ҚАРА БАУЫР
(әңгіме)
Бұратарада
Ардақты оқушы!
Алатау… Алатаудың асқар-асқар асуынан арғы бетке асырсам, алдарыңнан аңғары ұлы өзен кезігеді. Аңғардың екі жағы қап-қара үңгір, меңіреу құз көресің. Құздың аспанға өрлеген басы ақшонақ шоқы, мәңгілік мұз көресің. Өзен арнасы тамылжыған тоғай. Балақ-балағы, түбек-түбегі жыныс, жақпар-жақпар жартасқа көзің сүрінеді. Сол жақпарға үңіле қараңыз, ол көрінгеннің барлығы да тұтас тас емес. Оның бірсыпырасы жанды тастар. Арбақай мүйіз арқарлар, тоң, ерек мойын құлжалар, тағылығы шектен асар асау тауешкі, таутекелер, тарлан тасты тарғыл шұбарлап безеген сулар.
Осы көрікті табиғаттың ортасына у-шу қылып асау ағынды судан құлағыңыз тосаңсиды. Бұл – Алатаудың атақты өзені Бұратара. Қалмақ жері. Мұндағы Жоңғар қалмағы.
Сол құлдыр шұнақ шоқының зындан құзынан бір жіптей жіңішке жалғызаяқжол жатады. Із шыққан Айдар кезеңінің астынан су ағып, осы жол алатаңдақтанады. Сіздің түсетін жәһаннамыңыз осы болады. Ақырында апарымдайсыз.Тасқа таянасыз. Жарға сүйенесіз. Бұтаға жармасасыз. Құлай-құлай табанға түсесіз. Түскен жеріңіздегі жыраңқайдан іш су ете түседі. Алдыңызда аң ба, адам ба – аң-таң боласыз! Ғажайып сұмдық көресіз: Керегесі жоқ уық көресіз. Туырлығы жоқ түндік көресіз. Боз шұбар, бөрте қойтастай бұғынып-бұғынып жерді құшақтап жарты үйлер жатады. Үзігі қылаң боз үй де, құнары жоқ қара лашық та жермен-жексен. Батпаққа түскен сиырдай белуарынан үйлер қара жерге батқан болады. Тамсанасыз. Бәрі де бәкене, уық үй осы болады. Жаугершілік заманындағы «жолым үй», «абылайша», «қос» деп осыларды айтады. Жүздері солыңқы, қабақтары салыңқы, еңсе жоқ, жігері құм, құр сүлделі үрейі ұшқан адамдар болады. Адамның ауылы емес, Алатаудың аң өмірі алдыңа келеді. Таң қаласың.
Анау мұзды шоқының шоқтығынан күн асып, өзен алабын күңгірт көлеңке алады. Ең шеткі жылтыраған отқа келесіз. Үш тастан ошақ, жарық берменнен қазан көресіз. Жарық берменге «жаппай» жауып, қара құманға қайыңның қабығын қайнатып отырған тұтқыштай қара қатынды көресіз. Қасында қара пұшық, қарынсау баласы:
– Апа, нан! Ы-на-а-н! Апа, нан! – деп шешесінің жыртық кимешегін жұлқылап тұрады.
Енді жан-жағыңызға қарағанша қара тұманды аспан қабағын жабады. Сілбісі сіркіреп, күні күркіреп, өте зәрлі өткір жел соғады. Үсті-басыңыз су болады. Қойыннан жел жорғалап, мойыннан су сорғалап, ықтасын іздейсіз. Үш уықтың басын буған құрым туырлықтың есігін қара жеңгей аша береді. Үңгірге кірген аюдай төрттағандап төріне шығасыз. Кеудеңіз көтерілмейді. Өбектеп отырсаңыз да өзіңізді өзіңіз қайда екеніңізді айыра алмайсыз. Аспан ба, аспан айырған нажағай ма, сатырлап жауған жауын ба, дүрілдеп соққан дауыл ма, елде адамы өліп жылап қалған ауыл ма, баурымдаған бауыр ма, шулаған ағайын ба, өкірген жел ме, еңіреген ел ме – күңіренген дыбыс, шулаған дауыс. Айналаң шу-азаң болады.
Осы суық азынаған лашықта жансар жанған шалаға төніп өбектеп отырасыз да, өзіңізді азынаған суық жардың қойнында сезесіз. Алдыңызға ала дорбадан дастарқан жайылады. Жарықберменде піскен қарала жаппай жарып-жарып туралады. Жамаулы кесе, кетік тостағандар қалмақ-бастан шығып, қара құманның алдына қойылады. Ащылауыт жердегі аттының ізіне тұрған жауынның суындай қайың жапырағының шайы құйылады. Үйдегі барлық жан иесін бір түгендеп шығасың. Қап көйлектің омырауынан қара торсықты сорып, қара сатпақ баланың жағы семеді. О қатынның тізесін баса үй иесі екенін отырысымен айтып, омырауы есіктей жүндес төсті, құз қабақты, тұйғын тұмсықты тас қара жігіт отырады. Алдына шалған қара күйеқап алжапқышынан қазаншы екендігін ішің түйеді.
