«ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ»
I
Алқаптың мүйісіндегі ауылдан күзгі көң қидың көк будақ түтіні шығады. Ауыл Ақылбайдікі. Ақылбайдың үйі  шал қонақтай ауыл төрінде мыжырайып отыр. Үйдің, оң жағында оймышталған отау. Отаудан бебеу қаққан жас әйелдің дауысы шығады:
Бибатима пірім-ау…
Не болар күнім-ау…
……………………………
Жасаған, жалғыз-ау…
Бере гөр оң толғақ!..
Жебей гөр, аруақ…
Аруақ, қолдай гөр!..
А, құдай, оңдай гөр… – деп безілдеп толғақтың шиыршығында тұрған әйелге:                
– Оңдайды, қарағым, «алла» де, жасаған ием оң толғағын берер,
– деп маңдайы жарылып қуанғалы жүрген Ұлар бәйбішенің сөз недәуір әл болғандай. Ол оны айналып, үйіріліп зыр қағады. Самауырынға ру жылытып, жарыс қазанның шұжығын турап, сол ауылдың қатын біткені осында.
Отаудың оң жағы оңашаланған; үйілген отын, босағаға төгілген тезек, құл, кемір – бәрі шығарылған. Түн суық бола бастаған соң үйге кіргізіп байлап жүрген кенже туған бұзау да, келіншек толғатқандықтан өзге үйге жіберілген. Жалғыз-ақ оның тұрған жері мұздақ боп қатып қатындарға ойылмай қойды; ойылмаған соң үстін жұмсақтауға қошқардың екі күйегін айқастырып салып, үстіне Мажыраны отырғызған. Ширақесілген ала теңжіпті бақан мен жабыққа керіп арайлап тастаған; оған сүрлеуге ілген төстіктей, не иден шығарып дегдуге ілген терідей-ақ, ботадай әдеміМажыраны асқаққа апарып ілген. Асқақтағы ала арқанға жармасып Мажыра отыр; іркіт құйған сабадай іркілдеп, екі иінінен демін алады, қолының ырғағымен бақаннан босаған арранды Ақылбай келіп жоғары көтеріп, тартып байлап кетіп еді, Мажыраның бүккен тізесі түйеге байлаған тұлыптай салбырады да қалды. Толғақтың ашуы мен асқақтың қысымы түйдектесіп құлындағы дауысы шығады:
Бибатима,пірім-ау!..
Бибатима,пірім-ау!..
Не болар күнім-ау    
Ендіерні-ерніне тимей, сақылдап бебеу қағады:                    
– Ай-ай, қолым қары үзіліп барады, асқағыңызды аласартыңызшы! – деді Мажыра. Жалғыз баласының келіншегі, жанындай көретін жақсы келіні Мажыраның көңілін жықпайтын, аңқылдақ ана Ұлар бәйбіше:
–Аласартайын,   қарағым! – деп,   икемделіп   еді;
–Аласартпа, бүлдіресің! –деп төрден Ақылбай ақырып тастады.
Кішкентай төрт қанат отау кісіге шаңырағынан шып толды. Төрдің бәрі кісі. Бәрі де «қуаныш», «құтты болсынға» келіп жатыр. Қатын қақтығып иін қағысады. Орта қарын майдай бір құйрықты тұтасымен турап, сабын былғағандай шыжғырып қоңырсытып отыр. Қатынның бірі шелек, бірі мосымен қолқабыс тигізіп, ыбырсытып жатыр.
Оттың өкпе тұсынан әнтек жоғары, астына бөстек көрпесін төрт бүктеп салып отырған Ақылбай, қазан астындағы қара қидың  шоғын қолындағы қысқаш көсеумен анда-санда қағыстырып қояды. Бұл Мажыраның үстіне басып кірмейтін  атасы   (қайын  атасы).
Іш көретін Мәндібала кемпір, Мажыра «ішім» дегенде-ақ, қос атпен алдырылған; ол шәукиіп Мажыраға қол ұсыным оңтайлы жерден отқа таман отыр. Қатын жақты басқару Мәндібаланың әмірінде. Шарқынан жоғары асылған асқақта салмағымен салақтап қалған Мажыра тыншығып отыра алмады. Екі тізеге қошқардың күйегінің қағы қадалып барады. Жүйе-жүйесі босап, ауыр салмақ төмен тартып барады. Екі қолдың қары үзіліп барады. Арқанда асылып тұрып Мажыра, олай дөңгеленеді, былай дөңгеленеді; шиыршық атады. Дауыс бұрынғыдан бетер бебеу   шығады:
–Беу, беу, беу, жаным-ай!..
