Виктор Гюго
(1802 – 1885)
Виктор Гюго (1802-1885) – дүние жүзіндегі ең көп оқылатын прозашылардың бірі. Өз ұлтының ұлы ақыны, француз өлеңінің, драматургиясының реформаторы, сондай-ақ көсемсөз шебері, публицист-патриот, саясаткер-демократ.
Безансондағы Наполеон армиясының полковнигі, кейіннен генерал болған әскери адамның отбасында 1802 жылы 26 ақпанда дүниеге келді.
Колледж бітірген соң Гюго ағаларымен бірге анасының қолында тұрады. Анасы баласының жазуға деген бейімділігін байқап, әдебиетке жасаған алғашқы қадамдарында түрлі ақыл-кеңестер беріп, жақсы көмегін тигізеді.
1819 жылдың желтоқсанынан бастап В.Гюго «Әдеби консерватор» журналын шығара бастайды. Сонымен бірге «Әдеби консерватор» журналының беттерінде тек ақын ғана емес, әдебиет және театр сыншысы және жазушысы ретінде де танылады.
Гюго 20 жасқа келген кезінде «Одалар» жинағын шығарады. Шығармашылығының алғашқы қадамын римдік ақындар Гораций, Лукиан, Вергилийді аударумен, француз классигі Делильдің мәнерінде элегиялар және ХҮІІ-ХҮІІІ ғғ. үлгісінде трагедиялар, комедиялар жазумен бастады.
Өлең жазуды он төрт жасында жақсы меңгерген Гюго 16 жасында әдебиеттегі өз орнын алуға ұмтылыс жасайды. Жазушының алғашқы кезеңдегі шығармалары реакциялық романтизммен байланысты болды. «Одалар мен балладалардың» (1822) бірінші томында ақын революцияны қатты сынға алады.
Гюгоның әдеби тырнақалды туындысына «Бюг Жаргаль» (1820) және готикалық стильде жазылған «Ган Исландық» (1823) атты екі романын жатқызуға болады. Олар алғаш «Әдеби консерватор» журналында 1826 жылы өңделіп, жеке кітап болып басылып шықты.
1881 жылы 27 ақпанда Гюго 80 жасқа толған мерейтойы Франциядағы нағыз ұлттық мереке болады. 500 мыңдай адам Гюгоның үйінің жанынан жазушыны «ұлттың ұлы ақыны» ретінде жаяу құттықтап өтеді. Бүкіл халық болып ақынға үлкен қошемет көрсетіп, оның үйін гүлге толтырып тастайды. Париж театрының сахнасында атақты француз актрисасы Сара Бернардың қатысуымен драматургтың «Эрнани» спектаклінің жүзінші қойылымы көрсетіледі.
Гюго 60 жылдан аса уақыт жазды. Оның әдеби мұрасы өте бай. Жазушының артында: 26 том өлеңдер жинағы, 20 том романы, 12 том драмалары мен 21 том философиялық және теориялық еңбектері қалды. Сонда барлығы 79 том әдеби мұрасы қалды.
ҚЫРҒЫНДА
Шеңберіңнен шыпылдап,
Қанға батты бір дала.
Қолға түсті неше ерлер,
Басы-көзі қан, жара.
Сол қиналған ерлермен,
Бірге ұсталды бір бала.
«Сөйле, бала, сен кімсің,
Мыналармен бір ме едің?»
«Бұлар менің жолдасым
Осылармен бірге едім».
«Атыласың ендеше,
Бәріңе өлім бірге өлім».
Қатарлап жарға тұрғызды
Ататұғын адамын.
Солдаттар қатар тізілді.
Мылтықтар ашты аранын.
Өкірді күрс-күрс құлады,
Жолдастары баланың.
Бала келді бастыққа:
«Капитан айтам сізге дат.
Келейін барып үйіме,
Етіңізші рұқсат .
Қоштасайын анаммен.
Тез қайтайын… атсаң ат»,
«Жоқ, қу бала, алдайсың,
Жібермеймін, бармайсың!»
«Жоқ, капитан, келемін,
Өтінем неге нанбайсың?»
«Үйің қайда?»
«Әне, анау…»
«Бар, тез келмей қалмайсың!»
«Балаға нанған қашаған,
Капитан аңқау, бошалаң», —
Деп, ду күлді солдаттар,
Атуға оны, жасанған.
Ол күлкіге үн қосты
Өлім, қанға шашалған.
Жалт қарасты отряд,
Күлкі тынды тым-тырыс,
Қайтты бала асығып,
Қалған осы-ақ, атусыз,
Оқ аузына тұрды да,
Деді:
«Ал келдім, атыңыз!»