Оң жағыңа қарайсың.
Тұқыраңдап отырып, тымыраңдап сөйлеп, туралған қазанжаппайды қағып отырған сарсақалға үңілесіз. «Ащы жоқ, тұз жоқ, ақ іңгендер еркешін босатып жүдеп барады», – дегенінен түйенің ойсылқарасы осы екенін ішің түйеді.
Көзіңіз тағы қыдырады. Алакөлеңкеде Алатаудың құзындай біреудің тұлғасы көрінеді. Түсін түгел көруге жас аршаның түтіні көзіңізге тосқауыл болады. Тек бураның санындай шалбарлы қос тізенің үстіндегі көлденең ұсталған тобылғы сапты жуан қамшыны ғана байқайсыз. Зәуде «жылқышы боларсың» дейсіз. Алдына қойылған шыныаяқты «ішпеймін, сен іш» деп қойшыға күңк етеді. Қойшыға қарай қоясыз. Екі көзін тарс жұмып жіберген таз самайлы, қара сақалды бас бықсып жатқан аршаны қағыстыра отқа еңкейеді.
Көріктей ауыз ебінің желіндей еседі. Отты үрлейді. От лау ете түседі.
Ескерту: «қара бауыр» – ақын шығармаларында жалшы-жақыбай, кедей -қоңсы мағынасында ұшырасып отыратын сол кездің өзіне тән термин (Ө.Ә.).
–Е, сағынып отыр едім, жеткенбісің, – деп қойшыкөкала қаншықты
көсеумен бір көсіп қалып, қаңқ еткізді.От жарық. Лашық іші нұрға толады. Жан жыбырлап, ауызқимылдай бастады. Сүметіліп отырған өлік көкіректенсүйретіліп сөз шыға бастайды. Сіз құлақ қоясыз.
Арман
–Жұмабек қайтып елге жетті ме екен? – деді Қарыпқазаншы бір сөздің басын бастап.
–Жетті ме… әлде… жемтік болып далада қалды ма,қайдан білейін… – деп қара қатын күрсінеді.
Үйдегі жанның алдына ауыр заманның асқар қайғысы құздай құлағансияқтанады. Үнсіз ой, үміттұйық… Түпсіз қараңғылық… Үй іші тым-тырыс болады.Жалғыз-ақ бұл тыншулықты тұтқиылдан көтерілген көлеңкедегі тұлғаның даусы бұзады:
–Е, аттыға еріп, жаяудың таңы айрылыпты осы. Байдың ісіпәрменмен, жоқтың ісі дәрменмен… Біздей ақымақты қысырақ матап тудыра алмас…
Үй іші тағы тыныштық. Тағы ауыр күңгірт… Тек қойшы ғана отты
қағыстыра береді.
–Байлардікі жөн…Үркісін-ақ… Ал осы өңкей қара бауыр кедейдікі не? Байдыңшашбауын шашбаулап… Елден,жұрттан айрылып, құла дала, қу мекенге тентіреп… Тауасып, тас басып…Үй іші тағы тыныштық. Алакөлеңке тағы ауырлау. Қабақтар құздай салбырап, оттың өлеусіреген жарығына үңілуде. Тек емшекті сорып болған бала ғана дастарқандағы «жаппайдың» (табтама) кесегін өзіне тартады.
Ал осы байлармен бірге Алатаудың асуын асып шұбаудың не қисыны бар еді? Оңбаған өзіміз… Өзіміз…Ел қалды, жер қалды… Осылардан қалсақ аштан өлетіндей… Бірімізді біріміз көре алмай, өлгенгетопырақсала алмай тозғындадық…
Есенхұйдың екі-үш қайжауы қашып кеткен жоқ па, тіпті биеу бейгі асу аузынан кетіп қойды ғой, күй атты мініп… – деп сақау қойшы қолында шайын сораптаңқырап ұрттады (қойшының тілі келмейтін л, р дыбыстарын, оқушы, келтіріп оқуыңызды өтінем).
Біздің Иса да ендігі бір жайлы болған шығар. Әл үстінде ауру еді… – деп соңғы келген Серікбай қозышы қалған ағасын қыстырды.
– Өлсе құдайына барған шығар. Аға өлсе, жеңге мұра деп саған қатын даяр… Өзі 14-те, уылжыған жас. Барған соң қосыла кетесің, – деп түйеші Ысқақ Серікбайды сүйреңкіреп барып тастады.
