Бекбосын бүгін ерте тұрды да, кешегі орып әкелген қурайын сымбалдап екі тең ғып буып үйге кіріп қызына:
–Күмісжан-ау, айыл жібін тағып, ыңыршақты шығарып берші, қарағым – деді.
–Аға-ау! Өгізбен кешке қаласың ғой, арқасы тәуір болса көк атқа-ақ теңдеп барсаңшы,–деді Күмісжаны.
–Сүйтсем, сүйтейін. Бірақ көк иттің өзі арқасынан аяншақтана ма? Жоқ бір желік бітейін деп жүр ме, одырайып қапты…
Жазғы ерте. Желсіз салқын әуе. Жаз сұлудай майысқан рауаш, балдырған түнгі шыққа шомылып, жапырағын жалбыратып, буынын балбыратып тұр. Тау-тасты нұрға көміп, мақтанған сұлу ай, таңның ажарымен жолда ауырған жолаушыдай бесіндікте шалқалап, өңі қашып ескіріп, естен шығып барады.
Басын шығысқа, аяғын батысқа беріп шалқалаған тәкаппар Алатау, атқан таңды қайғымен қарсы алғандай… 
Тұманнан басын жел аршыған қызыл қорымда суырдың шақылдаған дауысы, қақалып таңды мақтаған сияқты…
 
Дала. Түн. Шуылдаған дабырмен оянып, далаға шықтым. Айдың өларасы еді. Көк көрінбейді. Бұлт қап-қара. Түпсіз терең түнде тұңғиық қараңғылыққырды көптен құшағына алған. Дауыл соғып тұр. Дала дүр-дүр етеді. Әлде желдің үні? Әлде елдің үні?..
Ауыл ауыр қараңғылықта. Шу шығады. Не шу? Әлде жел қамысқа соқты? Әлде жылқышы ысқырады?..
Жел ішінен жарықшақ дауыс естіледі: не дауыс?
Әлде қойшы айтақтайды? Әлде қасқыр ұлиды?..
 
І.Жансүгіровтің «Бақытты Жамал» әңгімесінің мәтіні табылды
Төменде ұсынылып отырған «Бақытты Жамал» әңгімесі 1937 жылы
«Сталин жолы» газетінің ақпан, наурыз айларындағы нөмірлерінде
жарияланған екен. Өкінішке орай, Ілияс ақталғаннан кейін жарыққа
шыққан шығармалар жинағының ешбіріне енгізілмей, назардан тыс қалып
келген.
Ілияс Жансүгіровтің «Бақытты Жамал» әңгімесінің мәтіні кирилл
жазуына көшіріліп, «Қазақ әдебиеті» газетінің 2018 жылғы 06 сәуірдегі
санында жарияланды.