БАДЫРАҚ
Роман
(Жетісудағы қазақ жалшысының өмірінен әңгіме)
I
Таң анық атқан жоқ. Айдың аяққы қараңғысы. Таң алдына шейін талықсып келіп, бой жасаған өлетін адамның көзіндей ажарланып бағжиған жұлдыздар жерді албастыдай басып тұрған меңіреу қараңғылыққа әр жерден өштесіп, өжеттенгендей. Бірақ өздері еңкейіп батып бара жатқан сияқты.
Осы қараңғылықпен араласа әр ауылдың қонысында түйенің анда-санда бақ еткен дауысы естіледі. Жылқы кісінейді. Тәрізі бұл өңірдегі ауылдар көшіп жатыр. Жер салқынмен көшпесе бүгінгі көштегі қозы-лақ жете алмайтын кербаланың шөліңдей бір бұйрат құм еді.
Сондықтан қатындар сүтті пісіріп, ұйытпай тұрып тұлыпқа құйып, іңірден бастап үйді жыққан. Қомның арқаны төсін қысқан түйелер бақырады.
Бір жерден қызғыш құс ұшты, ой-қыр демей біреу жортып, бірнәрсе қарап келе жатқандай. Қызғыш осыдан ұшып еді. Бұл бала күреңге тоқым салып жайдақ мініп, байдікіне қонған екі қонақтың атын іздеп жүрген қойшы еді. Қойшының аты – Бадырақ. Қойшы көшіп келе жатқан ауылдың жанындағы қоңыр белеске таман келіп, күреңінен топ етіп түсіп, жантайып жата кетті.
Бадырақ – байдың жалшысы. Жасы жиырманың екеуінде, орта бойлы, дембелше, жауырыны қақпақтай, жас жігіттің алыбы еді. Төбесі биіктеу, шекесі торсықтай, бүркіт қабақ есті жігіт. Арысқа түсіп алысқанда жауырыны жерге тимей жүрген, кеудесі есіктей, балтыры бесіктей балуан, құлама жарлауыт қабақ астына оты ойнай біткен қой көзі кедейліктің неше алуан езгісінен, жалшылықтың жаншуынан жасқанып, қылау құрлы көретін емес. Өзгеше бір отты қайрат қайраулы тұрғандай. Неге салсаң, соны жалбыратып түсетін өткір алмас.
Бұл әке-шешесі жасында өліп, жетім, панасыз қалған Қоянбай деген бала еді. Бір жұт жылы мұның шешесі босанғанда қой таба алмай, қояннан қалжа жеген екен. Сондықтан мұның атын Қоянбай қоя салыпты.
Міне, Қоянбайдың сол күннен бастап қозы бағып, қой жайып, жансауғалап келе жатқан ауылы – Қоянкөз ауылы. Қоянбай Қоянкөз ауылының әркімінде-ақ жүрген. Әсіресе, көптен күлімен кіріп, отымен шығып келе жатқан үйі – осы Сағындықтікі.
Қоянбай Қоянкөз ауылына пайда болысымен-ақ, атаның аты бұл ауылдың ұрғашыларына оғашырақ естілген болатын. Қойшының атын Қоянбайлап шақыра беру, жарықтық Қоянкөз атаның атын ала кетіп, аруағын тебіренту сияқты болған соң, Қоянкөз ауылының ұрғашылары қойшыға жанама ат жасап, Қоянбайды тастап, Бадырақ деп атақтаған.
Сағындық билікке таласарда да Қоянбай бір үй болып, Бадырақ Жершілбай баласы делініп, хатқа да түскен. Қоянкөз ауылының атаған Бадырақ атымен төңіректегі ауылдар да осылайша атап кеткен. Оның біртоғалығын, қайратын өз жалшыларына үлгі қылғанда «Малшы болсаң – Бадырақтай бол, ол Сағындықтың ырысы ғой», – десіп отыратын. Сөйтіп, жалшы Қоянбайдың алғашқы азан шақырылып қойған аты – Қоянбай аты қазір біржола ұмытылған. Бұл атыраптағылар оны Қоянбай демей, Бадырақ дейтін еді. Сондықтан бұл қойшының Қоянбай атын коя тұрып, ауылы қойған Бадырақ атын қаламға алдық.
Бұл өзі тепсе темір үзеді. Осы қайратының үстіне түк ерінбейді, бала-шағаға дейін оны жұмсайды, қойды да бағады, отынды да ала келеді, қиды да ояды, кұдық та қазады. Қонақ келсе, мал да сояды, қазанға су құйып, отынды да жағады. Қысқы боранда жылқыға кетеді, жазда бие де сауады, самаурын да қояды. Ел көшсе, Сағындықтың жүгін түйеге жалғыз артып, елден бұрын жөнелтеді.
Мына Қарашағыр қолатан түйесін бақыртып, керегесін қомдап жатқан ауыл Сағындық байдікі. Сағындық – жуан жерден шыққан белді бай, ауыр дәулетті, малы мол адам. Үш қатыны бар. Бастапқы бәйбішеден ұл жоқ. Жалғыз-ақ ұрғашы тарғыл мысықтай бір қарақожалақ бойжеткен қызы бар. Бұл қызға екі қырық бесінің малын алып, жиырма екіге келген қызын әлі де жас деп бермей отыр. Сағындықтың бұрын атқамінерліктен тапқан малының үстіне мына қызды бір қылшық айранды, сасық бай он үштегі жалғыз ұлына айттырып, Сағындықтың малы төтенше көбейіп, әсіресе, қорасы қойға дөнгеленіп кеткен.
Ал ортаншы қатыны – пұшпағы қанамаған адам. Оның да үйі бөлек. Бәйбіше осылардың ешбіріне қосылмайтын бөлек ауыл. Сағындық өткен жылы күздікүні қалың малын төлеп үшінші қатыны Жеңсікті алған.
Жеңсіктің желегі басында. Бұл бәйбішенің босағасына келін болып түсіп отыр. Түскелі осы үйдің отымен кіріп, күлімен шығады. Өзі –ауылдағы бейнеттің талқысына түсіп, әбден пісіп-қатқан кедейдің қызы. «Баланы жастан, қатынды бастан» деген мақалды ұғып алған Толарсақ бәйбіше қатындыққа ысылмаған томаға-тұйық тоқалды тұқырта баурап алған еді. Отбасында өзі бөстек көрпесін астына салып алады да, барлық жұмысқа басалқалық айтып, тоқалға тыным бермейді.
Жұмыс, шаруа жағынан Жеңсік тоқалдың байы осы сияқты. Өйткені Толарсақ бәйбіше Сағындықты да билейді.
Сағындықтыңсақалы бурыл тартып, көзі қызарып, іріңдей бастаған. Оның жылы қоян, міне, биыл елудің екеуінде.
Сағындық Жеңсікті аса жеккөрмейді, оның оң жақта салулы тұрған қара текеметінің үстіне жатқысы-ақ келіп тұрады. Тоқалды бай бір шикіөкпе көру үшін алған. Анда-санда қойнына кіріп, қолынан ұстаса, жүрегі жас жігіттей лүпілдеп-ақ кетеді. Тоқалдың саусағының жалыны кәрі денесін жібіткендей болады. Бірақ Толарсақтан аса алмайды. Жазатайым, Сағындықтың тоқалдың төсегінен тұрған күні басын салбыратып ұзақ күн бойы нәр татырмайды. Екі сөзінің бірінде қағажулап Сағындықты да, Жеңсікті де жерден алып, жерге салады.
Күні қараң күндестік жас Жеңсікті осылай шідерлеген соң, ол ішінен өзін-өзі жегідей жейтін, аһылайтын-үһілейтін. Бірақ одан ештеме шықпайтын. Аяғында байалыштың жалынына анда-санда бір су бүріккендей бойын сергіту үшін, жазға салымнан бері әлгі бала күреңімен келіп ауыл артындағы дөңестің астына түсіп, тосып отырған қойшы Бадырақпен көңіл қосқан.
Бадырақ жантайып жатқан. Қоңыр белесті алакеуеңде ағараңдап асып, ақ шыт көйлекті Жеңсік жедел басып Бадырақтың қасына келіп, мойнынан кұшақтап, бұраң ете түскенде, ерінге ерін лып етіп жабыса кетті. Белесті қуалай соққан таң қараңғысында қоңыр желмен жеңі желбіреген оттай лапылдаған білектер әп-сәтте айқасып калды. Шөпілдеген сүйіс. Бейнеттің уында шираған әлуетті Бадырақ Жеңсікті жеделдей баурап, бауырына қысады.
Жел ұшырып, балды қурайға жабыстырған арадай, Жеңсік жігіттің бауырында талықсып, әзер ғана қозғала байдың жалшысын шөп-шөп сүйеді, жан-тәнімен сүйеді. Қойшысыңдеп қорламай,қолын қысады. Бұл бір олардың өздерінше ұлы базар еді.
