ҚАРЫНДАСТЫҢ ҚАПШЫҒЫНАН
(Мектеп  мещанының шығармаларынан жырындылар)
Қапшық дегеніміз – қалта, орысша «сумка» дейді. Қатындар «қолдорба» десе, қазақ «білімпаздарының» тауып қоюынша «талыс» болмақ керек. Әлбетте «талыс» болады.
Үйткені   сумканың  иесі  оған  үпшісін  салады.
Жақында осындай, сумканың біреуін тауып, бір жолдас маған жіберіпті.
Сумка теріден, күрең-қызыл түсті. Жиек-жиегі ақ жеміт болып көнеріпті. Бүйірі тоқ, сырт пішіні иесінің жүрегіне ұқсайды. «Іші де солай болмас па?» деп, тиісті орындардан өкіл шақырып, комиссия құрдық.
Ішінен мына қазыналар шықты: жіп-су, бет майының қалбыршасы, ерін өңдейтін қызыл-күрең жуса, түйе көз қол айна, сатала болған қыздың мұрын орамалы. Бәтеңкенің басы, кемірілген мұжық кәмпит, шоколадтың қорғасын қағазы… махаббат хаттары…
Енді хаттарды оқылық.
I
Жерсінбей жүрмін
«Жарым Мәрияш!
Келгеннен бері саған, кешігіп хат жаза алмағаныма өкпелемессің… Алматы жәйіне келсек, онша жақсы қала көрінбейді. Бірақ та көшенің екі жағы самсаған биік ағаш, сылдырап аққан бұлақ. Бұл бұлақ Алатаудың сайларынан келіп құйылады. Алатаудың ағарған басы мен сияқты жары жоқ жалғыз жүрген жанға ой түсіреді…
Қаланың қазақтары сақау болады екен. Қап-қара, сарттардан айнымайды. Бақшасы бар, бірақ, Семей бақшасындай ретті емес, Семейде сен болғандық па, әйтеуір маған Семей ыстық көрінеді де тұрады… сені күннен күнге сағынам».
Ғашығың, 15 май
II
Басымды легенге малып алдым
 
«Алыстағы Алатаудың бауырында,
Сәулем, жаным сенен жырақ қиырда,
Екі көзім сені іздеп төрт болып,
Жалтақ-жалтақ қараудамын маңыма.
Қайғылы күй – қабағымды қатырды,
Күн көрінбей қап-қара бұлт басуда,
Жар іздеген жас жүректің жарасы,
Хабар алмай, қансырайды, шәншуде.
Зарығып, зарлап хат ала алмай қайғырғалы екі ай бес күн болып еді. Бүгінгі күні суретіңді салған хатыңды алып, жүрегім соғып, көзім жасаурап, денем балқып толықсып құлап кеткенімде басым барып пәтер үйдің лық толып тұрған легеніне «шолп!» етіп, түсіп кеткені бар ғой!
Осының бәрі бір сен үшін екенін есіңе ал!..
Күн аралатып ауырып тұрамын дегенің жаныма жаман батты.
Сәулем!
Басың ба, жүрегің бе, қабырғаң ба, бұғанаң ба, бақайың ба, сирағың ба, тұяғың ба – қай жерің? Дәрігерлерге көрін.
Бірақ дәрігердің адам ауруын таба алмай «әне-міне» деп, мыжып жүретіні бар. Ол күнде қазақтың бақсы-бәлгерінің өзіне көрінуді ұсынам. Қош тұр».
17 май
III
Значит ақын болам
«Жақын арада қаладан  14 километр жердегі «Медеу» деген курортқа барып 3 жеті жатып келдім. Қазынаның қара наны мен ішті ауыртатын дүмбілез пісірген кашысын жеп у-шу студенттердің ішінде бастығырылып, қара болып өтіп едім. Желбіреген жасыл орманның пүліш кілемдей көк майса шөптің үстінде аунап-қунап, сарқыраған таза су ішіп, бір рахаттанып қалдым. Күміс суға шомылдым.
Қанымды күнге қыздырып, жап-жалаңаш жатып, ертеңнен кешке шейін басына ақ мамық бұлт жамылып аспанмен тілдескен Алатаудың ақбас биігіне біраз қарап отырдым. Сол кезде жанымда сен болып, күміс сулы көл ішінде су шәшіп ойнап жүрер ме едің.
