Державин Гавриила Романович
(1743-1816)
Ақын,   драматург, аудармашы. Ол балалық шағын Қазан қаласының алыс түпкіріндегі елді мекенінде өткізген.   
1758 жылы Қазан қаласындағы алғашқы ашылған гимназияға оқуға қабылданады. Оқу жылдарында ол өзінің сурет салуға, пластикалық өнерге бейімділігін танытады және оның шығармашылығында өз ізін қалдырды.    
1776 жылы Державиннің мадақ өлеңдері жеке кітап болып шықты. Державиннің айтуынша, 1779 жылдан бастап әдебиетке деген шынайы бетбұрысы басталған екен.
1783 жылға дейін Державин көптеген тамаша өлеңдер жазып үлгерсе де,  көпшілік оны ақын ретінде танымаған. II Екатеринаға арналған «Фелица» мадақ өлеңінің шығуы Державиннің өміріне үлкен өзгерістер әкелді.
Державин орыс әскері қатарында қызмет атқарып, 1803 жылы әскери қызметтен босайды. Өзінің Званка иелігінде жүріп «Евгению. Жизнь званская» атты атақты жолдауын жазады.  1811-1812 ж.ж аралығында ол мемуарлық «Записки» (1743-1812) шығармасын жазғанымен, ол тек 1859 жылы ғана жарық көреді.
І.Жансүгіров Г.Р.Державиннің «Сыпайылық» өлеңін тәржімалаған.
 
        СЫПАЙЫЛЫҚ
       (Скромность)
Еркетай, қоңыр желемік,
Еркеме соқсаң егерде,
Күрсінгендей сыбырла,
Кімдікі десе, — үндеме.
 
Ойнақты, тұнық бұлақша,
Жолықсаң еркеме егерде,
Бетіне жастай сорғала.
Кімдікі десе, — үндеме.
 
Жайдары, шуақ күнікей,
Еркеме түссең егерде,
Күйдіре қарап, сеп сәуле.
Кімдікі десе, — үндеме.
 
Қараңғы жым-жырт тоғайшық,
Қойныңа еркем кіргенде,
Бұтақпен төсін қытықта.
Кімдікі десе де үндеме.