«1894 жылы Қапал оязы, Ақсу болысы 4-ауылда тудым. Әкем еңбекші, дихан. 17 жасқа келгенше ауыл жалшысы болып, қойшы-малшы, диханшы болып жүрдім. Бірақ бұл жастық арасында өз  талабыммен  тырысып, хат танып, оқуға құмарлана бастадым.

1917 жылы өз даярлығымның арқасында ауылдық мектепті (Қарағаштағы)  бітірдім. 17-жылдан 19-жылға шейін гражданский  соғысы уағында тағы оқи алмай, баяғы диханшылықта, қара  жұмыспен  болдым.

1920 жылдың басында Ташкентке оқуға кетіп, қазақ-қырғыз институтының екі жылдық курсіне кіріп, оқи бастадым. Мұнымен қатар осы оқып жүрген уақытта «Ақжол» газетіне корректор болып кіріп, типография жұмысшылары арасында газет жұмысына  лайықтандым.

1921 жылдың жазында (кірген) курсты бітіріп, Жетісуға келіп,  Талдықорған оязы, Белтоған мектебінде ауылдық мұғалім болдым. Сол жылы ұйымдастырылған «жарлы-жалшы» ұйымына кіріп,  жалшылар  арасында  істей  бастадым.

1923 жылдың басында облыстық «Қосшы» комитетінің  шақыруымен Алматыға келіп, Обком қосшыда қызметте болдым. Осы күнге дейін Қосшы басқармасында қызмет қылып келе  жатырмын.

Осы жылдың 23.ІІ–інде Алматыдағы қазақ-қырғыз  институтына  басқарушылық  міндеті  жүктеліп  тұр.

Қазір  жасым 30-да.

Бір үйде екі баспыз. Мал мүліктен түк жоқ. 21-жылдан  Қосшыдамын, бұл күнде Алматыға жашейка (ячейка) қосшысында мүшемін. 1922 жылдан бастап кәсіпшілер Одағындамын. 4 жылдай  еңбекшілер кеңесі баспасында жұмыс  қылып  келем. Менің қызмет жайыммен Алматыдағы жергілікті жауапты қызметкерлер  таныс».

Ілияс  Жансүгірұлы. 10 қыркүйек, 1924 ж.

ӨМІРБАЯНЫМ

Өмір таңы балалық қой. Оны еске алсам, өскен жерім ойыма түседі. Боз дала, құла құм. Оларды қақ айыра аққан иір өзен. Өзен өлкесі түлкі жүн құла қамыс. Тал, жыңғыл. Жиде. Қыры – теріскен, қара жусан. Ойы – ши, ұсақ құрақ. Құмы – сағыр, селеу, қылша. Қырда – құм ішінде, өлкеде – өзен бойында шоқ-шоқ қыстау, шошайта үйген қамыс. Сарғайған мая.

Міне, менің өскен жерім. Бұл – Жоңғар (Жүңге) Алатауынан аққан, Балқашқа құятын Ақсу өзенінің бойы. Әзіргі атақпен 4-ауыл, Ақсу болысы, Талдықорған үйезі, Жетісу губерниясы. Ел жөнінен: Орта жүз найман, матай, аталық, қайнар деген рудан. Әкем – 9 ата.

Жансүгір… әкем. Көзі тірі. Жылы – жылан. Биыл 71-де. Жарым көшпелі, жұқана шаруа. Қолында бір шаруа баласы бар. Өмір жүзіндегі сүйенгені сол. Намазды «дұрыс оқырлық» мұсылманшасы бар. Ескі пікірлі адам.

Менің жылымды «жылқы» дейді. Онысы 1894 жыл болады. Жазға

салым туыппын. Ел ішінде туған ай, күнінді, сағатынды қайдан табарсың! Анамды аз білем, 4 жасымда жетім қалдым.

Шүу дегенде әліп-биден әкем өзі оқытты. Иманшарт, Әптиектің ежік-сүресінде сүйретіп жүріп, Құранға түсірді. Менен басқа бала оқытқан кісі емес. Тек қыстың ұзын түндерінде білтелі шамның жарығында бір шыбықты ала отырып, мені тізеге алушы еді.

