АЛДАНДЫҚ
I
Айсабай, қызыл өгізді ерттеші! Нарядчик сайлауға барасың деп кетті
ғой, — деді де, – Қалиша-ай, насыбай уқалап дайындашы, қатын! – деді Бектас.
Сиаз, сайлау деп жалғыз өгізді оттатпадың ғой. Сайлаудан саған түсетін не? Жалбақтай бермей баланың шарығын ұлтарып берсеңші. Саған түсер он тиын пайда жоқ! – деді Қалиша.
Қатын, сен білмейсің. Үкімет кедейлердікі дейді. Сайлау союз қосшынікі болса, сайлауға мен бармағанда кім барады. Бізге «союз қосшы» деп қағаз бергенде, «собраниеге бармасаң қағазды қайтып алып қоямыз» деген, — деп, Бектас тамағын қырып, қозғалып қойды.
Мен білмеймін емес, сен білмейсің. Большевик шыққалы үкімет біздікі–деп, кеудеңді көтергенге міне бес жыл болды. Әлі болыс болып келе жатқан Жұлқардың баласы; әлі болыс орнында келе жатқан Жалғасардың баласы. Құр шулайсыңдар. Соларды бір түсіре алмай қойдыңдар. Бұл жолы да құдайың солар болып шыға келер. Адыра қалғыр Жұлқардың баласының біздей нашарға қылмағаны бар ма? Жалғыз атты мініп, көзін жоғалтып жіберді. Қайнағаның қатынын бұзып, сатып жіберіп, қаңғытып қойды. Налогтің өсімі деп, жалғыз татайыншаны алып Далаңға сатып отыр, — деді Қалиша.
Осы жолы көреміз, — деді Бектас.
II
Ауылдан қызыл өгіз мініп Бектас шықты. Сайлауға бара жатқан Қылшабай, Байту, Мұсабай, Жұлқарлар – бәрі де тоғанақтасты. Көңілдері көтеріңкі, Жұлқаров, Жалғасаров, нарядчик Аямасовтарды сайлаудан кірлеп шығарып жіберсек деп, олардың қылықтарын сайлау бастығына анықтап отырып айтпақ болып, гуілдесіп келе жатыр.
Сайлау Қасым қажының ауылында деген. Төтелетіп отырып шаңқай түсте жетіп келді. Ауыл шытырлаған ат. Қашаның ішінің бәрі ылғи күміс тартпалы, ер-тоқымды мырзалардың аттары екен.
Бектастар қашаның алдына келгенде Қасым қажы:
Ана төбенің басындағы жиылып жатқан елге барыңдар! Мұнда жұмыс жоқ. Сайлау төбеде болады! — деді.
Төбеде үріккен қойдай шоқшиып қалған ылғи Бектастардың өз теңдестері екен. Алқақотан отырысып, – бұрынғы болып келгендерді сайламаймыз — деп, дуылдасып отыр.
Сайлауға келген қаладағы Қалибаев деген екен. Түлкі тұмақ, қасқыр ішік киіп, күміс белдік буынған мырза-сабаздар Қалибаевты айналып, үйріліп Қасым қажының үйіне лық толыпты. Кедей барса жиылыстың бағасы түсіп кететін сияқты. Сүмірейген бастарымен Қасым қажының асқан қазанына ортақ болып, мырзалардың үстіне кіру Бектастарға нәсіп болатын да емес. Үйде список тізіп отыр.
Төбедегі кедейлердің әңгімесі тамақты керек те қылатын емес.
Қалишаның қайрауымен бе, жоқ өзінің аз санасымен бе, Бектас былай деп жұртты өзіне қаратып отыр:
Бұл жолы алданып қалмалық. Жұлқардың сұмы – тон жамылған байдың төбеті. Қасым қажының құйрығы. Бұл жолы исполкомғаоны сайласаңдар барлық ылауды да сендер тартасыңдар. Кедей, өміріңше көзің ашылмайды. Қасым қажының арқан, тұзағы мойныңнан ажырамайды. Бәрің де шулап ырза болмаңдар. Аямаңдар…
Бәрі де шулап арыз қылмақшы болып, сайлауға араластырмаймыз десіп, бірін-бірі қоштап ду-ду…
ІІІ
Күн намаздігер болды. «Жинал!» деп нарядчик дауыстап жүр. Қолына қағаз алған, сидалау киінген Қалибаев түлкі тұмақты топпен келіп, мәжіліс болды. Алқақотан дөңгелеп отырысты. Күміс белдіктілер кедейлерді тұрғызып, бытыратып, араларына кіріп-кіріп отырды. Көптің ортасына бір сандық қойып, съезд басқармасы сайланып өтті.
