Жетісуда су суреті

Ыстықкөл жер айнасы мөлтілдейді,
Балқашты қамыс қамап желкілдейді.
Аттанған алты өзені Жетісудің
Балқашқа бауырымдап еңкілдейді.
Балқаштан өзенді өрлей жүзген балық,
Тұмсығын тас қаққанша еркіндейді.
Бұлқынса анда-саңда ала бура,
Жетісу желпең қағып селкілдейді.
Шу әне, тауды тарпып шыққан шулап,
Ойнақтап, ырғи, жосып таудан тулап,
Асқардың ақтарылған ағы емес пе,
Қарқ болған қырғыз-қазақ суын сулап:
Шуылдап жүйткіп жатқан Шудың үні:
«Қолың бер, кұт, береке» дейді «тұмақ!»
Ертеден ірге теуіп өскен Шуда,
Ұлысы Ұлы жүздің Үйсін – Дулат.
Шымырлап Іле қайнап кұмды кезген,
Қас қақпан ұйық, дойыр, долы безген,
Алыстан арып көшкен керуендей,
Тоңмойын, томсарулы тұнжыр көзбен,
Елге де, егінге де карайласпай,
Жылысып жылжып жатыр бір мінезбен.
Ел шайқап, ердің қанын ішкен Іле,
Естісең ертегіні ескі сөзден.
Арқырап асау Шелек орыпты тас,
Бурадай бұлқынады көк ала бас,
Ол баста Күншығысқа шыға шауып,
Жалт беріп етекке еңсей сапты құлаш.
Айдынды айдағардай күміс көл бар,
Алысқан таумен, таспен алып болмас.
Қожыр тас қопарыла құмға айналып,
Жарпымен көшіп жатыр боп жым-жылас.
Қысылып кыспақтағы кыл көпірден,
Албандар өтеді азар деп «ақ сарбас».
Көпірген Көксу көл бар басы бастау,
Тау жуып, тасты қуған содыр суы,
Дегенге көшпелі әйнек суы ұйқастау,
Аңқылдайд арнасында меруерт астау.
Жалбасы, Шаған, Бұғы мүлгиді оған,
Шалдуар шалдай қалғып шала мастау.
Жар жарып, жерді жиған Көксу көл бар,
Бейне бір Жалайырға шабатын жау.
Ақырап айқай салған Көксу алып,
Жазыққа шыға келсе үркіп ағып.
Егінші, ылғи диқан Жалайырлар
Үлесед үй басына тоған алып.
Сол елдің қыдырынды кыдыры сол,
Сар бала, қарақазан болып қарық.
Мөлтеңдеп мойнақты орай Қаратал да,
Көксуға койындасад жарды жанып.
Қосылып екі ерке су, екі сұлу,
Балқаштан қалын құмға кетед лағып.