Ағынды менің Ақсуым

Ағынды менің ақсуым,
Арқырап әлі ағасың,
Ақиланған ашумен,
Ақтарды асқар сабасын.
Тас тарпуын, шапшуын
Қарасаң қайран қаласың,
Жалғыз жазғы бір кеште,
Жағаладым жағасын.
Тұнжыраған торғын түн,
Төндім сұлу суына.
Таңырқап тау-тас тамсанып,
Жымиды жұлдыз мұныма.
Сүмиген сүңгі сұрша тал,
Шомылды таудың суына.
Таймандаған тайпақ ай,
Желегі ме, тауы ма?
Шүйке шарбы бұлтты
Қалақай қалды қылмия.
Аспанды, ай алтын құшағы,
Қусыра қайың кұшады.
Қарамай қайың қалайша
Қаужиған құшсын бұтаны.
Қайың мен сәуле сүйіссін,
Сүймегенді нысабы.
Итмұрыны мөлдіреп,
Қудырлап қоңыз ұшады.
Бауырлаған ағынның
Сумаңдап суы сылдырайд.
Құдиған қоңыр құрақтың
Саусағы суда судырайд.
Суға төнген бір шыбық
Дірілдейд, суда сырылдайд;
Оған қонған бір шымшық
Шиқ-шиқ етед, шырылдайд…