Ай жарымнан бері бәйбіше тоқалды аңдитын. Бұлардың анда-санда отбасында өзгенің көзін ала беріп, қас қағысқанын бәйбіше бір шалып қалған. Ішінен ол бұған қатты қуанған. Күндердің күнінде ысыла түсіп, байды баурап, мал мен жанды билеп кетуге қаупі бар тоқалға күні бұрын қам қылуға мына қас қағысу ойда жоқта бәйбішеге түскен олжа еді. Сондықтан Толарсақ отырса да, тұрса да Жеңсік пен Бадырақтың қозғалысын мысықтай бақылайтын. Бәйбішенің күдігін куәлендіретін әлденеше қылықты көзі шалып қалған.
Бәйбіше далаға құман алып дәретке шығып келе жатқанда, бұзау байлап жатқан Жеңсікті жаулығының ұшынан Бадырақтың тартып, ойнап тұрғанын көзі көріп қалды. Осының бәрін бәйбіше шүберекке түйіп, өзінің сұмдық жинайтын ой түкпіріне тыға берген. Мына алакеуімдедөң асып, алыстап жеке шыққан Жеңсіктің жүрісінде бір бәленің барлығын барлап тұрған бәйбіше де бұрыннан құлағын бұрап жүрген Сағындықты жетелеп, іле-шала дөңге шыға келді.
Толарсақ пен Сағындық дөңге шыққанда, Жеңсікті шыбықтай майыстырып, Бадырақ сүйіп тұрған еді. Жотадағы қараңдағанға көзі түскен тоқал Бадырақтың құшағынан асаудай ыршып шығып, үйге тартты. Ал бала күреңге қарғып мінген Бадырақ ары қарай шауып ала жөнелді.
Бірақ Сағындық қараңдаған қара нобайынан шолғаны болмаса, кім екенін анық байыптай алмады. Сонда да болса ол тоқалының ойнасы кім екенін ұқты.
Сағындық дөң үстінде қорбаңдап Жеңсікке жүгіргенімен, ол еліктей ұшып ұзап кетті. Бұл жерде бай да, бәйбіше де қыңқ етіп жақ ашқан жоқ. Өйткені ол үйінде қонып жатқан екі сыйлы қонақтан именген еді.
II
Күн шаңқай түс. Аспан айналған ыстық. Жіңішке тоғаншаның шилеуіт бойына топырлай қонған ығы-жығы ауыл. Сиырдың дегдуге жайып қойған ақ жапасындай үйме-жүйме итарқа, жапыр-жұпыр жаппа. Жұлған тырнадай сорайған күздеулі түйелер шилерге ала бұйдалармен тұқырта байлаулы тұр. Күмісті ертоқымды көш аттары ауыздығын қарш-қарш шайнап, қалмақша байланған. Иттердің тілі қарыстай болып ши түбінде солықтайды. Ауылдың арт жағындағы дөңеске шаншылған қара шашақты қарағай найза көкке тәу етіп тұр. Көлеңкесіз жердегі адам баласын күн ыстығы сарттың шашлығындай пісіреді.
Кеше екіндіден түйеге қом қойған елдің бәрі мұрттай ұшып тыраюлы. Мамық көрпе-жастықтың үстінде Сағындық та азбан қошқардай қорылдап ұйықтап қалыпты. Оған таяу жаулығы жалпиып, шашы дудыраған Толарсақ бәйбішенің де мұрны бырқырап, қарагер төсі ашылып, емшегі салбырап жатыр. Не болғанын білмейді.
Өзге де итарқаның бірінде пысықсып іс машинаны қолына алған бойжеткен сары көйлектің етегі машина алқымына бұралып, мүрдем кетіп ол жатыр. Өзге үйлердің бәрі де осындай әлі ұйқы құшағында.
Қарала текеметті үстіне айқара тастаған бір итарқа оқшауырақ қоныпты. Мұның ауыз жағында бала қойшы Бадырақ қырықтық қайрап отыр. Итарқаның ішінде Жеңсіктің желегі желбіреп, ақ мандайының астындағы ұйқысыз қара көзінен нұр ойнайтындай. Келіншектің әзіл сөзінің жетегіне еріп алған Бадырақ қайраған қырықтыққа бармағын кесіп алып, ақ шүберекпен байлап жатыр.
Жеңсік Бадыраққа мелшиген местен мыс шығыршықты, шұңғыл саптыаяқпен мөлтілдетіп қымыз ұстата берді. Бадырақ ішіп жіберіп «Жеңгем сыйлап берген соң, ішіме сыйса жарады», – деп, амалсыз алған сыңайсып, қымыз бетіндегі қара келтек қылшықты сүйелді саусағымен іліп тастап, тартып жіберген. Өзге жан тұяқ серіппейді. Жалғыз-ақ қойшы мен тоқалдың көз жанарлары ойнай айқасып, әзілге әзіл жарасып отыр.
Қорада қой да, қозы да екі бөлек иірулі тұр. Қырықтық кесіп құрттаған қойлар мен шыбжыңдаған ешкі кебенек болмаса, өзге қойлар бірінің бауырына бірі тығылып, бастарын саялатып, тырп етер емес. Елпеңдеген ешкілерді «шайт» деп қойып, қымызды сыңғытып Бадырақ отыр.
Жеңсік итарқадан шығып бір керілді де, жан-жаққа көз жіберіп бір шолды. Төңірек жалпағынан маужырап жатқан тыныштық күйде еді. Келіншек мұрнын жұлып босанған қара атанды ши бұрап, қайта байлап, итарқаға келгенде қырықтығын ала сала Бадырақтың өзі өңмеңдеп итарқаның ішіне кіріп бара жатыр еді. Келіншек жан-жаққа қарап тағы бір есінеп алды да, еңкейіп итарқаға кірді. Саудыраған сақиналы ақ саусақ, шортанның бауырындай білегі жарқ етіп, итарқаның есігін қымтай берді.
Едәуір мезгіл өтті. Бадырақ пен Жеңсікке тиген оңаша қызық тойдырмай манауратып жатыр еді. Осы кезде ауылдың қойы қозының үстіне келіп, жамырап кетті. Қойдың даусымен ауылдың бәрі оянып, бірі бақанын, бірі сойылын алып, жабыла жүгіріп қойға барды. Кебісінің басын аяғына іліп, дамбалының бауын салбыратып Сағындық та жүгіріп келеді. Сағындықтың алдында, қойшы мен қозышының аузы-басынан сорғалатып, Бейапар бәйбіше жауырына сауысқан қонған жауыр биедей шыбжың-шыбжың етіп ол жүр.
Жұрт қойды әрі қуып, бері қуып, ауылға икемдеп келеді. Қойшы болса әлі жоқ. Сағындық пен Толарсақтың көзіне қойшы түспейді. «Қойшы қайда?»– деген әркімнің-ақ дауысы Сағындықты ширықтырып жіберді. «Бұл бізге қылмағаны қалмай, тайтаңдай төбемізге шығып алған жоқ па», – деп, бәйбіше отқа май құйғандай сампылдап сөйлеп келеді. «Осыны Қоянкөздің жалғызындай тым тайтандатып жібердіңдер, жалшыны осылай ұстаушы ма еді», – деп, бәйбішенің бауыры Төлепберген:
Саржалақ Бадырақ сүмелек дәу де болса ана итарқада шығар, –
деп, байды одан бетер жауықтырды.
Бай:
– Бадырақ, әй Бадырақ, шық бері, – деп айқай салды.
Кешегі іңірден барлық жүкті жаңғыз артып, күн-түн мызғымаған жазған Бадырақ жеке тиген Жеңсікті кұшақтай сүйіп жатып, балбырап барып ұйықтап кеткен еді.
Байының мына айқайынан шошып оянған Жеңсік Бадырақты тақыр қолтықтан бір түртіп оятып жібергенде, ұйқылы көзімен сопаң етіп Бадырақ ұйқы-тұйқы күйде итарқадан шыға келді. Шошып оянған ұйқының әсері ме, итарқадан жар кетіп Бадыраққа іле-шала тоқалда бір көрінді де, «мұным не» дегендей, жалт беріп қайтадан итарқаға кіріп кетті.
Толарсақ бәйбіше жантаңдап келіп:
– Итім, әне көрдің бе, қалай екен, – деп Сағындықты сабауымен түртіп қалды. Жамыраған қойдың қозысын ауылға көгендеуге айдап келе жатқан жанның бәрінің көзі басы-кезі ұйпалақтанған Бадырақ пен бадырайып тұрып тоқал шығып көрінген итарқада еді.
Қырықтығы қолында, емпеңдеп, кұрттаған жылқыдай кирелеңдеп Бадырақ қойға келгенде, бір кемпірдің қолындағы бақанды жұлып алған Сағындық оңтайына келіп қалған қойшыны қос қолымен табандап тұрып көкжелкеден көсіп қалғанда, Бадырақ аузын бақадай ашып, тыраң ете түсті.
Қатып қалғаң қайың қара бақан қарақұстан айқара тигенде көзінің оты жасындай жарқ ете қалды. Үні шықпады. Одан арғысын Бадырақ білген жоқ. Бадырақтың жанына қанша батқаны бізге де мәлімсіз. Жалғыз-ақ жамыраған қойды қозысынан ажыратып, өріске жіберген шақта аузынан қара қаны ағып топырақпен илектеніп жатқан Бадырақтан басқа шилі татырқайдан өзге ешнәрсе көрінбейтін еді.