Құрыдың әлім-ай…
Бебеу, би-пірім-ай!..
 Не болар менің күнім-ай!..
Бауырсақ кесіп жатқан қалжыңбас Забила, төсекте отырған үбір-шүбір екі-үш қызға: «Әні, байға барсаңдар, осындай боласыңдар!»– деп, күбірлеп көзін қысады.
  • Келін дауысы   жеделдеді-ау! –деді   Ақылбай.
–Толғақ жиілейін деді; енді ақырындап тартса да болады!– деп, Мәндібала орнынан тұрып, Мажыраның ішін сипап, қарнын қармалады да:
–Қолдарының әлі бар қатындар, тартуға түсіңдер! – деді. «Қуанышқа», «жәрдемге» жиналған: Шөкібала, Ырыс, Жамила тартуға Мажыраның ту сыртынан ретке тұра қалысты. Ырыс тартайын деп ыңғайланып еді, Мәндібала:
–Шөкібаланы жібер, сенен көрі оның қолының әлі  барырақ шығар! –деп,  Ырысты қақпайлап  жіберді. Шөкібала Мажыраның үстіне шеге түсті. Өзі де айтарлықтай, жөпшенді еркекті алып ұрып, астына басып отыратын; ауған түйені ат үстінен басатын; көженіңбір жерде екі шараны жедел ішпесе, қоңқылдап, үйінен ұрыс кетпейтін; кимешегі кейкиіп желкесіне кетін, дамбалының балағы қонышының сыртында жүретіп салақ адам. Мұны ауылдағы қатындар «Алып абысын» деп атандырған.
Осы алып абысын Мажыраның ішін тартуға ту сыртынан түйедей шөкті. Мажыраның төсіне көйлектің ішінен екі қолды айқастыра жіберіп елбіреп тұрған толғақты томпақ қарынды төмен қарай сықты. Мажыраның «а» деуге дауысы алғашында бір келсе де, қысудың күшімен тартысқа түскендей о да күшеніп, сіресіп қалды. Үйірге таласқан екі айғыр, ашулы күйінде бірін-бірі алғандай тістесіп жатыр. Шөкібала екі-үш ұмтылып, ышқынып тартып:
  • Уһ, қолым қары үзіліп кетті! – деп, қоя бересалды. Тартыс
талқысында жан терге түскен жан –Мажыра, асқақтаған арқаннан сонда да айрылмады. Бірақ, бұрынғы ширақ бебеу дауыс әлсіреп, баяулайын деді. Екі көзі қып-қызыл боп қанталап, өне бойын қара су басып кетті. Шөкібаламен ретте тұрған қатынның бәрі де «жәрдем» беру ниетімен бір-бір тартып шықты. Шөкібала тартуға екі қайтара түсті:
–Тұмсалығы ма, белі тым қатты екен! – деп алыпабысын тұр. Тартатын қатындарды кезек-кезек түсіріп Мәндібала «жедел жәрдемнің» басында. Дәмелі қатындардың бәрі де тартып шықты. Бірақ, бала шыққан жоқ. Іші төмендемек түгіл одан әрі кеуіп кетті. Мажыра әлсіреп асқақтан ұстауға әлі келмей, арқаннан айрылып қалды. Бебеу дауысы шықпай, сүле жай ыңқылға ауысты. Тартып шығара алмай шыққан қатындар: «Дүниеде іш тартқаннан қиын жоқ. Тартқан адамның белі опырылып, екі қолының қары үзіліп кете жаздайды  екен!»–десіп, тегіс күйзелісті.
–Болмады ма?–деді Ақылбай.
Болмады!–деді Мәндібала.
–Тарту жетпей жатыр ғой, жүз айтқанмен, ұрғашы   аты – ұрғашы  ғой!– деді  Ерназар  отағасы.
