АЖДАҺА
Тоқан аулы он шақты үй, басқа ауылдан оқшау отыратын.
Ауылдың жайлап отырған жері «Ақсу» деген томардың бойы Күнбатыс жағы қырлау адыр. Қырдың етегі уақ-уақ томаршық, сай.
Ауыл   Ақсудың   оңтүстік   жағында. Майдың  аяқ  шені.  Жұрт  тегісінен  ораза.  Ауылда Шапар дейтін құранды жаттап шыққан молда бар.
Күн батуға жақындап, ұясына қонып барады. Күндізгі өткір, ыстық күннің көзі маужырап нұры солғын тартқан. Әдемі мамық жел есіп тұр.
Күндікке   оразамен    таңдай    кеуіп,    ерні    кезерген жұрт,  күннің батқанын сабырсыздықпен күтеді. Қыбырлаған жанның бәрі далада. Ауылдың  беткейінде  өрістен  келіп,  жайылып  жатқан қой бар. Ауылға әкетуге ерте болған соң қаптата салып, қойшы ауылға келген.
 
***
Жайылып жатқан қойлар жау тигендей үркіп, астан-кестен болды. Жұрт үрпиісіп қарай қалды.
– Сұмдық… десті жұрт. Қойдың бөлектенген жерінде үлкен қара жылан қойды қуып жүргені көрінді.
Жыланның үлкендігі біздің күнде көретін таныс жыланымыздай емес. Таң қалғандай зор.
– Бұл екі басты аждаһа екен – деген дауыс естілді. Жұртта  үрей қалмады. Бала-шаға  қорқып,  біріне-бірі тығылысты.
Молда азан айтты.
– Апырым-ай, жұтпағай еді. Харап болмағай едік, деп молда балдырлап жүр.
Молданың суқан алдалауымен жұрттың жылау-сықтауы қосылып, жер дүние тітіркеніп, үлкен қауіп болды. У-шу, азан-қазан…
Су ішіп жайылымға шыққан жылқылар да тасыр-тұсыр болып үркіп кетті.
Сиырлар өкіріп қойға араласты. Малдың даусымен ауылдың иттері де желігіп жайлауды басына көтерді.
Қой ауылға жақындай берді. Бірсыпыра адамдар ығысып, шеттеңкіреп қашуға ыңғайланды.
Тым-тырақай үріккен қой ауылдың қотанына кірді. Жылан да қайқаңдап қойдың артынан ере келді.
Қарауға жүз шыдамады. Молда азанды күшейте түсті.   Сол  кезде  жұрт  жанынан  түңіліп,  елімді   ғанакүтеді…
–Сұмдық-ау, аждаһа емес, бақан ғой, –  деді біреу.
–Бақаны несі?..
–Шешіп таста бақанын! Арам қатқыр жұрттың Зәресін алды ғой…
Күндіз алақтап, ауылда қалған ала мойын ешкінің арқанын қазықтан шешіп жіберген де, ойнап жүрген балалар бақанға байлай салған ғой. Бақанын сүйретіп, өрістен келген қойға қосылса, жүрексіз қойы түскірлер тас-талқан болып жүргені.
–Әлекпе тигірлеп, қатындар да қарғысты беріпжатыр. Жұрт әзер есін жиып кешкі ауыз ашуғаотырды.
 
1924