III
Күн көктің етегіне елбіреп іліне бергенде, жұртынан қозғаптан ауылдардың кеші әлемтапырық болып араласып кетті. Төңірек ию-қию. Үкілеген құлынға мінген екі-үш бала жылқышы жылқыны жеделдете жинап айдап, көштің алдына шығарды. Қызыл қырғауылды, қырмызы кілеммен әшекейленген көштің ең алдында Қоқанның құранды ерін ерттетіп, үйдей болып боз ат мінген бәйбіше барлық көшті жетелеп келеді.
Тегермеш етіп соңғы үлгімен жасалған қара құндыз кәмшат бөрікті ақ маңдайға қиғаштата, шекеге салған екі қыз қатар келеді. Жезді қамшымен төгілте қамшылаған, күміске бөлеулі аттарды ауыздығымен алыстырып, түйеден ауған кілемнің пұшпағынан тартып түзетеді де, арттарына қарап сақылдап күледі.
Қалың көш созылып ойдан дөңге шыққанда, енесінен айырылған құлын-тай баладай шырқырайды. Әр жерде ылыққан иттер ұлиды.
Көштің жуан ортасындағы шаңырақ салған қара інгенге ілесіп, түйенің қомдаған уығымен тіркеле, құлынды торы бие келеді. Беліне түйенің жалба жабуын көлденең сала салып, басын ала құрмен ноқталаған биенің үстінде шашы дудырап жалпылдаған адам көргісіз албастыдай әйел. Бұтындағы көнетоз балағы жырым-жырым дамбалдан басқа үстінде лыпа жоқ. Аузы-басы – қарақожалақ күйе. Мойнында құрым киіздің жалбасы тесіп ілінген. Бұл құрым үстінен тарам-тарам болып аққан қамшының қанымен сатпақталған екі емшекті жабуға жетпейді.
Екі қолы артына мықтап байлаулы, аяғы аттын бауырынан ала жіппен тартылып байланған.
Бұл кеше түстегі қозы жамырағанда Бадырақты қойнынан тұрғызып жіберген Сағындықтың жас тоқалы Жеңсік еді. Кешегі қызық бүгін мұны, міне, осындай азапқа түсірген. Жеңсіктің кеше итарқадан Бадырақты шығарып жіберуі бәйбішенің де, сол жердегі елдің де «намысын» қоздырған. Қатынның төрт жағынан төрт қазық қағып керген. Үстінен қой айдаған. Құрым киізбен ұшықтаған, қырықтық қыздырып денесін қарыған, екі бұрымын шорт кесіп тастаған. Түнімен сол қазыққа таңулы жатып, ел көшкен соң мойнына құрым іліп, бетіне күйе жағып, ауылды үш айналдырған да, торы биеге жалаңаш таңып, қара іңгеннің уығына тіркеген.
Бұл Қоянкөз ауылының ата-бабасынан қалған, осындай құл-құтанмен шатасып, сүйек сындырған бұзықтарға істейтін ежелгі жазасы еді.
Осындай «тамашаны» көруге түйелерін жетектеген әр үйдің қатындарының дауысы сыңқылдап шығып, ойдағы-қырдағы өсекті қоқсытып келеді.
– Өл да ғана мұңдар-ай, қойшымен қосылғаны несі екен, – дейді. Жеңсіктің әлгіндей түрін көріп жанынан өткен қыз-келіншек жырқылдап күліп, беттерін шымшылайды. Бозбалалар жерге түкіріп, қыз-қырқынды қағытып, «сен де сондай боласың», – деседі. Қасына ерткен саудырлақ үш кемпірді әңгімеге тартқан Толарсақ бәйбіше жау мұқатқандай тасқындап сөйлеп, қара аттың үстінде есіп келеді.
Мұның үстіне өңшең тай-байталға мінген кедейлер бір топ сиырды топырлатып қуып тықты, сиырдың бірнешеуіне кедейлердің жүгі артылған. Үстіне ши теңделген қоңырала өгіздің артына тіркеулі, аяғы өрелеулі бір жалаңаш жаяу келеді. Басы-көзі көнектей көкала, үсті-басы шиедей қан. Екі қолы артына таңулы, абыройы ашық, бет-аузы күйе, мұның да мойнында кұрым киіз. Екі тақымдағы қара шылбыр сексеуіл бұраумен бұралып, бунап тұр.
Сиырды қуып айдаса, тұсаулы жаяу еліктей ұшады. Бұл да көштегілер үшін үлкен «тамаша» болды. Бұл – кеше түстегі қозы жамырағанда итарқадағы Жеңсіктің қойнынан тәтті ұйқысынан шошып оянып тұра жүгірген Бадырақ байғұс еді. Бұған да кеше ұрып жығылғаннан кейін ел жиналып, мойнына шылбыр тағып, құрым іліп, атпен ауыл айналдырған, жабыла сабаған, түнімен тұманың басына керіп тастап, үстіне қырық шелек суық су құйған.
Сағындық Төлепбергенге тарттырғалы жатқанда, көлденең бір сый кісілер келіп қалып, кісі тартудың негізі жаман екендігін айтып, басып кеткен. Бұл да өзінің бойын бағып, қойын бағып жүре бермей Жеңсікке жерік болған тентек құлдың ескі ғұрып бойынша тартып келе жатқан жазасы еді.
IV
Күн боран. Қиыршықтап қар жауып, оңнан соққан суық жел. Ақсудың кішкене қалашығы. Бір терезесі бар үйде уездік комиссар Абылайхан тұрады. Бұл он болыс матай деген елге қалың малын таратып салып, садыр Омар қажының қызын алғалы жатыр. Матайдың өншең жуаны – Тәңірберген Тұрысбекұлы, Қалабек Шиырбайұлы, Бекіш Былшықұлы, Сұлтан Егеубек, Сақайбайдың Мүтәші бар барлығы жабылып бұған қатын әпергелі жатыр.
Заполоты бұзылған үлкен қорада мыңға жуық түйе жатыр. Бәрі аш, шомын жұлып жейді. Лаушының ортасында мұрны жырылып, шиедей қан аққан, көзі жаудырап, мойнын жерге салып шөгіп жатыр жануарлар.
Қабағында қалың қайғы біреу осы маңайдағы қылыққа разы болмай қарғайтындай. Алөкпе болып күркілдеген, өзі аш түйені бауыздады. «Арық малдың бауыры ас» деп қара бураның бауырын далаға жаққан қамыстың күліне көміп жеп отырған қойшы еді бұл. Қойшы – лаушы. Лау деген – елге қара құрық. Бұл түйелердің алынғанына үш ай.
Мына лаушы ауылдан шыққалы да үш айдай болған. Бұл өлген атан қойшыға қанжығаның ар жағында кез болып, жүгімен бұған тапсырылған. Оқ-дәрі тартып келгелі, он бес күн, аш-жалаңаш қамалып жатыр. Жаман жалба тонның етегі – төсек, жеңі – жастық, жамбасы – мұз, қойны – қар. Бұл қойшы бүгін түнде кезекті күзетші болған еді. Қырсық қылғанда, төменгі Кенже деген ел бұл түні оның он бір түйесін ұрлап кетіпті.
Сақайбайдың Мұқашы мен қылыш асынған екі орыс түйені түгендеуге келді. Болыс-болыстың лаушысын тексеріп келгенде, он бір түйе алып Кенженің бес адамы түнде қашып кетіпті. Кім бар, кім жоқ дей келгенде жөні білінген соң, бүгінгі күзетші кім деп сұрастырып, қойшыны тапты.
Қойшы болса есі шыққан меңіреу адам сияқты. Анадай жерден өзге жігіттер көрсеткенде, Сақайбайдың тілмаш Мұқашыәке-бабадан тартып боқтап ала жөнелді. Солдат қойшыны мылтықтың дүмімен түйіп, жұлындай ұшырып түсіріп, бастан бір тепкенде етіктің одырайған шегесі төбедегі құйқаны сыпырып, көзінің алдына түсірді. Басы-көзін қан жауып кетті. «Ойбай» деген бір әлсіз дауыс шығып, қорқырап, құлап кетіп бара жатты.
Қойшы түйе сиіп, көк мұз болған тайғақ жердің үстіне жығылып, көкке қарап көзін ашқанда, аспандағы бұлт қоймалжың сұрғылт сияқты көрінді. Қиыршықтап суық желмен үрілген ұшқын ұсақтас қойшының қанды маңдайына тиеді. Кірпігін әзер ашып, таңға қарайды. Көзін сығырайтып күнге қарағанда күннің нұры лайланып көрінгендей, ашылмайтын әбігер боран сияқты еді.
V
1918 жыл.
Бірінші айдың жиырмасы. Күн жылымық. Қорадағы сары сідік жібіп, жолға түскен қойдың құмалағы қарға батып жатыр. Бүгінгі күн наурыз. Ішіне шеке салған тары кежелі қара қазан шыбығынан мөлдіреп, бүлкілдеп қайнап тұр. Елдің қарны ашалаң. Әсіресе, байдан ақысын ала алмаған, соғым соя алмаған жарлылардың үйі күреңқабақ. Сағындық сияқты байдың үйіндегі қап түбінде аз күнге жетер-жетпес тары қалған.