–Тоқтасын түссін! – деп, өзге еркектер ымыралай бастады. Әшейіндегі ақ мысықтай ширатылып отыратын Мажыраны құшақтауға құмар, кәрі шораяқ Тоқтасын жымыңдап, именіп Ақылбайға қарап еді, Ақылбай:
–Тоқтасын, сен ептеп тартып көр, қолыңның әлі бар ғой!– деді.
Ел ішінде іш тартқанда, әрине, әлді кісіні керек қылады. Тоқтасын да еңгезердей, үйіндісі үлкен кісі. Арысқа түсіп оңды-солды ұрғанда, алды-арты бірдей. Оның тақымынан ешкім көкпар тартып алған емес. Ұстаған шеңгелі кеспесе, айрылмайды.
Тоқтасын үстіндегі орамсыз үлкен қоңыр ішікті тастап, мал соятын кісідей ішіндегі жеңілтек шапанның белін буынып, жеңін сыбанды. Арқаннан айрылып Мажыра жай ыңқылмен отырып қалған; екі көзі қанталап, жан төрде отыр.
Әлуетті алып Тоқтасын, Мажыраны екі қолынан іліп алып арқанға асылдырғанда, әлі кетіп, азар отырған Мажыра шошып, сергіп Тоқтасынға алара бір қарап:
–Ағатай-ай,   аяй   көр! – дегенге   ауызы   келді.
Тоқтасында   үн   жоқ.   Мажыраның   сыртынан   шоқшия отырып, көйлектің қолтығын кеулетіп, бураның санындай екі ысқаяқ балуан қара білекті емшектің астынан ала айқастырып алды да: «Ай, аруақ!» – деп, пәрменінше қысты… Сықты… Сығымдады… Білек жылжытып төмендетті. Бүркіттің бүруіне түскен түлкідей тұяқ серпе алмай, асқақтың астында, алыптың қолына түскен Мажыра: «А, жаным!» дегенге ауызы бір-ақ келді; талықсып кетті. Қоян алған қаршығадай Мажыраны жұмарлап жатқан алып Тоқтасын, үш ышқыпып тартып, қолын жазғанда, қолдарын тосып отырған қатындар: «Түсті-түсті!» – деп, шуласып қалды. Әлуетті білек пен қажырлы тізенің арасына салып сырып бала шығарған Тоқтасын «әбүйір» алғандай боп мақтанып, маңдайдан терін бір сүртті. Ерназар отағасы елбіректеп азан шақырып жатыр. Бірақ «жарылқағанда» бажылдап түсетін баланың дауысы шыға қоймады. Кіндік кесетін ұстараға үш қатын таласып, апыр-топыр жанжал. Кіндікті кесіп баланы бөлек алғанда, «шаршап» кеткен Тоқтасын, Мажыраны сүйемей қоя беріп еді, Мажыра сылқ ете түсті…
II
Ұлар бәйбішенің ескі күпісінің жабағысына ораулыжаңа туған бала төсектің үстінде жатыр. Өкпесі сырылдайды; өзі – ұл. Елдің бәрі мәз-мейрам. Кіндіккескендердің де, жерден көтеріп алғандардың да, азаншақырғандардың да екі езуі құлақтарында. Ақылбай, Ұлардың ұлының баласы болып, «немере сүйіп», қағанағы қарқ, сағанағы сарқ. Ұлар бәйбіше сақтаған майын бастап, қатындарға асатып жатыр. Айтқан малдытаратуға қойға кісі шаптырылды. Күшпен тартып шығарған әбүйірлі Тоқтасын да алқынып терін сүрте түседі…
Жалғыз-ақ қуанбаған Мажыра. Ол қуанбайын деген жоқ, қуана алмады. Не болып, не қойып, не бала туып жатқанын ұғынуға есі болмады. Өзімен өзі әуре. Күшінен асыра топта тартып тастаған жүйрік аттай сандалақтап ілгерінді, кейінді кетіп отыр. Отыруға әлі жоқ. Мәндібала күйбіжіктеп, жіп байлап «жедел жәрдемші» боп жүр. Бір қатын қолына келсап алып, Мажыраны айналып жерді түйгіштеп: «Түсті ме?», «Түсті ме?» – деп, шыр айналады. Үйдегілер: «Түсті!», «Түсті!» – деседі. Бірақ, түскен түгіл, түкте жоқ. Баланың «жолдасы» түспей кешеуілдеді. Баланың «жолдасы» баламен емес, анамен жолдастасып кеткендей болса керек.
