Тәртіп

 Шалмен бірге келгенде,
Құралыпты кетпендер.
Қара қайыс, көн иық,
Өңшең бейнет шеккендер.
Шығып жатыр бір өңкей,
Атын «әтмет» еткендер.
«Әтмет» соғып тұрғаны
Басындағы бригад.
«Маған әтмет соқтың ба?» –
Деп әлгі құдияд.
«Мұнша неге кешіктің?
Отағасы, бұл ұят…»  –
Деп еді, шал қызарды.
Айтты сонау кетпенді:
«Сап іздедім, саптадым,
Соған уақыт кеткен-ді…» –  
Бұрын неге саптамай,
Кімге айтасың өкпеңді…
Әлгі шалды састырып
Біраз қысты бригад.
Қасындағы жігіттер
Әлгі шалға жымияд,
Отағасы жеңілді,
Кешіккені тірі ұят!
Шалдың өзі «шал» емес,
Түскен кісі істерге.
Аты менен түйесін,
Қосқан кісі күштерге.
Колхоз болған ауылда
Істемеген тістер ме?
Сондықтан шал қысылад.
Шал ұйымда, шеңберде.
Шал сондықтан қысылад
Сәл кешігіп келгенге.
Жаңа жұмыс кезінде
«Кетпен саптап…» дегенге.