Наурызға жиналған ел үй ішіне лық толып отыр. Сақалы саудыраған шалдар мен молда, қажылар төрдің алдына шығып алған. Қайдағы-жайдағы ұзынқұлақты күпітіп, тасытып отыр. Құлағына бірдеме тисе қобырата кететін Қожығұл судыр қаладан келген екен, естіп, білгенін бұлдыратып былай дейді:
– Мұның өзі де ішінен бүлініп жатса керек. Өнері асқан Балшабай деген бір атаның баласы наразы болып, Мекалайға кісі салыпты. Балшабайдың бастығы Лиан деген тілді-ауызды адам білем. Сол Лиан: «сен Романский тұқымы үш жүз жылдан бері тақтан таймаған патша болып келесің. Біздің есеге қолымыз әлі бір жетпейді. Біз де бірталай жұрт едік қой. Құдайға қарасаң, жұрт тынышталсын десең, елді қақ жарып, патшалықты бөліп алайық. Сен мына ақсүйек, алтын түйме, байұлықтарды алып, қазақ-орысыңмен бол. Зауыттағы қаратабан малай мен соқа ұстаған мұжықты маған бер. Сөйтіп, бітіселік», – депті.
Сонымен, Мекалай жағы бұған көнбей, «тұрысатын жерінді айт» деп қағаз қайырыпты.
Балшабай жағы да қаратабан малайды ертіп ұрысқа шығып, орыстың көп жерінде ұран шақырған екен, мұжық атаулы соған болысып кетіпті. Әр қала-қалада, майдандағысы майданда бет-бетімен патшаға, казак-орысқа қол көтеріп, тас-талқанын шығарып, қырып жіберіпті. Байды талап, пәбірігің өртепті. Сол бетімен осы жаққа да келе жатыр деп айтады дейді, – деп, қолындағы мұжып отырған шекені Сағындыққа ұстата берді. Сағындық шекені қорбандап алып жатып: – Тақсыр-ау, заман не болып бара жатыр, – деп молдаға қарады.
Молда:
– Заманақырдың таянғаны ғой. Балшабайды халықтың пиғылына жіберген алланың жалғыз көзді тажалы шығар,– деп керіле бір кекірді.
Насыбайға сатала болған сақалдан асаған еттің тұздығын сорғалатып жеп отырған жыпық Қайрақбай: – Айтса да, айтпаса да, мұның көзі шаңырақтай маңдайында жалғыз екен деп айтады, анаугүні біреудің жаназасында айтысып отырды, – деп, тағы бір сөз тастады, – алды Алматыға келіпті. Ондағы ұлықтар бет-бетімен қашып кетіпті. Абақтыдан Тынышбаев екеуіміз бірге қашып шығып едік, бірақ оның қалай кеткенін біле алмадым, – деп, Отыншы Әлжанов деген төре осы маңға бір қоныпты да, зытып беріпті. – Жандаралдың тілмашы – Жайнақұлы Ыбырайым, ол да қашып осы жаққа келе жатыр дегенді айтысты, – деп, Жұман пұшықта тамағын бір кенеді.
Осының бәрін ет жеген елдің қолына қыдыра су құйып жүріп, көже үлестіріп жүріп, Бадырақ түгел естіді. Бірақ Мекалайдың кім екенін, Балшабайдың не сөз екенін Бадырақ ажыратып сабақтай алған жоқ. Қаратабан малайлар меп мұжықтар бірігіп, патшаны жеңіп, байды талап, өкімет болды деген сөз Бадыраққа баса салмақ болып, қанша ойласа да ұшығына жете алмайтын жұмбақ еді.
Әлеумет аяқ-аяқ көже ішті, ет желінді, ел тарады. Бадырақ қашада сағырлап жатқан қойды кылшалауға шығарып, төбе-төбеге жіберіп, биіктен қарап тұрды.
Қойдың күннің жылысында жадырап, көсіле жайылғанын көріп көңілі көтерілген қойшы аспандағы ақшарбы шаңыт бұлттан жалт еткен күнге «қай уақыт болды екен» дегендей көзді сығырайта қарап қойды. Күннің көзі дөңгеленіп, нұр төгіп тұр. Сонда Бадырақ «Балшабайдың жалғыз көзі деген осы күн секілді екен ғой» деген ойға беріліп, көңілінде бір сезім жасындай жарқ ете түсті.
Бадырақ қой жайып тұр. Даланың алыс аспанындағы бұлт бетін бүркеген қызыл құлақты күн қылт етіп, шаныт тұманға қайта кіргенде, қойшы күн Балшабай көзіндей деген ойдан айырылып қалып, жайылып жатқан қойға қарап «шайт, шайт», – деп қойды.
VI
Бұл уақыт жылдың шілде айы болатын. Қыстайғы аңыз болып, «ұзынқұлақтан» естілген Балшабай қала-қалаға келіп, ат жинатып алып, қырға шығып жатыр. Байды талайды. «Байсың» деп кім болса соны талайды, ауыл аралайды, әйел басады. Көрінгеннің астындағы атын тартып мініп, мінген аты мен ертоқымын кез келген жерге тастап кетеді.
Белгілі бір бастық, рет, тәртіп жоқ сияқты. Бестен, алтыдан солдат елге шығып, әкесіне «бауырым» салғандай ауылға шауып келеді де, мылтықты атып-атып жіберіп қопарыла үйге түседі. Қымызды түрегеліп тұрып, не аттың үстіне алдырып ішеді де, қалғанын шашып жібереді.
Үйге кіріп, теңді тіліп, жарақты нәрсенің бәрін алады. Тіпті бойжеткен қыздардың кәмшат бөркін киіп алған талай сарыауыз солдат болған. Төлепбергеннің ауылына мылтық атып, теңді тіліп, ұрғашы белдік пен ақ бұйра ішіктерді тартып алған. Былдырдың ауылына да білгенін істеген. «Товарщтардың» осындай өрескел қылықтары елдің жүрегіне найзадай тиіп, ішіне мұз қатқан.
Бірақ бұлардың бір жақсы жері – ел ішіндегі жуан-жұдырық пен байды басып, құрдай жорғалатқан. Бұрын орыс-қазақтың тобынан беті қайтпаған, бурадай бұрқыраған, қарыны аттың басынан асатын саңқылдақ Сарман «Балшабай келеді» дегенде, қазанқап жамылып, жерошаққа жата қалып, күні бойы тығылып жатқан.
Қазақтан асқан Маман ауылының бірнеше адамдарын дуан орталығы Қапалға шақырта бастағанда, олар Қытайға боса қашқан. Мұндағы қалған олардың жабдықтарын талап, үйлерін өртеп жіберген. Бұл Маман балаларының үйін талап, өртеп жіберетін «Балшабайлар» сол маңдағы Тасбекет деген қаланың қазақ-орыстары болған. Бұлар ежелден қазаққа жау, өшпенді орыстар еді.
Көлдің көгалды жеріне итіне қонған бір ақ ауыл тұр.Ауыл – үш үй, бір итарқа, бір қос. Ортадағы ауыр сайманды ақ үй. Оған жалғас байдың қоңыр үйі. Ақ үйдің оң жағын ес қаптаған үзікке борлат ою бастырған бүлдіргендей әсем отау.
Күн екінді. Ауыз ораза. Ақ үйдің көлеңкесінде Мырзағұл қажы көрпе үстінде сақалы дөңгеленіп, омырауын ашып отыр. Байдың қаршығадай қақа тұяқтоқалы көк тегештегі қымызды қызыл ожаумен үйіріп, салқындатып сапырады. Одан оңашарақ көлеңкеде үйіндісі үйдей қажы бәйбішесі ұйықтаған баласын шыбыннан қорып отыр. Ауызашарға дайындап, сүр араластырып қайнатқан қазандағы кепе қозының етінің сарала сорпасы шымырлап кілкиді. Ақотаудың алдында ала сырмақтөсетіп, байдың келіні мен бойжеткен қызы машинені сырылдатып, киім тігіп отыр.
Бұл ауыл Лепсі оязындағы Садыр деген елдің Сәрке деген руының қажысы Мырзағұлдікі. Ол – ежелден ескі, қордалы бай. Басқан бойынан салған көк шатырлы үйі бар. Жылқысы жер қайыстырып, қойы мыңғырады. Мырзағұл – Сағындықтың бауыздау құдасы. Алыспағанын алысып, аузындағысын жырып берісіп, сыйласып отырған қимасы.
Мырзағұлдың қоймай жабысуымен Бадырақты Сағындық жақында ғана соған берген. Ол әне, көгенделген бойдақ қойды қырқып жатыр. Лезде неше қойды тұрғызады. Бадырақтың «байға қылма, малға қыл» деп сүйегіне біткен жұғымды, таза ниетті қызметіне Мырзағұл ішінен қатты қуанған еді.
Ауылдың иті шу ете түсті. Тарс-тұрс мылтық атылды. Түтін, шаң. Тыныш жатқан ауылдың алды-артына өңшең бір шолақ атты, сұр шекпенді солдат қаптап кетті. Қараала текеметтерді қылышпен қырқып тоқым етіп, үстіне ұрғашының күмісті ерін жіппен тартып мінген, аузы тобарсыған сарсапақ солдаттар қораны аралай шауып, Мырзағұлдың үйіне келді. Есіктіңалдына келіп түсе қалып, байды мылтықтың дүмімен қойып қалып: «жылқы қайда, алтын бар ма, ақша тап», – деп, ішке теуіп-теуіп қалды.
