Петёфи Шандор
(1823-1849)

 

 Венгр ақыны, 1848-49 жылдардағы Венгрия төңкерісінің белсенді қайраткерлерінің бірі.  Алғашқы жырлары  «Ішкіш», «Дунайда» 1842 жылы тамызда, ал соңғы шығармаларының бірі »Сұмырай заманда» 1849 жылы шілдеде жазылған. Осы аз уақыт aралығында ол 85 дастан-жыр, 3 әңгіме, 2 драма, 1 роман жазды. Бұған қоса саяси-әлеуметтік мәселелерге арналған өткір мақалалары, хаттары, күнделіктері, аудармалары сақталған.
Петёфи шығармаларының арқауы бостандық пен махаббат, елдік пен ерлікті дәріптеу, озбырлыққа, қиянатқа қарсылық, адамдық пен адалдықты паш ету болды. Петёфи қоғам қайшылығын терең түсінді, оның себептерін ашып көрсете білді. 
«Өлеңдер» (1844) aтты тұңғыш жинағында ақынның қоғамға көзқарасы айқын көрінген. Оның кекесінді-күлкілі «Село балғасы» (1844) мен аңыз-ертегі түріндегі «Янош батыр» поэмалары (1844) сол кезеңде үстемдік еткен жалған романтикалық канондардан бас тартып, халықтық мазмұнды мансұқ етті. «Бұлттар» циклінде (1845 — 46), «Пишта Силай» (1846), «Шалго» (1846) поэмаларында қайғылы сарын басым. 1846 жылы ол «Он-ның қоғамы» атaлатын демократиялық-төңкерістік жастар ұйымын құруға әрекеттенді. Петёфидің осы уақытта жазылған «Сарай мен лашық», «ХІХ ғасыр ақындарына», «Кенеп киген батырлар», «Халық атынан», «Тұтқындағы арыстан», т.б. жырларынан азаттық сaрын байқалады.
1847 жылы Петёфи «Жас  Венгрия» ұйымын басқарды. 1848 жылы 15 наурызда П.Вашваримен бірге Пешт пен Будада өткен көтеріліске басшылық етті.
Ақынның бұл кезеңдегі шығармаларында ұлт пен тәуелсіздік мәселесі алдыңғы орынға шықты. Оның бостандық үшін қарулы күреске үндеген өлеңдері жалынды жорық жырларына айналды. «Ұлт өлеңі», «Корольдарды дарға алып жүр», «Ұлтқа» жырларында Петёфи халқын тәуелсіз Венгр мемлекетін құруға шақырды. Петёфидің мұндай жырлары күрес күндерінің күнделігі іспеттес болды. «Апостол» поэмасында (1848) тәуелсіздік жолында өз өмірін қиған қаһарман шалқар шабытпен жырланды. Петёфидің жастық дәурен мен махаббат жалынын сөз еткен «Сүюдің де сапасы бар», «О, Махаббат», «Матильдаға», «Сен гүл болсаң…», «Махаббаттың машақаты басталды», «Махаббаттың бағына», «Күйдім бе жалынға..», «Сені ойласам..», т.б. жырлары сырлы сезімге толы.
Петёфи төңкеріс рухты романтизмнің ірі өкілі ретінде бағаланады. Петёфи жырлары көптеген тілдерге аударылған. М.Әлімбаев, Қ.Мәмбетов,  Қ.Мырзалиев, т.б. қазақ тіліне тәржімалаған.
І.Жансүгіров Ш.Петефидің екі өлеңін, атап айтқанда, «Иттердің сөзі», «Қасқырдың сөзі» өлеңдерін қазақ тіліне аударған.
        ИТТЕРДІҢ СӨЗІ
 
Қалың қара бұлт қаптаған
Қара қоңыр аспан.
Қар да жаңбыр, жаңбыр да қар
Қаһарын қыс шашқан.
 
Мейлі бізне не қылмақшы,
Орнымыз тошала.
Қожайын бай қумайды онан
Орнымыз босаға.
Қарнымыз тоқ, қайғымыз жоқ,
Ие тоқ, ішед, жейд.
Сүйек-саяқ тастаса да
Бізді аш етпейд.
 
Рас, кейде жотамызды
Қамшы осады.
Сонда да біз ит жандымыз
Өмір озады.
 Ашуы аз басылғанда
Ие, — «қарағым»
Аяғын да аямастан
Жалатад табанын.
              ІІ
Қасқырдың сөзі
Қалың қара бұлт қаптаған
Қоп-қоңыр аспан.
Қар да жаңбыр, жаңбыр да қар,
Қаһарын қыс шашқан.
 
Біздің мекен жапан түзде
Өлік сұр дала.
Жалпақ, шетсіз, кең сақара
Не бұта, не пана….
 
Тыстан суық, іштен аштық,
Жүрміз қаңғырып.
Қаңғыртады осы екі жау
Таңды таңға ұрып.
 
Және бір жау тағы да бар
Оның аты мылтық.
Қанды қарға ол ағызар
Сұмдық! Сұмдық!
 
Шұбырамыз, қынжыламыз,
Қысқан қыстан.
Аш арықпыз, бейшарамыз,
Бірақ бас бостан!