Маяковский Владимир Владимирович
(1893 – 1930)
Владимир Владимирович Маяковский – орыс ақыны. 1893 жылы 19 шілдеде Грузияда Багдади селосында дүниеге келген. 1911 жылы А.Крученых, Д.Бурлюк, В.Хлебниковтермен бірге орыс футуристерінің әдеби тобын құрып, өздерін «кубуфутуристер» деп атады. 1912 жылы Маяковский осы ақындармен бірге «Қоғамдық талғамға шапалақ» атты футуристер манифесін жариялады. 1914 жылы футуризмнің әдеби жиындарына қатысқаны үшін ол Мәскеудің кескін және көркемсурет училищесінен шығарылды.
1913 жылы ақынның «Владимир Маяковский» трагедиясы Петербург театрында қойылды. Трагедияны Б.Пастернак жоғары бағалады. Қазан төңкерісінен кейінгі шығармаларында өмір болмысын, шындықты суреттеген. Кезең талабына үн қосып, партия, кеңес өкіметі шешімдеріне сай үгіт-насихатқа берілгенімен, жаңа жағымсыз болмыс құбылысын да аяусыз әшкереледі.
Ақын қоғамдағы кемшіліктерді көре білді, кеңестік тоғышарлықты, бюрократизмді, билік пен басқаруды, тұтастай алғанда тоталитарлық жүйені сынап әшкереледі. Маяковскийдің 1926 жылы жазылған «Қаржы инспекторымен поэзия туралы әңгіме» шығармасында трагедиялық сарын көрініс тапты.
Маяковскийдің шығармаларының ізденісі, поэтикалық жаңашылдығы орыс әдебиетіне, сондай-ақ қазақ ақын-жазушыларына (С.Сейфуллин, І.Жансүгіров, С.Мұқанов, Т.Жароков, т.б) да ықпал етті.
Оның «Соғыс жарияланды» (1914), «Ана және немістер зая қылған кеш» (1914) өлеңдері, «Біздің марш» (1917), «Солға марш» (1918) өлеңдері, «Шалбарлы бұлт» (1915), «Соғыс және бейбітшілік» (1916), «Адам» (1917), «Сүйемін» (1922), «Бұл туралы» (1923), «Владимир Ильич Ленин» (1924) т.б. поэмалары, «Кеңес төлқұжаты туралы өлең», (1929). «Қандала» (1928), «Монша» (1929) пьесалары, «Александр Блок өлді» мақаласы сынды көптеген туындылары бар.
Ілияс Жансүгіров Владимир Маяковскийден «Лениншілдер» туындысын аударған
ЛЕНИНШІЛДЕР
Егер бізді
Жабылған жау
Алмаса,
Егер бізді
Жұта алмаса
Жебірің.
Бізге үлгі,
Бізге өлшеу,
Болғанды:
Ойы.
Сөзі,
Ісі істеген
Лениннің.
Республика!
Десіп алға
Жалпы аттан!
Ал қимылда,
Жапыралық
Жау туын.
Қорғануға
Деген солай
Ленин!
Екіншіден
Әр машина,
Әр дүкен
Өркендетсін
Өз жұмысын
Өз кенін.
Іс қылуға
Деген солай
Ленин:
Толсын мұнай
Республика күбіге,
Жер
Идірсін
Бізге көмір желінін.
Іс қылуға
Деген солай Ленин.
«Баға арзандат!
Құрсын брак»
Деп завод,
Күрілдетіп
Шақырады гудогін.
Іске солай
Шақырған-ды
Ленин.
Комбайнды
Жаппайынан жерге жап!
Ен даланың
Алсын фабрик сілемін
Іске солай
Қосып еді
Ленин.
Әр тиынды
Өз орнына
Жұмсап бақ.
Ұқыпты бол,
Мал кәдірін біле біл!
Шаруа басқар
Деген солай Ленин.
Жарықты шаш,
Қараңғыны қуып шық,
Елімізді
Электрле
Нұрға көм!
Нұрлануға
Деген солай Ленин.
Дін деген – у.
Дін деген – жау.
Молданың
Алдауына,
Арбауына
Берме жол,
Көз ашуға,
Деген солай Ленин.
Төрені тарт
Қағаз басты жерінен;
Жоғарылат
Жұмысшыны төменнен
Күресуге
Деген солай Ленин.
Білек сыбан!
Сынды күшейт,
Мінді тап.
Ақталуға
Сақтамасын беделін.
Мықтануға
Деген солай Ленин.
«Солдан»
Жыртпа
Коммуна туын
тартқылап.
«Оңнан»
Шошып айнымасын жүрегің.
Алға аттауға
Деген солай Ленин
Тазы қосып,
Жұмысшы аулап,
Қан ішкен
Фашистерге
Тұмылдырық жүгенін
Кигізуге
Қосқан солай Ленин.
Жасымаймыз,
Қайрат қатты.
Қайнаймыз.
Ленин тірі
Ортасында
Елінің.
Дүниені
Дүбірлетті;
Ойы,
Сөзі,
Ісі істеген
Лениннің