Жетісу суреттері.
Жалпы сын
Жер таппан жерде жетер Жетісуым:
Күркілдек, Көксу, Лепсі, Іле, Шуым,
Асқардың аспан сүйген сілекейін,
Жан бар ма татпайтұғын, айтпайтұғын.
Бөленген бұлтқа мәңгі меңіреу құз,
Ну тоғай, қоғалы көл, қоңыр құмым.
Асқардан ақтарыла арқыраған,
Жөкеңнің кім аңсамас балдай суын.
Жетісу, кеудең асқар, аяғың көл,
Қоңың құм, мықыныңда бар сексеуіл.
Тау жайлап, қоңыр күзеп, құмды қыстап,
Ол бір маң мал өсірген өлкедегі ел.
Көктемде құмнан әсем жер болсын ба,
Жайқалып жауқазыны, раң гүлдер.
Бойдағы бозбаладай асыр салса,
Қозысы құйрықтанып дөңгеленер.
Шөгіскен шоғыр асқар қатпарланып,
Қия құз, мұсатыр мұз жақпарланып.
Емес пе көк ала бас ақ буралар,
Оралған шудалары мақпалданып.
Саятта аң аңдыған ол бір мерей,
Мылтық ап, бүркіт ұстап, қақпан салып.
Таудағы тас жаңғыртқан қойшы әндері.
Қайырлад еткенімен сақпан саңық,
Айқыра ала асқарлар жатыр шөгіп,
Жер жаншып, көктің көлбеп төсін еміп.
Ойнақы, кұба, тарлан тағы андарын
Тәбеті тау-тасына қонған теліп.
Құлпыртар құмда соққан қоңыр самал,
Мәсімнің масатысын желі желпіп.
Қар кетіп, қара жері жасанғанда
Қонбасын қалай құсша елі келіп.
Ескінің ертегі айтсам ертесінен:
Жетісу қан малшынған белшесінен,
Алайда айналармын, айтам әлі,
Шыға алмай жүрмін әзір жер шетінен.