Оқудан мақсат – «бұ дүние үшін қолында қой-серкешіктің қаты болса, о дүние үшін аузында иманы болып, бес мезгіл намазы болса» – сол еді.

Орыс оқуының не екенін, неге керектігін түсінетін жан мен өскен маңайда болған емес.

Ел ішінде сауда – көтерме капитал орыс, ноғай, сарт саудагерлері арқылы тарады. Қала қазаққа несие беретін. Жаз жиып алатын. Олардың жидашылары, несиешілері – қазақболатын. Кейін осындай жидашы, несиеші қазақтардан өздері сауда жүргізіп, байып кеткендері болды. Ондайдың бірі – Матайдағы атақты Маман, Тұрысбек тұқымы. Бұлар саудамен айналысыпты. Елдің қойына, тай-тайыншасына, тіпті «қызыл қозыға» ақша науаз алады. Әр ауылының, әр адамының оборотқа айналдырған сомасы молайды. Қала-қаладан дүкендер ашты. Қырға қыдырма шығарды. Жердің тәуірін иеленіп, көк төбелі үйлер салды. Дуан ұлықтарын, ояз тілмашын қолына алып, бірі болыс, бірі би, бірі «жұрт ақсақалы» болып, ел ішінің билеу тәртібінің тізгінін қолына ұстады. Бұлар әрі далаша – бай: аузы дуалы, аталы, жуан ауыл. Ас-сулы малды ауыл. Қара бауыр, қоңсы, құл-құтан, қойшы-қолаңшысы көп болады. Жаз жайлау шығады. Салқынбел, Сарытауға, Мұзбалаққа, Ақтастыға ақ жұмыртқадай ордаларын жайып тастайды. Әрі қалаша – саудагер, байбатша. Қала байлары не қылса, соны қылады. Бұлар капиталмен қазақ ортасына өзгеріс кіргізгені сияқты, тәрбие, салт-сана жөнінен де өзгеріс кіргізді. Мешіт салды. Имам ұстады. Мектеп ашты. Бала оқыттырды. Бұхара, «Шәріптен» оқып шыққан Қасен молда деген шалақазақ молда «Сүттіген» деген жердегі Тұрысбек аулында имам екен. Мені осы Қасенге әкем әкеп бергені, жаңылмасам, 1910 жылдың мөлшері. 15 –16-ның бірінде шығармын.

Мұнда бір ай жарымдай-ақ оқыдым. Тұрған орным келіспей, ауырып,

ауылға кеттім. Оқығаны құран – «Шәротсала» деген арабтың намаз жайын үйрететін бір кішкене кітапшігі еді. Бұлар кейін татардың жәдидің ұстап, онан кейін қазақтың мұғалімдерін ұстап, жаңа мектеп салып, төңірекке недәуір білім-оқу таратуға ошақ болды.

Матайдан шыққан бірқатар оқыған жігіттер осылардың мектебінен шықты. Бірақ мен оқи алғаным жоқ.

1912 жылғы күзде «Қыли мектебіндегі» ноғай мұғалімге оқуға кірдім. Оның сабағы – кұран, оқу, жазу, есеп – осылар еді. Оқуға оқытатыны «Рәһбір бибан ғиқайе» деген татарша кітаптар еді, «Жәдидті» төрт жарым ай оқыдым да, оқи алмай кеттім.

Онан кейін әкем аяғымды шырмады. «Бас қусыру» үлкен мақсат болды. Бір үйдің шаруа жүзіндегі сүйенген азаматы болдым. Егін, пішен, арық-тоған, жаз жұртпен бірге тіршілік ету, аз малды қыстан аман алып шығу мойнымда болды. Оқу талабы біржола сөнді. Еске келмеді. Келгенмен де көзсіз көбелектей соқырдың барар жері, басар тауы болмады.

