Үйге келем

Аманмын, Еділдемін, жолым жайлы,
Тепшілеп теріп жүрмін Исатайды.
Келемін Астраханнан жоғары өрлеп,
Жеріне жолаушыға жету қайғы.
Пароход жүрдек, күшті өрге қарай,
Тартады пристаньға көп тұрмайды,
Қаласы Сталинград алдымызда,
Параход осы арада көп тоқтайды.
Ұясы трактордың осында ғой,
Әнеки, заводтары бұрқылдайды.
Көреміз бәрін дағы жолдағының,
Бірер күн аз да болса өтті мейлі!..
Фатима, еркелетіп Азатымды,
Сүйіп қой, ағасы үшін Үмітайды!
                                1934 жыл.