ХАН АДВОКАТ
 
…Мен болсам, о дүниеге кетіп барам…
Осыны іші ауырып жатқан Ырай деген айтыпты.
Әңгіме былай:
Ырай біздің елдің адамы. Жарлауыт қабақ, жауырынды, еңгезердей, қара кісі еді. Ырай өзін, өзінше, «осал» санамайды. «Досан» деген ауылдың «адамы өзім» дейді. Осы пікірді жүрісімен де,  сөзімен де жұртқа жайғысы келеді. Екі сөздің бірінде «Біздің Дөсекең» деп ширатылады. Бірақ, Досан біткен Ырайды елемейді; «адамымыз» деп ақыл салмайды. Ол елдің бес жасар баласы да Ырайдың тілін алмайды. Бірақ, оған Ырай мұқалмайды. «Досан иесі өзім» деп ұғынады. Досанды сыртынан шөлкемдейді. Қамқорлық қылады.
Осы Ырай иістенген іркіт ішіп қойып, іші ауырыпты. Қара ешкі сойдырып, шарбысына ораныпты. Тәуір болмапты. Құлқыны жаман, қуқылдау бір бақсыға құмалақ салдырса:
  • Жаназа түсе береді. Жазым болмасаң жарар еді, садақаңды сауда бер! — деді.
Ырай ақірет қамын жей бастапты. Ағайынды жидырыпты. Өлсе қайда қоятындығын, жаназаға қай-қай  елді шақыратындығын, намазын кімге оқыттыратындығын өсиет етіпті. Бұ жағын тәптіштеп болған соң, жалпы «Досан» мәселесіне көшіпті:
  • Мен болсам, о дүниеге кетіп барам… Қалған қара Досан не болар?.. Қара қазан, сары баланың қамы үшін қандай адам қайғырар? Біздің Дөсекең ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес пе? Бөрінің боғы, бөкеннің сирағы болмас па?.. Қайтейін, қалқам, қайтейін! Досан сорлы ауылсың. Мен маңдайларыңа сыймадым. Қазам ерте келіп отыр. Дөсекеңнің тайын алаштың атынан озғызып, абыройын ел алдына шығарсам ба деп арман қылушы едім, дегеніме жетпей, желкем қиылып отыр. Мен болсам, о дүниеге кетіп барам… – дегенде отырған ел ду күліпті. Күлгеніне себеп – екеу, үшеу:
Бірінші – Ырайдың ауруы – ішінің өткені; ішінің өткені – иістенген іркіт ішкені. Осыдан осынша сасар ма, ағайынды жинатып, қатын-баласын шулатып, үйін у-шу қылар ма? — деген.
Екінші – Ырайдың «қазам ерте келіп отыр» — деп, қынжылып ақирет сапарына азар кетіп бара жатқандығы.
Үшінші – қалған қара Досанға қамқорлығы. Ырайдың бұ дүниеге келгеннен, о дүниеге кеткенінен қара Досанға келер-кетер ине сабақ жіптің жоқтығы.
Ырайдың көңіліне келсе де бұған Дөсекеңдер қалай күлмесін?
Сол Ырай әлі тірі.
 
* * *
Ырай қызық кісі. Ауызы орақ орады, белі ауырмайды. Көңілі пырақ, шабады, болдырмайды. Сүйетіні мақтан. Бөртеді; шертеді. Осы Ырайды қалай ұмытарсың?
Ырай «чудак» кісі.
Сол Ырай қыс ішінде Қызылордаға келіп қайтты. Өзгерген. Өзге түске түскен. Иісі күлімсіген кемболат тысты, битті күпі үстінде жоқ, тышқан жағалы пальто; албыр-салбыр кісе жоқ, сыпыра қадаған сыдырғы екі қатар түймелі омырау; қара лақтың терісінен жабасалды тымақ жоқ, жібекше белдеулі, америка фасонды сұрша қалпақ; енем үйінің іркіт сабасындай шалбар жоқ, сып борбай брюка; қонышы құшақ, сасық табанды саптама жоқ, күрең сары штиблет, галош; есіз қыстаудай аңырайған алқам-салқам омырау жоқ, крахмал жаға, жібек галстук; бурыл жылқының құйрығындай ақтылы-қара сақал, мұрттан қылтанақ жоқ, кемпір ауыз, көк тұқыл иек; Ырай әбден түлеген. Өлі жүні түскен. Өзгерген.