Сөзге үйірлеу, құймақұлақтау едім. Қонақ айтқан әңгіме, балалар айтқан жұмбақ, кемпірлердіңескі күндерін ескеріп айтқандары, қыз-жігіт айтысқан қараөлеңдер, ұрыс-соғыс хабарлары менің ең ұнатып тыңдаған нәрселерім. Хат білген соң өлең кітап оқығыш болдым. «Қыз Жібек», хиссаларды қызығып оқушы ем. Мен оқығанда тындамайтын жан болмайтын. Кейін аймағымыздың, ауыл бозбаласының өлеңшісі болдым. Жарып топ бастап, таңдап әріптес алып айтысып, «құтырған» күндер өтті. Тойды таңға тарқатпай ауыл әлеуметін ауызға қаратқан түндер кетті…

Қайным аз шаруамыздың қорасын құртты. Баталы малынан асырып ала берді. Ала берді. Қызын бермей, созалаңға салды. Біз шаруа жүзінде мұқтаждыққа қалдық. Оның үстіне жұт, ығын-шығын ерімізді мойнымызға кетірді. «Келін аларлық» не жұрт женінен жәрдем болмады, не мал жөнінен дәрмен қалмады. Осыдан әкемнің маған деген көзқарасы өзгерді. Маған «қатын әперем» деп мұндай күйге ұшырады. Олай болса, мен «қырсық» болып тидім. Әкем маған алакез болды. Ұра беретін болды. Мен панасыз, тентіреген аусар болдым. Талай үй іші алалығына ұшырадық (семейная трагедия). Мен адастым… Басымды тауға да, тасқа да соқтым. Бірде кайныма, бірде ауылға – екі ортаның кезегені болдым. Қайным мені «мүсіркеп», күшік күйеу қылмақ та болды. Тек «отау тұрғызып беремізбен» пішенді шаптырып, жылқыны бақтыра бергісі келді. Оған да тұрақтамадым. Өмір жүзінде мұқтаждықта қалдым. Қолда көк тиын жоқ. Жаяу. Не киім, не тамақ жоқ. Тіршілік әр нәрсеге ұрындырды. Кейбіреудің баласын оқыттым. Менің бұл күйім — 1913–1918 жылдар арасы. Менің көзсіз көбелектей адасқан кезім осы жылдар болды…

                                             

* * *

Кез келген ұнаған сөздерді көшіріп ала беретінмін. Бір күні қолыма

сәтен ораған сар қағазға бидай сиямен, қауырсын қаламмен жазған бір өлең түсті. Өлең былай деп басталады:

Енеді жаздың көркі жыл кұсымен,

Жас күлер, жайраңдасып құрбысымен.

Көрден жаңа тұрғандай кемпір мен шал

Өзінің жалбаңдасар тұрғысымен.

Ұнап кетті. Көшіріп алдым. Бірақ кімнің өлеңі екенін білгенім жоқ. Онда Абайыңның атын да есітпегемін. Бұл – 1914 жылдар.

Жаңылмасам, бұдан бір жыл кейін шығар, ел ішінде иесіз қаңғырған «Қазақ» газеті деген газеттің бір нөмірі қолыма түсті. Онда «Қазақтың бас ақыны» деген Абай туралы мақала бар еді. Абай дегенді алғаш естігенім сол. Кітабын қолыма түсіруге құштарландым. Газетті Семейдегі Көпбай Байысұлының дүкенінде сатылады депті. Онысы бір қияметқайым төрінде.

Мұнан бір жыл соң, қомдаған түйем бар, астық іздеп бара жатып, Ақсу қаласында Қыли мектебінде бірге оқығанҚарабайұлы Сот деген жолдасымның үйіне бір қондым. Ол сөз арасында Абайдың кітабының біреуде барын айтты. Бір теңге (сом) тапсаң, мен алып беремін, – деді. Әкемнің астыққа берген ақшасынан 70 тиын жырмалап, бір қабын отыз тиынға сатып, сұраған теңгесін беріп, Абайды тауып бер деп жалындым. Ол сол қаладағы біреуден тауып алып келді. Бұл Абайдың алғашқы баспасы еді. Қуана-қуана ат үстінде, жол бойы оқып келем. Бұл 1916 жылдың күзі еді. Жігіттер алынып, кетіп қалған.