Мажырада қан қалмады; беті көгілдірленіп, танауы қусырылып, өңі ажарсыз тартайын деді. Бұрынғы қара мөлдір көз аларып, баспақ болған қой көзденді. Мойын босап былқылдай бастады; мұны көрген Мәндібала:
– Осыған   келді-ау,– деді.   Үйдегілердің   төбе   шашы тік тұрды.  «Қорқамыз» деп, қатындар қарауға да жарамай, теріс айнала берді.
Мұны көріп, есітіп Ақылбай тыншып отыра алмады, ол:
–А, құдай!.. А, алла!.. А, аруақ!.. – дегенді жиілетіп айтып, екі жеңін киіп орнынан тұрды. Теңде жатқан албасты қуған арғы атасы Алтыбайдың кісесін  Мажыраның бақанына ілдірді.Марту басып өлтірілген қатынның өкпесін тістеп келе жатқан қырдағы қызыл итті ұрған Шақардың білеуітін(қамшы) Ақылбай  өз қолына алды. Ежелгі киелі Еркеқыз ененің ақ шүперегін Мажыраға жапты. Қарала текемет беріп алғанпайғамбардың құмғаны, тәсбиіғы, жайнамазы, шәркилерінің суреті бар қағазды, түрлі бойтұмарларды саудыратып Мажыраның үстіне түйреп, арқанға асты.Ешкімде үрей жоқ. Бала-шағада, қатын-қалашта ес  қалмаған. Мажыра көзін ашпай ыңқылдайды. Тоқтасын, Мәндібала, басқалар оны демеп тұр.
Мажыра бір қымсынып көзін ашып еді, көзі ажарсыз, «арашалап» тұрған елдің ту сыртынан шыққандай болды. Үйдің іші шу ете түсті. Еркек біткен тегіс айқайлады; қатын-қалаш шуылдады. Бала-шаға жылады.  Ауылдың иті  оған әулігіп,  отауды  айнала  үрді.
–А, бабам! А, аруақ! Тарт!.. Жоғал!..– деп келіп Акылбай, Шақардың білеуітімен бір ұрып еді, Мажыра селік етіп: «ойбай-ай» деді. «Алла» деп айт!»–деп, Ақылбай және бір ұрып еді, Мажыраның әлсіз ауызы «алланы» азар айта алды.
–Е, не көрінді! Аш көзіңді! Түзу отыр!–деп, Тоқтасын сүйеп тұрған Мажыраны ырғап-ырғап қойды.
Мажыра тағы талықсып кетті. Ақылбай тағы ақырды. Ерназар екіленіп екі салып кетті де, қара шараға құйған суды Мажыраға «құлқуалланы» үш қайырып оқып бүркіп қалып еді, суық судан селк етіп, Мажыра көзін бір ашты.
–А, балам! Не көрінді, жөндеп отыр! – деп, алдында тұрған Ақылбай ақыра тағы зекіді; «Түзеліпотыр» деп, Тоқтасын тұқыра нұқып-нұқып қойды. Бірақ, «түзелуге» Мажырада әл қалмады. Жөнделіпотыруға, жөндігіп жиналуға шамасы келмеді. Тағыталықсыды, бірақ амал не? Айтуға дәрмені жоқ. Төңірегіндегі төнген көп оны –«Албасты алып, мартубасып барады» – деп түсінді. Албасты, жын, сайтан,марту, арапшы – барлығы сорлы Мажыраның үстінеүймелеп тұр, деп ұғынды. Өмірі шешек жарып, гүл теккен жемісті шыбықтай жазықсыз жас әйел, табиғи жолдың кедергілі кезінде мынадай «жауды» жолықтырды. Жау аяған жоқ. Мажыраны малданған албасты, мартуды ақырып қуып, ұрып айырып алу үшін жұмсамаған қайрат қалған жоқ. Ұрды, соқты, сықты, жықты. Қазақ өміріне ұялаған қараңғылық, надандықтың қара күшінің түйдегі Мажыраға осы жерде көп айқасты. Оның дауысы шықпай, ыңқылы баяулап, сүреңі жұбаулап барады. Тағы у-шу…
Әлем-тапырық әлгіден де қиын болды. Келген жылқы отауды басып барады. Ұста дүкенін әкеп құрып жіберіп, «Дәуітке» сиынып, қызыл темірді Мажыраның алдына шақ-шұқ еткізді; үйдің ішін от алды. Мажыраның селт етуге мұршасы келмеді. Иығына үкі қадаған Қабанбайдың қасиетті қырғын бүркіті далбырақтап Мажыраның үстіне түсті. Бұдан басқа да осы секілді «сайтан қуар» ырымның барлығын да түгелдеді, қылмаған ырымы қалмады. Ұзақ күнге жұрт түгелімен сорлы Мажыраның үстінде болды; төпеледі, тепті, бірақ, алсіреп әбден меңдеген әйел тепсе де, жұлқыса да, ұрса да қабағын көтере алмады. Күн еңкейіп ұясына кіріп бара жатқанда қос атпен «Дәуперіге» шаптырды.
