МЕРГЕН, БӨКЕН
Жазғы ерте. Желсіз салқын әуе. Жаз сұлудай майысқан рауаш, балдырған түнгі шыққа шомылып, жапырағын жалбыратып, буынын балбыратып тұр. Тау-тасты нұрға көміп, мақтанған сұлу ай, таңның ажарымен жолда ауырған жолаушыдай бесіндікте шалқалап, өңі қашып ескіріп, естен шығып барады.
Басын шығысқа, аяғын батысқа беріп шалқалаған тәкаппар Алатау, атқан таңды қайғымен қарсы алғандай… Тұманнан басын жел аршыған қызыл қорымда суырдың шақылдаған дауысы, қақалып таңды мақтаған сияқты:
Бұл жатқан сеңгір Жөңкенің Алатауы. Қиын қия. Қиясы бүркітке ұя. Құз шыңына тұнығын жұтып, телі өскен аңы ие. Сөйлескені аспан, жамылғаны қар, оранғаны тұман-бұлт. Көшпелі елдің төрт түлігі жайылып, шыңындағы отын шалған емес.
Не ажал іздеген, не ажалды қолына ұстаған жан болмаса, адам баласы аяқ баспаған соны жақпарлар, жалғыз-ақ бұл жақпарларды құландай кезетін Шыршық мерген.
Шыршық мерген осы күн шығардың алдында таң көбелеп, аң қағып таудың қапталында келеді. Аяққа көк шәркей таңып, боз шаңылтақ малтаны белге түйіп, мылтықты арқалап, арқар мен құлжаны абайлап келеді. Жөңкенің қар жамылған бір найза қиясы:
– Атсаң   мені   ат,   кеудемде   еркелеп   ойнаған   жарастықты аңым қантамырындай денемдегі мөлдір бұлақтарымды ішіп өскен жаным, оған оқ атып, қан шығарсаң мен аһлап қарғаймын… деп, мұз қатпарлы, тас қолтығын төсейді.
Мезгіл өз жолында. Таңның «аң жасырайын» деген ойы жоқ.
Таң ақ дидарымен ойды, қырды орады. Егіз лағып жел, құздан қорғап, шыжық болған ене бекен қарсы қапталда қақшаңдап келе жатқан мергенді көріп пысқырып:
– «Пых-пых, пых! Қанға шөлдеген аңшы сүмеңдеп жеткен екен ғой, балаларым!»  – деп, мойнын қайырып, бауырына кіріп ұйықтаған екі лағын түртіп оятып, жылжып өріп қойтастың қойнына кірді.
Мұны сауысқан көрді. Сауысқанға мерген ерді. Найза қияның баурына біткен қайың мен ұшқат, жағдайда бадырайып қалған бөкенге салқын самалмен сәлем айтып, жапырағын қол орнына бұлғап:
– «Бауырыма кір, қойныма кір, жасырайын!» –  дейді.
Сауысқан шықылықтап егіз лақты бөкеннің үстінде ұшады. Жауыз мінезде өскен Шыршық: «Көрінтенді қанға боясам-ау!» – деп келеді.
Таң жайылып болып, нұр күшейгенде, жерде түн тамтығы қалмады. Аңнан басқа адам баласы, денесін баспаған Алатау, мылтықты мергенді көріп:
–Аһ, төсімде телі өскен аңымды атып шыңғыртады екен ғой, жанды болсам бұлқынып аунар едім, мына озбырлық іздеген адам баласынікі не деген қорлық?.. деп, тұла бойы түршігіп, мұз жүрегі еріп, таскөзімен солқылдап жылап күрсінгендей.
