Тоқай Ғабдолла
(1886 – 1913)
Ғабдолла Мұхаммедғарифұлы Тоқай татар ақыны, публицист. Ол 1886 жылы 26 сәуірде Татарстанда дүниеге келген. Татардың жаңа бағыттағы реалистік әдебиеті мен қазіргі татар әдеби тілінің негізін салушы. 1895 жылы Орал қаласына келіп, Мутыгия медресесінде оқыды. Алғашқы шығармаларын 1902 жылдан жаза бастады. «Фикир» («Пікір») газетінде, «Әл-ғасрул-жадид» («Жаңа ғасыр»), «Уклар» («Оқтар») журналдарында өлеңдері, мақалалары басылды.
Ғабдолла Тоқай азаттық жыршысы болды. 1908 жылы Г.Камалмен бірігіп, Қазандағы тұңғыш сатиралық «Яшен» («Жасын») журналын шығарды. 1910 жылдан «Ялт-йолт» («Жалт-жұлт») журналында қызмет етті. Оның сатирасы патша өкіметіне деген өшпенділікке толы.
Гуманист-ақын Ғабдолла Тоқай әйелдерді қорғап және оларға азаттық, теңдік тілеп, бірнеше өлең жазды. Біраз лирикалық өлеңдері газел түрінде жазылған. Ғабдолла Тоқай балаларға арнап өлеңдер, прозалық шығармалар да жазды.
Орал қаласындағы Ғабдолла Тоқай тұрғын үйінің қабырғасына ескерткіш-тақта, мүсін орнатылған.
Тоқай өлеңдерін қазақ тіліне алғаш М.Дулатов пен Е.Бүйрин, совет өкіметі жылдарында Ж.Сыздықов, Т.Әбдірахманов т.б. аударды. Оның шығармашылығын М.Әуезов, С.Мұқанов, Т. Нұртазин, С.Талжанов, Ж.Сыздықов, Б.Ысқақов т.б. зерттеп, мақалалар жазды. Әуезов Тоқай шығармашылығын жоғары бағалай келіп, оның Абай поэзиясымен рухани жақындығын атап көрсетті.
Ғ.Тоқайдың «Тасталған татар қызына», «Күзгі жел» өлеңдерін Ілияс Жансүгіров қазақ тілінде сөйлеткен.
ТАСТАЛҒАН ТАТАР ҚЫЗЫНА
(Зиләйлөк әніне)
Сүйеніпсің бұрышта бағанаға,
Жапырақтай сары жүздерің.
Аямасқа көңлім шыдамады,
Телміреді тіпті көздерің.
Атылған құс, адастырған иттей
Өткен жанға үмітсіз қарайсың.
Сыбырлайды екі еріндерің
Қайсы татар байын карғайсың?
Көрдім әлі сенің залымыңды,
Дайым сайрандап, дулатад,
Рахаттанад кәпір! Сені солай
Бағанаға сүйеп қуратад.
Сезбейсің сен, сенің жаныңнан
Нәзік көңіл ақын еткенін,
Сенің мұңдай сорланған халың
Оның кеңілін бей-жай еткенін!
КҮЗГІ ЖЕЛ
Күзгі бір түн. Келмейді ұйқым,
Үй төрінде жел жылайд,
Жел жыламайд, аш өлімнің
Қорқынышынан ел жылайд.
Ең сүйікті жұмысшы ұлым
Биыл аштан калды деп,
Мейірімді – мархаматты,
Аяулы ана – жер жылайд.
Қойдырғанда мыстан мұнда
Түскен тісін алтыннан,
Зар болып бір тілім нанға
Онда нәзік бел жылайд.
Бір сынық нан болмағаннан
Өлген сап-сау ер кәріп,
Жан алуға жаны ашудан
Онда Әзрейіл жылайд.
Күзгі бір түн. Тым караңғы,
Үй төрінде жел жылайд.
Жел хабар ол: аш өлімнің,
Қорқынышынан ел жылайд.