Жалғыз өзгермегені – өлі сүйегі, жарлауыт қабағы, пышақ жанығандай жағы, қошқар тұмсығы, өрт сөндірген көсеудей өңі, түйедей тұлғасы.
Тіпті өзгермегені – мінезі. Ұрман-бермен ормалығы. Арсы-күрсі ала құйындығы. Алдындағы кісінің аңғарымен ағындап отыратындығы. Тіпті өзгермегені – шолақ атқамінерлігі, өтірік қамқорлығы.
Поезд, вагон. Бір топ адам әңгімелесіп отыр. Ташкенде оқитын Күзденұлы Әбдестердің қақ ортасында Ырай. Баяғы өзі, баяғы сөзі:
  • Е, жастар, жарық жалғанды айтсаңшы… Мен болсам о дүниеге кетіп барам… Қалған қара Досан не болар? Қара қазан, сары баланың қамы үшін қандай азамат қайғырар? Біздің Досан ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетпес пе?..
Ырай дәл баяғысынан бастады:
  • …Бүгінгі заман – заман емес, аз ғана ауыл Дөсекең (Қазақстан) атағы болмаса, әлі Россияға бағынып отыр. Бағынғаны былай тұрсын, Қазақстан Россияға жем болып отыр. Оған мысал, осы күнгі Қазақстанда ұн жоқ. Жұрттың бәрі нанға зар. Сол аш Қазақстанның өзі Россияға 35.000 пұт ұн жіберіп отыр. Ол ол ма, қазақтың жерін орыстың мұжықтарына алып берейін деп отыр. Басқа беріп жатқан тері-терсек заттардың есебі жоқ…
…Бірақ заман өтеді. Өзгереді. Түбі қазақ Россияға бағынып отырмайды. Күндердің күнінде өз алдына өкімет болады. Сөз жоқ…
Ырай осыны түйдектеп айтып бір тастады да, мәселесінің борбайын тым жоғары көтерді:
  • Әсіресе, Америкада жұмысшы тұрмысы жақсы. Біздің комиссарларымыздан артық тұрады. Басқасы былай тұрсын, әуелі үй арасына жаяу жүрмейді. Автомобиль. Керек десе, тамақтарын да өздері тасымайды. Есіктерінің алдында почта ящигі бар. Не керек болса, бәрін сонан алады. Айлық ақшаны көп алады. Ең түк білмейтін жұмысшы күніне 12 сом алады. Ондай қарны тоқ, қайғысы жоқ жұмысшының төңкерісте несі бар? Олардан төңкеріс дәмету – бұқадан сүт күткенмен бірдей…
Ырай осыны айтып қатты күрсінді. «Мынау Алматының сары бұйрасы» деп қасындағыларға шылым ұсынды. Енді сөз шылбырын жиюға айналды:
  • Жастар, көп айтып не керек. Аз ғана ауыл Дөсекең – қазақ халқы қазір ел болуда емес, жем болуда. Жалғыз үміт өздерің, өздеріңдей оқып жүрген жастар болмаса… Біз болсақ, о дүниеге кетіп барамыз…
Ырай осыны айтқанда бағанадан тығылып отырғандар ду күлді. Ырайдың мойнына су төгілді. Көне көңілінің ішін жарып, шер тарқатып, қырындысын қалдырмай ішек-қарнын ақтарып отырғанда мыналардың күлгені Ырайға ауыр тиді. Төбесінен төмен қарата мұзды су құйылды. Саясаттың сәудегерлігін тастай беріп:
  • Арысқа келіп қалғанымыз ба? — деп терезеден мойнын созды.
  • Ендеше, қош болыңдар, мен болсам, Алматы кетіп барам!..
 
* * *
Ырайдың ендігі әңгімесін вагонда қалғандар қозғады:
  • Әлгі осы «қамқорым» кім өзі?