Байдың көзі бажырайып, есі шығып, домалап тұра алмай жатыр. Мұны қисық табан солдат етікпен және бір орыс теуіп жібергенде, домалап, сасқалақтап барып, жақын тұрған тайқазанның ошағын мойнына іліп алды. Байдың мойнына арқан тағып «алтын тап, ақша тап», – деп солдаттар киізше илеп, тепкілеп жүр.
Астына ала сырмағын төсеп, баласына шыбын қондырмай, жайбарақат отырған бәйбішенің да шашы дудардай болып тарқатылып, анадай жерде ойбайлап тепкі тиген бөксесін уқалап жылап тұр.
Солдаттар үйге кіріп, былғарымен қаптатып, үстіне ақынай ұстасына күміс жаптырған қарала сандықтарды мұжық тесемен талқандап, біріне-бірі балдыр-бұлдыр сөз айтысып, қуанысып ішіндегісін алып жатыр. Бар асылды, олжаны қойын-қоныштарына тығады. Кілемге буған теңдердің қарала арқандарын қылышпен турап, ішін ақтарды. Түлкі, жанатішік, қарсақ, қасқыр ішіктер, саудыраған су жаңа сәукеле құшақ-құшақ болып үлестіріліп жатыр. Сарт заманынан бері өліктердің бетіне жауып келе жатқан мата, астарлы жұқа шайы шапан екі солдаттың тартысына түсіп, дар ете түсті.
Ана жақтағы ақ отауға солдаттың бес-алтауы апыр-топыр кіріп барады. Қыздың құлындағы дауысы шығады. Бірталайдан соң желегі ортасынан екі бөлініп, шашы жалбырап, буынын баса алмай, орыстың ұлы дүбір ойнағына түскен қалжақпас асау, шығымды байталдай сандалып қалған келіншек пен қыз тұр. Бұрын кірпігіне кір жуытпай, ақ мысықтай ширатылып отыратын Мырзағұлдың ақ борық келіні сүметіліп, үйден бетін басып далаға атып шықты.
Жалбыр-жұлбыр болып жан-жаққа шауып кетіп бара жатқан орыстар. Ішінде қала қазақтары да бар. Мұның біреуі — ұрлық қылып ұсталып, былтыр ғана шыққан осыелге белгілі Тоқымбек деген ұры. Мойнына асқаны бесатар, қылышы қолында. Өмірінде әкесі мінбеген күмісер-торқымды ерттеп алған қара жорға атпен орағытып, ауылдың апшысын қуырады.
Бұл маңайдағы ел үркіп кетті. Төңіректегі ауылдардың адамдары Мырзағұл ауылының маңайынан торғайдай тозған. Дуылға солдат соқтыққан кезде-ақ есіктің алдында топырлап жетіп келген аттұяғының астында қалған, бағанағы шыбыннан қорғашталып отырған жас бала баж ете түсіп, соңғы үнін бір-ақ естірткендей болды. Мұны көріп ми шыдамаған Бадырақжүгіріп келіп баланы ұстай бергенде, қалада жүретін карташы Қуанышбай:
– А, тексіз кедей, байдың баласына жаның ашып бара ма, — деп, атының бауырына алып Бадырақты қамшымен салып-салып жіберді. Ұлан-азар шаң қылып, ауылға жылқыны да айдап келді.
Жылқымен бірге Мырзағұлдың баласы Смайыл мырзаны да алып келді. Оның басы-көзі қан. Жүйрік боз ат ұстатпай, жылқыдан шыға қашқанда, оған құрықжіберген жылқышыны бір солдат атып, ұшырып түсірді.
Солдаттар жиырма бестей кісі, мұныңбесеуі мұсылман, біреуі – ұры, біреуі – карташы. Ал енді бірі – кісі өлтіріп, ұсталып жүретін қазақ. Тағы екеуі ноғай. Мұның бірі – алыпсатар, бірі – молданың баласы.
Күн батуға айналғанда солдаттар Мырзағұлдың бар малын ауылға иіріп қойды. Үзігін сыпырып тастап, жалаңаш үйге Мырзағұлды, баласы Смайылды арқанмен тас қып байлап тастаған. Бәйбіше мен қыз, келіні, екі тоқалы аңырап өлген баланың үстінде жылап отыр.
Мырзағұл төңірегіндегі қойшы-қолаңның қатын-қалашымен асулы қазан басына айдап барып, мал сойғызып, қазан астырып жатыр. Бадырақтың ойына келгені – «осындай қарбаласта қой жоғалар ма екен, жылқы қойды тоздырып, тұрғызбайды». Бадырақ құстай ұшып барып мың қойды қоралап жүр.
Жерошақтың басына төселген кілем-көрпелердің үстіне жусаған қойдай ақ жастықтарды тыңқитып қойдырған, оның үстіне аунап-қунаған орыстар балдыр-бұлдыр етіседі. Сиыршы Мекербектің кемпірі өреше үстіне ет түсіріп жатыр. Етті істікпен алып жейтін, оның жасауын білмейтін солдаттар қасқырша жұлып жейді. Күрешкесімен малып алып, сорпасын ішеді.
Бір уақытта бір орыстың аузынан: – Әкең аузы… кушай киргиз, как волк,.. — деген одағай сөздер естілді.
Содан соң маңайдағы малшы қазақтың барлығын жинап алып келіп, шидің үстіне үйілген еттің қасына тұрғызды.
Бірақ бірде-бір қазақтың тамағынан ет өткен жоқ. Бұларға: «Көкірегін шалап алған қу кедей, же!» – деп, Әкімбек ұры әкіреңдейді. Онымен бірге орыстар мылтықтың дүмімен желкеге нұқиды.
Қойдың ортан жілігін зорлықпен ұстаған Бадырақты:
– Кушай, сволочь киргиз, – деп, көкжелкеден түйіпқалып мұрттай ұшырды.
Мұның не бәлекет екеніне ешкімнің көзі жетіп тұрған жоқ. Қағылдап шетке шыққан қазақты етке кайырады. Боқтап, қуып тығады. Қазақтар амалы жоқ, шешесі ұрып тамақ жегізген баладай әйтеуір қажалайды. Мұнысы кедейге байдан әперген кегі, байды мұқатқаны, кедейді есіркегені еді.
Ақшам кезінде даланы шулатып, мал қалаға айдалды. Мырзағұл Смайыл баласымен бірге қолдары артына байлаулы айдауда келеді. Айдаушы – екі қазақ, бес солдат. Бұлармен араласа қызы мен келіні және бәйбішесі де аңырап келеді. Жайдақ атқа масаты кілемнің үстіне қойшының қоңыр мұжықерін тартып мінген бір солдат келіп бұлардың алдында шылым тартады. Дікеңдеп ұрсады. Бұлар ернін шығарып «адыра қалғыр, аулақ!» – деп, атының басын бұрса, солдаттар сақ-сақ күледі.
Бадырақ таңдатып айдаған жылқы мен қойдың соңында жаяу келді. Өмір бойы баққан малы бұған, әрине, ыстық. Оның әлі қойдан айрылғысы келмейді. Өмірде қар төсеніп, мұз жастанып, аш–арық жүрсе де, сол өмірі бүгін, міне, көзінен бір-бір ұшқандай болды.
– Айда, – деп, бір солдат Бадырақты атпен омыраулатып еді, ат оның өкшесін басып, қызыл асықтан төменгі жердің терісін сыпырды да түсті. Ауырсынып отыра қалып солдат оны қамшымен көсіп кетті. Қорыққанынан сылти басып қойды айдады. Ертеңгі бесінде айдалған мал Сарқанның қаласына келді. Қалада жатқан әскер төңірегіндегі Балшабай болған жатақтар малды талады.
Орыс-қазақ үлескенде, Мырзағұлдың малын бөліп кіргізген барлық қора малға лықа толды. Малды алып болып, күн ұясына батып бара жатқанда Мырзағұлды баласымен бірге запалотқа сүйеп койып атты. Қыз, келін, бәйбішесіне солдаттар білгенін істеді.
Өткен қыс Бадырақ Сағындықтікінде жүргенде бір ұры түсіріп алған еді. Ол бүгін Балшабай болып, Мырзағұл атылып жатқанда, қойшыны тани кетті.
– Мынау – Мырзағұлдың баласы. Қулық қылып жаман киім киіп тұр, – деп Балшабайдың бастығына айта қойды. Орыс бастық мылтықтың дүмімен Бадырақты сілейте ұрып жығып, қылышпен көк иықтан бір шауып, Мырзағұлдың жемтігіне қарай сүйреп тастады.
Есі ауып қалған қойшы шабан сары жұлдыз туа колымен қармана жүріп, қарнымен жорғалап, жылжып келіп, талдың арасына кірді. Арықтан су ішіп, аздап әл жинады. Жуынып алып, қаланың ар жағында тұрған тауға қашып кірді.
Таң құланиектене таудың сылдыраған бұлағының басында таң атқанша отырып, Балшабайдың кешегі өз басына істеген істерін ойлап шықты. Ала қыстай естіген «Балшабай бай мен кедейді теңейтін әділ екен» деген ойдан Бадырақ жаза басып, Балшабайды кедейге баймен бірге қабаттай келген бәле екен деп, өзінше қорытынды шығарды.
