ЖАРАПАЗАН
1
Жарықтық, ораза айын көргенде қай-қайдағым есіме түседі: мұртын таңқита қырған тарауықшыл сопылар, қонақтан қонаққа жүйткіп жүрген молдалар, ауызын оразаға уәде қылып, қаңырығы түтеп шөлдеп, көлеңкеде отырған әжем, ораза болып жүріп саумал ұрлап ішетін Кенжеқыз жеңешем – бәрі де ойымнан кетпейді. Әсіресе жарапазаншыны айтсаңшы, уа шіркін. Жарапазаншы болса, біздің Төлепбергендей болсын. Ел жата, түн ортасы ауа, бай үйіне берекет деп қоя беруші еді ғой, жазған! Жаздың әдемі кешіндегі ай күндізгідей жарықта, біз қораның шетіне «ақсүйек» тастап, ойнаушы едік; қорадағы қойлар тыныш қана күйсеп жатқанда Төлепбергеннің «Жарапазан!» деген дауысы саңқ ете түсетін. Біз ақсүйекті тастай салып, дүркірей жүгіріп шулаған иттерді қуып жіберіп, жапырлап тыңдап тұратынбыз. Ол құла шолақ аттың бір жағына қисайып тұрып заулататын кеп:
– Жарапазан! Жарапазан!
Он екі айда бір келген оразажан!
Бай үйіне берекет!
Қаша берсін пәлекет!
Кірсін дәулет есіктен,
Шықсын бейнет тесіктен.
Орамал берсең, барша бер!
Ол да біздің несіптен.
Жарапазан! Жарапазан!
Айдалада шоңқайған қоян жазған!
Үйің, үйің, үй екен!
Үйің көркі ши екен!
Саба көркі бие екен,
Сандық көркі түйе екен!
Сыртын сырмен сырлатқан,
Қарағай найза орнатқан,
Ақ бөкендей қойы бар,
Ақ күмбездей бойы бар
Қандай байдың үйі екен?
Айлаллау! Айлаллау!
Осы рамазан – сый рамазан!
Мұқамбет үмбетіне жарапазан
Кигені молда сарттың ала шапан!
Құдай, аулақ қыла көр айна таздан –деп бізді күлдіріп
үйдің желкесінде, құла шолақтың үстінде, бір жағынан қисайып тұрып алушы еді. Осы Төлепберген жарапазан айтқалы көп болыпты. «Бұл ит баяғыдан қақсап келеді; атасынан қалған кәсібі еді; жарапазаннан байыған жоқ; баяғы қу шолақтан басқа етті мал біткен емес, несі жақсы» деп Алқа шешелерім аңыз қылатын.
Біз онда Төлепбергеннің жарапазанын атының алқымына кіріп тұрып тыңдайтынбыз. Қалың ауылдағы қатар үйлерді Текең жағалай қыдырады, алды-артының бәрі дорба. Ол итті шулатып қораны айналып келгенше, біз он шақты бала матаудағы түйенің алды-артыман етіп, қойды аралай жүгіріп жарапазаншы баратын үйге барып, тосып тұрамыз. Ай, балалық! Төкең жарапазан айтатын үйді білеміз ғой. Қораның шетіндегі қойшының лашығына Төлепберген баспайды. Үзігі қылаң үйлерді ғана оятады. Оның жарапазаны таусылмайтынына сұқтанамыз. Ол шұбыртып соза береді. Үйден ұрғашылар құрт, май сияқты қадірлі тамақ алып шығады, бетіне орамал жабады. Орамалға сақина, жүзік түйеді. Ақша береді. Жеңге-шешелерімізге жалынып бергізбей, айта түссін деп, аялдатушы едік. Өйткені оның дауысы да, жарапазаны да бізді ұшпаққа шығарғандай болушы еді.
Күміс жеңешем кербездеу еді ғой. Жарапазаншығажуырмаңда тұра қоймайтын, айта берсін деп, жатып алатын. Сонда Төлепберген «жарапазаншы» жарапазанының арасында боқтап тұрушы еді. Кейде былай дейтін:
– Астымдағым тай еді,
Жатайын деп барады.
Жаңа туған ай еді,
Батайын деп барады…
…………………………………………………
Мінгені пайғамдардың ақ атан-ды,
Әр үйде мұндай тұрсаң таң атады…–деп тықыршитын.Үйден бір нәрсе әкелген әйелдің, әкелген орамалының маңызына қарай бата беретін. Батасы тіпті қызық, шұбыртып кететін.
Алған құрт-қолаңын дорбаларына салып алып, құла шолақты борбайға бір салып, иттерді шулатып ана ауылға шауып кетіп қалатын. Келер ораза келгенше, Төлепберген жарапазаншыны сағынып жүретінбіз.
II
О заман кетті. Жаңа заман, жаңа түр болды. Ұлы Октябрь төңкерісі ескінің тас-талқанын шығарып, жаңа тұрмыстың негізін салды. Ел, ел санасы, тіршілік, күн көрісі, саясат, бай, жарлы – бәрі де қайтадан жаңаланды. Бәрі де жаңаланып жатқаңда, жарапазан қалсын ба?
Жаңа заманның жарапазаны да жаңа болыпты. Бұрынғы біз көрген Төлепберген де жоқ. Оның орнына жапатармағай қаптап кеткен көп жарапазаншы. Бұрын жарапазан бай үйіне берекет деп басталуы еді. Енді – кедей ұйымына берекет деп басталатын болды. Жаңа жарапазан мен ескі жарапазанның айтылуы, тіпті «түйе қайда, мен қайда?»
Ендігі жарапазан былай соғады:
Бұрынғыдай толып жатқан дорба байланып, үй басы қыдырмайды. Далаға халықты жияды, үстел қойдырады. Үстел үстіне ырғып шығып, өңешін созып-созып соғып кетеді жаңа жарапазанды:
– Жарапазан! Жарапазан!
Ете алмайды кедейге байлар кожаң!
Кедейлерге берекет!
Қаша берсін пәлекет!
Кірсін дәулет еңбектен,
Қашсын дәулер дөңбектен.
Ораза, намаз, пайғамбар,
Періште, алда, дозақтар
Аулақ біздің жер-көктен.
Жарапазан, жарапазан!
Байларға туғыз өмір ақырзаман!
Елің-елің ел екен,
Елің көркі жер екен!
Жерің көркі кен екен.
Кеннің көркі жұмысшы
Бұлшық еті балға екен.
Кіре берсін берекең.
Бола берсін мерекең!
. . . . . . . .
Байлау менен матау жоқ,
Жарапазан – жел екен!
Жарапазан! Жарапазан! Жарапазан!
Айдалада шоңқайған молда жазған!
. . . . . . . .
Қызыл туын сырлатқан,
«Интернационал» жырлатқан,
Ресейге нық орнатқан
Қай кедейдің туы екен?
Ей, жарлы-ау! Ей, жарлы-ау!
. . . . . . . .
. . . . . . . .
. . . . . . . .
Қоғамдас, жалаң аяқ жарлы жазған!
Жасасын жаңа талап, жаңа заман!дейді жаңа заманның жарапазаншысы.
1922