Жер түгі
Ағашта өзін білген қарағай, тал,
Жалғыз-ақ неше алуан түрлісі бар.
Долана, ұшқат, шетен, ырғай, арша,
Ақ сасық, қызыл қайың, барша, шынар.
Шырғанақ, сөңке, терек, сөгет, емен,
Үйеңкі, шырғай, балғын тораңғылар,
Сары ағаш, қойқарақат, жиде, шетен,
Тобылғы, түйекұйрық, бауырқұрттар;
Қараған, бозқараған, шеңгел, шілік,
Сықылды ағаштардың талайы бар.
Биікте бітед шөптен сарыкүйік,
Тістеніп жатыр жұлып малы сүйіп,
Қымызын сарыкүйіктің ішеміз деп,
Албандар қоныстайды құстай биік.
Тауқонақ, шәйшөп, маңқа, құлынембес,
Сүттіген, еңлік, мейіз, киізкиік,
Ақшалғын, көкмарал, бетеге, раң,
Жапырақтеңге, бұйра қисық иық,
Балдырған, уқорғасын, атқұлақты,
Елік жүр сонысында соны қиып,
Жүлкеуір, бәрпі, шырыш, шытыр.
Сауыны биеемшектің кеп тұр иіп.
Мыңтамыр, жуа, рауғаш, жаужапырақ
Балауса, сорғыш, селдір, ермен, бақбақ,
Сыбызғы, жалбыз, құлмақ, қарақияқ,
Шоңайна, мендуана, сора, шақпак,
Ішінде сол қурайдың сұлу солар,
Шырмауық, кендір, кылша, жыланқияқ,
Қанжыға, коға, сасық, аққой болып,
Бөлінед жуалар мен таусарымсақ.
Қымыздық, қызсаумалдық дейтіндерге,
Ат қойған тау елінде сүйіп шын-ақ.
Өріске біткен осы өнкей сүттің
Ішінде бір сүйкімсіз отыр бір-ақ:
Қалақай қара тарғыл ол айтқаным,
Сүйеді сүйкенгенді шымшып, бұрап.
Өзге жан өмірі оған жоламайды.
Төңбекшіп түйе жесе қалар құлап.
Шалқиды шалғын көлдің қамысындай,
Аткұлақ Тасарықтың тарысыңдай.
Үш қырлы, сұлу сырлы айылқияқ,
Кіндігі қырғыз өрме камшысындай.
Селтендеп сепсе қурай сырға қадап,
Саржағал сәлемдесед танысыңдай.
Жуалар шайқаңдаған ол бір кербез,
Шалма орап мұсылманның абызындай.
Құстаңдай самал соқса сыбырласад,
Әзілді әйел, ажын-абысындай.
Солармен судырласып ойнайды жел,
Дүрмектің көкпар тартқан шабысындай.
Неше елді аттандырған құтты қоныс,
Әлі тұр әсемдігі таусылмай.
Суретін сөз баяндап жеткізе алмас,
Жерінің Жетісудың бәрі сондай!
1925 жыл.