Тұлпарға

Шырқа, қырқа, көкке өрле,
Қыран «Қызыл сұңқарым!»
Қуанамын бәйгеңе,
Тарпаң «Асау тұлпарым!»
Жас күніңмен жайсаң тай
Ұлы дуда жарыстың.
«Тар жолдарда» тайсалмай,
Жау қолында алыстың.
Жауға туды тулатып,
«Асығып тез аттандың».
Жұртың жауды қиратып,
Майдан сайын мақтандың.
Алуан әсем күйменен
Әндеттің «Сыр сандығын».
Тәтті ой, өткір тілменен
Кең даланы жарды үнің.
Қызыл желдей гулеткен
Сөзді сенің қаламың.
Ұлы ұранға күй шерткен
«Домбырасы» даланың.
«Қара жерді» шаршылап,
«Экспресс» ұшқанда,
«Қара айғырдай» аршындап,
Шаптың «Советстанда».
«Қызыл аты» қазақтың
Топты жара шапқанда;
Ақсақалы Одақтың
Саған үкі таққанда;
Айтылмаған ешкімге
Айтылғаны ойдағым,
Сол қуаныш үстінде
Қиқулап бір қойғаным.
Шап, жүйрігім, тұлпарым,
Шапсаң қуант халқыңды.
Шырқа, қызыл сұңқарым,
Салшы көкте саңқылды.
«Тұлпарымдай» ағынды,
«Аспандағы» — асыл сөз;
«Жолдастардай» жалынды
Жырларыңды жазшы тез!
Жырламасқа теңіздей,
Қуаныштың шегі жоқ.
Ардақталған өзіндей,
Қазақта ақын тегі жоқ.