Абай артық әсер етті. Ойым ояна бастады. Қайта-қайта тоймай оқи беретін болдым. Өзімде біртүрлі сергектік, сілкініс, жүрегімде жаңалық сездім. Жазуға талабым оянды. Келсе де, келмесе де шұқылап, өмірді өлең қыла бастадым. Бірақ сарыны жылау, өмірден наразылық, торығу, өзінді өзгеден бөлек адам санау сияқты бірдемелер жазылып қалып жүрді. Тақырыпқа да, түрге де Абай торында қалдым. Сол қыста бірталай ұсақ өлендер жаздым. Оның атын «Балдырған» қойдым. Тіпті Абайдың орыстан аударған мысалдарын да өлеңқылып, әуреленіп, мәселен, «Бұлбұл мен есек» деген өлеңімнің бір кесегі әлі есімде:

Салды бұлбұл енді әнге.

Құйқылжытқан келді әнге.

Тау менен тас мұңданып,

Арғы мен салды бергі әнге.

Ағаш, тоғай қуанып,

Әкетті ерітіп жерді әнге.

Жан-жануар таңырқап,

Тамсандырды елді әнге.

Тоқсан толғап қайырып,

Тоқтады барып әреңге…

Міне, Абаймен алғашқы танысқаным, Абайдың маған еткен әсері.

Кешікпей соғыс басталып кетті. Ауылымыз майданның астында болды. Ел таланды. Үрікті. Шошыды. Ақтың шығыны елді тақыр жерге отырғызды. Сол кездерде ақ пен қызылдың неге соғысатынын да түсінген емеспін.

1919 жылдың қысында ел қатты жүдеді. Ашықты. Сол кездерде ауылда ауыр болды. Жүдеушілік, жоқшылық қысып, жаным жаман жаншылды. 1916-1917 жылдан кейін еш нәрсе жаза алған жоқпын.

1920 жылдың жазға салымында атаман Анненков жеңіліп, қашты. Кеңес өкіметі орнады. Мен оқуға талпындым. Алматыдағы қысқа мезгілді оқытушылар дайындайтын қазақ-қырғыз курсына келіп кірдім. Бұл уақытта Түркістанның оқу комиссариаты тарапынан ел әдебиетін жинауға айрықша бір комиссия келген. Осы комиссияға жоғарғы жазған «Балдырған» атты кітабымды ұсындым. Комиссия кітабымды алып, мені әдебиет жинауға қызметке алды. Мен жаздай ел ішінен комиссияға әдебиет жинау қызметінде болып, күзге комиссиямен бірге Тәшкен келдім. Тәшкенде алғаш қазақ институты ұйымдастырылған жылы екен. Оның жанындағы 2 жылдық оқытушылар дайындайтын курска түстім. Қазақ ана тілін, орысшатаңбаны сонда оқыдым. Қалалы жерде, қайнаған оқулы-ордалы жерде өмірімде болғаным сол. Театрды көргенім сол. Кейін өзіміз ойнадық. Жанақ ақын болып айтыстым. Бірақ жазумен айналыса алғаным жоқ.

Аз күннен соң оқи жүріп, «Ақ жол» газетіне корректор болып кірдім. Мұратбайұлы Ғанидың ұйымдастыруымен «Жас алаш» газетін шығардық. «Жалпы жас» деген өлеңім сол газеттің бірінші бетінде басылды…

Жаз шығысымен оқымай және кеттім…

Елге жұттан сақтануға шөп дайындататын агитаторы болып Жетісуға, тура өз ауылыма кеттім. Институт мұғалімі болып шықты деген қағазды ала кеттім. Бұл – 1921 жыл. Жаз.

Елге келдім. Жетісуда жарлы-жалшы ұйымдастырыла бастаған. Кедейлерге байлардан сауын-көлік алынып үлестірілді. Осы жұмысқа араласып кеттім. Әдебиет оқып, жазу деген жайына қалды. Бірақ анда-санда Алматыда шығатын «Кедей еркі» деген газетке тілшілік қылдым. Ұмытпасам, онда бір-екі өлеңім басылды.