Мұның мына қалжыңы үй ішіндегілерге тұманныңтұйық желіндей суық тиді… БірақСерікбай да, ешкім де Ысқақсөзін сүйреген жоқ. Тағы тыныштық… Заматта тағы жылқышы:
– Бұ қу кедей қалай оңсын… Өзімізде береке жоқ. Бірауыздылық жоқ. Біз бір шілдің боғы. Біз бір қырыққұрау, өңкей саяқ… Жеке жайыламыз да отырамыз… Осы қара бауырдың ішінде бір дуалы ауыз жоқ. Бірінің айтқанына бірі көнбейді. Бізбірсиырдыңбүйрегі… – деп Сәрсен анда-санда үзілген сөзінің жібін жалғап отырды…
Оныңйас. Өзімізді айуақатқан… Биай қияйықдеген би кісі жоқ…. Бәйі сойды. Биіне-биі сенбейді…Әмижан маған сәйем айтқан екен, қайтсын, біз би жейде жүйсек, би жейде өйейміз… – деп. Соған батыйым байып байдан шыға аймадым…Міні сой…
–Сенің Әміржаның ендігі балшабек болып кеткен шығар, – деді Қарып.
–Бимейм… – деді сақау.
–Қаладағы малайдың бәрі де қазір балшабек болды. Балшабек малайдың бәрін жеткізеді екен ғой… – деп жылқышы сөздің, арт жағын созбақшы болғанда:
– Бәрін айтта, бірін айт, Жұмабек сорлыны айт… Өмірге көзі ашылмаған сорлы еді. Жаңа жетіп келгенінде құдай желкесін қиды ма, қайдам… Сорлы… –деп кемсеңдеп қара қатын босап кетті. Үй ішін тастай ауырлық және басты.
От күңгірт көлеңкеге айналды. Қара қатын жылады. Өзгелердіңқабағы салбырады. Бәрі де үндемейді. Тек… Тек қара қатынның солқ-солқ жылаған даусына іргеден аққан сенді судың түнгі салдыры сарын қосты.
Біраздан соң…
–Әй, шайды құй, ажалды болса, өлген шығар, ажалсызболса, елге барған шығар, несіне жылайсың… – деп Қарыпқазаншы қатынның иесісініп тоқтау салды. Бірақ үйдің қараңғылығы, қара қатынның қайғысы оған сейілмеді.Барын беріп үйренген қара құманша соңғы суын қазаншы Қарыптың шынысына сарқыды. Отты қағыстырып болды да:
–Құдайдың көк сейісі кеп қойаға қойып кетпей мен шығып айтақтайын, – деді де тысқа шықты. Шықты да:
–А-айт-ай-а-ай!.. – деп ноғай күзетінің даусына салғанда бүтін Алатаудың жаңбырлы қойны түгел күңіренді. Айтақтай қораның төріне кетіп бара жатып, қоңыр бәсең дауыспен өлең айтты.
Жетісу – жерің жақсы, суың тәтті,
Сұлу ғып сені сонша кім жаратты.
Ененді кедейшілік екі ұрайын,
Арқаның мойыныма батты қатты.
Айт-ай-ай…
Үйдің іші тып-тыныш. Өршеленіп от қана жанады. Табиғат, тау, тырс-тырс тамған жаңбыр. Бұратараның бұтасы, ауылда ояу жанның құлағы сол дауыста.
Жетісу – шөбің шүйгін, суың балдай,
Ауруым басылар ма саған бармай.
Дәм айдап, о басында тұз тартқан ба,
Қалмақтың тауын кезіп жүрміз андай…
Айт-ай…
Салдыраған су, күрсінген жаннан басқа дыбыс жоқ. Құлақ күзетте, ой салбыраулы.
Сен бе аққан, әулие өзен, Бұратара, Шулайды, әлде біреу жылата ма. Бұйырмай сенен төсек, туған топырақ, Бір жақта қаламыз ба біротала. Айт-айт, ай…ай…
Естіп отырған құлақтардың көздерінен ащы жас жерге тырс-тырс тамды. Қара қатынның лашық ішіне тағы тұман түсті. От күңгірт. От басы жым-жырт. Отырған адамда жан жоқ. Қимыл жоқ. Тек адам денесінен соққан мола секілді. Қара қатынның егіліп жылағаны ауыр қараңғылықтың, тұңғиығының түбіндегі суға кеткен біреудің дыбысы сияқтанады,
Аздан соң…жылқышы басқан ауырлықты жинап басынан асырып тастайтын адамша сергіңкіреп, Қарыпке салған назарымен:
– Біз қайтеміз? – деді.
(Қолжазба араб қарпінде. ҚР Орталық мемлекеттік архиві: Қор – Р1368; тізбе – 1; іс – 65).