ҚҰҚ
Жиылыс ашық.
Өкілдің мойынынан баяндаманың қарызы түсті. Сұрау да бола қойған жоқ. Бола қоймаса да «сұрау тоқтатылсын» деген ұсыныс кіріп қалды. Әрине, докладты бір дауыспен «көңілге алатын» болды. Сонымен екінші мәселені солай нетіп, үшінші мәселеге «көшті» жиналыс бастығы:
– Кәне, жолдастар осы ауылдағы құқықы жойылатындарды атаңдар…дейді.
Комсомолдар яғни, бозбалалар шу ете түсті:
– Сұрпақпай, Серпеңбай, Тышқақ, Жаманауыз, Жыланкөз…Бұқамойын,
Бұзаутамақ…
Жиналысты тойбастағандай қылды. Аттары аталғандардың бәрі де қағазға қозыдай көгенденді. Бейсенбай жолдастың ерікенде жазып тастайтын дөкей романындай кітап болатын список жазылып қалды.
– Жойылатындардан құқықы жойылмай ешкім қалмасын!
– Қалмасын! Қалмасын!
Зікір деген қауынбас комсомол қалғандарды қарастырып ойлап отыр. Ауыл ауылды ата жөнімен қудалап қарастырады. Қарастырып отырып, алты үй Арғындарға келді. Арғын ап-аман. Арғынның бәрі де құқықымен жүр. Алты үй Арғыннан бір адамда құқықы жойылмапты… Бұл Зікірдің ішін жарып кете жаздады:
– Уа маған сөз.
– Ал, айт.
– Бегінбет.
– Нағылған адам?
– Әйтеуір зиянды адам. Жойылсын!
– Әбділдап.
– Не болған?
– Суд астында… Құқықы жойылсын!
– Дүйсекейдің қаратайы қалмасын!
– О, кім еді?
– Ауызының қисығы бар адам. Құқықы жойылсын!
Жиылыс жабық.
Өкіл ауданға тартты.
* * *
– Бөтен бастан тіл бар ма?
– Ауданан кісі келіпті. Жиылыс болыпты. Сен «құқ» бопсың. – Аласалау келген, апыл-қапыл сөйлейтін күйгелек Қаратайдың қоян көзі, ошақ болған сиырдай, алайып кетті.
– Ой, денің саума, не айтып тұрсың!
– Құқ бопсың деймін, жоқ бопсың! Әкесі өлгенді де естіртеді.
– О не болғаным?
– О не болғынымды өзің білесің де.
– Мен қайдан білейін? Мен де білмеймін, ешкім де білмейді. Тек жиылыс болыпты, қаладан адам келіпті. Бір қатар адамды «құқ» қып кетіпті, дегенді естідім. Есіткен құлақта жазық жоқ. Қызарақтама!..
– Құқ -дейді?
– Е, құқ.
– Суд емес пе?
– Ай, суд болмас…
– Протокол ме?
– Ай, білмеймін…
– Конфиске болмасын?
– Болса сол сияқты бірдеме болар.
– Конфиске шонжарға келген селебе. Менде несі бар?
– Әйтеуір жақсылық емес. Өйткені, сенімен бірге құқ болғандардың ішінде бұрынғы болғандардан да, молдалардан да бар екен десті ғой.
Қаратайдың көзі бағжия түсті.
* * *
Қаратайдың ауылында кедейлер жиналысы болды. Бұл жиылыста ауыл совет, ауыл, ұя, сайлау туралы үгітші, газеттің адамы – бәрі де келе қалды Қаратай тайлы-таяғымен жиылысқа жетті. Ауылдан жиылысқа кейделерден өкіл сайланып бола бергенде, Қаратай қалтырап тұра келді:
– Маған бір ауыз сөз…
– Айтыңыз…
– Айтсам, анау күні мен «құқ» болыппын, бұларың не?
Отырған көп Қаратайдың аузына қарады.
– Ойбай, шырағым, білмеймін. Осындағылар «құқ» болдың деп жүр. Ай, Хасен, онысы не еді? Айтып жіберші…
Жұрт күлерін де, күлмесін де білмеді. Қаратай бойын тоқтатыңқырап алып, жаман жарық қазанға бидай қуырғандай қылды.