Күншығысқа тұрқын беріп, асқақтаған ұлы таудың мұртынан шашырай төгіліп, әлемге қызыл сәулесін тарата шығып келе жатқанда, қараңғылығы әлі ашылмаған Қаршығалы деген қара сайдың сылдырай аққан бұлағында қарғадай қалқиып бір мүсәпір суға қамшыдан аққан қатқан қанын жібітіп, жуып отыр.
Бұл баяғы Бадырағыңыз еді.
VII
Бұл уақыт 1921 жылдың жазға салымы болатын.
Қара бұйрат қалың құмның қойнауында қарағайдың көміріндей қаусаған қалың қараша үйлер бір жерде үйме-жүйме отыр. Бұл ауылда малдан маңырама жоқ. Бұлар биыл жарлы-жалшылардың ұйымы жасалып, әр қаланың қақпасында, әр байдың босағасында телім-телім болып жүрген тозғын кедейдің басы құралып, бірлесіп қонған ауылы болатын.
Күн қайта бергенде, қаладан екі-үш оқыған жігіттер келді: Ауылдың ортасына Исабайдың келісін төңкеріп, үстел қып, мәжіліс ашты. Үстел басыға Байтоғай, Ербосын, Қиқымбай сайланды.
Осы ауылдың еркек-ұрғашысы айнала алқа–қотан отырысты. Кішкентай қара кітапшасына жасалатын баяндаманың ішкі сүйегін жазып алған шашты қара бала түрегеліп тұрып сөз сөйледі:
– Ардақты жолдастар! Кедей-кембағалдар, жарлы-жалшылар! Үстіміздегі үкімет – кедейдің кеңес үкіметі. Ішкі Ресейде кеңес үкіметі орнағалы үш-төрт жыл болса да, бүгінге дейін біздің осы жерімізде шын мәнісінде кеңес үкіметі болған жоқ. Оның түрлі-түрлі тарихи себептері болды. БіздіңЖетісу топырағындаорыс жаулап алудәуірінен бері шаруа, саяси әлеумет жөнінде шиеленіп келе жатқан қиын түйіндердің талайы жұрт басына томаға болып келеді. Бізді жаулап алған соң орыс үстемдігі орасан шымбайымызға батып, оның отаршылдығы шектен асты.
Орыс елдің арасын әкімдіктен ада қылып, ұйтқысын бұзды, шаруасын шайқады. Кір жуып, кіндік кескен ата-қонысынан ажыратып, елді тауға, тасқа, құмға, тақырға қамады. Өрістен айырылған мал қожырап, қоныстан айырылған ел кедейленді. Қала-қалаға батырақ толды. Даланың шаруашылығы қанаумен қалаға жұтылды. Үкімет елді сабаумен, қамаумен корқытып келеді. Сондықтан елдің орыстан соқтасы суып, жаны жауықты. Орыс атаулының бәрін жау көрді. Сонымен бірге, орыс шашбауын көтеруші әкімдерді көпшілік қара бұқара сүймеді. Орыс әкімдерін де, оның қолшоқпары – қазақтан шыққан болыс, би, старшын, тілмаштардың да ел, қара бұқара назарында қорқытудан басқа қадірі болмады. Кедейдің малын талап, қампымен қанады. Ел бірөңкей, ал болыс пен орыс бірөңкей сықылданды.
Орыс әкімдері ел ішіндегі жуандарды, байды қолдады. Кім малды болса, әкімге жақын болса, сол өзге көпке өкім қылды. Аз атаның баласы жуанның жұлығына жамауға қойынды болды.
Қала-қаланың казак-орысы Жетісу өңіріндегі барлық сулы жерге бауыр басты. Жыл сайын төңірегіндегі елді қырып-жойып, қазақты қарғадай атып тастай салды.
Міне, осындай шиеленген шаруа, саясат қайшылықтарынан орыс пен қазақтың арасында ұлт дұшпандығы туды. Орыс-орыс, қазақ-қазақ деген түсінік күшейді. Бұл бөлектік, ұлт жігі күннен күнге уыттанды. Осыдан келіп, он алтыншы жылғы жігіт алу жұмысымен жапсарласа Жетісудағы қазақ-қырғыз халқының патшаға, орысқа қара бақанмен қарсы көтерілісі болды. Бұл жергілікті халықты құлдануға елу-алпыс жылдай талап қылған патша өкіметі саясатының жемісі еді.
Жер-жиһан соғысы қарсаңында патша өкіметі қармағын қайрап қазаққа салған еді. Алым-салымнан елдің әбден жығасын жығып, жігітін ішкі Ресейге, майданға тозғындатып жібермес еді. Егер бостандық болмағанда, сол алынған жігіттерден елге тұяқ қосылмайтын еді. Көзсіз көбелектей көрінген жердің жұқпалы ауруымен шыбындай қырылып, таусылатын еді.
Он жетінші жылы бостандық болды. Бостандық Ресейдің жалпы қара жалшысы, қалың крестиянның тауқыметімен жасалса да, оның басына байлар мен капиталистер, солардан шыққан оқығандар ие бола кетті. Соғыс тоқталмады. Елдің шаруасының шайқалуы тоқталмады. Кедей жағы теңдікке, шын бостандыққа жете алмай, бұрынғыдан бетер боздады. Халық күресін тоқтатпай, әлі де төңкеріс қимылын қылды. Жалшы-крестиянды дегеніне жеткізуіне жетектеп жүрген Ленин бастаған большевик партиясы еді. Көпшілік большевиктің уысында болды. Бұлардың салқынымен тағы да өзгеріс болды.
Енді өкімет басына ұсақ байлардың табақшысы – әсер, меншевик партиясы міне кетті. Тартыс, сөйтіп тағы да басылмады.
Біздің осы жерімізде «бай бостандығы» болды. Біздің қазақтан «бостандықшыл» бай-манап, тілмашы болды. Жуан ақсақал, саудагер, молда, қазіреттер «құриятшыл» болды.
Бәлкім, өздеріңіз естіген шығарсыздар, осы Қапал ауданының атқару комитетінде ноғайдың көпестерінен Шаяхмет Әбдісаттаров, Қадырбай Көсебаев, орыстың байы Шабалов, қаланың имамы Ноғай қажы Ахмет, даланың молдасы Сүлей қажы, тілмаш Сақабайдың Мұқашы, қазақтың саудагер-бай жуаны Құдайберген Тұрысбекұлы, Қанабек Шиырбайұлдары соларға мүше емес пе еді?
Сол жылы күллі Ресейде де осы жағдай еді. Нашарға теңдік болған жоқ. Тіпті ел ішіндегі жуандардың өз қолына өкімет тиген соң, сол жылы жарлы-жақыбайларды жаншып жіберді.
1917 жылдың күзінде Қазан төңкерісі болды. Ол төңкерісті крестиянмен тізе қосып, Ресейдің каратабан жалшысы өз қолымен жасады. Өкіметті өздері иеленді. Кедейлер кеңес өкіметін құрды. Мұны көре алмаған жоғарғы іші ашынды болған байлар, ақсүйек, жандаралдар кеңес өкіметіне тұс-тұстан жауықты. Біздің қазақтың төре тұқымды оқығандары «Алашорда» деген өкімет жасап, кеңес өкіметінің жауына болысты. Осылардың шақыруымен қазақ қоныстанған жердің көбіне ақтар әскері ойнақтады, от шашты. Елдің басында ерік, малында билік болмай, шаруаны бақсы ойнаған оттың күліндей етті.
Лау, алым-салық, сойыс, талан-тараж елдің жағасын жығып, әсіресе, Жетісудың қаракерей, садыр, матай елдерін тақыр жерге отырғызып кетті. Елдің бірқатары Қытайға, ашаршылық жайлады. Әсіресе, осы селебеде жарлы жаншылып, кедей кеуседі. Осының бәрі орыстың буржуасы мен қазақтың байы мен жуанының салған лаңы еді.
Ресейде Ленин бастаған жалшылар жасаған Қазан төңкерісінің салқыны алғашқы қарқында Жетісуға жете алмады. Бұрынғы уақытша өкіметтің«майбүйен» комитеттері он сегізінші жылдың наурызына шейін елді ұстап тұрды. Осы жылдың жазынан былай қарай Қазан төңкерісінің дүмпуі Жетісуда өзінше бір өзгеше түс алды.
Жетісудағы қала-қалаға тұрғанның бәрі тұяғымен түгел «төңкерісшіл» болды. Қашаннан қазақ құлданып, жергілікті ен жерді тартып алып, бата кимылдап қалған казак-орыстар да қолындағы бұрынғы жабдығымен «революционер» болды. Майданнан қару-жарағымен қайтып келген қазаққа бұрыннан өшпенді қақолдар маңайындағы қазақтың көрінгенін бет-бетімен быт-шыт қып атып жатты. Тәртіпсіз талау, аяусыз ату, байды қорқыту – мұның бәрі большевиктің қылығы. Өтірік айтып, осыны істеген большевик дейді.
