ШАЛҚЫБАЙ
Қала. Шалқыбай шалқып жайлаудан жақында қайтты. Ол он екі айдың екеуіне демалды. Жаны сүйген жайлаудың жақсысында жатты. Ел ішінде ойлағаны 100% орындалды. Сәскеде бір қозы, түсте бір қозы, таңға жақын бір қозы ұдайы пісіп келіп тұрды. Қой – Қойлыбайдан, қымыз – Қырықбайдан. Қиюы қашқан ыңыршақтай ырсиып жайлауға барған Шалқырбай қоңырбұйраланып, қоңайып қайтты. Есер жабық етпен мекеме тұғырына қайта қонды.
Шалқыбай шат көңілді адам. Шақырмайтын үй болмайды. Сондықтан ол қонақтан қонаққа жүзіп жүріп, дайымы таңға қарысып ұйықтайды. Сағат онсыз арқасын күнге шалдырмайды. Ең ерте тұруы онды соқтырады. Мекеме жұмысы, тосқан жұрт – Шалқыбайдың қаперіне кірмейді. Бойын бойжеткенше сылайды. Етігін ет асым тазарттырады. Жуыну – жүз минут, тарану – табан бір сағат. Жағасын жарты сағат шұқылып, айна алдында биесауым тұрып алады. Галстугін байлағанша – мінген ат суыйды. Шалқыбай осылай шалқиды. Ол мырзалықтың бәрін кеңсе қызметінің алты сағатының есебіне істейді. Шалқыбай шайды ішіп, шылымды тартып, сағат он екіні соқтырып мекемеге кетеді; бұл күндегісі.
Кеңсенің алды, арықтың жағасы топырлаған халық – бәрі де Шалқыбайға құштар. Біреудің қағазына қол қойылған жоқ, біреудің орны жоқ, біреудің арызы, біреудің арманы…
Жоңышқа жеген қос торыны қуа айдап, солқылдақ арбаның алдындағы кучер дүрілдетіп келіп, кеңсенің есігін көлденеңдей берді.
Шаншыла отырған Шалқыбай ырғып табалдырыққа міріп, қалың көпті қақ жара мекемеге сүңгіп кетті. Топырлаған топ есікке қойдай ұйлықты. Үш күн қалада түнеп, өгізі өлгелі тұрған Оспан есікті ашып еді, Шалқыбай шақшия қадалып, басты бір шайқап тастады. Оспанның жүрегін өгіз сүзгендей болды. Есікті лып еткізіп жауып құтылды.
Шақаң режим экономияның ұраны баспалаталардың алдында ғана өзіне кабинет «оборудовать» еттірген. Екі үлкен жарық терезелі бөлме, табаны сырлы тақтай. Керегесі ағартулы, есіктей айна еңкейте ілінген. Керегеде де, жерде де кілем, кабинетті жақсы безеп тұр.
Кебежедей кереге сағаты 12 жарымды соқты. Үстелдің тұлғасы төгілте жапқан қызыл сукно. Оның үсті толып жатқан жазу жабдығы: екі жез қақпақты сауыт, айқаса қасынысқан екі темір ат, бір мыс ит, былқылдақ басқыш, көк күркелі электр лампа, жылжымалы телефон, жантаймалы календарь, тебінгідей сарқұлақ блокнот, тайтұяқтай қоңырау, желіні жеткен жирен биедей сары портфель.
Шалқыбай қоңырауды басып қойып, есікшеге:
Александр Иванович, мұнда! – деді.
Иванович Шалқыбаймен шұрқырасып, шылым алды.
Иванович – құйқадан бір қылтанақ қалдыртпай қырдырған бір қасқа. Чечунча жейденің омырауындағы таналар тарғыл мысықтың көзіндей жалтырайды. Ауызы аузына жұқпайды. Шалқыбайдан гөрі тайшаптырым қазақы.
