Май тойында
Бүгінгі күн үлкен той,
Бірінші май – перуай май.
Қуаныштап, құлаштап
Тойлайтұғын келді орай.
Шашу жарлы-жақыбай,
Не қылды екен, апыр-ай?
Сал тарланға, ер қайда?
Ырғайға қызыл ту байла.
Томыртқа қылып торсыққа,
Шөлдермін, сусын су байла.
Мінейін дауыл тұлпарды,
Асынбан, қанжар – зұлпарды.
Тақиядай, топтай боп,
Жер денесі құрғақ су…
Төбесіне шоқтай қып –
Шаныштым әкеп қызыл ту.
Жел, жалауды желбірет!
Желіктеп шықсын іштен дерт!
Жарысқа тартып жарлымды,
Жырлайын жалпы май тойын.
Қамшылап жүйрік даңғылды,
Салайын бүгін ат-ойын.
Тарт, көлденең жүйрікті!
Жау қамалды, ұйлықты!
Мызғыдым да түс көрдім.
Кедей озды, болжал түс!
Есінедім, түшкірдім:
«Жаракімалда!» – дедім үш.
Тарт, кедейлер, ақ жолға,
Әлемнен бәйгені ал қолға!
Патшада бар арғымақ,
Алтын тұрман, зер түлік,
Май тойында шаба алмас –
Май қарын, бопау, қан жілік.
Ол шаба алмас қараға,
Мұндай тойдан садаға.
Байларда бар боз азбан,
Кебеже қарын кең құрсақ.
Мұндай ұзақ бәйгеге
Жарамас аңғал ұрыншақ.
Шабам десе шын соры,
Аударылар жын, тоғы.
Тесік өкпе, бейнетқор,
Қажымаған қамытқа;
Арып-ашып, күйсіз боп
Сүйреген еді бағытқа,
Бар шығатын тұлпарым
Айнала шауып жер шарын.
Жүрегі таза көңілі ақ,
Жарлыларым, кедейім.
Жабырқапсың, мұқалып,
Бауырым-ау, саған не дейін?
Майдан жерсің жемісті,
Ел боларсың келісті.
Қаһарман қызыл әскерім,
Жолбарыс білек жастарым.
Еңбекшілдің қорғаны,
Мұзбалақ, қыран, жас, кәрім,
Қаруды асын, шық тойға
Тойыңды тойла жүр, әйдә!
Сүйел қолды қара ұста,
Сайманды сал талысқа.
Бүгінгі бәйге сенікі,
Шылбырынан ал ұста!
Таста бүгін балғаңды,
Көр күрескен балуанды!
Қыр жауырын диқаншы,
Кетпенді бүгін жерге шап.
Көмектес, жүйрік талықсыр,
Өрге тарт, сүйре белге сап.
Жу балтырдың балшығын,
Ұста қолын жалшының!
Етікші, үйші, теріші,
Заводшы, жолшы, көмірші,
Жарлы, жалшы, құл-құтан,
Шіріген күндер өмірше.
Жарыс, тойға жабырла,
Әуеніңнен жаңылма!
Жас жетімдер, балалар,
Қатар түзе, сап жаса.
Әндет, шықсын жас дауыс,
Болсын қызық тамаша.
Қызғалдақтай өңденіп,
Май тойына бер көрік!
Киімім нашар, жаман деп,
Арланба, жарлы, жүр тойға.
«Жаса, жарлы, жасар» деп
«Шық ту алып атойға».
Тарт көмбеге, дүркіре,
Дауыста, күндей күркіре!
Жаныңда, төмен, теріскейде
Жаны тәтті байлар бар,
Айдаһар улы, ашулы,
Дәуден бесеу, алтау бар.
Көрсет бүгін қырыңды,
Сал жолына қыңырды!
Сол айдаһар баурында
Күйелеш, әлсіз құл, күң кеп,
Қорқау қасқыр аузында
Үн шығады: «өлдім!» деп.
Сал қайратты сол үшін
Ол – адамдық борышың.
Осы айқайды салысып,
Езілген елдің көбіне,
Осы бетпен жарысып,
Шығамыз жердің дөңіне.
Тарт, бөгелме, көмбеге,
Көтермеле, өрмеле!
Жалпы еңбекші тойлап тұр,
Ресейдің топырағын.
Қарашы, туын байлап тұр,
Шақырып тойға жан-жағын.
Қайырып даусын көмейден,
Айқайшы шықсын кедейден!
– «Жалпы еңбекші, қоғамдас!» –
Майдың айқай-ұраны.
«Жалпы еңбекші, аралас»
Майдың қару, құралы.
Май кедейдің мақтаны,
Лауқұлмақпоз тақтайы.
1923 жыл.