Әркім әр қалада бас аламан әскер жинап, бет-бетімен «революция» жасады. Мамонтов, Петренко дегендер сондай большевик атын жамылған Жетісудың жұдырықтары еді. Бұлар өңшең бұзықтан әскер жасады. Әскер болып жазылғандар Жетісудың қашаннан қазағының қанын сорған казак-орыстары еді. Қақолдың жұдырықтары, ноғайдың алыпсатарлары, тараншының дәркемшілері, қазақтың ұрылары еді. Осылар елге білгенін істеді. Ауыл шауып, ел талады, үй өртеп, үлес бөлісті, әйел басып, текемет тілді. Біреудің қолындағы тәуір қамшысын тартып алу үшін «байсың» деп бажыраятын еді. Көрінген қазақты кезіккен жерде сабап, атын аударып мініп әлемтапырық қылды. Мұның қандай большевик екеніне көпшіліктің көзі жеткен жоқ.
Байдың ауылын басып, онымен қоса кедейді қызыл сирақ етті. Талай қойшы, талай жылқышы атылған баймен қосақтала оқтың астында кетті,– дегенде Бадырақтың ойына Сарқан қаласына Мырзағұлмен бірге айдалып барып, жазаланғаны ойына түсе кетті.
Өрлей үрлеген желменен көзіне жалбырай түскен шашының астындағы терді бір сыпырып, сөйлеп тұрған қара бала:
– Жолдастар, бір аяқ шалап табылады ма екен? – дегенде:
– Шырағым, осы ауылдан ақ табылмайды, ауыл-үйдің түрі мынау ғой. Бәрі де ылғып отырған өлмелі ашалаң кедей. Құдықтан таза су әкеп бер, – деп бала жұмсап, кедейлер ұялғандай күбір-күбір етісті.
Кетік тостағанмен суды сіміріп алып, қара бала сөзді ары қарай созды. – Әлгінде айтылғандай, ретсіздіктер жұрттың соқтасынсуытып, елге іріткі салды, толысын төгіп, ортасын шайқады. Қара бұқараны қойдай үркітті. Осыдан келіп, жалпаққараңғы ел большевик дегенді құбыжықкөрді. Сөйтіп, бұл«большевиктер» ел ұстап үш-төрт ай тұрса да, берекелі тәртіп орнатқан жоқ. Олардың істегені атып-шабу, жаншу, талан-тараж болды. Ел бұрынғы Мекалай заманына жылапкөріскендей болды. Сондықтан осы секілді «өтірік большевикке» елдің байынан бұрын қара бұқарасы, кедейі жауықты. Осының кұлауын тіледі. Көптің көңілі өзге өкімет іздей бастады. Большевик кім? Төңкеріс деген не? Бостандыққайда? Оның иесі кім? Кіммен кім дұшпан? Кім кімнің жауы? – бұларды жұрт ажырата алмай қалды.
Ел басына қойыртпақ бұлт орнап, көзін қараңғы тұман бұрынғыдан бетер басты. Бадырақ секілді қаратабан жалшылардың бірқатары таланған байдың малымен бірге атылғанда, біздің ауыл арасында: «байлар, жуандар болшабайыңа сендермен қоса жарылқанды ғой», – десіп, кедейді кекей мазақтады.
Міне, осы жағдайлар, өтірік большевиктердің орынсыз өкімі, талан-таражы Жетісудағы жалпы елдің, қара бұқараның кеңес өкіметіне қарсы көтерілген ақтар мен алашалап алдауына ауып кетуіне себеп болды. Сөйтіп, ақтың әскері қазақтың әлегін аспаннан шығарды, жау жайлады. Елдің малынан кұрық, басынан сырық кетпеді. Ел ішіндегі жуандар жұмыла атқа мінді. Қаптаған калың лау, қара құрық сойыстан әркім өз басын қорғап, малын арашалап қалуға қам жасады. Ақтардың ұлығымен біреу тамыр болып, түлкі тұмағын, күмісті ертоқымын беріп, енді біреу жорғасы мен жүйрігін сыйлап, тіпті кейбіреуі қыз-келіншектерді де тарту етті. Жалпы, лау шығынынан құдасын, аңдасын қорғап, алым-салықты ылғи қара бұқараға таратты. Айналып келгенде тағы да кедей сорлады.
Өне бойы лауға кедей жүріп, қысылшаң қыстарда талайлар даладағы ұзын жолда, боранда торғайдай ұшып өлді. Осыны естіп отырған Бадырақтың ойына Ақсу қаласында лаушы болып жүріп, ашығып өлген арық түйенің бауырын отқа пісіріп жегені есіне түсті. Сондай-ақ ол Мұқаш тілмаш пен орыстардың тепкілеп, басы-көзін қан қылып, естен тандырғаны ойына тағы оралды.
– Жолдастар, бір кішкене демалыс, – деп мәжіліс бастығы жариялаған соң, қара бала сөзін доғарып, қалбырынан шылымын шығарып, тарта бастады.Осы ұзын сөздің әсері мен уыты кедей-кепшіктің буын-буынына түскендей болып маужыратты. Осының барлығы рас дегендей, бастары төмен тұқып, Мәуедей салбырады.
Сөз тағы басталды.
– Былтырдан бері кеңес өкіметінің тұс-тұс жағынан жауығып, жабылған ақтар, байлар, жандаралдар өздерің сияқты кедейден құралған қызыл әскердің қайраты мен күшіне шыдамай, есеңгірей жеңілді. Кеңес өкіметінің шеніне жүре алмайтындай болып, басқа бай, патша мемлекеттерді сағалап, қашып кетті. Қазақ жері де, елі де алаштың алаңғасар азбандарының әлегінен әбден тазаланды. Кедей қамқоры – кеңес өкіметі шашылған қол-аяғын жаңа бауырына алды. Ойындағысын орындауға ойы жаңадан орнықты. Енді шынайы кеңесшіл өкімет сіздер секілді ауылдың кедейлеріне қол ұшын бермек.
Біздің Жетісуға Қазан төңкерісінің салқыны осы қыстан бері келе бастады. Бұл күнге шейін тон жамылған қасқырлардың қолындағы өкім Жетісудағы анық кедей өкіметінің, төңкерісшіл қамқорларының өз қолына берілді. Кіндіктен шын төңкеріс қазанында қайнап өскен революционерлер мен қызыл әскер келіп, «Өтірік балшабайды» қуды. Шын большевик партиясы бастаған әділ кедейдің езілген табының, арттағы езілген елдің қолдаушысы бүгін енді іске кірісулі. Жетісудың жуан жұдырығы, бұзық ниетті отаршысы, бай-манабы, тілмашы ауыздықталды.
Өкімет ауылдағы байды да, қаладағы жұдырықты да, телім-телім болып тентіреп жүрген қазақ малайларын да ұйымдастырмақ. Орыс, қазақ демей, басын теңдікке жеткізбек. Шаруа мұқтаждарынан босатуға тырыспақ. Байды бай, кедейді кедей деп, жік-жікке бөлмек. Әр ұлт дұшпандығын жойып, «жарлы-жалшылардың союзы» деген ұйым ашпақ. Бұл ұйымға осы отырғандардың бәрің де кіресіңдер, батырақ боласыңдар.
Ауылдағы байдың малы – аспаннан жауып, жерден өніп, құдай берген нәрсе емес. Әрбір байдың малы өсуінде,көбеюінде төңірегіндегі кедейлердің үлесі бар. Оңың малы қойшы, малай, батырақтардың баулуымен өскен. «Қызыл қозы», «тайынша» деп берілген несиенің өсімін енді кедейлер төлемейді. Мұның қорғаушысы өкімет, ауылдағы атқамінердікі болған, бақташысы кедей батырақ болған.
Енді ауқатына, күнкөрісіңе қарай адам баласы алалықсыз бауыр басады. Сендер өздерің ұйымдасып, бірігесіңдер, осы күнгі кеңес өқіметің билеп, жасап отырған жұмысшы-шаруалар көпшілігімен қол ұстасасыңдар. Солардың демеуімен сендердің де өнерлі жұрт қатарына кіріп, социализм деген дәуірге бұрылып, оған жететіндерің анық. Біз сол ұйымдарыңды құрып, жөн сілтеп, жол-жоба жасап беруге келген жайымыз бар.
Ұйымның бағыты түзу болып, большевик партиясы басшылығындағы ойдағы ұйым болып, жалпы кедейдің басы теңелуіне, тегістік дәуірге жетуді тілеп, бірігіңдер, ұйымдасыңдар. Тап татулықтарың ұштасып, бай басылып, кеңес үкіметі нығайсын! Жасасын Қазан төңкерісінің қазаққа түскен салқыны, жасасын кедей табы! – дегенде, ойына ой қосылып, жетекке еріп, салбырап келе жатқан кедейлердің жаншылған жаны жадырап, шапалақтарын сарт-сұрт ұрып, «пәлі, пәлі», – десіп сілкініп, ширап шыға келгендей болды. – Әй, шырағым, өкіметіңнің өркені өссін, – десіп жатты.
Тұмақтар алып тасталды, насыбайлы қақырықпен қатқан сақалдар тұштаң етіп, ырбиған жаман езулер ыржың еткенде өмір бойы тұнжыраған ауыр қайғылы қабақтар жарқ етіп ашылып, баяғыдан басып-жаншып басын қатырған кедейліктің ауыр салмағы күн көзіндей жарқ етіп ашылғандай болды.