Шалқыбай өзінің түнде қайда болғанын, мәжілісте қызған екі адамның қызарақтасқанын ұзақ сөйлеп бітірді де:
Александр Иванович, мені тосып тұрған қазақтар болса, доложите
пожалуйста! – деді.
Иванович бір қолтық «делоны» әкеліп, үстел үстіне салақ қатынның ұршығындай қоқытты.
Мынау комиссиянікі, жұмыс жоспары.
Доложить.
Бұл түнеу күні, сіз жайлауға кетпей келген. Кешіккен жоқ па?
Да, кешікті. Отложить.
Мына біреу 4-інші ауылдан, обществосының тоқтамы екен. «Асыгыс» депті, кургакшылык туралы…
Доложить.
Қазақ тілінде екен. Оқи алмаймын ғой.
Тогда, отложить.
Мынау, егістікті бөлетін комиссиянікі план.
Доложить.
Мұны мен әлі оқып шыкканым жоқ.
Отложить.
Мынау салык санагы туралы бір материал.
Доложить.
Сіз кетер кезде келген.
А, отложить.
Мыналар – президиумның токтамдары. Бары 17 токтам. Қыстан бері кол қойылмай накопляться етіп жатады.
Пока отложить.
Мынау біздікі учреждениенің үш айға календарный планы.
Доложить.
Аяғында бітпегені бар.
Отложить.
Осы ретте доложить пен отложить автомат қимылында алма кезек
айтылып отырды.
Шалқыбай шалқып шылымды тағы сорды. Алдындағы түйеден
түсірілген жам жүктей көп қағазға қарап, өзінің «деловойлығына» насаттанды. Көңілі көтеріліп, көкбұйра түтінді ұзартып, қарсы отырған қасқа басты асыра, бір үрледі.
Телефон шылдыррр…
Шалқыбайдың қолы тұтқаға машинадай шап ете түсіп, құлағына қойды да:
Да… да…да… через пять минут… Александр Иванович, бүгін 11 де
менің бюрода докладым бар екен.
Не турадан?
Понимаете, мені түнеугіде «Бюрократизммен күресу» деген
комиссияның председателдігіне бюро сайлап қоймап па еді? Міне, енді сол туралы отчет требовать етіп жатыр. Тезірек, пожалуйста, вес материал дайын болсын… деп, Шалқыбай мундштугінің күлін түсірді.
Сізге қандай материал керек?
Барлық мәселе туралы, то есть обо всем…
Сіздікі доклад о борьбе с бюрократизм турада болса, сол турада…
Нет, Александр Иванович, хотя мой доклад бюрократтизммен күрес
болса да, сауалдар бар мәселе туралы беріледі, ол ақиқат. Осы күнгі докладчикті қолға түскен ұрыдай қылатын салт жайылды ғой. Сондықтан биылғы уездегі жұмыстардың основной моменттерін құшағына алатын материалдар менің қол астымда болуы керек. Мәселен: – деп, көзін шырт жұмып жіберіп, саусағын санап ала жөнелді:
– Бірінші – бағаны арзандату туралы; екінші – егіс-шабысты бөлу; үшінші – ауыл кеңесін ірілендіру; төртінші –алдымыздағы міндеттер; бесінші – қазақыландыру.
Бір қолының саусағын тегіс жұмып, жұдырық жасады да, енді бір қолын тарбитып:
Алтыншы – о рационализации работ советских и общественных учреждений; жетінші – об удешевлении госаппарата; сегізінші… дей бергенде телефон тағы шылдыррр ете түсті. Шалқыбай:
Да, – деп, тапыр-тұпыр тұтқаны қоя салды да:
Александр Иванович, мені бюро шақырып жатыр. Пожалуйста
тезірек! Жаңа айтылған основной моменттер туралы материалдарды цифровые данныеларды менің артымнан жібере ғой. Мен семеный садтан сусындай тұрам. Обязательно тосам. Пожалуйста, тезірек! Пожалуйста, тезірек!… – деп, жирен портфельді іліп алды да жөнелді.