Қалибаев мықындағы алтыатарды Бектастарға қырындап бір түзетіп қойды да, «Жолдастар!» деп бастап, булығып-булығып сөйлеп тұр.
– Үкімет кедей, кембағалдардікі, жарлы-жалшылардікі. Қосшы ұйымы оянуға керек. Бай, манап, жуан-жұдырықтарға, әрі олардың құйрық-тазыларына кеңес сайлауларында орын жоқ…
Бектастардың сай-сүйегі сырқырады. Қасым қажыларға әм оның тазысы болып жүрген Аямасов, Жұлқаров, Жалғасаровтарға тісін қайрап ішінен жауығып отыр. Әсіресе, кедей, кембағалдар, Советский Власть деген сөздер Қылшабай, Жұлқарлардың айызын қандырып тұр…
IV
Жиылыс бастығы:
Кезектегі мәселе атқару комитетке сайлау, – деді.
Бектас, Қылшабайлар біріне-бірі қарасып, қузалып отыр. Ойындағы кісісі – қызыләскерден жаңада қайтып келген Мұсабаланың баласы. Осыны сайласақ, дейді. Бектас қозғалып, қолын көтеріп:
Тақсыр, маған сөз беріңіз! – деді.
Асықпаңыз! – дейді.
Үстел басы бір қағазды алды да:
Мұндағы үкімет мекемелеріндегі жолдастар тарапынан атқару
комитетке ұсынған мынау список бар. Төмендегі жолдастар өтеді, – деп қағазды оқиды:
– Бірінші – Қызылтазы Жұлқаров, екінші – Астыртын Жалғасаров, үшінші – Сатыпкет Жоғалтаров, төртінші – Алымшыл Аямасов, бесінші – Ылаушыл Тасталқанов жолдастар. Бұларды қалай көресіздер? – деген болды.
Бектас, Қылшабай, Мұсабала, Жұрқа:
– Біз сайламаймыз! – деп шу ете түсіп еді:
Тәртіпті, мәжілісті бұздыңдар, қазақшылықтарың қалмайды. Кезекпен сөйлегенді білмейтін өңкей итсіңдер! – деп Қалибаев қайырып тастады.
– Мына жолдас Аямасов тарапынан список тұтасынан дауысқа салынсын деген ұсыныс кірді, соны дауысқа қоям, – деді үстел басы.
Қылшабай, Жұрқалар тұтас-мұтасына түсінген де жоқ. Екі көздерін, бар қиялдарын Қалибаевтың қас-қабағына, алтыатары мен қағазына салып отыр. Үстел басы:
– Мына қағазға тұтас дегендерің қол көтеріңдер! – деп еді, төрелердің айтқанын қылмасам түрмеге түсіп қалар ма екем, деген су жүрек Мұсалар, Қылшабайлар «ал!» дегенде-ақ, елден қалмай, қолын көтеріп жіберді. Бұйрық естісе, еліктей ұшатын кедейлер, үстел басының «Ал, көтер!» деген жарлығын бұлжытпай орындады-ақ!
Мұның ішінде Бектас қуқылдау екен, тақау отырған Жұрқаның қолын қағып қалуға ғана шамасы келді. Сөйтсе де дәмдісін кейін күтіп отыр, ол.
– Аты аталған жолдастар, көпшілікпен өтті, — деді үстел бастығы.
Бектас аң-таң. Қылшабай, Мұсалар – Жұлқаров, Жалғасаровтарды әлі сайлағысы келмейді. Есі-дерті «Мұсабалаев» деп атасақ еді.
Бектастың жүрегі ойнақшып, ешнәрсеге көзі жетпей, үстел басыларға қарап қатты да қалды.
Бір дауыспен аталған бесеуі аткомге өтті; онда бастық – Қызылтазы Жұлқаров, орынбасары – астыртын Жалғасаров, хатшы – Алымшыл Аямасов, мүшелері – Сатыпкел Жоғалтаров, Ылаушыл Тасталқанов, — деді бастық.
Бектас, Қылшабай, Мұсабала, Жұлқарлар:
– Біз сайлағанымыз жоқ! — деп шулады. Сайлаушылар:
– Әлгінде ауырып қалған жоқсыңдар ғой, жұмыс бітті!- деп, книгелерін жауып, Қасым қажының үйіне кіріп кетісті.
Күн ұясына кіріп, қас қарайып барады. Бектастардың салы суға кеткендей иіні түсіп, бірінен бірі көріп, шулап қайтып барады.
Қасқырдан қойшы сайладық.
Байдың төбетінің құйрығын…
Бата қылып майладық!
Алдандық!… Алдандық!… деп шу-шу етеді.