Мұнымен бірге қара баланың қасындағы қаладан келген, тәртіп көрген Батырақ «Көзімізді ашып, біздің қамымызды жеп, осындай тәртіпті шығарып жатқан Ленин, Троцкий деген жолдастар жасасын», – деген дауысқа көпшілік жамырай шуылдады.
Жаман бөрік, жалба тұмақтар аспанға лақтырылды. Жұрт мәз-мейрам. Жиналыстың жуан ортасынан сүметіліп Бадырақ тұра келіп:
– Жолдас, бір кішкене… – деп қолын көтерді. Мәжіліс бастығы:
–Не айтасың? – деді. Бадырақ:
–Жаңағы мына жолдас айтқан біздің қамқорымыздыңаты кім деп еді? – деген сұрақ қойды.
Жұрт түйткілденіп, түсінбей қалды. – Жолдас, жаңа осы жаксылықты шығарған кім депеді? – деп Бадырақ сөз сөйлеген қара балаға қарады.
– Ленин, Ленин, –деп әр жерден-ақ жұрт шу ете түсті.
Бадырақ:
–Иә, сол Лиан бастығымызға біздің бір сәлеміміз жетер ме екен? – деді.
–Жетеді. Телеграмм соқсандар өз қолына тиеді, – деп қара бала ұғындырды.
–Олай болса, бұлай деп телеграмм қағыңдар:
«Ақсудың құмының алысында жатқан жарлы-жалшысол кісімен тілеулес, езілген халық етегінен ұстадық, жолы болсын» деңдер.
Отырған өзге кедей «жөн-ақ», «соқ» десіп кеулеп кетті.
Бұл сөз тоқтамға кіріп, тегіс жазылып, Ленинге телеграмм соғылды. Телеграмм жазуы орысша болғанымен, ой мен мәні Бадырақ айтқан жоғарыдағы сөзден асқан жоқ.
Бадырақтың осындай белсенді ұсынысына сүйініп, көңілі өскен шашты қара бала:
Мына жолдастың аты кім? – деп сұрады.Жиналыс жабылған соң,
жай қысыр кеңеспен шашты қара бала көптің ортасында Бадырақтың жай-күйін сұрады. Бадырақ бастан кешірген өмірін баян қылды. Ол сөзін бітірген соң қара бала:
– Өмірде көрмегенді көрген тесікөкпе, қара жалшының өзі екенсің. Осы күнгі өкімет сендердікі. Жаңа өзіңайтып ұсыныс еткен, телеграмм соқтырған Ленин жалпы сендей жалшының көсемі. Осы қараңғы күннен енді құтылдың. Енді, міне, өз өкіметің құрылды. Талап қылып талпынсаң, Бадырағым боласың,– деді. Жиналып отырған көп кедей:
– Жолдас, бәріміз де Бадырақ болмаймыз ба?–десті.
Қара бала:
– Бәріңіз де Бадырақ болдыңдар. Бұл ұйымдарыңныңаты «Бадырақ» ұйымы, — деді.
Сонда кедейлердің бәрі шулап:
– Бәріміз де Бадырақ болдық, Бадырақ ұйымына кірдік, — десіп жатты.
Сол кезде шалбарының жалбыр балағын жаман шарығының қонышына жинап тығып жатып, Шағанбай отағасы:
– Тегі, әуел баста осы Бадырақтың аты осындайға басталып қойылған-ау, – деді. Жұрт дуылдасып күліп жатты.
Барлығы Бадырақ ұйымына жазылып, жиналыс күн батарда әзер тарады.
VIII
Кешегі жиналыста батырақтар жарлы-жалшылар ұйымына мүше болып жазылған. Кедейдің көңілі көпіріп, өсіп кеткен. Олар бейне кеңес үкіметі өздері болғандай қуанды. Ортасынан комитет сайлап, ауылдық кеңселер ашты. Комиссия кұрып, байлардың қойын санатып, сауын, көлік алды. Алған көліктен бір өгіз, үш лақты ешкі, төрт қозылы қой Бадыраққа тиді. Көлік, сауын жоқтығынан жұрт қатарлы жер тараштай алмай отырған жарлы-жалшылар далбасалап мына алынған көлікпен егін салып жатты.
Бадырақта мал құралды. Енді қазан асылмаған қара шаңырақ жоқ. Бадырақ қатын алудың ығын таба алмай жүрді. Судия кедейге қатын үлестіріп жатыр деген дақпыртпенсот болатын бір күні «білейінші» деп, қаңғалақтап соттың кеңсесіне келді.
Қолындағы ақ таяқты сермей таяна жүріп белге шыққанда, соттың тігулі тұрған ақ үйі көрінді. Үй оңаша, жалғыз. Маңыңда ер-тоқымды тұсаулы аттар тұр. Сотқа келіп, отқа қойылған сиыр, түйе сияқты барлық көліктердің маңайында топ-топ кісілер. Ауылдың артындағы сөйлескен әр топтың ортасында бір қатын.
Ылғи күміс белдікті атқамінерлер бұл қатындарды қолға алып «осы тұрған бәленше адамнан таңдап, біреуімізге ти, ерден қетсең де, елден кетпейсің, жарқыным», — деп қайта азғырған сыңайлы. Көп әйел күмілжіп, бұлардың қармағына түсіп те жатыр. Кейбірі олар құрған қармақтан бұлқынып шығып:
– Қалсам, соттың өзінен қалайын, қол ұстасып жүрсем де теңіме тиейін, – деп өңкей атқамінердің, өңкеңдеген нәмеңгердің соқтасын суытып отыр.
Осылайша бұлқынып, атқамінер ағайын талқысынан шығып келген бір келіншек: – Менде нелерің бар, жетеді бұл күнге шейін жылағаным, – деп,байының кеудесінен итеріп еді, катынның даусы батылырақ шыққанда, гүжілдеп сөйлейтін қара көсе қазақ судиясы:
– Жібер, кіргіз, – деді.
Есікте қатын мен жасауыл иін қағысып қалғанда, Бадырақ та осы босағада қатынды қақпайлаған жасауылдың иығынан тартып қалып, оңтайы келіп қалған келіншектің білегінен ұстай алды. Бұған ақтарыла қараған келіншектің ежелгі ыстық қара көзіндегі өшпеген жанар оты ойнап, бір жалт еткендей болды.
Бадырақ есіктің сыртында қалды. Жүрегі жұлқынып, алып-ұшып барады. Бір қолы жоқ шолақ писір де қағаз-қаламын сықырлауық үстел үстіне ыңғайлай бастады.
Түрулі үйдің керегесін кернеп, кісілер иінтіресіп, «осы қатынның жайы қалай болар екен» деп кұлақ түре, сот үкімін тыңдауға асықты.
Насыбай атып, төңірегіне түкіріп отыратын судия үстел астына топырақ толтырып қойған сары шылапшынға бір түкірді де: – Не айтасыз? – деп қатыннан сұрады.
– Үш қатынның бірімін. Жасым жиырма бесте. Әкем нашар адам еді, жастай малға сатты, атағы бәленшенің қатыны болғаным болмаса, жас болып, жеке базар қызық көріп, жарық сәуле сезінгенім жоқ. Көк аю күндестіктің шеңгелінетүстім. Күні бүгінгедейін көргенім қорлық, көз жасымды көріп, өкіметке салып, басымды босатыңыз, – деді.
Бурыл сақалы желпілдеп, омырауынан таспиығы салбырап, қойдың қиының үстіне отырғандай дамбалының сарала ауын салбыратып, кара бұйра мыжырық бөрікті қолына алып, қара қожалақ орамалымен маңдайынан сорғалаған терді сүрте-мүрте қалбалақтап байы кірді.
Мұнымен жапсарласа есіктегі жасауыл бір-екі күміс белдікті аткамінерді де қоса кіргізіп жіберді.
Мұндай жерде, қара қазақтың алдында өзін ызбарлап ұстай білетін, жүрек шайлықтырудың әдісіне төселген үйіндісі үлкен кертағыл бұқадай сүзе қарайтын судияның көзіне көзі түскенде байдың жаны шығып кете жаздады. Буын-буыны босап әлі құрып кетті.
Судия: – Мына қатынның арызы туралы не айтасыз? – дегенде:
– Тақсыр, тақсыр… – деп, тамағына бірдеңе тығылып қалғандай жауап қата алмады. Тақсырлама, – деп судияның жарамсақ жасауылы байдың бетін қақты.
Бай: –Тақсыр, товарищ, – деп көмекейінен күрмелді, – бұл- менің қыздай алған кіші қатыным. Ақ қой сойып, ақ батаоқытып, ата-анасы, елі-жұрты берген. Биыл жеті жыл болды. Содан бері ешбір шай дескеніміз жоқ. Мал да, жан даөзінікі. Кір көйлек кигізіп, жаман төсекке жатқызғаны жоқ… оны мына кісілер де біледі ғой. Тіпті құдайшылығын осылар-ақ айтсын, – деп, қасындағы қалды бет қара сақалға қарады. Қалды бет:
Бұл сөзде бұрыстық жоқ. Әншейін азғырушы сайтан болса,