Сам жамырай бергенде қос аттың құлағынан терін ағызып бақсы келді.
Бақсы келгенде кереметпен келді. «Алдай қақтап» ауылды үш айналды. Үйге келіп ат үстінен белдеуді қиды, жабықты тілді. Табалдырықты теуіп, босағаны қарады. От басына он шырақ жақтырып, қобыз алып жын шақырды. Ауылдың бәрін жинап, «албасты үркітуге» азан-қазан қып ойын салды. Шаңыраққа шықты. Отқа орақ қыздырып жалады. Оттың қоламта күлін бұқаша шашты. Одан бір баланың, бір келіншектің беті, бір баланың қарны күйді. Мажыраны олай да, бұлай да лақтырды. Қақты, соқты. Қорадан мінсіз ақ қой ұстап әкеліп айналдырды.
Бақсы ойыны күзгі түннің ортасы ауғанша болды. Үркер төбеге келе бергенде ол ойынын тоқтатты. Бақсының даурыққаны басылып, ауыл тыныштана бастады: Мұнымен бірге Мажыраның ыңқылы басылып, қыңқылы жоғалып тіл-аузын қойды. Оны отаудың оң жағына салды.
Бақсы алдына ақ тоқым жайып, құмалақ салып отырып, Ақылбайға қарап:
– Болмаса,  болмас!  Менің қолымнан  келмес.   Бұрын бір марту басқан шикіл сары әйел толғаққа араласқан екен; соған ере келген ібіліс іліп әкетіпті. Мен өкпесін алып кеткеннен кейін киліктім. Келмейін деп едім, Ақа, сенің көңіліңді, атыңның терін мойныма көтере алмадым. Қайтейін, жауға шаптым, қолымнан келмеді; ұлықсат болса аттанам! – деді. Ақылбай жік-жапар болып:
– Ертең-ақ қайтыңыз! –  деп жалынып еді, «бығып жатқан ауыруым бар, асырап отырған арығым бар» –  деп, бақсы жүрмекке бел байлады. Таңға бір ұйқы қалғанда, Ақаңның «бергенін» алып, Дәупері ауылына аттанды.
Бақсы аттанған соң отырған үй іші Дәупері айтқан «шикіл сарыны» қарастырды; ол – Қазила боп шықты. Қазиланы, алдыңғы жылы қыз тапқанда, осындай «марту басып», жиналған жұрт айқайлай-айқайлай қорқытып, азар айырып алыпты. Сол Қазила бүгінгі толғақтың ішінде болған екен. Мажыраның күзетінде отырған көптің қорытындысында «пәлені» әкелген Қазила боп шықты. (Қазила байғұс алғашқы айқайда-ақ қашып жоғалған еді). Мұны есітіп Ақылбай бармағын тістеді.
III
Үй іші алакөлеңке, кесенің түбіне жаққан жаяу шам жалпылдап, бірде лапылдап, бірде қарауытады. Аласұрып өртейтіндей екіленеді, өлетіндей әлсірейді; әйтеуір әлсіз шырақ сәулесі…
Осы шамның алакөлеңкесінің қасында кірпігі кимылдап Мажыра жатыр. Ақылбай атасы анадай жерде түнеріп отыр. Ұлар енесі үстіне түскелі шүкшиіп аяқ жағында отыр. От айнала өзге жан; бәрі де жан күйер жақындар. Барлығы да жылауда. Қолдарындағы қолорамалдары судан сығып алғандай жасқа малынған.
