СӨЗ ҚАМЫСБАЕВҚА…
I
Күн суық. Қырды ызғырық жел ысырып айдап жатыр. Төбеде уезден өкіл келеді деп қосшылар күн еңкейгенше тосып тұр еді. Сақал, мұрттар сауыс қырау. Емшекте баласы бар әйелдер де көрінеді. Бір мезгілде буаз портфелін көтеріп, өкіл Қамысбаев киіп-жарып көптің ортасына келді. Жиналып тұрғандар жым-жырт болды. Ортаға келі алдырып төңкертті. Біршумақ кілтті қоңырау орнына жұмсамақ болып алдырды. Келінің екі жағынан сүйетіп Қамысбаев үстіне шықты.
Кілт – қоңырау шылдыр етті. Қамысбаев:
Жиылыс ашылды деп санаймын.
Сөз, баяндау үшін укомның өкілі, уисполком өкілі, уком қосшы өкілі, уженотдел өкілі, уфинотдел өкілі и так далее өкіл жолдас Қамысбаевқа яғни менің өзіме берілді.
– Жолдастар, мен қысқа болам… Но…
– М-м-м… Өздеріңізге мәлім, кәзіргі… Әл-ақуал жақсарып келе жатыр. Байлар дүниелерінің соңғы жылдарындағы стабилизациясы бұл моментте мұздағандай боп тұр. Мұны он бесінші партия конференциясы ерекше астын сызды. Жұрт арасының буржуйлары соңғы кезде біздің Совет союзына жаңа соққы жасағысы келеді. Бірақ олардың өзінің противоречиелері бар, тағы да, өйтсек те жұрт арасының төңкерісі қимылдап кетеме деп қорқады. Соның үшін қорқады, бізбен соғысудан. Әйтпесе олар соққысын бізге көздеп тұр. Біз олардың жаулығына даяр тұруымыз керек. Біз өзіміз соғысқа шықпаймыз, өзімізге шабатын болса, қорғанамыз. Жұрт арасының рабочий класы сау тұрса, біз империалистерден қорықпаймыз да, товарищи, әр жұмысымызда Ленин басшымыздың өсиетін орындау орасан міндетіміз… Мен сонымен сөзімді доғарамын.
Баяндамашыдан сұрақ сұрауға болады. Бар ма? Бар болса, жазып берсін,– деген ұсыныс кірді маған; бес минут демалыс.
II
Кілт – қоңырау шылдыр етті, жым-жырт. Қамысбаев:
Сауалдар кірмеді маған.
Топ:
Хат білмейміз.
Қағаз, қарындашымыз жоқ.
Ылажы болса, ауызша сұрасақ екен?
Қамысбаев: (Желкесін қасып, ауызын қисайтып, көзін бажырайтып
Беда. Сұрауға болады…
Топ:
Біз мына осы жердегі Тоғайбай деген ел, ылғи жатақпыз; тоғанымыз жоқ, не айтасыз?
Қазынадан қарызға ақша беріледі дегенді ұзын-құлақ алып-қашып жүр. Біздің қолымыз қайтсек жетеді.
Жақында советке сайлау болады дегенді есітіп тұрмыз. Мұның
аңғары қалай болар екен?
Мектеп ашамыз деп талаптанғалы екі-үш жыл болады. Жөнін
білмегендіктен жұмысымыз мандымай жатыр, бұған не ылаж?
Ел ішінде қыз сатқан, кұда түскен көбейіп барады. Бұған тоқтау бола ма?
– Ұрлық өршіп барады, не шара?
Кездемені, керек-жарақты қайдан тиімді қылып алуға болады?
Астығымызды, тері-терсегімізді қайда күйгізбей сата аламыз?
Кілт – қоңырау, шылдыр… етті.
Қамысбаев:
Тыныш! Маған ұсыныс кірді, сұрау тоқталсын деген қарсы жоқ?
Жым-жырт.
Қамысбаев:
– Мен сіздерге сразу жауап беремін. Сауалдарыңыз менің баяндамама жұғыспайды. Сол бойынша, жауап беріп болмайды. Кімде резолюция, то есть қаулы бар?
Жым-жырт.
Қамысбаев:
– Ендеше маған резолюция кірді. (Портфелінен ақтарып құлаштай ұзын қағазды жазып жіберіп оқиды)… Уезден келген уком өкілі, уисполком өкілі, уком қосшы өкілі, уженотдел өкілі, и так далее, өкіл жолдас Қамысбаев докладына құлақ салған союз қосшы собраниесі тоқтамы:
Положение СССР жақсарып келе жатыр.
Байлар дүниесінің капитализімінің стабилизациясы уақытша тоңазып тұр.
Қазақстанда ауыл шаруасы соғысқа дейінгі тегістік бетіне жете алмай жатыр. Мұны міндетті биіктікке көтеруге.
Индустриализацияны тездетуге.
Үнем ықтиятының ықпалын аңыстауға.
……………………………..