«ЖЕДЕЛ ЖӘРДЕМ»
I
Алқаптың мүйісіндегі ауылдан күзгі көң қидың көк будақ түтіні шығады. Ауыл Ақылбайдікі. Ақылбайдың үйі шал қонақтай ауыл төрінде мыжырайып отыр. Үйдің, оң жағында оймышталған отау. Отаудан бебеу қаққан жас әйелдің дауысы шығады:
Бибатима пірім-ау…
Не болар күнім-ау…
……………………………
Жасаған, жалғыз-ау…
Бере гөр оң толғақ!..
Жебей гөр, аруақ…
Аруақ, қолдай гөр!..
А, құдай, оңдай гөр… – деп безілдеп толғақтың шиыршығында тұрған әйелге:
– Оңдайды, қарағым, «алла» де, жасаған ием оң толғағын берер,
– деп маңдайы жарылып қуанғалы жүрген Ұлар бәйбішенің сөз недәуір әл болғандай. Ол оны айналып, үйіріліп зыр қағады. Самауырынға ру жылытып, жарыс қазанның шұжығын турап, сол ауылдың қатын біткені осында.
Отаудың оң жағы оңашаланған; үйілген отын, босағаға төгілген тезек, құл, кемір – бәрі шығарылған. Түн суық бола бастаған соң үйге кіргізіп байлап жүрген кенже туған бұзау да, келіншек толғатқандықтан өзге үйге жіберілген. Жалғыз-ақ оның тұрған жері мұздақ боп қатып қатындарға ойылмай қойды; ойылмаған соң үстін жұмсақтауға қошқардың екі күйегін айқастырып салып, үстіне Мажыраны отырғызған. Ширақесілген ала теңжіпті бақан мен жабыққа керіп арайлап тастаған; оған сүрлеуге ілген төстіктей, не иден шығарып дегдуге ілген терідей-ақ, ботадай әдеміМажыраны асқаққа апарып ілген. Асқақтағы ала арқанға жармасып Мажыра отыр; іркіт құйған сабадай іркілдеп, екі иінінен демін алады, қолының ырғағымен бақаннан босаған арранды Ақылбай келіп жоғары көтеріп, тартып байлап кетіп еді, Мажыраның бүккен тізесі түйеге байлаған тұлыптай салбырады да қалды. Толғақтың ашуы мен асқақтың қысымы түйдектесіп құлындағы дауысы шығады:
Бибатима,пірім-ау!..
Бибатима,пірім-ау!..
Не болар күнім-ау
Ендіерні-ерніне тимей, сақылдап бебеу қағады:
– Ай-ай, қолым қары үзіліп барады, асқағыңызды аласартыңызшы! – деді Мажыра. Жалғыз баласының келіншегі, жанындай көретін жақсы келіні Мажыраның көңілін жықпайтын, аңқылдақ ана Ұлар бәйбіше:
–Аласартайын, қарағым! – деп, икемделіп еді;
–Аласартпа, бүлдіресің! –деп төрден Ақылбай ақырып тастады.
Кішкентай төрт қанат отау кісіге шаңырағынан шып толды. Төрдің бәрі кісі. Бәрі де «қуаныш», «құтты болсынға» келіп жатыр. Қатын қақтығып иін қағысады. Орта қарын майдай бір құйрықты тұтасымен турап, сабын былғағандай шыжғырып қоңырсытып отыр. Қатынның бірі шелек, бірі мосымен қолқабыс тигізіп, ыбырсытып жатыр.
Оттың өкпе тұсынан әнтек жоғары, астына бөстек көрпесін төрт бүктеп салып отырған Ақылбай, қазан астындағы қара қидың шоғын қолындағы қысқаш көсеумен анда-санда қағыстырып қояды. Бұл Мажыраның үстіне басып кірмейтін атасы (қайын атасы).
Іш көретін Мәндібала кемпір, Мажыра «ішім» дегенде-ақ, қос атпен алдырылған; ол шәукиіп Мажыраға қол ұсыным оңтайлы жерден отқа таман отыр. Қатын жақты басқару Мәндібаланың әмірінде. Шарқынан жоғары асылған асқақта салмағымен салақтап қалған Мажыра тыншығып отыра алмады. Екі тізеге қошқардың күйегінің қағы қадалып барады. Жүйе-жүйесі босап, ауыр салмақ төмен тартып барады. Екі қолдың қары үзіліп барады. Арқанда асылып тұрып Мажыра, олай дөңгеленеді, былай дөңгеленеді; шиыршық атады. Дауыс бұрынғыдан бетер бебеу шығады:
–Беу, беу, беу, жаным-ай!..
Құрыдың әлім-ай…
Бебеу, би-пірім-ай!..
Не болар менің күнім-ай!..
Бауырсақ кесіп жатқан қалжыңбас Забила, төсекте отырған үбір-шүбір екі-үш қызға: «Әні, байға барсаңдар, осындай боласыңдар!»– деп, күбірлеп көзін қысады.
Келін дауысы жеделдеді-ау! –деді Ақылбай.
–Толғақ жиілейін деді; енді ақырындап тартса да болады!– деп, Мәндібала орнынан тұрып, Мажыраның ішін сипап, қарнын қармалады да:
–Қолдарының әлі бар қатындар, тартуға түсіңдер! – деді. «Қуанышқа», «жәрдемге» жиналған: Шөкібала, Ырыс, Жамила тартуға Мажыраның ту сыртынан ретке тұра қалысты. Ырыс тартайын деп ыңғайланып еді, Мәндібала:
–Шөкібаланы жібер, сенен көрі оның қолының әлі барырақ шығар! –деп, Ырысты қақпайлап жіберді. Шөкібала Мажыраның үстіне шеге түсті. Өзі де айтарлықтай, жөпшенді еркекті алып ұрып, астына басып отыратын; ауған түйені ат үстінен басатын; көженіңбір жерде екі шараны жедел ішпесе, қоңқылдап, үйінен ұрыс кетпейтін; кимешегі кейкиіп желкесіне кетін, дамбалының балағы қонышының сыртында жүретіп салақ адам. Мұны ауылдағы қатындар «Алып абысын» деп атандырған.
Осы алып абысын Мажыраның ішін тартуға ту сыртынан түйедей шөкті. Мажыраның төсіне көйлектің ішінен екі қолды айқастыра жіберіп елбіреп тұрған толғақты томпақ қарынды төмен қарай сықты. Мажыраның «а» деуге дауысы алғашында бір келсе де, қысудың күшімен тартысқа түскендей о да күшеніп, сіресіп қалды. Үйірге таласқан екі айғыр, ашулы күйінде бірін-бірі алғандай тістесіп жатыр. Шөкібала екі-үш ұмтылып, ышқынып тартып:
Уһ, қолым қары үзіліп кетті! – деп, қоя бересалды. Тартыс