ЫҚШЫЛБАЙ
Еп үйрен епшіл болсаң Ықшылбайдан,
Жылпылдақ қорыққанына сары майдан.
Басы үшін ұстап жүрген әдісіне,
Дүниеде өте қалмас одан айуан.
Ықшылбай надан емес, «совработник»,
Аңдысқа ұсақ, өсек, тіпті жетік,
Досқа бал, дұшпанға тас мінезі бар,
Қояды «қап» дегенді бірдеңе етіп.
Бойында сүт мінезді жағымталдық,
Әркімге үйірсінед өсек аңдып.
Борсиған портфелінде «материал»,
Бір күні ақтартпақшы бір асар қып.
Ықшекең көріп өтті талай «ұлық»,
Көрсетіп бәріне де қыздай қылық.
Орындап өз дегенін келе жатыр,
Бетімен көрінгенге ықтай жүріп.
Ажарлы, алапатты оның беті,
Мансапшыл, ұлық сыйлау бар ниеті.
Қойыртпақ қойыны толған пәле-жала,
Төменнен сый көрмесе, қисық тіпті.
Сөйлесе басын мақтап адалдайтын.
Артқыға алдыңғыны жамандайтын.
Жолдасты жаңаланған жаны сүйіп,
Жалпақтап, жалпылдайтын, амалдайтын.
Табақтас Ықшылбаймен Жапар қалды,
Орнына Жарқымбай боп жаңаланды.
Түлкідей Ықшекеңнің бұлаңы бар,
Жақындап қолтығына кіріп алды.
Жапарды, дейді; «ескермей» қатуланды,
Ірітіп ел арасын ылаң салды.
Біздерге ауыз ашар күн болған жоқ,
Сүйтті де саясатты бұзып алды.
Мұның да құлағына құйды талай,
Болысты, бір Жарқымбай, бір Ықшылбай.
Өштігін, үстемдігін, өз пайдасын,
Осымен іске асырып жүр Ықшылбай.
Мұнымен тағы да етті ойын-сауық,
Істесті, саясаттың кілтін тауып.
Басынан Жарқымбайдың кетпек болды
Уақытсыз, толқымалы заман ауып.
Жарқымбай сол бойымен кетті шығып,
Ықшекеңнің қылған ісі оған жұғып.
Жарқымбай жаман атпен жала арқалап
Ықшылбай ықтасындап қалды бұғып.
Орнына Мәулет тұрды Жарқымбайдың,
Шақылдап түсі суық, ызғарлы айдын,
Жарқынмен жарқылдасып дүрілдеген,
Еңдігі амалы не Ықшылбайдың?
Алдымен жүз танысты, қолын алды,
Кісідей түк көрмеген болып алды.
Жамандап Жарқымбайды «ел бұзғыш» деп
Мұның да оң жағынан орын алды.
Айтып жүр елдің бетін, жұрттың жайын,
Салып жүр қынжылғансып сары уайым.
Сыбырлап күндіз-түні мұны-дағы,
Жүнжітіп, жолдас қылды қарапайым.
Бірқатар мұныменен дәурен өтті,
Қарқ қылды Ықшылбай да талай көпті,
«Мәнісі мынаның да болмады» деп,
Өрмелеп төске таман сыпсың етті.
Сонымен иістеніп ол да кетті,
Ықшылбай ықтап қалды ежелгі епті.
Одан соң періштесіп біреу кеп ед,
Ықшекең бірге тепті әлпеншекті.
Келсе де жүзі түгіл, мейлі мыңы,
Бәрін де жетелейді ашық сыры,
Өзіне жалпаң қағып ықтаған соң,
Аулақтап сыртқа тебер қандай жынды?
Осылай өтіп келед қандай заман,
Ысылған Ықшекең де заманадан,
Аударыс болса-дағы сыпсың сүргін
Бұлтаңмен келе жатыр есен-аман.