымырт жабылды… Шошаланың іші қап-қараңғы болды. Боран әлі ку-ку-у, ки-ку-у…
Алқаның халі бағанағыдан тағы да өзгерді… Беті, мұрыны, маңдайы ыстаған терідей сарғылттанды. Көзі шүңірейген. Қол-аяғы салқын… Көкірегі бір көтеріліп, бір басылып тұр… Ауыр, салмақты, күрс-күрс дем алады…
Алқа байғұс, кім біледі, енді қанша ыңқылмен демін таусады… Бірақ тіршіліктен тиесі сыбағасы азайып келе жатқан сияқты. Өзінің неше жылдар басқарған қазан-аяқтарын, қораларын, малдарын, күзеткен қойларын, сауған іңгендерін, сырыған жабуларын – бәрін де бір жаққа тастап кеткен сықылданып, бар демін жылдам тауыспақшы болғандай жиілеп алып, көз қарастарын түрлендіріп, алайтып-алайтып арпалысып жатыр… Көзі алайды… Танаулары қусырылды… Мұрны үшкірленіп, еріндері көгілдірленіп тамсанып жатыр… Көзін түрлі жаққа төңкеріп әлде не нәрсені жоғалтқандай… Әлде не нәрсені іздегендей болады… Біреуді көрмей өлімге барғысы келмеген сияқты болды… Ыңқылдап азаптанды… Қиналыс… Арпалыс…
Жатып-жатып сандырақ: «Кө-көрем бе?» – деді… «Көресің» я «көрмейсің» дейтін қасында бораннан басқа дыбыс жоқ. Ол жалғыз… Жалғыз-ақ боран: пи-пу, пи-пу-у-с-с-с… Тағы дауыс «Қа-қа-сен». Ол тағы да жалғыз. Жауап жоқ… Үн жоқ… Жел: ю-ю-пи-ю-с-с. Міне ол тағы да: «Келмеді ме?.. Келе ме? Қа-қа-сенім, қа-қа-ра-ғы-м-м-м». Дауыс қарлықты… Жағына сабан жастық, қара қи батты; жамбасына қамыс төсек батты. Дертпен күйіп-жанып, ысып-суыған денесін суық құрым туырлық қарыды. Тағы арпалыс… Тағы қиналыс… Тағы сандырақ…
Ауыр-ауыр дем, ыңқыл… Күрсіну… Сандырақ: «Жа-а-н-ым… Қа-а-се-н-н-ім… Ке-е-лд-д-д-ің-бе?» Туырлық қатпарына шыққан демнің бәрі де азап… Дем алса, жүрегі жұлынады, өкпесі жыртылады. Аһыласа, тамағы қарлығады, тіл күрмеледі. Көзіне қызылды-жасылды бірдеңе сәулесі елестеді. Өзі түпсіз, шетсіз жоқтыққа шығып барады… Барады… Жоқтыққа… Жоққа…
VII
Бұрқылдаған боран бәсеңдеді… Бұлт тарады… Ел әлдеқашан жатып қалған, суық бұлттардың арасынан қылтиып-қылтиып нәзік жұлдыздар көріне бастады. Босаға жұлдызы еңкейіп батуға айналды… Ай жоқ… Әлі де жаяу боран ақша қарды сыпырып айдап жатыр… Жапанда қурай кемірген қояннан басқа ұлы түнде жүретін жан жоқ. Дала тыныш ұйқыда. Жалғыз-ақ тынымсыз жатқан сорлы ауру Алқа; қол-аяғы мұздай қатты, иілмейтін ағаштай болды. Жағы қарысты. Жалғыз өкпеде ғана сүйретінді дем қозғалысы ғана бар. Көзі алайды. Еріндері тырысты. Қатты қозғалып кетті:
–Қа-қа-қа-с-с-сен…
Тағы ышқынды: – «Қа-а-а-й-д-д-д-да-сын… Қа-р-р-рай-ын… Қө-өө-рей-й-ін». Қасында ешкім жоқ. Боран да басылып бара жатыр… Қарай алмады… Тұра алмады… Көзін үлкен ашты… Жарық елестеді… Жарықтар түннің сәулесі сияқтанып тармақтанып, ұштасып-ұштасып неше-неше бөлектенді… Бір жіңішке қызыл сары бөлегі Алқаның көз қарашығына ұштасты. Жанып тұрғандай… Ол өзінің көз қарашығындай, кемпір-қосақ сияқты ұзын-ұзын жіңішке сәулелерге қарады… Көзін қадады… Көз нұрын үзді…
Тағы да: «Қасен» дейін деді, ауызы келмеді. Көзін әлгі жарықтың нәзік қылынан үзбеді. Тағы қатты қозғалды… Шіреніп созып:
–А-а а-һ – деді…
Соңғы дем бітті…
Алайған көзі, ажарсыз тартып, жарықтың жіңішке шыбығына қарап нұры үзілді…
1922