Сол жылдың күзінде «Белтоған» мектебінде мұғалім болдым. Қыста Аманшаны алдым. Жазда Жәмиладан айрылдым. Алматы кете алмай ауру болдым. Ауылда «посевком» сықылды қызмет атқардым. Қысқа қарсы Алматыға келдім. Талабым оқуға кіру еді. Бірақ таныс жолдастар қызметке кіргізіп жіберді. Жетісу облысының «Қосшы» комитетінің «культпроссоветінде» инструктор болдым.

1923 жылдың басынан «Тілші» газетінің бір жазушысы болдым. Менің қалам қызметіне айналысқаным – осы 1923 жылдан. «Тілшіден» мақала, оқшау өлең жаза бастадым. «Жетісу әйелі» деген бір жорнал шықты. Онда бір өлең, бір әңгімем басылды. Сол «Тілшіде» күні бүгінге шейін жазып тұрам. Тәшкендегі «Жас қазақ», «Сана», «Шаншар» жорналдарына материалдар жібере бастадым. Бұлардың басылғандары да, басылмағандары да болды.

Әлеумет қызметіне араласып кеткендігім, Жетісудың облыстық атком мүшесі, ағарту бастығы, институт басқарушы, газет шығарушы… білім аздығы, надандығым басымдығы діңкеме тие берді. Оқуды қатты аңсай бердім. Аяғында 1925 жылы күзде тілегім бойынша Жетісудың партия ұйымы оқуға жіберді. Мәскеуге келіп осы күнгі оқыпжүрген Мемлекет Журналистер институтына түстім.

Тәшкенде алты ай оқыдым. ГИЖ-де оқығалы 3-жыл. Барлық тізе бүгіп оқығанымды санағанда 38 ай оқығанболам.

Әлеумет қызметіне 1921 жылдан араластым. Мұғалімдік, оқу инструкторы, ауылдық, губерниялық атком мүшелігі, съезд, конференцияларға өкілдік, «Қосшы» ұйымының білім жөнінен нұсқаушысы, газет тілшісі, газет басқармасында хатшы, әдеби қызметкер, шығарушы сияқтылар – менің соңғы оқуға кіргенше атқарған қызметтерім.

Ілияс  Жансүгірұлы

(Қолжазба араб қарпінде жазылған. ҚР Орталық мемлекеттік архиві: Қор Р– 1368; тізбе 1; іс 1).

АҚЫННЫҢ ӨМІРБАЯНЫ

Ілияс 1894 жылы, 14 май (ескіше бірінші май) күні Алматы облысы, Ақсу ауданы, «Қызылтаң» совхозында (ол күндерде – төртінші ауыл) орта шаруалы, жартылай көшпелі дихан семьясында дүниеге келеді. Алғашқы білімді әкесі Жансүгірден алады. 1910 жылы Ақсу ауданында тұңғыш жәдитше ашылған Қарағаштағы Мамания мектебіне түсіп, 1917 жылға дейін сол мектепте ара — тұра оқып жүреді. 1917- 1920 жылдар арасында (Азамат соғысы тұсында) оқуын өрлете алмай, өз ауылында диханшылықпен, мал бағумен болады. 1920-21  жылдары Ташкенттегі қазақ, қырғыздарға арналып ашылған мұғалімдер даярлайтын курста оқиды. 1921 жылы Ақсу ауданы Белтоғанда алғаш ашылған бастауыш мектепке мұғалім болады. Және сол   жылы  Жетісуда ұйымдастырылған жарлы — жаршы ұйымына мүше болып, сол ұйымда да қызмет атқарады. 1923 жылдың басында облыстық Қосшы комитетінің шақыруымен Алматыға келіп, облыстық  Қосшы комитетінде, «Тілші» газетінде істейді және Қазақ — қырғыз институтының  даярлық бөлімдерінде қазақ тілін, қазақ әдебиетін оқытады. 1924  жылы сол институтқа директор болып белгіленеді. 1925 жылы Алматы губерниялық оқу бөліміне меңгеруші болып тағайындалады. Сол жылы Москваға Журналистер институтына оқуға кетеді. 1928 жылы Журналистер  институтын тауысып, Қызылордада «Еңбекші қазақ» газетінде әдеби қызметкер болып істейді. 1930-1932 жылдарда Қазақтың драма театрында әдеби қызметкер және қазақ халық тұрмысынан бірінші түсірілген «Дала жыры» дейтін кино — очеркте әдеби консультант болады. 1932 — 1935 жылдарда  Қазақстан Жазушылар одағының председателі болады. 1936-1937  жылдары Қазақтың көркем әдебиет баспасында поэзия бөлімінде редактор болады.  Ілияс 1926 жылы Коммунистік партия қатарына кіреді. 1932 жылдан  Қазақстан Жазушылар одағы басқармасының және 1934 жылдан СССР Жазушылар одағы басқармасының мүшесі болады.