Осы жерде жатқанда жазған жарыңның міне бір-екі ауыз өлеңіне құлақ салшы:
Көк торғын көрпедей күбере аспан,
Алтын күн бұлт жамылып сол алысқан,
Қантша еріп қарлы басы Алатаудың,
Буланып шың қиясын мұнар басқан.
Айтпақшы, алғашқы хатымда «Алатау» деген өлең жазып жіберіп ем, назар салып оқыған екенсің. Жолдастарым – Исаның Алатау дегенін ұрлаған деп жүрген көрінеді, оған нанба. Мен, ақын болуға өзіме өзім толық сенем. Түсімде әрдайым Пушкин, Лермонтовтардың суретін көріп балдыр-батпақтап өлең айтып жүремін. Есебін тауып, ақындардың асыл сөздерін қолдана білгенге ешкім де кінәлай алмайды. Қазақ сөзі бәрімізге ортақ.
Ешкімнің маңдайына басылып дара иелік ететін нәрсесі емес. Значит ақын болам деген соң боламын. Менен жамандар да қалам ұстап бірдеңе-бірдеңе жазып жүр ғой… Жөдең әлі қазапқа да түседі. Өлтірмейін десең үзбей жазып тұр».
Ғашығың, 8 июнь
IV
Әшкелі сарала инженер болу керек те
«Хатыңды алып қабағат қуандым. Қамыққан жүрек, талыққан жүрек сүйген жарынан хабар алып, қайғылы қара бұлт басқан қатулы қабағын қарыс ашты. Хаттың әріптерінен сүйді. Конвертті, хатты оңаша жерде бауырыма басып қысып-қысып алғанда көзімнен жас ыршып-ыршып кетті.
Ең аяғы дәретханаға барғанда да тоңқайып отырып, оқып отырамын. Мұндай жер секретный хаттарды оқуға қандай жәйлі… қуанғаным сол емес пе, үйге дамбал-шалбарымның түймесін салмай кіріппін.
Демалыс алып Семей барам. Сен болмасаң бұрынғы Семейге бармас та едім. Сенің ВУЗ-ға даярлайтын курске, түскеніңе қатты қуаныштымын.
Ал, қандай ВУЗ-ға түсем деген екенсің. Менің айтарым: Қазақстандағы ВУЗ-ға түспе. Қайда барсаң да қазағы бар жер оңбайды. Мен де шамам келсе, европалық ВУЗ-ға түсем. Оқыған соң әшкелі сарала инженер болу керек…
Күнім Мәрияш, әйелді масқаралау барлық еркектің қолынан келеді. Әйелге еркек табыла кетуден тайынбайды. Әйел табиғаттың гүлі. Гүлді жұлып алып иіскеп, жол аузына тастап кететін еркек көп. Күнім Мәрияш, өмірден опық жеп, орға түсіп кетпе. Менен ақыл сұрап отыр дегенді ұмытпа, ұмытпа!
11 июнь
V
Амал жоқ оқып жүрмін
«Мәрияш, күнім! Мені  профессордың, зарлаған кесірдің лекциясы да сергітпейді. Оқуды амал жоқ оқып жүрмін. Мені сағынған болсаң мен де жетермін. Семейге екі айға практикаға барам, Алматыдан шығар күні: «Выехал встречайте» деп телеграмма беремін. Па  шіркін!   Вокзал  басында   мені  тосып  алсаң-ау, мауқымды   басар   едім.   Апыр-ай  қашан   жетер   екем? Сен көзіме елестегенде ішім күйіп кетеді. Шыдай алмай, өлі тиген адамша жастығымды алып ұрып, астыма басам…
Уһ! жаным?!
Қош!
Әуре жүрек».
15 июнь
VI
Сколько время?
«Қалқам Мәрияш!
