Лахути Әбілқасым (Ғасем)
(1887 – 1957)

 

Лахути Әбілқасым /Ғасем/ (1887-1957) – Иран әдебиетінің XX ғасырының басындағы ірі ақыны.
Балалық шағынан бастап жоқшылықты, зорлық-зомбылық, әлеуметтік теңсіздікті көзімен көріп есейген ол қарапайым халық тұрмысын реалистікпен жырлай білетін жыршыға айналды. Ол 1905-1911 жылдардағы Ирандағы революциялық қозғалыстарға қатысты. 1922 жылға дейін туған елі Иранда тұрды.
Лахути шығармашылығын тақырыптық жағынан бірнеше топтарға бөлеміз. Олардың ең бастысы – туған елі, Иранның қайғы-қасірет шеккен тағдыры туралы толғаныста: «Қирады ғой жұрты – Иран» (1909), «Қалталының шаңырағы» (1909), «Керемет қой адам бұл» (1910), «Шығыс» (1914), «Отанға қайтып оралу» (1914), «Біреу Рим, Эллада құдайларын» (1916), «Иран халқына» (1950), «Иранның әнші қызына» (1950) т.б.
Ә.Лахути шығармашылығындағы әлемдік әдебиеттің арқауы болып келген махаббат тақырыбы шығыс поэзиясының дәстүрлі нақыштарымен түрлене көз тартады. Мысалы, «Шырағдан мен көбелек» (1914), «Пәренжімен көздің нұрын» (1917), «Иран қызына» (1918), «Жан жүректі» (1918), «Сүйгеніне берік сенген» (1918), «Тордан қарап тұрған бұлбұл» (1919), «Жайдарылау қарасаңшы» (1919), «Таң қаламын» (1920), «Сүйіктімді ертерек» (1921), «Жарқ етіп бір қарағаның» (1921) деген жырлары.
Шығыс сұлулары – әлем әдебиетіндегі сұлулық тақырыбындағы дара тұрған кейіпкерлер. Мысалы, «Иран қызына» жырындағы аруды ақын «Иранның алтын айы», «Жақұты Шығыстың», «Сымдай түзу сымбатың», «Хош иісті қолаң шашың», «Оқтай өткір отжанарың» және т.б. дәстүрлі баламалы бейнелеу сөздермен мадақтай отырып Шығыс аруының халық болашағына тірек боларлық азаматты парасат биіктігіңде уағыздайды.
Ә.Лахути поэзиясыңда көңіл-күй лирикасы да бар. Бұндай өлеңдерінде ақынның заман, тұрмыс, адамдармен қарым-қатынас мәселелерінің ортасында жүріп, алуан сырлы көңіл-күй әуендерінің теңсізінде жүзетіндігі байқалады. Мысалы, «Тағдыр маған қаталдығын» (1921), «Құдіретті екі қол бар біздерде» (1921) деген өлеңдерінде өмірді сүйген өршіл гуманизм рухындағы күрескер жігерлі ақын көңіліңнің табиғатына қанығамыз.
Әбілқасым Лахути шығармашылғы – иран-тәжік әдебиеттерінде ортақ тұлға ретінде қарастырылатын мұра.
Ілияс Жансүгіров Ғ. Лахутидан махаббат тақырыбында жазылған «Иран қызына» атты өлеңін тәржімалаған.
           ИРАН ҚЫЗЫНА
Жыбырла жел, жыбырла,
Кетемісің Иранға?
Онда барсаң сыбырла
Иран қызы – Баһрамға:
«Таудан арман нұрлы, кең,
Болдым Өзбекстаңда.
Еңбек еркін, адам тең,
Езгіндік жоқ һеш жанға.
Жатыр жасап жаңа өмір,
Өмір өзі-пылаңда.
Қыз бетінен қарақап
Түсті ұқсаған зынданға.
Таңертеңгі күлген гүл
Шықты күнге, қалмастан
Паранжылы тұманда;
Қуаныштың құйыны
Соқты ойнақтап сол күні,
Соңдағы бір адамға;
Қуанбаған жалғыз мен
Тиді ауыр жарама.
Түсті есіме сол Шығыс,
Сен сықылды сорлы қыз,
Тұтқын әлі құранға.
Тұншықтым да төктім жас…
Ойлап сені тұрғанда!..»
Жел, жел, маған берші дем,
Жорық жырын жырларға;
Тәжік қызы сілтер жөн –
Ирандағы қыздарға.
Өзбек кызы болар дем
Азаттыққа шығарға.