Ілиястың бірінші творчестволық еңбегі «Балдырған» — 1915-1916 жылдарда Маманияда оқып жүргенде жазған өлеңдерінің құрамы. 1917-1918 жылдарда жазғандарын да «Балдырғандай» бір жинақ қылып құраған екен, ол жинағы әлі күнге табылмады. 1919-1920 жылдарда жазғандарын құрастырған «Қызыл жалау» деп атаған жинағы «Балдырғанмен» бірге, менің өз архивімде қолжажба күйінде сақталды. Бұл екі жинақтан Ілиястың алты томдық шығармаларының бірінші томына жазылған жылдарын көрсетіп, біраз өлеңдер қосқамыз. Ілиястың баспа жүзін кітап түрінде көрген бірінші туындысы 1927 жылы «Әйел теңдігі» журналының бесінші санына қосымша болып басылған «Беташар» дейтін 18 беттік кітапша болатын. Ілияс өзінің өте қысқа творчестволық өмірінде әдебиеттің барлық жанрларында өте құнды еңбектер қалдырды. Оның қаламынан өлең, очерк, роман, пьеса, сын мақалалар, музыка жайлы пікірлер бұрқырап төгіліп тұрды. Ілияс өз туындыларымен қатар аудармаға да өте зор көңіл бөлген жазушы. Ол орыс классиктерін 1923 жылдан бастап аудара бастаған болатын.

Ілиястың әлі ешбір жерде әйгіленбеген поэмалары, өлеңдері, аудармалары, әңгімелері, күнделік дәптерлері, көп туындыларының бірнеше варианттары, көптеген хаттары, творчестволық  пландары қысқасынан айтқанда — архиві осы күні Қазақстан Орталық архивінде сақтаулы.

1958 жылы Ілияс ақталысымен, өз көзі тірісінде басылған өлеңдері мен поэмаларынан қазақ тілінде бір томдығы, орыс тілінде әңгімелер, фельетондар жинағы мен өлең, поэмаларының жинағы басылып шықты. 1960 жылдан бастап  алты томдық Шығармалары «Жазушы» баспасында басылып келеді. Бірінші томы — өлеңдер, екінші томы — поэмалар, үшінші томы — роман, төртінші томы — фельетон, әңгіме, очерктер, бесінші томы- пьесалар, алтыншы томы — ғылыми және сыни мақалалары. 1962 жылы Москвада орыс тілінде аздаған өлеңдері мен поэмалары басылып шықты. Жоғарыда аталған алты томдықта Ілиястың жазғандары түгел қамтылып, толық теріліп басылған жоқ. Тек өзі тірі кезінде басылған өлең, поэмаларына архивтен табылған кейбір материалдар қосылды. Ал, алтыншы томға өз тіршілігінде басылған әңгіме, очерк, фельетондарының тек жарым — жартысы ғана енгізілді.

Ілияс творчествосының бір күрделі саласы — балалар әдебиеті жөнінде істеген көп еңбектері әлі күнге дейін қозғалған жоқ. Егер Ілиястың туындылары түгел қамтылып, архивтегі материалдар түсініктемесімен қоса берілсе, бұл әдебиет қазынасына қосылған мол үлес болар еді.

  Фатима ҒАБИТОВА