 Сабақ бітуге таянды. Ұшуға  қанатым жоқ. Алматыдан базарлыққа алма әкел дегең екенсің. Қазір үлкен алмалар пісе қойған жоқ. Мен қайтқанша пісер. Өзім ала барамын. Алма сататын сәудегерлермен танысып сенің алма деген аманатыңды орындайын деген ойдамын. Сағат деген екенсің. Комиссионный магазинге барып едім, жаңа сағат жоқ болды. Ескі ұсталған сағаттарды, бұзылып қалар деп қорқып алмадым. Жақын арада Мәскеуден жақсы сағаттар келеді деп тұр. Келісімен біреуін алып, жіберермін. Екеуіміз үйленіп бірге тұрсақ, сен жарқыраған күміс сағатыңмен бұралып шәй құйып беріп отырсаң.
–Уа, Мәрияш жаным, –  сколько время? — деп мен отырсам, сен сонда жып-жылдам қанша уақыт екенін айтсаң арман болмас еді-ау!
Оған да жетерміз. Қасыңа барғанша асықпын. Көңіл ынжар. Міне, қазір сағат 12-ні соқты. Бір комнатада жападан жалғыз өзім отырмын. Жатақханадан частный пәтерге шықтым. Жұмаққа кіргендей болдым.
Бостандық,   рахат   тұрмысты   жаңа   көрдім.   Ендігі арман – сен».
Күйігім,сүйгенің.
25 июнь.
VII
Қой құрттар үшін оқи алмаймын
«Еріксіз, тағдырдың айдауымен, құдайдың байлауымен Семейге бара  алмай, басқа жерге кетіп барамын. «Семей  барамын» деп сіресіп едім, болмады.
– Кәрі әке-шешем ауру екен, бала-шағам, жамағатым бар еді – деп айтпақ болып оқтанып едім,– жұдырықтай басыңмен әйелің бар ма, —  деп ұялтар деп қайыра жым қоя қойдым.
Енді 100 километр жердегі бір совхозға автобуспен кетпекпін. Автобус құба жонда жосылып аңырағанда жанымда сен болсаң, аш беліңнен қапсыра құшақтасам, сен басыңды сүйеп отырсаң, кедір-бұдыр түйіртпек жерге келгенде, автомобиль шайқалғанда екеуміздің басымыз бір-біріне еріксіз соқтығылып тиісіп қалса, қандай қызық  өмір болар еді-ау!
Тапсырған базарлығыңды біртелеп орындап келем. Жақсы алтын сағат болмады. Бәтеңкенің аласа, тәпек өкшесі болмағандықтан өкшесі алым-берім, орташа сары туфли жібердім. Алматының бар магазинін аралап жүріп таңдап алдым. Мұны аларда сенің аяғыңның размерін-мөлшерін білмей магазинде аңырып көп тұрдым ғой. Мен аяғы сүп-сүйір, етсіз, бақайлары тырбықайлау, үсті жатаған аяқ емес пе еді, деп тәуекелге тапсырып, осы 36 размерлі туфли алдым.
Сатушы, приказчик тұрып:
  • Әйеліңізге аласыз   ба? — деді.
  • Да, — дедім.
  • Тәуірі осы, әйеліңіз көп киеді, — деп күліп қойды. Жібермек болып алған алмамның бірсыпырасы езіліп кетті. 20 шақты жақсыларын таңдап жібердім. Езілерін білсем, дамбалыма орасам да, жұмсақ қылып, жәйлап салам ғой.
Мәрияш, дамбал дегенге көңіліңе келмесін, ойнап айтам, ғашығым. Мәрияш, «қайда барам?» депсің. Айтқаным айтқан. Мәскеу бар. Біздің институттың оқуы да көңіліме ұнамай жүр.
Осыдан мал совхозына барып қыршаңқы, қотыр, мертік, шортық жылқы, сиырды қарайтын көрінеміз. Жолдастар, сиырдың арт жағында тәжірибе жұмысын жүргіземіз,- дейді. Ол күнде мен бұл институтта бір сағатта тұра алмаймын. Кім, сол сиырдың жапасын басып, қойдың құртын айырып, аттың жауырын қасып жүреді? Аш беліңнен құшақтадым, ғашығың».
20 август Алматы.
Абысындас обывательдік осылар. Хаттарын келесі номерде жариялаймыз.
Тек жұртшылығымыз жабыла, ішіміздегі мещан мінезділерді шұқылауымыз керек та.
1931 жыл