Шыршықтың бұл жүрісіне бүгінгі табиғат наразы сияқты. Мылтық арқалаған мергеннің түрі, шәркиінің томар қаққан дауысы жалпы жаратылыстың жайына наза болғандай; бұл жауыздыққа шыдамай, таңмен бірге тастан қайнап, шулап шыққан долы бұлақ егіз лақты бөкенге:                                                                              
– Ажалды абайлаймысың? Тәңіріңе жыла, көз жасыңды ағызып менің суыма қос! Осы бетіммен тынбайталпынып ағып мергеннің жүрегімен ақсам, қаталдығын шайып кетпес пе екем?» – дейді.
Жұдырықтай болған сауысқан залалсыз бөкенге әуеде ұшып ажал шақырады. Ұйқыдан маужырап биік ала шоқы:
–Ей, бәріміз жаратылыстың жаны едік қой. Жақынға жабысқанның арты іштеңе болмайтын. Менің тілімді алсаң, адам баласы аң баласына оқ шығарма! Бәріңнің анаң – мен, мен емшегімді көкке сауамын… деп, қой қойлайды.
Аңның қақтама төстігіне дәндеген Шыршықтын, кішкене қара қызы:           
– Әкем, аң атып әкеледі… деп, таңдайын тарсылдатады. Тау-тасты қыдырып, бұтын бұта сыдырып, арманы – жыбырлаған аң болып Шыршық келеді. Мұны өзінен бұрын көрген тағы мінез, қыран көз, қамқор ене бөкен тесіле қарап күзетіп тұр. Жаратылыспен жаңада танысқан екі жас бөкен лақ алаңға шығып ойнақтағысы келеді. Еркіншілік іздеп, еркіншілік көксейді. Бірақ бұл тілекке, ана тілек үйлеспейді. Тұрмыс өз ағысында, бұл талас – табиғат заңы.
Шыршық әлі аң көрген жоқ. Ергені сауысқанның шиқылы. Сауысқанның олжаға жолықтыратынына ол сенеді. Бірақ, қандай шың, қия болса да ІІІыршық құстай ұшады. Сондықтан мұны ел: «Сұр жорға» – дейтін. Сұр жорға жорғалай басып, қыр-жотаны өрлеп келеді. Қарсы қабақта екі лағын тасқа паналатып, өзін оққа төсеп бөрте бөкен тұр. Бөрте бөкеннің түсі абайлаған кісіге көкшұбар, таспен өңдес, сондықтан да тас арасынан, абайсызда, сауысқансыз адам көзіне түсетін емес. Бірақ, Шыршық сауысқанға сенеді. Сауысқан көз жазатын емес; ұшып бөкенге қонды. Мұны көрген Шыршық мерген, еліктей ұшып, айнала төңіректеп, сол маңайдан бір ұрымтал жерден бақылап отыр.
Атқан таң өз бетіне. Оның жолы күн шығару, күн әлемге ортақ. Оның ойында, нұрына оралған жерде жасырын қиянат болмаса екен! Бірақ, мұны білген зорлықшыл жоқ. Жорғалай шоршыған сауысқан, бөкен бұққан тастың басына шыққанда, егіз лақ үркіп алаңға шықты. Ене бөкен осқырып, екі лағын бауырыпа паналатып, алшайып ақ сүтін емізіп тұрғанда, қара мылтықтан көк түтін «бұрқ» етті. Қос өкпеден оқ айқасты. Маңайдағы тау мен ағаш күрсініп ішінен қарғағанмен қолын созып ажалдан айырған жоқ. Бақытсыз туған екі жас лақ жаралы кеуденің жансыз емшегін иіскелейді.
Сауысқан қанға қарық, мерген тонға қарық, ене бөкеннің төстігі қақталып қара  шұнақ қызға берілер.
Бірақ, үшеуінен басқа мәз ешкім жоқ. Жазықсыздың жаны, жаратылыстың жалыны «бұрқ» еткен түтінекен. Бітті. Айдаланың желісті жел бөкені ауыр Алатауға шыққанда ажалы осылай болды. Ол лағын алып :қашқан ана еді.
Ендігі тілек екі жетім лақтың еркін өсуінде.
1924