Мажыра анда-санда ыңыранады. Көбінесе сұлық, тіл-ауыз жоқ. Көзін ашпайды. Жалғыз-ақ, Ұлар таңдайына су тамызып отыр.
Осы күзет күзгі ұзақ сары таңды алды. Таңға тартқан кезде түн онан ары суытып, сиыр жапасы тоңғалақтап қата бастады. Жылы қара жерге бу түрып, қырау отырды. Матаудағы түйе таңғы күйсеуін бастады. Үркер өрлеп асып, жамбасқа түсіп, таразы тақ төбеге шықты.
Әлгі күйде шам!
Әлгі күйде жан!
Үйдің іші ұйықтағаны ұйықтап, қалғаны қалып, қыбырсыз отырғанда, сұлқ жатқан Мажыра кенеттен бетін көлеңкелеген шүберегін ашып алды да:
–Апа! –  деді.
–Ау, қарағым! –деді Ұлар. Үй ішінің бәрі оянды. Мажыра сергіп жиына қалды. Екі көзі ашылып, сауындағыдай жаудырап нұрын төкті. Ұлар басын демей беріп еді, жұлып алды. Ақылбай да қалбақтай «қарағым!» – деп, жастық қойып, төңірегін қымтады. Мажыраның тілі шықты, «су!» – деді. «А, құдайлап» әкеп берген бір тостаған суды сылқ-сылқ жұтып, тостағанды босатып берді; онан әрі қуанды, недәуір әл алғандай болды.
Мұны өзге ел сезген жоқ. Өлімді көп көрген Ақылбай, Мажыраның бой жасағанын біліп, жұбаптасайын деп, тез ұмтылып келіп:
–Қарағым! Ырысым!.. деп еді, Мажыра:
–Әти, мен не болғанымды білмейін де… білмеймін де. Мені өлтірген өздерің… Менде жазық жоқ… Ауру, арапшыдан аман ем… Мен көптің тоқпағына жаншылған бір шыбық… Көп отқа әдейі итерген бір көбелек… Мені көп жүруге… Өмір сүруге қимадыңдар… қидыңдар!.. дегенге ауызы әлсіреп азар келді де, арғысын айтайын дегенде екі-үш түйнеліп, қылқынып айта алмады.     Кезі жаудырап, «қош-ш-ш» – деді. Алдына әкелген қоңыр жабағыға ораулы жас нәрестені тілсіз күйде өзіне икемдеп, төсіне тартты. Өне бойын қорқыныш алған Ұлар қалтырап, ұстаған баланың бүркеулі бетін Мажыраға ашты. Мажыраның екі бетіне нұр тарап, көзі ажарланып жаудырап, нәрестеге қарап жатты да, жалт етіп тағы Ақылбайға қарады.
Ақылбай қаужақтап:
– Қарағым!.. Ырысым!.. Өркенім!.. Мажырам, мандайыма сыймадың!.. деп, маңдайын төпелеп, кеңкілдеп жылады. Мажыраны құшақтайын деп, қолын арбита бергенде заде боп қалған жарымжан Мажыра «тағы ұрады екен» деп, селк етіп, көз назары аларып – бұзылып, сылқ етіп, дәрменнен айрылды. Ұлар Ақылбайды кейін қақпалады. Өмір кезеңінің асуында, азапты ажал болып жабысқан баланы, Мажыра тұсынан кейіндеткенде,   баланың  да   жан  дыбысы   үзілген   еді.
Мажыра екі қолды бір ербең еткізіп, санасы самсаған ақ саусақтарды алдына қарай тарбитып, жөнеліп бара жатқан бір жаннан жан ашырлықтай, мейірімді «жедел жәрдемді» күткен сияқтанды. Бірақ, оның қарманған қолына жәрдем түскен жоқ. Ол ұсынып, ышқынып соңғы демін сарқыды.
Ақылбай өкіріп жылап, үстіне жалбырлата жапқан Еркеқыз ененің «киелі» шүберегімен бетін көлеңкелей берді.
1925