Жас бұлбұлдарға

 

Ал сайра, жас бұлбұлдар, мұңды үнмен,
Көңілің көтеріңкі көгілжімнен,
Еркін таң, маңайғы жан көз тігіп тұр,
Сайра әнмен, сайра күймен, сайра мұңмен.
Қара құс, қаршығаның қанаты жоқ…
Солқылдат, қаупің жоқ енді ешкімнен.
Солқылдат, бақытына кез болып тұр,
Зарыққан неше жолғы қызыл гүлден.
Жас бұлбұл, құлағыңа салдым мұны,
Халыққа айт, білдір, сайра алдыңғыны.
Ем болсаң ғаріп көңіл нашарларға,
Жабығып жатқан жалпы жарлың, міне.
Солардың мұңы менен мұқтажын айт,
Атқанын қышқыр еркін таңның міне.
Көргенді, көк қанатты, күйлі құсым,
«Бос сөз» деп көре көрме қалжың мұны.
Қайыспас қанаттарың қия тастан,
Құтылдың сусыз шөл мен қу ағаштан,
Қарасаң жанның бәрі кетіп жатыр,
Қу шөлден, қараңғылық тұман басқан.
Дауыстап «ел мұндалар», ер таба алмай,
Адасқан таянып тұр өлуге аштан.
«Соларды маңайына тартады» деп
Сайрасын дейтұғын сөз қарлығаштан.
 
                                                1921 жыл.