– Мені Зікір дейтін бала құқ болсын депті. Менің о балаға не жазығым барын білмеймін. Жұрт, отырсыңдар, менің «құқ» болатын күнәмді мойныма салыңдар. Өзіме өзім жетпей отырған қызыл сирағыңмын. Ата десең, ел ішіндегі алты үй Арғынбыз. Ауыл совет, сен сөз тыңда. Осы алты үй Арғындардан үш адамды құқ қылыпсыңдар. Осы көкірегіңе сиып-ақ тұра ма? Әбділдә суд астында болғандықтан құқ болсын. Ал, Бегімбет қалайша құқ болады? Бегімбет құқ болғанда, жалпақ, Молжан, Ысқақ, Тоқташ неге құқ болмайды? Біздей кірме болмай іргелі ел болғандықтан, Сумұрын, Серкеш (рулар) болғанға шығар. Өйткені, ауылсовет хатшысы Нұржан, сен Сумұрынсың. Ауылсовет ағамыз және ячейкамыз Есбай, сен Серкешсің. Сендер әрқайсысың өз «ұлтыңды» жақтағансыңдар ғой, қойға кірген ешкідей ішіндегі бізді ған құқ қылғансыңдар ғой. Тіпті бүйтіп құқ қыла берсеңдер қайда барып күн көреміз. Бізге мына азаматтардың алдында хат мөрімді беріп он бірінші ауылыңнан шығар, он екінші ауылға жазыламыз…
Қаратай осыны іркіт піскендей үсті-үстіне төпеп салдыр-күлдір айтып шықты да, іркіттен босаған сабаша құрысып орнына отырды.
Мұнан кейін ауылсовет ағасы ұғындырды:
– Байғұстың айтқаны рас. Алдымен аз ру Арғын екені рас. Әр нәрседен қаға беріс қала беретіні де рас. Күні кешеге шейін атқамінерлердің осылардың үстінен түспегені де рас… Анау күнгі ауыл кеңесінің пленуымында сайлау комиссиясы сайлаған. Ол комиссияға ауылдағы сайлауға қатысуға қақы жоқтардың тізімін жасауға тапсырылған. Сол жерде кейбір адамдар орынсыз да аталған. Соның бірі – осы Қаратай. Бұл ондайға ілігетін адам емес. Тұрған бойы осы. Мал дегенде екі-ақ қарасы бар. Бұл өзі қалдырлап көп сөйлейтін адам, сондықтан Зікір деген бала:
– Аузының ебі бар, құқығы жойылсын, — деп қара тізімге атын атап жіберген білем. Әлі де сізді ауылдан «құқ» қылып қоймаса, біз сіздің «құқ» болмауыңызды қостаймыз…
Ауданнан шығып сайлау жайын түсіндіріп жүрген өкіл де, газеттің адамы да сайлауды сақ жүргізудің керектігін, сайлау билігінің еңбекшілер көпшілігінің өз қолында болуын, сайлауға еңбекшілер жауы, бұрынғы болғандар: молдалар, байлар, байдың құйыршықтары, қулар, атқамінерлер, сәудегерлер кіре алмайтындығын, сайлау еркінен солар айырылатындығын, сайлауда сондай қате «асығыстық» болмау үшін үкімет дайындық науқанын күні ілгері жүргізіп, ұғындырып, түсіндіріп жатқанын отырғандардың көкейіне құйды. Жиылыстағы өнкей қазанқап тымақтар, қарға тұйықтар мәуедей салбырап тыңдады
Қаратай маңдайынан терін сыпырды, бойы шым-шым су құйған сірідедей былбырап сала берді.
* * *
– Уа, қатын!
– Уа, байғұс.
– Шайынды қайната гөр. Құдай оңдады: «құқ» болмаппын… «Құқ» болатын мен емес екем… Сайлаудан «құқ» болмақ тұрғай, сайлаудың иесі өзім екенмін. Екеуіміз де сайлауды қолдан жөнелтеді екеміз. Сайлаудан «құқ» болатындар: бұрыңғы болғандар молдалар, байлар олардың құйырықшықтары екен…
– Байғұс-ау, «құқ» болған Балжанның байын, етікшіні қайтты?
– Е, оларды тексермек болды. «Құқ» болып кетсе де түзетеміз деді. Түзетеді ғой. Бол, дереу шайды қауза…
Қаратай қаудырлаған сөзбен «бол!» деп тұрса да, байыбына түгел бара алмаған қара қатын қалтиып тұрып:
– Онысы немене екен? — дейді.
– Несі?
– Әлі, ана күні сенің болғаның?
– Әй, байғұс-ай, білмей тұрсың ба? «Құқ» деген аты да айтылып тұр ғой.
Алдымызда ауыл советі сайлайды екенміз. Сол сайлаудан бұрын болғандарды, байларды, молдаларды, солардың құйырышықтарын «құқ» қылып айдайды екенміз. Біз масайрап ауыл советі сайлап жатқанымызды анау сайлауға кіре алмағандар тоғайдан үріккен торайдай:
– «Құқ-құқ» деп бізден, біздің сайлаудан үркіп жүреді екен…
Қара қатын:
– Бәсе… — деді.
1928 жыл