  • Ағаң.
  • Қай ағам?
  • Интеллигент.
  • Қай интеллигент?
  • Адвокат.
  • Қай адвокат.
  • Хан адвокат.
Қарқ-қарқ күлісті.
  • Что, ты с ума сошел? «Хан адвокат» деген бола ма? Бірінші – хан орта ғасырдың омыртқасын мүжіген, феодал. То есть, элемент консервативный. Екінші – адвокат интеллигент. 20 сыншы ғасырдың қара көзі, то есть, элемент прогрессивный. Осы екеуі қалай бір кісінің басында болады? Совсем невозможно! — деді бір оқушы.
  • Ой, товарищ, өзің с ума сошел. Қазақтың басына бәрі де сыя береді. Шәгіңе шаһитым бар. Сомненияңа фактім бар. Орыстар айтқандай «факт» сөйлемейді, ұрады; тыңда:
  • Бұл – юрист. Присяжный поверенный адвокат. Бүгінде қорғаушы. Бұл, «Алаш» кіндігінің ағасы, батыс орданың төбесі. Байшыл, ұлтшыл; жәдитше айтсақ – тараққишыл.
  • Ендеше элемент «прогрессивный».
  • Бұл орданы молдамен толтырған. «Алашорда» жиылысын, ақметше, қазіретке аят оқытып ашқан. Неке, талақ, әйел мәселесі сияқты суд шешетін жұмыстарды шариғат үкіміне, қазы үкіміне берген. Молдаларша айтсақ – құдайшыл, құраншыл.
Бұл Алаш өкіметі боп тұрғанда қара кілемге түсіп, хан көтерткен. Өзін «кіші жүздің жиырманшы ғасырдағы ең соңғы ханымын» деп жариялаған. Өзінше айтсақ – хан.
  • Ендеше, элемент феодальный, консервативный…
  • Міне, осының бәрі жаңағы сойдауыт қараның бір басындағы бақ пен атақ.
  • Енді кім болады?
  • Рас өзің айтқан «Хан адвокат» болды.
  • Шынайы чудак екен!
Отырғандар тағы күлісті.
Осы әңгіме біздің қолымызға түскенде біз тағы күлістік, күлетінімізге себеп бірнешеу:
Бірінші – ат сыры иесіне мәлім. Ырай мен Досанға мәлім. «Хан» сыры қазаққа мәлім.
Екінші – ханның «қазақтың қамқоры едім» дегендегісі бай, сәудегер, молдалармен орда құрып, қазақтың қанын төккендігі, шаруасын шашқандығы.
Үшінші – кешегі «Оралдың ақиығының» қартайып, тышқан аулауға айналғандығы. Вагонның бір үйшігінде отырып қалған мүсәпірлігі, мысық қамқорлығы. Саяси сәудегерлігі.
Төртінші – бұқаның өзі қартайса да мұрны  қартаймайтындығы. Қайда жүрсе де «қазағы үшін» бір мөңіреп қоятындығы.
Бесінші – сынауына, мінеуіне жинаған дәлелдерінің өте құнарсыздығы. Мәселен: Кеңес Одағындағы елдер Қазақстаннан «35.000 пұт бидай қағыстырып алып қойды» дегені, – Қызылорданың бір-екі нан дүкенінің алдында «очередь» көргендігі. Бай, сәудегерлердің астық базарынан айырылғандығы.
Алтыншы – дүние төңкерісін қалай да болдырмауға ықыласының қатты құлайтындығы. Оған дәлелі – автомобильдің Америкада жасалатындығы; «Америка жұмысшыларының есік алдындағы кішкене ящикке тамақ, басқа керек-жарақ келіп тұрады» дегені.
Жетінші – осының бәрін айтып келіп, ағайындарымен қоштасып:
  • Жалғыз үміт, оқып жүрген жастар, сендерде. Сендерден үміт болмаса… Мен босам, о дүниеге кетіп барам… дегені.
Геройдың көңіліне келсе де бұған қалай күлмелік.
О дүниеге кетіп бара жатса, Ырайдың да, Жаншаның да иманы жолдас болсын!
 
1929 жыл